БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ КӨРНЕКТІ ӨКІЛІ
09.09.2025
309
0

Әріде халық ауыз әдебиетінен, беріде әйгілі Ыбырай Алтынсариннің балаларға арналған шығармаларынан бастау алған қазақ балалар әдебиеті бір ғасырдан астам уақыт бойы үздіксіз дамып келе жатқаны белгілі.

Ы.Алтынсарин дәстүрін жалғастырған С.Көбеев, С.Дөнентаев, Ө.Тұрманжанов сынды сөз шеберлерінің туындылары кезінде кеңінен танымал болса, 1950–1980 жылдары үздік туындыларымен балалар әдебиетінің жарық жұлдызына айналған
Б.Соқпақбаев үрдісі М.Әлімбаев, С.Мұратбеков, Қ.Мырза Әли, Н.Дәутаев, Т.Әбдіра­йым, Қ.Түменбаев, Б.Қошым-Ноғай сынды ақын-жазушылар шығармашылығында жалғасын тауып, бүгінде Ә.Байбол, Е.Тоқтарбайдан Е.Солтанаеваға дейінгі жастар қаламымен жаңғырып, жаңашыл бағытта дамып келеді деуге болады. Қазіргі екі жастағы бала гаджетке үңілген ғаламтор заманында балалар әдебиетіне арнап қалам тартудың оңай болмасы белгілі. Балалар әдебиетінің басты міндеті көз нұрымыз – жас өренді адамгершілікке баулып, эстетикалық талғамын қалыптастыру десек, осы мақсатта бүгінгі қаламгерлеріміздің де өз заманындағы Бердібекше жазудың жаңаша бағытына бет түзеп келе жатқанын жоққа шығаруға болмас.
Қазіргі қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Толымбек Әбдірайым балаларға арналған «Оқсыз мылтық» әңгімесін он бес жасында, ересек адамдарға арналған «Әке» әңгімесін жиырма жасында жазады. Т.Әбдірайымның «Елегізу» атты әңгімесі жас жазушылардың «Арман қанатында» жинағында («Жалын» баспасы, 1988), ал өзінің «Еркешора» атты тұңғыш жинағы «Балауса» баспасынан 1996 жылы жарық көреді. Одан кейінгі жылдарда «Әуелеп ұшқан тырналар», «Жалқаулыққа кім үйір», «Алабұға аулаған күн», «Аққоянның үйшігі», «Ағыл-тегіл», орыс тілінде жарық көрген «Летят журавли», «Бұралаң жол», «Дала әуені», «Тағдыр сыйы» жинақтары мен үлкендерге арналған «Түнгі жол» атты шығармалары оқырмандарға жақсы танымал деуге болады.
Толымбек Әбдірайымның балаларға арналған әңгімелер, ертегілер, хикаяттар топтастырылған «Ақ кептер» деп аталатын жинағын қолымызға алғанда, шығарманың негізгі оқырманы балалар екені ойға оралды. Дегенмен, өзімізді аталған шығарманы қабылдаушы (рецептор) оқырман санатында қарағанда, рецептивтік эстетика іліміндегі қызғылықты тұжырымдардың кез келген адамды бей-жай қалдырмайтынын байыптап, оқырмандарды да аз-кем хабардар етуді жөн көрдік. Қазақ әдебиеттану ғылымында оқырман мәселесі А.Байтұрсынұлының Абайдың қара сөздері туралы толғамдарынан бастау алып, бүгінде зерделенгенімен, түптеп келгенде, рецептивтік эстетика ілімін 1970–80 жылдары неміс ғалымдары Ханс-Роберт Яусс пен Вольфганг Изер қалыптастырды. Х.Р.Яусс оқырмандық орта автордың рухани әлеміне ену арқылы эстетикалық ләззат алуды күтетінін, әдебиеттің әлеуметтік-мәдени өмірімізде зор маңызға ие жасампаз құбылыс екенін пайымдайды. В.Изердің айтуынша, шығарма мәтінінде жазылған және жазылмаған бос орындар болады. Шығармадағы бұл бос орындар – сюжетте оқырман күтпеген «бұрылыстар». Демек, бос орындарды оқырман толтыруға тиіс, шығарманы талдауы, талқылауы қажет. Әрине білім-білігі, тәжірибесі әртүрлі оқырмандар мәтіндегі бұл бос орындарды әртүрлі толтырады, талқылайды. Алайда шығарма мәтініне автор енгізген мән мен мағына тұрақты, өзгермейді. Осыны түсіндіру үшін В.Изер шығарма мәтіні орнына аспандағы «жұлдызды» мысал етіп алады. Зерттеуші «жұлдызға» қарап тұрған екі адам болса, бірі «жұлдыздан» соқаны көрсе, екіншісі шөмішті көретінін пайымдайды. Оқырман мәтінді қайталап оқыған сайын шығарма жаңа қырынан ашыла береді. Сөйтіп, оқырман мен мәтін арасында диалог орнайды. Т.Әбдірайымның «Ақ кептер» жинағына енген туындыларын оқыған оқырман да шығармамен диалогтық қарым-қатынасқа түсері анық. Өйткені оқырман мен шығарма арасындағы «дистанция жақын» еместігі аңғарылады. Жинаққа аттас «Ақ кептер» әңгімесінің алғашқы сөйлемінің өзі-ақ оқырманды баурай бастайды. Әңгіме детальға, лаконизмге құрылған. Жазушы «Құстың ұясы», «Көктем шуағы» әңгімелерінде кейіпкер іс-әрекеттері, диалогтары арқылы табиғат заңдылығын бейнелеп жеткізеді, табиғат құбылыстары жайлы танымын кеңейтеді. Жас оқырманын елең еткізері анық. Әңгіме жанрына тән деталь­дың ойға қонымдылығы, аллегория тәсілі жас оқырманның эмоциясына әсер етпей қоймайды. «Қарақшыдан қашқан «батырлар» әңгімесінің де сюжеті «бақшаға түсу» мотиві негізінде автор тарапынан өзгеше өрілген дәстүр жалғастығы немесе тырнақшаға алынбайтын реминисценция сипатында тануға болады. Автор балалардың «ұрлық» үстіндегі іс-қимылдарын бейнелеу арқылы олардың мінез-құлықтарының әр қилы екенін танытады. Әңгіме соңында автор: «Сендер қалай ойлайсыңдар, балалар? Ұрлық жасаған дұрыс па?» деп жас оқырмандарына ашық қайырылады. Бұл да көркем әдебиетте ертеден қалыптасқан дәстүр екен. Тіпті зерттеуші В.Шмидтің айтуынша, атақты М.Ф.Достоевский шығармаларында оқырмандарымен ұрысқан да болса керек. Оқырман эстетикасы мәселесін жазушының «Құтжол» әңгімесі мысалында алып қарайықшы. Автордың «Құтжол» әңгімесі анималистік сипатымен ерекшеленеді. Әңгіменің негізгі персонаждары – ит пен бала, дәстүрлі тақырыптардың бірі. Әңгіме Жәнібектің «тік құлақ көк күшігі» Құтжолмен тілдесуінен басталады. «Білесің бе, Құтжол? Бүгін бар ғой, соңғы сабақта уақыт тіптен өтпей қойды… Әрі сенімен ойнағым келді… Біз сені шынжырлап қойдық… Әсілі, байлау, тұқыртып ұстау, азаттықтан айыру қиын ғой! Сен оған ренжіме, жарай ма?!» дейді. Жазушы кейіпкерін сөйлету арқылы бала жанының әсершілдігін суреттеп қана қоймай, қосалқы эпизод арқылы әңгіме сюжетін соза түседі. Үш беттік шағын әңгімеде сюжеттің бей-берекеттігі де (контоминациясы) көзге түседі. Себебі әңгіменің келесі бөлігі ретроспекция іспетті. Жәнібектің әкесінің алыс сапарларға жол жүретінін, жолы құтты болуын ырымдап «Құтжол» деп атау­ды ұйғарғанын әке-бала-ата арасындағы диалогтарда кестелейді. Жәнібектің әкесі «қоңыр күздің жаңбырлы бір күнінде жол апатынан қайтыс болады». Автор баланың күйінішін, қайғы-шерін интуитивті бейнелейді. «Әкең тағы да алыс қалаға кетті», – деді анасы. Жәнібек сенген жоқ. Өтірік айтасың деп те кінәлаған жоқ. Ақиқатында бала әкесін сағынатын. Кейде оңаша кетіп, жылап алатын. Әке қазасы қаршадай ұлды есейтіп жіберді». Баланың жан жарасын бейнелейтін ретроспекция ортақ төл сөз үлгісінде ұтымды пішінделеді: «Әкесі балажан еді…Үй тіршілігінен қолы босай қалса, Жәнібекті ертіп қала орталығындағы демалыс бағына тартатын… Ал түнде ұйықтар алдында әкесі әңгімелеген қиял-ғажайып ертегілері шытырман, қызықты оқиғаларға толы болатын». Сөйлемдердің өткен шақ есімшенің -атын, -етін жалғаулы баяндауышына аяқталып отыруы баланың өткен күндерге сағынышын көксейді.
Бала жанының қоғамдық шектеулерге бейсана қарсылығы олардың «бұзықтық» іс-әрекеттерімен көзге түседі. Аты әйгілі повестегі Қожа мен Сұлтанның «бұзықтық» іс-әрекеттері де соны айғақтайды. Осы дәстүр Т.Әбдірайым­ның «Тоқылдақ» әңгімесінде өзіндік жаңашылдығымен ерекшеленеді. Өзіндей оқуға салғырт оқушыларды тақтаның алдына шығарып қоятын Амантай мұғалімге кектенген Тұрғазы деген мектеп оқушысы сыныптасымен келісіп, мұғалімнің үйінің терезесіне «тоқылдақ» құрмақ болады. «Тоқылдақ» – күлкілі ойын. Келсек, Амантай мұғалімнің ауласы тым-тырыс», – деген баяндаушы мұғалімнің отбасына ыс тиіп қалды ма деп қобалжиды. «Сыртқы есік жабық. Біреу сым-темірмен әдейі шандып байлап тастаған… Соңынан білдім. Бұны істеген Тұрғазы екен… Амантай мұғалімнің қатал екені рас. Бірақ көп ізденіп, көп оқитын өте білімді әрі әділетті кісі. Тарихшы Рәбиға апай мен биолог Рысқұл ағай бағаны алалап қояды. Кеңшар директорының, зоотехниктің, дүкенші Мәруаның балаларына жауап бере алмаса да үндемейді…» Жазушы қоғамдағы ащы шындықты баланың аузымен әшкерелейді.
Т.Әбдірайымның тілі бай, сюжеті тартымды, балаға тән мінез ерекшеліктерін, дәстүрлі «сотқар бала» бейнесін терең таным, жаңашылдықпен суреттейтін әңгімелерінің бірегейі – «Сүтсіз шай» десек, «Тарғыл мысық», «Кітап мұңы», «Шөптің қателігі», «Ине мен жіп» іспетті тағы басқа да әңгімелері мен ертегілері композициялық жаңашылдығымен, көркемдік тәсілдерді қолдану ұтымдылығымен ерекшеленеді.
Жинақта топтасқан хикаяттардың бірі – «Ұшатын кілем» атты ертегі-хикаят. Сыныптас Айбын мен Нұржан тәжікелесіп қалады. «Орысша дым білмейсің сен!» – деген-ді Нұржан әлгінде. «Сен қазақшаға шорқақсың!» – деген Айбын сөзден жығылмауды ойлап. «Не тантып тұрсың, ә?» – деді анау енді шап етіп. Бұл да қайтпады: «Не естісең, сол!» – деді тістенген қалпында. «Колхоз!» – көршінің баласы түйіле қалды. «Деревня!..» Автор сыныптас екі баланың қазақ тіліне қатысты көзқарасын драматизм арқылы бейнелейді. Тіпті ремаркалардың шынайылығы кейіпкерлердің ішкі әлемін айқара ашады. Айбынның әже сөзін есіне алып, жанжалды ушықтырмауы, сөзге тоқтауы ұлттық тәрбиенің нәтижесі екені белгілі. Әжесі Айдынға үш жасынан бастап өлең тыңдауды, кейін кітап оқуды үйретеді. Әжесі өз анасынан қалған құнды жәдігерді (кілемді) көрсетеді. Немересіне бақсы, тәуіп, емші болған Қабдолла атасы туралы әңгімелейді. Ұшуды армандап жүрген Айдын әжесінің «қауырсындай жеңіл кілеміне» мініп ұшады. «Кілем баланы қаңбақ құрлы көрмей көтеріліп бара жатады». Бала ұшарда әжесіне, ата-анасына «бір жаққа кетіп бара жатқанын, көп ұзамай оралатынын» ақ қағазға жазып қалдырады. Реалды кеңістік пен уақыт құбылыстарын суреттеуден бастау алған шығарма фантастикалық сипатқа көшеді. Кілем үстінде ұшып келе жатқан Айдын солтүстіктен көк аспанды көктей ұшып келе жатқан қаздармен тілдеседі, танысады. Қаздар адамша сөйлейді, Абайды да, Мұқағалиды да біледі, өлеңдерін таласып оқиды. Шығарманың мәтінінің энциклопедиялық мәнге ие тұстары да интермәтіндік қызмет атқаратыны белгілі. Жалпы, бұл ерекшелікті балалар әдебиетіне тән құбылыс деуге болады. Шығармада реалды мекеншақ пен фантастикалық мекеншақ алмасып отырады. Автор диалогқа психологиялық жүк артып, аллегория, гипербола тәсілдерін қолдануы шығарманың жанрлық табиғатына сай екенін байыптауға болады.
Ертегі-хикаят мистикалық сипатымен де ерекшеленеді. «…Алаңсыз аяңдап келе жатқан бала кенет тоқтай қалды. Құйрық жалы төгілген сұлу арғымақтың үстінде ұзын шашын жайған бір әйел кетіп барады. Баланың жүрегі су етті…» Бала Күлдібадам перінің қолына түсіп, азап шегеді. Оған перінің күңі аяушылық білдіріп, босатып жібереді. Орманда «алаңсыз келе жатқан бала ақ сақалды қартқа кездесіп, дәстүрімізге сай сәлем береді. Баланың сәлемін ықыласпен алған қарт жөн сұрасады. Ертегі-аңыздардағы «дана қарт» архетипіне ұқсас адам өзін балаға таныстырады. Т.Әбдірайымның ертегі-хикаятында қарт шежіреші, жазушы Өмір Есқали бейнесінде суреттелген елімізге танымал көрнекті жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, қазақ әдебиетін таңдаулы туындыларымен байытқан Өмір Кәріп екенін жазбай тануға болады.
Түркістанға келген Айдын смартфонын ашып қараса, сыныптасы тентек Нұржан досын ренжіткеніне кешірім өтініп, қазір қазақша сөйлейтінін айтып хат жолдаған екен. Автор Айбынды қайтадан реалды мекеншақ ортасына оралтады. Жапон елінде оқып жатқан Айдынның елге тез оралуын күткен әжесі немересіне телефоннан: «Cенің арманың қазақ тілінің асқақтауы еді ғой! Билік басындағылар да қазақша сайрағанда тайпалған жорғадай! Несін айтасың, ботам?! Әулие, ойшыл Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы болжағандай, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туды!» – дейді. Автор Қазақстанда ана тіліміздің қанатын кең жайғанын әже монологы арқылы келісті кестелейді. Шынында, балалардың сүйікті жазушысы Т.Әбдірайым «Ұшатын кілем» ертегі-хикаятында тәуелсіздігіміздің тұғыры болған ұлттық тіліміздің қадір-қасиетін дәріптеуді өзінің шығармашылық тенденциясына негіз еткенін байыптаймыз.
Көрнекті жазушының «Тұнжыр» хикаятынан өз туған ата-анасы ғана емес, қоғамдық ортада өгейсіткен жасөспірім баланың ауыр тағдырын көреміз. Хикаяттың «Тұнжыр» деп аталуы жас оқырманның қабылдауына әуелде тосаң болғанмен, шығарманың ішкі композициясында мән-мағынасы терең ашылады. Автор хикаят экспозициясында мектеп өмірін көз алдымызға әкеліп: «…Үзіліс кезінде өзге сыныптастары сияқты ойнауға зауқы соқпайтын, көбінесе ой шырмауында жүретін қара бала үшін үйге қайту аса қызық емес… Салқын қабақ, жүйкеге тиер запыран сөздерден әбден зәтте боған соң ба, кейде көз көрмес, құлақ естімес әлдеқайда кетіп қалғысы келеді-ақ…» деп көру оптикасын «қара баланың» ішкі жан әлеміне бағыттайды. «Барар жер, басар тауы жоқ» қара баланың тұнжыраған күйін интуитивті суреттеген автор диалогқа тізгін береді: «– Тәте, – деді төр алдында құс жастыққа көміліп, теледидарға тесіле қарап жатқан етжеңді қара сұр әйелге ақырын дыбыстап. – Иә-ә…ы…ы-ы… Келіншек тіл қатуға да ықылассыз, жақ ашқысы жоқ тіпті. – Сабаққа дайындалсам рұқсат па? Дауыстауға да жасқанады. Қатты сөйлегені үшін талай таяқ жеген. – Әй, жетімек! Анаңнан айыр­ған мен емес. Баласын тастап, байға тиіп несі бар байғұстың? Обалы – көкек шешең мен ынжық әкеңе!..» Диалог құрылымы, автор ремаркалары, кейіпкер сөздерінің графикалық түзілімі, ауызекі сөйлеу ерекшеліктері долы, тоғышар өгей шеше мен кішкентай қарындасын қарап әрі үй тіршілігінен мойны босамайтын қаршадай ұлдың арасындағы ушыққан қарым-қатынасты шынайы әрі әсерлі жеткізеді.
«…Қулығы қат-қабат шайпау әйелдің алдында жыланға арбалған көжектей қыбыжықтап, сөздері пышырап қалады…» дейтін авторлық баяндаулар туған баласына жылуы жоқ әкенің нағыз ез, бос белбеу, жалтақтығын әшкерелейді. Рауан өгей шешеден қаншама теперіш көріп жүрсе де, сабағына ынталы болады. «Бұл қуанышын бөлісетін де ешкімі жоқ… Үйге тақағанда байқады, есікте қара құлып тұр…» Алғашқы күндері вокзалда түнейді, базар басын жағалайды. Мешітке келіп садақа сұрайды. Мешіт маңындағы тіленшілер, тәжік балалар: «Мынау аумақ – біздің жер», – деп Рауанды ығыстырып жібереді. Автор бар шындықты баланың көзімен, түйсігімен суреттейді. Ортақ төл сөз үлгісіндегі баяндауда сезімтал, ой-санасы сергек ұланның жан жарасы таңбаланады.
Қорыта айтқанда, көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің дарынды өкілі Толымбек Әбдірайымның «Ақ кептер» жинағына енген әңгімелерінің, ертегі-хикаяттары мен хикаяттарының қай-қайсысы да автордың жазушылық қолтаңбасы қалыптасқанын, шығармашылық шеберлігі шыңдалғанын көрсетеді. Жазушы қай шығармасында да жеткіншектер бойына ұлттық тәрбие мен заманауи талаптарды сіңіруді көздейді. Жазушы туындыларында өмір сырларын, балалар әлемінің құбылыстарын, кейіпкер жан дүниесінің көзге көрінбес қатпарларын бейнелеуде психологиялық талдау өнерінің көркемдік тәсілдерін шебер қолданады. Қысқа әңгімелері өткір диалог, ремарка, деталь беру шеберлігімен ерекшеленеді. Автор шығармалары интермәтін, реминисценция, әлқисса, стилдеу үлгілеріне бай. Ертегілері, әңгімелері, ертегі-хикаят, хикаяттары жанрлар синтезіне құрылуымен, мистикалық сипатымен, жанрлық-композициялық жаңашылдықтарымен көзге түседі. Жазушы туындыларында аллегория, эмфатиялық инверсия, ирония, юмор мен сарказм тәсілдерін, көркемдік бейнелеу құралдарын, мақал-мәтелдердің бай қорын ұтымды қолданады. Жалпы, көрнекті қаламгер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Толымбек Әбдірайымның «Ақ кептер» жинағына енген әртүрлі жанрдағы туындылары оқырман зердесін баурайтын шынайы қуатымен қазақ балалар әдебиетінің қазынасына қосылғаны даусыз.

Раушан ӘБДІҚҰЛОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің
қауымдастырылған профессоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір