«АРҒЫ АТАМ – ЕР ТҮРІК!»
23.09.2025
280
0

«Алматыға тағы да келді көктем,
Келді көктем жанарын мөлдіреткен.
Қала бүгін аумайды Қыз Жібектен,
Орамалын қолына ап желбіреткен», –
деп қазақ поэзиясына 70-жылдардың аяғында келген ақын Жұмаш Кенебай 75-ке толып отыр.

Жұмаш КЕНЕБАЙ-КӨКБӨРІ

БАР ТҮРІККЕ БІР ӘРІП!
Ойлай келіп жан жақты,
Ауызбірлік аңдатты.
Барша Түрік халықтары,
Ортақ әріп таңдапты.

Онсыз-дағы тілі ортақ,
Онсыз дағы діні ортақ,
Жаса, Түрік бірлігі,
Бар жағынан Бір! Ортақ!

О заманнан тегі бір,
Асар асу, белі бір,
Болашағы керемет,
Ұлы Түрік елінің!

Мықты шыққан қарадан,
Тәрбие алған данадан.
Барша түрік ежелден,
Бір негізден тараған!

Шындық емес елесте,
Еңіреген ері есте!
Ортақ әріп дегенің,
Ел бірлігі емес пе!

ҰЛЫ ТҮРКІСТАН МЕН ҰЛЫ МАҒЖАН
Жүріп тұрған жер-жаһанға әмірі,
Күндей ашық күркіреген бар үні.
Ұлы Мағжан – ұлылықтың Құдайы,
Ұлы Мағжан – өлең, жырдың Тәңірі!

Бірде жүрмей, бірде баспай өрге ісі,
Босатпады тартып оны жер күші.
Толқын, толқын, қайратты шаш бұп-бұйра
Ұлы Мағжан тағдырының белгісі.

Ер жігітте ол, сұлулықтың жамалы,
Жүрегінде қоздап ойлар жанады.
Тұла бойы кемеңгерлік керемет,
Мейірімге толы ойлы жанары.

Бар қайратын «Алашына» арнады,
Нәзік сырды жылдамдықпен аңдады.
Бар түріктің алтын, асыл тамыры,
Ұлы Тұран, Түркістаны – арманы.

Елден ерек, зерек болды ұғымы,
Ұлы ғана түсінеді ұлыны.
Бойда тулап, Ер Түріктің қайраты,
Арпалысқа толы болды ғұмыры.

Өзге ақындар білмейтінді білетін,
Жауларына жаны ашып, күлетін.
Ұлы Тұран, Түркістанға байрағын,
Қайта тігер күндерді аңсап жүретін.

Миларында алуан ойлар пісетін,
Оған аздай қандай-қандай місе тым.
Ана Сәбит, табаласа қаншама,
Ал Мағжан, қайсарлана түсетін.

Оңашада даласына сыймайтын,
Сағыныштан көз жанарын сулайтын.
Әлиханды, Ахметті және де,
Міржақып пен Мұстафаны сыйлайтын.

Туа кербез, өзін жақсы күтінген,
Істері көп, істерінен бітірген.
Әмір-Темір, Хан Кенеге Тәңірдей
Табынатын барлық болмыс, бітіммен.
Ой жеткен бе, оның терең ойына,
Шақ келмейтін жүкті алмайтын бойына.
Қазағының мынау дарқан даласы,
Бар қажетті бере салған бойына.

Қарсы соққан толқындарды елемей,
Маң далада жалғыз жүзді ол кемедей.
Дөңбекшіген Хазар, Балқаш сияқты,
Білімі оның теңіздейін телегей.

Жанып жүрді ол жыр отына жалындай,
Өмір кешті жауларына бағынбай.
Бар түріктің болған алтын бесігі,
Түркістанын сүюші еді жалындай.

Мақсаты айқын, түптің-түбі жететін,
Ұлы ойлармен ұлы күндер өтетін.
Кей сәттері Қара Ертістің бойымен,
Көкбөрідей жалғыз жортып кететін.
Құштарлықпен бар қазақтан алда еді,
Енесінен дара емген арда еді.
Ол түсінді болмысымен ғажайып,
Құмет тұтып, сыйлайтынын алда елі…

Күресетін ойларымен алдырмас,
Шындап сүйсе, естен бүйтіп тандырмас!
Көне Тұран, ұлы Отырар шаһары,
Тағдырымен болушы еді тағдырлас.

Ұлы Мағжан, шын мәнінде, Ұлы еді,
Жалғыз ғана туған ұлты – тілегі.
Күндіз-түні қазақ деген халқының,
Тәңіріден азаттығын тіледі.

Сүйді ерекше, мынау сайын даласын,
Сүйді ерекше, Фарабидей данасын.
Бастан кешкен дүрбелеңді кезеңді,
Қадыр тұтты ол, жауынгер ұлт, бабасын.

Сағыныштан сан сарғайған санасын,
Сыйлап өтті ол, өзін туған анасын.
Құрмет тұтты ол, Ер Түрікті кешегі,
Билеп тұрған жер-жаһанның арасын.

Жапа шегіп, жауларынан оңбаған,
Қайғы бұлты Ыстамбұлын торлаған…
Сол кездегі жалғыздықтан қан жұтып,
Жасын төгіп, қандастарын қолдаған…

Жауы көп пе, жағалаған жар астын,
Шабыттанса, Көк Тәңірмен жанасты үн.
Ұлы Мағжан, сирек бітер маңдайға,
Болушы еді ардагері «Алаштың».

Айы жарық туды талай оңынан,
Ол түспеді жыр-желмая қомынан.
Құрбан болған қапияда қайран ер,
Қан тілеген қызылдардың қолынан.

Жоғалтқандай асыл арман, мұратын,
Сыңси жоқтап, қала берді бұла түн.
«Ұлы Тұран, Түркістан…» деп жырлаумен,
Өтті осылай бұл Жалғаннан бір ақын.

Табанымнан кеткендей ме, тас тайып,
Мағжанын жоқтамаса ел, басты айып.
Алматыдан бір ескерткіш бұйырмай,
Анкарада тұр Мағжан қасқайып…

«Бізде де бар…» деп
айтуға шақ қалдым…
Атқаны ерек Анкарада ақ таңның!
Ана түрік бауырлардың алдында,
Менің дағы келіп кеткен мақтанғым…

Ұл қадірін білмеді ме, елге сын,
Білмедік-ау, сөз етуден өңгесін.
Астанадан көрем ғой деп ойлағам,
Мағжанымды Анкарадан көргесін…

Қазағымды жан-тәніммен сүйемін!

Өз ұлтымды дей алмаймын – көп білем,
Өз ұлтыма ынтықтығым – от білем!
Қазақ болып туғаныма өзімді,
Соншалықты бақыттымын деп білем!

Талай сорлап, талай қанат қырқылды,
Талай жерде талай тыйдым күлкімді…
Өз халқыма адал болып өтемін,
Жан-тәніммен сүйгем өзім ұлтымды.
Қазағымның жүзі қандай шуақты,
Мені сынап… және өзін сынатты.
Менің қайран Қазағымды дәл мендей,
Ешкім шындап сүйе алмайтын сияқты…

Қазақ болып тұңғыш қадам аттағам,
Қазақ болып қара өлеңін жаттағам.
Басқа ұлттың ұлы болмай бір ғана,
Қазақ болып туғаныма мақтанам!!!

Мен ұлтымды шетсіз-шексіз сүйемін,
Өлсем өлем – Қазақ болып сүйегім.
Кішірейіп Қазағымның алдында,
Соған ғана мен басымды иемін.

Қазағымды сүйем – толық молынан,
Мен таймаймын Қазағымның жолынан.
Қазағыма тіл тигізса кімде-кім
Өлер едім тура соның қолынан!

Далам да алғаш – «Қазағым!» деп көктейді,
Білетіндер Қазағымды От дейді!
Бірде-бір ұлт мына жұмыр жердегі,
Қазағыма жеткен емес. Жетпейді!!!

Шуақ көрем Қазағымның көзінен,
Күй естимін оның әрбір сөзінен.
Қазағымның пейілінің кеңдігі,
Басқа ұлттар да жоқ сияқты сезінем!

Сен сұрасаң, айтам былай себебін –
Жалғыз ғана Қазағыма сенемін!
Өлгенде де Қазақ болып өлемін,
Сөнгенде де Қазақ болып сөнемін!

Мен ұшпаққа – Қазақ болып жетемін,
Соған берем өмірімнің өтеуін.
Рас болса Қазақ болып туғаным,
Бұл өмірден Қазақ болып өтемін!

Мақтан тұтам — Қазағымның бай тілін,
Ана тілім — менің таза алтыным!
Бас қатырма, ортақ болып ұлтыма,
Қазағымды сыйламасаң, жарқыным!

Кім қысқа дер Қазағымның өресін,
Қазақ деген қасиетті өр есім!
Қазағыма тіл тигізсең сен егер,
Онда менен көресіні көресің!

Қазағым боп – жетсем, жетем бақытқа,
Айырбастап ала алмайсың жаһұтқа.
Таптатпаймын Қазағымның намысын,
Бүгін көзім тірі тұрған уақытта!!!

Басталады менің ұлы айқасым,
Қопарамын соның барлық тау-тасын!
Қазағыма бұл жалғанда кімде-кім,
Қолында өлем, тіл тигізіп байқасын!

Мен даламның самалымен мас едім,
Мен даламның гүлдеріндей жас едім.
Мен Қазақты байлығына әлемнің
Ешқашан да айырбастамас едім!..

ІЗІМІН ДУЛАТ БАБАМНЫҢ…
Деме сен: «жырың – зарлы екен?..»
Деме сен: «ойың қарлы екен?..»
Бабатайұлы Дулаттың,
Елінен болғаннан ба екен.

Аягөз – менің байтағым,
Дей алман «беттен қайтамын…»
Бабама ұқсап мен дағы,
Заманның зарын айтамын.

Жалынды жырын жерлеген,
Дарынды сыйлап көрмеген,
Кешегі қызыл өкімет,
Дулатқа есе бермеген.

Ол жырын Ұлтқа арнаған,
Күрестің жолын таңдаған.
Қызылдар Дулат бабамды,
«Ақыны, – деген, – зар заман».

Бабаммен менің бір қайғым,
Жүректің үнін тыңдаймын.
Мен дағы ұлы бабамдай,
Заманның зарын жырлаймын.
Бере алмай ашық күшке ерік,
Жазамын мен де тістеніп.
Кезінде бабам сынаған,
Әлі де солар – үстем ұлт.

Аягөз – біздің жеріміз,
Ақшатау – біздің еліміз,
Сыбандай текті әулеттің,
Бабам да, мен де – төліміз.

Қазақтың мұңын мұңдаған,
Қазақтың зарын тыңдаған.
Бабамдай болсам арман жоқ,
Ұлтымның зарын жырлаған.

Іздеген жолдың түзуін,
Бойымда жалын, қызуым.
Бабатайұлы Дулаттың,
Соңында қалған ізімін.

«Болсын, – деп, –аман, Қазағым!»,
Ертеңде –барлық назарым.
Сондықтан барлық жырымды,
Бабама ұқсап жазамын…

БІЗ ОСЫ «ТҮРКІМІЗ» БЕ, «ТҮРІК» ПІЗ БЕ?..
S OS !!!
БІЗ ЕЖЕЛДЕН – TURKПІЗ!!!

Шекарасы Ұлы дала – құлыпсыз,
Тап-таза ұлт – өмір кешкен былықсыз.
Сансыз ғасыр Батыс, Шығыс сескенген,
«Түркі» емеспіз, қаһарман ұлт TURKпіз.

«KULTEGIN»-де жазылғандай:
TURKпіз!
Судың таза мөлдіріндей тұнықпыз!
Қиын сәтте жол бастаған КӨКБӨРІ
Қай дұшпаннан болса-дағы Ұлықпыз!

ҰМАЙ АНА – бесігенде жөргектен,
Қасиетті Алтай тауы тербеткен,
Ер Түріктей текті ұрпақты кім көрген,
Ұлы жорық, шайқастарда ержеткен…

Қаһарынан қас дұшпаны жасқанған,
Асқан Түрік небір асу-асқардан,
Сенбесеңіз, «Алаш маршы» кешегі,
«Арғы атамыз – Ер Түрік» – деп басталған!

Қайран жүрек ұлты болып тулаған,
Оның үнін Ұлы дала тыңдаған.
Жүсіпбектей қайсар ұлы «Алаштың»,
«Алаш маршын» – («Ер Түрік»– деп жырлаған.

Дүбір қосып, Ұлы далам төсіне,
Ұлы тарих ой салады есіме…
Ұмытпайды Тәуелсіз ел тарихын,
«Түркіміз» деп жалтақтаймыз несіне?..

Дүбірлетіп кісінеген тарлан көк,
Ұлт ертеңін армандаған жандар көп…
«Ер ТURKпіз» – деген барша TURK-тің
Маршы ойнаған күнді көрсем арман жоқ!!!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір