Балалар әдебиетінің бүгінгі келбеті
19.01.2026
101
0

ҚР Ұлттық кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы жанындағы Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің ұйымдастыруымен «Балалар әдебиеті: креативті индустрия, имидж, бренд» тақырыбында панельдік сессия өтті.

Алқалы жиынды Қазақстан Жазушы­лар одағы Басқармасы Төрағасы­ның орынбасары, жазушы Бейбіт Сарыбай ашып, балалар әдебиетінің бүгінгі даму үдерісіне тоқталды. Ол бұл жанрлық кеңестің Жазушылар одағы аясындағы ең белсенді құрылымдардың бірі екенін атап өтіп, кеңестің бұған дейін бастамасымен жүзеге асқан «Дарабоз» халықаралық байқауы қазақ балалар әдебиетіне тың серпін бергенін айтты. Аталған конкурс көптеген көлемді көркем шығармалардың жазылуына жол ашып, жас қаламгерлердің танылуына ықпал еткенін ерекше атап өтті.
Мазмұнды жиынға еліміздің түк­пір-түк­пірінен келген балалар және жасөс­пірімдер жазушылары, әдебиеттанушылар мен мәдениет өкілдері қатысты. Панельдік сессия барысында қазақ балалар әдебиетінің бүгінгі даму бағыттары, креативті индустриямен байланысы, кітаптың имиджі мен брендке айналу мәселелері кеңінен талқыланды.
Іс-шара аясында «Балалар әдебиетінің бағбандары» сериясымен жарық көрген Өтепберген Ақыпбекұлы, Тоқаш Бердияров, Бейбіт Қойшыбаев, Серікбай Оспанұлы, Нұрдәулет Ақыш және Бейсебай Кірісбайұлына арналған портреттік-естелік еңбектер көпшілікке таныстырылды. Сонымен қатар, «Балалар кітапханасы» топтамасы аясында белгілі жазушылар Қуандық Түменбай мен Сәуле Досжанның жаңа кітаптарының тұсаукесері өтті.
Жиын барысында жанрлық кеңес төрағасы Елдос Тоқтарбай кейінгі бес айда атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, балалар әдебиетін жүйелі түрде мониторингтеу, жас авторларды қолдау және көркемдік-сапалық деңгейін арттыруға бағытталған бастамалардың нәтижелері мен алдағы жоспарларымен бөлісті. Атап айтқанда, республиканың әр өңіріндегі балалар жазушыларының бірыңғай базасы жасақталып, шығармашылық портреттерін қалыптастыру мақсатында фотосессиялар ұйымдастырылғаны айтылды. Сондай-ақ, Елдос Тоқтарбай БАҚ беттерінде балалар әдебиетіне арналған мақалалар мен теле-радио сюжеттер тұрақты түрде жарияланып жатқанын тілге тиек етті.
Жиын барысында Қазақстан Жазу­шы­лар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбай балалар әдебиетіне ұзақ жылдар бойы сүбелі үлес қосып келе жатқан бірқатар қаламгерге және жас қаламгерлерге Қазақстан Жазушылар одағының мүшелік куәліктерін табыстады. Атап айтқанда, Дүйсенбек Мағлұмов, Бағдат Мәжитов, Бағдат Айтмұқаева, Адина Жүсіпова, Мира Сембайқызы, Ержеңіс Тастыбай Әбді, сондай-ақ жас қалам­герлер Жақсылық Мұратбек пен Мұхаммед-Қанапия Шарханұлы Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды.
Сондай-ақ Бейбіт Сарыбай Жазу­шы­лар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Әбдешұлының балалар әдебиеті бағытын жандандыру мақсатында жанрлық кеңес төрағалығы сенімін Елдос Тоқтарбайға тапсырғанын айтып, соңғы бес айда атқа­рылған жұмыстарға оң бағасын берді. Панельдік сессия барысында осы кезеңде жүзеге асқан бастамалар қоры­тындыланып, алдағы жоспарлар ортаға салынды.
Панельдік сессия қазақ балалар және жасөспірімдер әдебиетінің рухани картасын жаңғыртып, дәстүр мен жаңашылдықтың тоғысындағы өзекті идеяларды ортаға салған маңызды мәдени диалог алаңына айналды.

Қазақстан Жазушылар
одағының Баспасөз қызметі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір