МӘСКЕУДЕ ҒАСЫРЛЫҚ ТОЙ ДҮРКІРЕП ӨТТІ
Биыл Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, күйші-композитор, дирижер Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевтің туғанына 100 жыл толды. 1975 жылы Қазақ КСР халық артисі, 1984 жылы КСРО халық артисі, ал 1998 жылы Халық Қаһарманы атанған әйгілі өнер саңлағы Алматы облысының Іле ауданы Шилікемер ауылында 1925 жылдың 1 сәуірінде өмірге келген. Қазір бұл ауыл біртуар өнер тарланының, яғни Нұрғиса Тілендиевтің есімімен аталады.

Бес жасынан домбыра тартып, күй шертіп, өнер жолын ерте бастаған дарын иесі он алты жасында өзі сұранып майданға аттанады. Осылайша, Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысқан саңлақ күйші батырлығымен де көпке мәлім.
Соғыстан кейін 1949 жылы Алматы консерваториясының халық аспаптары факультетіне оқуға түскен Нұрғиса қазақ музыкасының асыл мұраларымен танысты. Оқу орнын 1954 жылы тамамдағаннан кейін, ол қазақ өнерінде өшпес із қалдырып, халықтың мәдениетіне өлшеусіз үлес қосты.
ЮНЕСКО-ның мерейтойлық даталар күнтізбесіне енгізілген композитордың туғанына 100 жыл толу мерейтойына арналған халықаралық бағдарлама жыл бойы жалғасып келеді. Қазақ даласын күмбірлі күйімен тербеген дәулескер күйші, сайыпқыран сазгердің мерейтойы Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен әлемнің бірнеше елінде атап өтілуде. Мерейтойлық іс-шара бауырлас ел Түркия астанасы Анкарада ТҮРКСОЙ ұйымының аясында салтанатты түрде бастау алды. Түркі әлемінің көрнекті қайраткеріне арналған ауқымды жиында Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары орындалып, оның өмірі мен шығармашылығы туралы көрме қойылып, қысқаметражды фильм ұсынылды.
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға ресми сапары қарсаңында Қырғыз Республикасының астанасы Бішкекте, Абдылас Малдыбаев атындағы Қырғыз ұлттық академиялық опера және балет театрында «Әлқисса» шығармашылық кеші өтті. Көрермендер қазақ музыкасының алтын қорына айналған Нұрғиса Тілендиевтің үздік шығармаларын қазақстандық және қырғызстандық өнерпаздардың орындауында тыңдап, ерекше әсер алды.
Сонымен қатар Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжіңдегі салтанатты концертке Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев қатысып, өз сөзінде: «Нұрғиса Тілендиев – қазақ руханиятының алтын қазығы. Оның мәңгілік әуендері халқымыздың жүрегінде сақталған ұлттық кодтың бір бөлігі. Ұлы тұлғаның ғасырлық мерейтойының Бейжіңде аталып өтуі Қазақстан мен Қытай арасындағы достықтың, өзара құрмет пен мәдени байланыстардың биік көрінісі», – деп екі ел арасындағы мәдени ықпалдастықтың маңыздылығын жеткізді.
Қыркүйектің басында Алматы облысынан шыққан делегация ғасырлар бойғы көршіміз Ресей Федерациясының астанасы Мәскеуге сапар шекті. Ең кереметі сол, 1936 жылы 17 – 27 мамыр аралығында Мәскеу қаласында Ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтің жетекшілігімен қазақ әдебиеті мен өнерін әлемдік деңгейге көтерген 1-онкүндік өткенде қазақстандықтар тоқтаған мейманханаға түстік (Қазір «Националь» деп аталады екен).
Ж.Жабаев, К.Әзірбаев, С.Сейфуллин, I.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Т.Жароков, А.Тоқмағамбетов, Ә.Тәжібаев т.б. зиялы қауым өкілдері қатысқан сол тарихи онкүндікке Мұхтар Әуезов: «Бұл оқиға біздің халқымыз, біздің мәдениетіміз өзінің алтын ғасырын басынан кешіріп отыр деп айтуға толық мүмкіндік береді», – деп жоғары баға берген. Ахмет Жұбанов дирижерлік еткен оркестрдің сүйемелдеуімен әншілер Күләш Байсейітова, Жамал Омарова, Жүсіпбек Елебеков ән шырқап, биші Шара Жиенқұлова, Елубай Өмірзақовтардың жұлдызы жанған болатын.
Міне, осындай ұлылардың табаны тиген баспалдақтарды басып, солар Кремльге ағылған халықты тамашалаған балкондарда отырып тарихты жаңғыртып, естеліктер айттық. Алматы облысында бірнеше ауданның әкімі болған, делегацияның жетекшісі Естенов Тоққожа аға ерекше бір оқиғаны еске түсірді. Нұрғисаның анасы ұлына аяғы ауыр кезінде Жамбыл ақынның сақалының ұшынан сүйіп, тәу етіп батасын алған екен. Тарихта сандаған тұлғаларды аналарының ұлыларды қастерлей жүріп, Жаратқаннан ерекше тілек, лебізбен тілеп алатындарын естіп едім, дәл мына оқиға ана ретінде менің де жан дүниемді толқытты.
Өз дәуіріміздегі ұлы композитор, шығармашылығы мен еңбегі мәдениеттің алтын қорына еніп, ұлттың рухани мұрасын әлемге танытқан Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толу мерейтойын дәл осы мейманханадан бастап, мәскеуліктерге насихаттап жатқанымызға айрықша қуандық. Өнерлерін көрсетуге келген күйші, бишілер мен әншілер де бабалар рухынан қуат алғандай ерекше әсерде шабыттанып жүрді.
Әйгілі «Геликон-Опера» музыкалық театрында қазақтың ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы әлемдік деңгейде аталып өтті. Дүниежүзінің түкпір-түкпірінен өнерсүйер қауым жиналған «Әлқисса» концертінің шымылдығын ашқан Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Дәурен Абаев: «Өнерде шекара жоқ. Нұрғиса Тілендиев қобыз бен домбыраның көне күйлері мен заманауи симфониялық формалардың арасын жалғаған алтын көпір болды. Оның музыкасы – ғасырлар үні. Онда дала әуендері, қаһармандық сарындар, фольклорлық әуендер мен академиялық мектеп үйлесім тапқан. Оның шығармашылығы халқымыз үшін жады мен болмысты сақтаудың, рухани қуатты нығайтудың жолы», – дей келе, Нұрғиса Тілендиевтің композитор ғана емес, терең ойшыл болғанын баяндады.
Нұрғиса Тілендиев Мәскеу консерваториясында оқыған алғашқы қазақ баласы екенін еске алған композитордың қызы, дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Дінзухра Тілендиева: «Мәскеу әкеме жат қала емес. Ол осында Николай Аносовтан тәлім алып, үлкен театрда тағылымдамадан өткен. Сондықтан біз, бұл концертке үлкен дайындықпен келдік. Әкемнің атын ұлықтап, мерейтойлық жылда осы сахнада өнер көрсету – мен үшін зор мәртебе», – деді әрі оркестрге өзі дирежерлік етіп көрермендер ықыласына бөленді.
Дәулескер күйші, Қазақстанның халық артисі Секен Тұрысбек, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Әшіров Мәскеу төрінде Тілендиевтің күйлерін төгілдірсе, «Алтынай мемлекеттік халық биі ансанблінің» мүшелері композитордың әуендеріне мың бұрала биледі.
Алматы облысының әкімдігі мен Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігі ұйымдастырған концерт пен көрме Мәскеу жұртшылығына қазақ мәдениетінің бай мұрасын танытып, ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар театр фойесінде Жамбыл Жабаев атындағы Әдеби-мемориалдық музей қорынан әкелінген жәдігерлер көрмесі көптің көзайымына айналды. Музей директоры, ұлы ақынның немересі Салтанат Жамбылова 1936 жылы дәл осы Мәскеуде жыр алыбы – Жамбылдың бүкілодақтық танымалдылыққа ие болғанын еске салды. Оған қоса Дәулет Дәркембайұлы бастаған Алматы облысы шеберлерінің қолөнер жұмыстары халық назарына ұсынылды. Залдың ортасында бірнеше жерге Алматының аппорты үйіле қойылып, хош иісі келушілердің көңілін қуантты.
Мерейтойлық шараға Еуразиялық экономикалық комиссияның төрағасы Бақытжан Сағынтаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, ҚР-ның Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Дәурен Абаев, сонымен қатар Мәскеу қаласының және Мәскеу облысының басшылығы, бірнеше мемлекет елшілері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Кеш барысында Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары орындалып, жиналған қауымның жүрегін тебірентті. Шараны 500-ден аса адам тамашалады.
Сәуле ДОСЖАН,
жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері