Жасанды интеллект жасампаздық жолы болғай
11.09.2025
859
2

8 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент отырысында «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жасады. Мемлекет басшысы қоғам өміріндегі маңызды мәселелерді атап, Парламент пен Үкіметке тиісті мақсаттар жүктеді.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі Мереке Құлкенов пен саясаткер Әміржан Қосан газетіміздегі дәстүрлі диалогында Президент Жолдауындағы басты тақырыптар төңірегінде ой қозғады.

Әміржан Қосан: Мәке, осы жолғы Жолдауды Президенттің өз аузынан естіп қайттыңыз. Мемлекет басшысының сөзінен кейін депутаттармен, Үкімет мүшелерімен сөйлесіп, пікір алысқан боларсыз?
Мереке Құлкенов: Иә, Әміржан, үлкен залда Жолдауды ұйып тыңдадық. Бірақ Жолдау аяқталғаннан кейін ешкіммен пікір алысуға мұрша болмады. Өз-өзімнен қалың ойға баттым, бойымды уайым биледі. Халықпен бірге Жолдауды сен де тыңдадың ғой. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгінгі таңдағы елдегі жағдаймен қоса, халықаралық ахуалға қандай керемет талдау жасады. Ол әлемдік деңгейдегі дипломат ретінде халық­аралық қатынас­тағы шиеленістер мен озбырлықтарды, әлем экономикасындағы теңсіздіктер мен қайшылықтарды, Біріккен Ұлттар Ұйымының жалпыәлемдік проблемаларды шешуге келгендегі қауқарсыздығын терең білетінін тағы бір дәлелдеді.
Менің тәнті болатыным – Президентіміздің ұйқылы-ояу халқының ұйқысын шайдай ашуға бар күш-жігерін салуы. Ол: «Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ өте маңызды жұмыс, аса жауапты азамат­тық және ұлттық міндет. Жұмысымыз қаншалықты күрделі болса да, біз міндетті түрде табысқа жетуіміз керек. Басқа жол жоқ», – деп ашық айтты. Бұл ойлы сөздердің астарында Қазақ­стан халқының болашағына деген үлкен алаңдаушылық бар. Мен де қарапайым халықтың өкілі ретінде елде жасалып жатқан, тезірек іске асуға тиіс реформаларға қатты алаңдаймын. Өйткені сол тамаша идеяларды іске асырушылар (түрлі министрліктер мен ведомстволар) халықпен пікірлеспейді, елдегі ахуалмен санаспайды. Кабинеттерінде саусағын сорып отырып, әлдебір елдердегі орындалып жатқан істерді көшіріп алып, бізге бағдарлама етіп ұсынудан әрі аспайды. Біздің шаруашылық пен экономикада тұралап қалуымыздың басты себебі осында. Елдегі іске асқалы жатқан реформаларға халықты араластырмай, олардың пікірімен санаспай біз ештеңеге қол жеткізе алмаймыз.
Кәсіпкерлік кең қанат жайсын десек…
Мереке Құлкенов: Президент: «Екі миллионнан астам шағын бизнес субъекті­сінің ішінде өнім өндіретін кәсіпкерлер саны алты пайызға да жетпейтіні жасырын емес. Орта бизнесте бұл көрсеткіш жоғарырақ болғанымен, бәрібір көңіл көншітпейді», – деді. Мемлекет басшысы жағдайды шұғыл түзеуді тапсырып, өз ұсыныстарын айтты.
Өз басым шағын бизнес пен орта бизнеске келгенде, жаным ауыратынын жасыра алмаймын. Ашығын айтайын, шағын және орта бизнесті дамытуда Үкімет айқын жол таба алмай отыр. Президент дұрыс айтады, шағын бизнес субъектісінің ішінде өнім өндіретін кәсіпкерлерге Үкімет тарапынан нақты қолдау көрсетілмейді. Үкімет бөлетін субсидиялар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуде. Айталық, әнебір жылдары шағын және орта бизнестің дені, шын мәнінде, қолында билігі, қалтасында ақшасы барлардың қолына өтіп кетті, әлі де солай. Өйткені Үкімет қарапайым халық белсене қатыса алатын бағдарлама жасай алмады. Иә, қазір қазақ даласында үйір-үйір жылқы, басқа да мал көп кездеседі. Әрине, олардың иесі қарапайым халық емес, қазіргі тілмен айтқанда, бизнесмендер мен банкирлер немесе мұнайшылар мен басқа да кен орындарының иелері. Бұл қарқынмен шағын және орта бизнесті дамыта алмаймыз. Бізге халықтың жағдайын жасайтын мүлде жаңа бағдарламалар керек. Ауылдағы жеке кәсіпкерлердің үлкен бір мәселесі – өз өнімдерін ешқайда өткізе алмайды. Сол өнімдерді қабылдайтын шағын зауыттар, яки өнімді әрі қарай халық игілігіне асыратын арнайы орындар ашу соншалықты қиын шаруа емес қой?! Жастарды ауылға жіберіп, шағын кәсібіне жағдай жасауға бола ма? Әрине, бірақ оған жағдай жасауы тиіс ведомстволар әзірге дәрменсіз. Егер кәсіппен айналысамын деген қарапа­йым халыққа, әсіресе жастарға жағдай жасалса, қазақ ауылы көркейіп, гүлденер еді деп ойлаймын. Өйткені сенің қайда тұрып жатқаның бүгінгі таңда маңызды емес. Маңыздысы – кәсібің жолға қойылып, жағдайыңның жақсаруы. Жағдайы бар адамның арқайын өмір сүруіне, басқаша айтқанда, кезекті демалысында саяхаттауына, дем алуына әлемнің есігі ашық.
Әміржан Қосан: Сонымен бірге кәсіпкерлікті дамытудың бір жолы банктен несие алып, тірлік жасау екені белгілі. Алайда біздің банктер соған құлықты емес сияқты, олар көбінесе тұтынушылық қарыз беріп, қаржыларын еселеуге мүмкіндік беретін оп-оңай жол тауып алған. Бір байқағаным, өткен Жолдауында президент «Банктер туралы» заң жобасын әзірлеу­ді тапсырған-ды. Үкімет ол шаруаны ұмытқандай. Енді, сол тапсырмасын Мемлекет басшысы осы жолы тағы да қайталады. Мұны өз басым саботаж деп санаймын! Президент тапсырмасының дер кезінде орындалмай, заң жобасының әлі де әзірленбеуіне елдегі банктік, олигархтық лоббилер мен солардың сойылын соққан шенеуніктер (ішінде депутаттар да болуы мүмкін) кінәлі! Олар жауапқа тартылуға тиіс. Банктердің бетін нақты экономикаға қарай бұрмай, жағдай түзелмейді! Оны Президенттің өзі айтып отыр емес пе?!
Сонымен бірге бізде отандық бизнес тікелей араласа алатын мемлекет қаржыландыратын бағдарламалар мен жобалар, мемлекеттік сатып алу механизмі бар. Бұл мақсатқа жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Өкінішке қарай, осы салада да баяғы жартас, бір жартас: тамыр-таныстық, жемқорлық, жеке топтардың сойылын соғу етек жайған. Оның өзі адал кәсіпкерлердің жаңа, әділетті Қазақстанға деген шынайы сенімін арттыра қоймайтыны түсінікті.
Кәсіпкерлікті дамытудың тағы бір жолы бар. Президенттің айтуынша, Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитеті осы уақыт ішінде қазынаға 850 миллиард теңгеге жуық қаржы қайтарған көрінеді. Өз басым кезінде түйені түгімен, биені жүгімен жұтқан ескіқазақстандық жемқорлардың халық қазынасынан жымқырып, сыртқа шығарып үлгерген қаржысы мен активтері одан анағұрлым көп деп санаймын! Сол себепті осы маңызды жұмысты тоқтатпай, жалғастыра беру керек. Содан түскен қаржыны жеңілдіктермен шағын және орта бизнеске беруге болар еді. Әлде билік ішінде, оның маңайында жүрген ескіқазақстандықтар осы жұмысқа кедергі болып отыр ма, қалай?

Жасанды интеллект және зиялы қауым

Мереке Құлкенов: Президент жасанды интеллекттің (ЖИ) маңызын айта келіп: «Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек. Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет. Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн», – деді.
Иә, Президенттің бұл пікірін толық қолдаймын және өз тарапымнан цифрлық ел болуға белсене үлес қосуға барымды саламын. Алла жазса, үш жылдың ішінде еліміз жаңа деңгейге көтерілгелі тұр. Мен енді құрылғалы отырған Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне көп үміт артамын. Бұл жаңа құрылым, ең алдымен, соңына бұқара халықты ерте алса, құба-құп болар еді және қарапайым халықтың бұл әлемдік жаңалықты бірден қабылдап, тез меңгеріп кетуін қалар едім.
Қазір бүкіл әлем жаппай цифрландыру және ЖИ технологиясын іске асыруға белсене кірісіп кетті. Айталық, Франция 2024 жылы Жасанды интеллект министрін бекітіп, ЖИ қауіпсіздігі мен бағалау институтын іске қосты. 2025 жылы Канада  мемлекеті де арнайы Жасанды интеллект министрлігін құрды. Бұл шешім арқылы ел цифрлық инновациялар мен этиканы тікелей үкімет деңгейінде үйлестіруді көздеп отыр. Тайвань да Цифрлық істер министрлігін құрып, ЖИ-ді демократиялық процестерге бейімдеуде. Испания мемлекеттік хатшылық деңгейінде ЖИ саясатын жүргізсе, Сауд Арабиясы SDAIA атты супер-орган арқылы ұлттық ЖИ стратегиясын іске асыруда.
Бұл мәселеде біз де қарап жатқан жоқпыз. Цифрлық даму министрлігі бес жыл ішінде 1 млн азаматқа ЖИ дағдыларын үйретпекші. Ведомство басшысы Жаслан Мәдиев осындай уәде берді. Сөзінше, оқушылар мен студенттер үшін TUMO, Tomorrow School, AI Sana және AI OLYMP бағдарламалары, сондай-ақ Day of AI бастамасы енгізіліп жатыр. Мемлекеттік қызметшілер үшін AI Qyzmet бағдарламасы жұмыс істейді, квазимемлекеттік секторда AI Corporate іске қосылады. Ал ауқымды аудитория үшін Tech Orda, Qazqoders және Yandex курстарын қоса алғанда, онлайн-курстар мен акселерациялық бағдарламалар қолжетімді. Халықаралық Alem.ai ЖИ орталығы қазан айында ашылады деп күтіліп отыр. Иә, біршама жаңа жұмыстар қолға алынуда, біздің тілегіміз, нәтижесі халық игілігіне айналса екен.
Әміржан Қосан: Байқасаңыз, білім алу ісінде қоғам санасында белгілі бір психологиялық өзгерістер орын алуда. Біріншіден, несін жасырайық, бұрын жоғары білім туралы диплом сатып алып, әртүрлі қитұрқы жолдармен мансап құруға болатын еді. Бүгінде мемлекеттік қызметте де, бизнесте де кадрларға қойылар талаптар өзгерді, оның үстіне нарықтың бәсеке жағдайын­да кез келген басшы өз мекемесіне, шын мәнінде, білімді де білікті маманды тартқысы келеді. Жалған дипломдардың заманы келмеске кетіп барады. Оны мен бүгінгі жастардың көзқарасы мен амбициясынан анық сезіп отырмын. Екіншіден, бұрын «балам әкім, сот, прокурор болсын» деген тоғышарлық психология өзгеріп, ата-аналар балаларының нақты кәсіпке, соның ішінде, экономиканың әр саласындағы техникалық мамандықтарға бет бұрғанын қалай бастады. Оған мемлекетіміздің саясаты да сай келіп отыр. Бұл әңгіменің «бюджеттік» сипаты да бар: шенеуніктер мен соттар бюджеттен қаржы есебінен күн көрсе, нақты істі меңгерген маман қазынаға салық арқылы қаржы құйып, ел экономикасын дамытады.
Мереке Құлкенов: Мен нақты ғылымда ЖИ-дің орны бөлек болады деп санаймын. Өмірдің қай саласына да ЖИ-дің еркін енетініне күмән жоқ. Айталық, геологиялық барлау жұмыстарын күшейтіп, жер қойнауына қатысты мәліметтің бәрін, ең алдымен, ЖИ-ді енгізу арқылы жүйелеп, цифрландыруға болатыны сөзсіз. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамытуға да ЖИ көп көмегін тигізеді. Өйткені бұл – барлық салада адамзаттың жасампаз ойы мен идеяларын жүзеге асырудағы қазіргі заман туғызып отырған үлкен жаңалық. Алайда ЖИ, ең алдымен, адамға қызмет етуі керек.
Әміржан Қосан: Иә, ЖИ терминін Мемлекет басшысы өз Жолдауында қырық рет атады деп жатыр ерінбей санап шыққандар. «Президент өз маңайындағы шенділердің интеллектісіне көңілі толмаған соң, жасанды интеллектіге жүгінуге мәжбүр болды» десем, тым арзан қалжың боп кете ме, қалай, Мәке?
Мереке Құлкенов: Солай болар, Президентіміздің бұл бастамасының себебі тереңде жатса керек…
Әміржан Қосан: Өз басым ЖИ-дің жан-жақты қолданылуының жабық жағдайда жаны кіретін жемқорлыққа қарсы күреске өз үлесін қосатынына қуанамын. Өйткені ЖИ пайдаланатын мәліметтер мейлінше жария, ашық түрде болады. Мәселен, біздегі жемқорлық сипатында, жасырын өтетін конкурс­тық, тендерлік шараларға енді мықты цифрлық тосқауыл қойылатын болар.
Геосаяси тұрғыдан алғанда ЖИ-дің тағы бір маңызды астары бар деп ойлаймын. Мәселен, бүгінде объективті және субъективті себептермен Қазақстан экономикасы, соның ішінде қаржы, валюта, энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі көрші Ресейге тіреліп қалады. Өз басым дәл осы цифрландыру мен ЖИ-ландыруды сол тәуелділіктен құтылудың ең тиімді жолы деп білемін, өйткені бұл үрдіс еларалық экономикалық бәсекені жаһандық деңгейге көтереді. Бұған қоса, осы заманауи бағыттар бойынша біз Ресейден көш ілгері келеміз. Президенттің де діттеген ойы осы ма деп қалдым.
Десек те, ЖИ-ді абсолюттендіруге қарсымын. Түсіне білсек, ЖИ – қоғамдық өмірді ұйымдастыруда адам қолданатын құрал ғана. Оның мемлекеттің және жеке адамның қауіпсіздігіне келтірер залалы туралы әңгіме әлі алда. ЖИ-дің ұсыныстары мен шешімдері адамдар толтыратын ақпаратқа негізделетінін ескерсек, бәзбіреулер ЖИ-дің өне бойын әдейі біржақты, жалған мәліметтермен толтырса ше? Онда ЖИ-дің соның бәрін жинақтап, соған негізделіп, түйер түйіні де теріс боп шығады емес пе?!
Осы орайда Жазушылар одағының төрағасы ретінде сізге бір сұрақ қойсам деймін. ЖИ жаһанды жаулап, болмысты билейтін түрі бар. Керек десеңіз, кітап та жазып тастайды екен. Олай болса, көз майын тауысып, жазу үстелінен бас алмай, көркем шығарма жазатын қаламгерлердің бәсекелесі боп кетпей ме? Авторлық құқық деген тағы бар емес пе?..
Мереке Құлкенов: Иә, Әміржан, дұрыс айтасың. Біз екеуміз сұхбаттасып отырғанда, әлемде ЖИ таңғаларлық жаңалықтар жасап жатыр. Байқамаса, ЖИ өте қауіпті. Егер ол адамның сана-сезімін толық игерсе, әлем рухани апатқа ұшырауы мүмкін.
Мен оны неге айтып отырмын?! Иә, ЖИ қоғамның космостық жылдамдықпен қарыштап өсуіне көп көмектеседі. Дей тұрғанмен, адамның ойлау қабілетіне, талантына, сезімі мен түсінігіне араласуына жол беруге болмайды. Иә, дәл қазір ЖИ біздің ойлау мүмкіндігімізбен қабаттаса бастады. Бірақ ол адамның жан дүниесіне нұқсан келтіре алмайтынына сенімдімін. Адам баласы ЖИ-ді өзіне көмекші ретінде пайдаланса ғана мақсатына жетпек. Міне, осы жерде қан-сөлі жоқ жасанды шығармалардың, басқаша айтқанда, халтураның өркендеп кету қаупі бар. Зиялы қауымның алдында тұрған аса жауапты міндет – ЖИ-дің жетегінде кетпеу.
Осы маңызды мәселе тұрғысында жалпы өнер адамдарының алдында үлкен жауапкершілік тұр. Президент «Келесі мәселе. Бұл – жасанды интеллекті дәуіріндегі мәдениет пен өнердің дамуы. Осы салаға бұрынғыдай айрықша мән береміз, тиісті инфрақұрылымды саламыз және қажет болса жөндеуден өткізіп, қалпына келтіреміз. Өнер адамдары еліміздің мәдениетін, салт-дәстүрін шетелге паш етіп жатыр. Бұл – құрметке лайық жұмыс. Сондықтан мәдениет қайраткерлеріне қажетті қолдауды көрсетеміз. Бірақ олар жаңа заманның талабына бейімделіп жұмыс істеуі керек», – деп атап көрсетті. Осы орайда Қазақстан өнері мен әдебиеті әлемдік деңгейде басқалардың алдында болуы керек деп ойлаймын. Сондықтан қазақ әдебиетін бүкіл әлем оқырмандарына жеткізіп, таныстырудың жаңа бағдарламасын жасауымыз керек. Ең басты мақсат – қазақ әдебиетін басқа тілдерге аударуды жүйелі жолға қою. Бұл ойымызды Президент қолдайды деп ойлаймын. Сонымен қатар 2023 жылдан бері Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей қолдауымен Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының стратегиялық әріптестігі аясында «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» жүзеге асуда. Осы бағдарлама бойынша Қазақстанның барлық облысы мен үш қаласынан жиырма жас жазушы он күндік семинарға қатысып, өздерінің білімін жетілдіреді. Мен осы аз күндік семинарды бір жылдық әдеби курсқа айналдыруды ойлап жүрмін. Бізде талантты жас қаламгерлер өте көп, Қазақстан сияқты іргелі елге әдеби курс немесе Әдебиет институты керек-ақ.
Сонымен қатар 2019 жылы Астана қаласында өткен Азия елдері қаламгерлерінің алғашқы форумында «Ұлт әдебиеті: бүгін және ертең» деген тақырыпта сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Азия қаламгерлері форумы шығармашылық қауымның маңызды диалог алаңына айналуы керек. Бұл маңызды шара Азия елдерінде тұрақты түрде өтуі қажет деп санаймын. Адамзатты толғандырған күрделі мәселелер дәл осындай алаңдарда ортаға салынуы тиіс. Азияны бүкіләлемдік рухани даму орталығы ретінде дамыту айрықша маңызды. Сондықтан әдеби үрдістерді жаңғырту үшін жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта «Азия алыбы» халықаралық әдеби сыйлығын тағайындаған жөн», – деп еді. Меніңше, Президенттің осы бір жарқын идеясын жүзеге асыру – кезек күттірмейтін мәселе. Азия елдері қаламгерлерінің ІІ форумын өткізетін де уақыт жетті.

«Сенат тұр, мен атайын» боп жатыр ма?

Мереке Құлкенов: Халыққа Жолдау­ында Президент аса маңызды саяси реформаны күн тәртібіне қойды.
Ол: «Елімізде парламенттік реформа мәселесі кемінде жиырма жылдан астам уақыт бойы айтылып келеді. Осы мәселе ашық та, жабық та талқыланып жүргені ешкімге құпия емес. Бұл тақырып әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Сондықтан мемлекеттік жүйе дамып, азаматтарымыздың саяси мәдениеті өсіп келе жатқанын ескере отырып, бұл мәселені халықтың талқысына салу айрықша маңызды деп санаймын», – деп бір палаталы Парламент құру бастамасын көтерді. «Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын. Содан кейін, яғни 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болар еді. Содан соң Конституцияға тиісті өзгеріс енгізе аламыз», – деп түйіндеді ол.
Мен Президентіміздің барлық жарқын реформаларын қолдайтын адам ретінде айтарым: парламенттік реформа туралы айтқандарының бәріне қосыламын. Бұл толғағы жеткен аса маңызды мәселеге халық та бірауыздан белсене қатысады. Осы орайда менің де саған сұрағым бар.
Өздерін демократ санайтын талай ұйымдар мен тұлғалар болып, бір палаталы Парламент туралы сөз қозғап, «Сенатты тарату керек» деп біраздан бері айтып келдіңдер. Президенттің осы бастамасына енді не дейсіңдер? Ол кісі сендердің алдарыңды орап кеткен сияқты…
Әміржан Қосан: Иә, мойындау керек, ескі Қазақстан тұсында демократиялық оппозиция ұрандатып келген бірқатар бастама жаңа Қазақстан тұсында жүзеге аса бастағаны рас.
Біз де о бастан, сонау 1998 жылдан «бізге революциялық емес, эволюциялық өзгерістер керек» деп келдік. Сол үшін бәрін бір күнде қырып-жойып тастағысы келген радикалдардан таяқ жедік те.
Сенаттың кезінде ескі билікке «саяси сүзгі» ретінде қажет болғанын баршамыз білеміз, яғни аяқ астынан Мәжілісте билікке жақпайтын заң жобасы әзірленсе, Сенат соның бәрін «ретке келтіріп» отыратын құқыққа ие болды. Несін айтайық, Сенат та осы жылдар бойына сол функцияны мінсіз атқарып келді. жаңа Қазақстан тұсында да Сенат осы дағдысынан айнымады десек болады. Ол орган қоғам өміріндегі маңызды мәселелер бойынша құқықтық бастамалар көтере қоймады, тарихта ол үнсіз де саяси жағынан селқос құрылым ретінде қалды десек болады, бір сөзбен айтқанда, Сенат жаңа Қазақстан тұсында ескі Қазақстан үрдісімен жұмыс атқарды. Егер де ол заман талаптарына сай қызмет атқарса, Президент бір палаталы Парламент туралы әңгіме қозғар ма еді?
Десек те, Сенатта өңірлердің өкілдігі сақталатын, яғни әр облыстан екі сенатор сайланатын. Ендігі жерде бір палаталы Парламентте осы жағын ескеру керек, бәлкім, ол үшін партиялық тізімдерге сондай, өңірлік талап қою керек болар. Сонда Парламенттің республика аймақтарымен жанды байланысы үзілмейді.
Мереке Құлкенов: Президентіміздің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы терең ойлылығымен, жаңа реформалар жасаудың жолдарын талдауымен ерекшеленеді. Сонымен қатар Президентіміздің халықтың әл-ауқатын арттыру жолындағы келелі идеялары, жастарды қолдаудың жолдарын нұсқауы, сондай-ақ цифрландыру дәуіріндегі мәдениетімізді дамытудың жай-күйіне тоқталуы халықтың көкейінен шықса керек. Ендігі біздің, қарапайым халықтың қасиетті борышы – алда жасалатын реформалардың ойдағыдай орындалуына белсене қатысып, бәрімізге ортақ маңызды істі тезірек жүзеге асыру.

ПІКІРЛЕР2
Аноним 11.09.2025 | 23:14

Өз басында дым жоқ, Америкадан көшіріп алған ЖИ дегені кімге керек. Не мал қағып, қой соя алмайды, егін егіп, нан пісіре алмайды. Қаланың асфальтта өскен баласы емес пе, қазақ дәстүрінен дым түйсігі жоқ

Аноним 05.10.2025 | 12:03

Асфальтта өссе де руға бөлінеді екен. Қазір «Жалайырмын» дегендер үлкен қызметтерге қол жеткізіп жатыр.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір