Ғылым мен мәдениет жасанды интеллект дәуірінде

Алматы қаласындағы Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: тарих, мәдениет, тіл және технологиялар диалогы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Форумға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан және Пәкістан елдері жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары, сарапшылар, докторанттар мен жас зерттеушілер қатысты.
Ғылыми жиын ҚР Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Дархан Ақпанбетовтың баяндамасымен ашылды. Ол жасанды интеллектің қазіргі ғылыми парадигмаға әсерін, білім беру жүйесінің технологиялық өзгерістерін және пәнаралық зерттеулердің маңызын атап өтіп, конференцияның ғылыми мазмұны мен практикалық мәніне тоқталды.
Жалпы отырыста жасалған баяндамалар жасанды интеллектің ғылым мен қоғамның әртүрлі салаларына ықпалын жан-жақты талдауға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, ҚР ҰҒА академигі, профессор Мақтағали Бектемісов зерттеу үдерістерін автоматтандыру, деректерді құрылымдау, оқу сапасын бақылау және жеке білім траекторияларын қалыптастырудағы ЖИ технологияларының ғылыми әлеуетін саралады. Пәкістандық Sukkur IBA University ғалымы Зафаруллах Сахито STEAM білім беру моделіне тілдік компонентті интеграциялаудың теориялық және практикалық негіздерін ұсынды. Kazakh-American University президенті, академик Асылбек Исахов жасанды интеллектің қоғам дамуына, әлеуметтік қатынастарға және құндылықтық өзгерістерге әсерін тұжырымдамалық тұрғыдан бағалап, цифрлық этика мен алгоритмдік әділеттілік мәселелеріне тоқталды. Шароф Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университетінің профессоры Бахтияр Эргашев Түркістан генерал-губернаторлығының әкімшілік-канцеляриялық құжаттарын цифрлық деректану әдістерімен талдау нәтижелерін ұсынып, отарлық дәуір деректерін талдаудың жаңа ғылыми қырларын көрсетті. Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, саяси ғылымдар докторы Жомарт Симтиков цифрлық гуманистиканың даму қозғалысын және осы саладағы зерттеулерге ЖИ енгізудің әдіснамалық басымдықтарын талдады. МИТУ профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Алтынай Әбуова тағам өндірісінде инновациялық технологиялардың қолданылуын зерттеу нәтижелерімен таныстырып, өндіріс үдерістерін жетілдіруде цифрлық тәсілдердің тиімділігін атап өтті. Түркиялық зерттеуші Ибрахим Калқан қазақ шежіресін цифрлық форматта жаңғырту бағытындағы жаңа әдістерді ұсынып, генеалогиялық зерттеулердің заманауи мүмкіндіктерін ашып көрсетті.
Жалпы мәжілістен кейін конференция жұмысы үш негізгі ғылыми бағыт аясында жалғасты. Алғашқы бағытта тарихи-мәдени мұраны цифрландыру, архив қорларын жүйелеу, тарихи мәтіндерді ЖИ көмегімен талдау және виртуалды музейлік платформаларды құру мәселелері қарастырылды. Екінші бағыт тіл саясаты мен цифрлық лингвистика тақырыптарына арналды; қатысушылар көптілді білім берудің жаңа модельдерін, тіл үйрету мен аударма жүйелеріндегі ЖИ құралдарын, ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған тілдік стратегияларды талқылады. Үшінші бағытта цифрлық экономиканың дамуы, жасанды интеллектің әлеуметтік трансформацияға ықпалы, деректер қауіпсіздігі, алгоритмдік әділеттілік және орнықты даму мәселелері қарастырылды.
Қатысушылар тарихи мұраны цифрлық форматта сақтау, білім беру жүйесіне ЖИ технологияларын тиімді енгізу, ғылыми қауымдастықтар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және цифрлық этика өлшемдерін жетілдіру жөнінде бірқатар ұсыныстар қабылдады.
Жанылсын ЖҰМАБАЕВА,
Абылай хан атындағы
халыкаралык катынастар және
әлем тілдері университетінін
журналистика факультетінің, 2-курс студенті