Берел қорымы – сақ дәуірінен қалған тарихи ескерткіш
Соңғы жылдары Қазақстан Республикасында экономикалық даму кезеңі жүріп жатқандықтан, халық шаруашылығының әртүрлі салаларында, соның ішінде туристік іс әрекет пен туристік аймақтардың қалыптасуы қарқынды дамуда. Туристік аймақтар ішінде өзінің ерекше әсем табиғатымен, бай тарихымен, мәдениетімен көзге түсетіні Шығыс Қазақстан облысы. Оның бірнеше себептері бар. Мысалы, облыстың географиялық орны, табиғи жағдайы, жер бедері мен климаты, әлеуметтік және экономикалык дамуы, тарихи-мәдени, өнер ескерткіштерінің көп шоғырлануы. Бұл аймақтың табиғаты талайды тамсандырып, саяхатшылардың жүрегін жаулаған. Сонымен бұл қандай жерлер екен?

Мұзтау тауы. Бұл тау – Сібір мен Алтайдың ең биік шыңы (4506 м). Мұзтауға апаратын ең қысқа жол Катунның оң жақ сағасымен, одан кейін Аккем өзенімен жоғары (немесе Көшірлі ауылы арқылы 1513 метрлік жалғызаяқ жолмен, Аккем өзеніне дейін). Аккем өзенінен Төменгі Аккем өзеніне дейін шамамен 30 шақырым.
Марқакөл ұлттық саябағы. Мұнда Шығыс Қазақстан және Алтайдың ең әдемі көлдерінің бірі Марқакөл орналасқан. Көлдің негізгі байлығы лосось балығы (ускуч) болып табылады. Мұндағы табиғат әсемдігімен ерекшеленеді. Марқакөл қорығының мақтанышы тек көл ғана емес, тұнық өзендер мен сарқыраған бұлақтар, сондай-ақ қалың ормандар бойлап жатыр.
Кейін-Керіс. Кейін-Керістегі сумен және желмен жайылған балшықтар, басқаша ашық пейзажға ұқсайды. Алыстан қызыл балшықты құздар мен Кейін-Керіс құлама жарлары лапылдап жанған от секілді көрініс береді, сол себепті оларды «Лапылдалған құздар» деп те атап жатады.
Язевое көлі. Көл Мұзтау жолына қарай жақын орналасқан. Көккөл сарқырамасы, теңіз бойынан 1685 метр биікте жатыр. Ұзындығы 3 шақырым, ені – 800 метр, ал тереңдігі 10 метр. Судың түсі – сарғыш-жасылдау, ал жағалауы құммен, галька, валундарымен құрылған.
Ақбауыр үңгірі. Ұлан ауданы, Бестерек ауылының солтүстігінен 3 шақырым жерде Ақбауыр тауының етегіне орын тепкен қола дәуірінің ескерткіші. Үңгірдің қабырғасында салынған суреттер біздің заманымыздан бұрыңғы үш мыңжылдықтың бас кезіне жатады. Төбесі қуыс тәріздес күркеге ұқсайтын үңгірдің кіре берісіне қарсы орналасқан суреттерге толы қабырға көп адам табынатын киелі орын болған.
Берел қорымы – сақ дәуірінен сақталған тарихи ескерткіш. Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданында, Бұқтырма өзенінің оң жағалауында Берел ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 7-8 шақырым жерде орналасқан. Қорым солтүстігінде Берел және Бұқтырма өзендерінің қосылған жерімен, оңтүстігінде Қансу өзенімен, ал батысы мен шығысында таулармен шектелген Бұқтырма өзенінің оң жағасындағы алаңда орналасқан. Қорымдағы ең ерте обалар б.з.б. 4-3 ғасырларда
үйілген (2400-2300 жылдары бұрын), ал кейінгілері көне түркілер дәуірімен мерзімделеді, яғни б.з. 7-8 ғасырларда (1200–1300 жылдары бұрын).
Алғаш 1865 жылы В.В. Радлов, 1959 жылы С.С.Сорокин зерттеді. 1998 жылы Халықаралық қазақ-француз экспедиция (жетекшісі З.Самашев) қорымның жаңа жобасын болжап, бірнеше қорғанды зерттеді. Қорым 3 қорғандар тобынан тұрады. Бірінші топтағылары таудағы кертпеш ортасына орналасқан. Ол солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа созылған 6 қорғаннан тұрады. Екінші топ солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай тізбектеліп созылған 12 қорғаннан тұрады. Ол кертпештің батыс жағында орналасқан. Үшінші топты 9 қорған құрайды. Осы топтағы ең үлкен қорған ғылымға Үлкен Берел қорғаны деген атпен белгілі. Обалар таудың жақпар тастарымен араласқан өзеннің ұсақ малта тастарынан үйілген. Шұңқырда ағаш қимасы бар, оның сыртында әлеуметтік мәртебесі жоғары адамдардың қабіріне бірге қосып көметін жылқы қаңқаларының жатуы, қарағайдың жуан діңгегінен қақ жарып қашап жасаған астау – табыт ертедегі Алтай көшпелілерінің ескерткіштеріне тән. Қазба кезінде қорғандардың ішінен 2–3 м тереңдікте ағаштан жасалған қима, оның бет жағынан бірнеше жылқының қаңқасы мен әбзелдерімен тоңда сақталған жылқы мумиясы, сыртына алтын жалатылған ағаш әшекейлер, адамның қаңқасы мен адам мумиясы алынды. Заттай деректер Берел қорымы Пазырық мәдениетінің орта (б.з.б. 5 ғасыр) және соңғы (б.з.б. 5–4 ғасырлар) кезеңінде салынғанын дәлелдейді. Обаларды жүйелі түрде зерттеу Зейнолла Самашевтың есімімен тікелей байланысты.
«Оның басшылығымен жүргізілген қазба жұмыстардың нәтижесінде 1998–1999 жылдары қолдан жасалған мәңгі мұздықтағы №11 «Патша қорғанынан» сақ көсемі мен әйелдің және ер тоқымымен бірге жерленген 13 жылқының мүрдесі табылды. Оған қоса патшаның салтанат киімі, мініс аттардың ат әбзелдері, ағаштан, былғарыдан, киізден аң стилінде жасалған мыңнан астам қолөнер жәдігерлері бар. Кейінірек тағы да мәңгі тоң басқан екі қорған зерттеліп, олардан да жерленген жылқылардың мүрделері табылды».
2016 жылы облыс әкімінің бастамасымен археология саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту бағдарламасы қабылданған болатын. Бағдарламаның негізгі мақсаты – өңірдің туристік бағытын дамыту үшін мәдени брендін қалыптастыру, Әлемдік ЮНЕСКО қорын толықтыру.
Берел қорымындағы тоң басқан обалардың беретін мәліметтері де ерекше. Берел қорымындағы үлкен обаларда табиғат пен климаттың және обаны үйген материалдар мен ескерткіш құрылысының үйлесімінен пайда болған тоңның нәтижесінде органика, яғни киім, ат әбзелдері, ағаш бұйымдары, ер тоқым, тері мен киізден жасалған заттар шірімей жақсы сақталған. Жерлеу ғұрыптарына қарап, наным-сенімдері рухани дүниесінен мол хабар алуға болады. Онда табылған мифтік жануарлар, бұғы, пырақ, тауешкі, т.б қазірде еліміздің маңызды нышандары болып отырған бейнелер. Еркіндікті бейнелейтін «қос мүйізді пырақ» пен «самұрық» құсы – тәуелсіз Қазақстан үшін мәңгілік өмірдің белгісі. Ежелгі мәдениеттердің бастауы болған, саяси-идеологиялық, этно-мәдени тұрғыдан Алтай өңірі сақтар, түркілер, қазақтар үшін киелі, қасиетті орын.
Бұл жерде құнды жәдігерлерді келушілердің көруіне мүмкіндік жасау үшін қорғанның үстінен шыны саркофаг тұрғызылды. Қатты шыныдан жасалған саркофагтің аумағы 90 шаршы метр, ал биіктігі жәдігерлер жатқан жерден бастап 8,5 метрді құрайды.
Әзірлеген
Арнұр ТОЛЫБАЙ