Алты алаштың Дәнеші
02.09.2025
520
0

Бала кезімізден Қазақ радиосының әуе толқынынан төгілте ән салған Дәнештей әншінің өнеріне тәнті болып өстік. Әкем жарықтық Дәнештің орындауындағы әндерді аса ілтипатпен тыңдайтын да, ризашылығын білдіріп отыратын. Жүректен шыққан сұлу сезім жүректерден орын алып, жандүниесін тербеп, рақатқа бөлейтін. Әсіресе Үкілі Ыбырайдың «Аңшының әні» әнін жақсы көруші еді. Жалпы, Дәнеш ағаның қай әні болса да сырлы сезімге толы, жылы әрі құлаққа жағымды болып келеді. Ән айту үшін де үлкен жүректің керегі осындайда байқалатын.

 

Дәнеш Рақышев ағамызды мен өзім Әміре Қашаубаев атындағы екінші әншілер байқауының қорытынды концертінде шымылдық сыртында көрдім. Құрбым Гүлмайдан Сүндетова мен жақсы көретін әншім Жақсылық Мырқаев сол конкурста дипломант атанған. Әнші Гүлмайдан ағаймен мені таныстырды. Қолын алдым. Жақыннан бірінші және соңғы көргенім сол еді.
«Қазақ» радиосында жиырма жеті жыл еңбек етіп, оның ішінде он сегіз жыл музыка редакциясында редактор, аға редактор, бас редактор, кейінгі он жылда Алтын қорда басшылық еткен мен үшін өнер адамдарының әр әні құлақтан кіріп, жүректен орын алған таныс дүние. Әрине, күнделікті фономатериалдарды тыңдап, әуе толқынына концерт жасағандықтан әр әнге анализ жасап отырасың. Қысқасы, кімнің жақсы, шебер орындайтыны, кімнің жеткізбей орындап жатқаны айна-қатесіз көрініп тұрады. Эксперт болып аласың. Әр әншіні күніне бір рет беруді қатаң түрде жұмыс ережесіне кіргіздім. Біз қай әншіні де адалдықпен әуе толқынынан насихаттадық. Құрметпен қарадық.
«Адамның басы – Алланың добы» демекші, саясаттың кесірінен екі мемлекеттің де ыстық-суығын көрген ағамыз елге жеткенде үлкен сағынышын арқалай келіпті.
Заманымыздың бұлбұл әншісі, ұлы даланы әнімен жаңғыртқан дарқан дарын иесі Талдықорған облысы Жаркент ауданына қарасты Талды ауылында 1926 жылы өмір есігін ашқан екен. Әкесі Рақыш Қанайұлы мен анасы Тәжіхан –жүрген ортасында ақындығымен, айтысатын өнерлерімен көзге түскен шешен жандар. Дәнештің өз аты – Данияр болса керек, еркелетіп Дәнеш деп атаған. Суан руынан шыққан тұлға.
Болашақ талантты әнші алты жасында анасы қайтыс болып, өгей болса да мейірімді әйелдің қолында ерке өседі. 1929 – 1932 жылдардың дүрбелеңінде Дәнеш Рақышевтің ата-анасы Қытай асып, Шығыс Түркістандағы Жарсу, Қарасу бастауыш мектебінде үш класс оқиды. Алғашқы ұстазы – Мырзахан Жақыбайұлы. Кейіннен Бұратала ауданының Жаңашәрі ауылындағы орта мектепті бітіреді. Атақты Әсет Найманбаевтың шәкірттері Қадырихан, Мәмет, Қайыпбек сынды әншілерден ән үйренеді.
1946 жылы Шығыс Түркістанның Құлжа қаласында «Дәулет группасы» деген ұйғыр-қазақ театры құрылады. «Білім жұрты» атты институт дәрежесіндегі білім ордасының оқытушысы, әнші Байназар Өстемірұлының шақыруымен Дәнеш осы театрға қызметке орналасады.
1948 жылы «Іле қазақ облыстық театры» қайта құрылып, Дәнеш Рақышев аталған ұжымды басқарады. Дәл осы өнер ордасында жүргенде, 1949 жылы Дәнеш ән жазуды бастайды. Құрманбек Толыбаевтың өлеңіне жазылған «Мақтанышы елімнің», «Шалқы, сайра», «Шаттық толқыны» әндері – сазгердің тырнақалды туындылары. Ол кезде ұйғыр әншілері әр әнін билеп жүріп орындайтын. Қазақ халқының ортасынан шыққан Мәруа Қасым атты әнші қыз «Мақтанышы елімнің» әнін үйреніп, Шанхай, Пекинде әсем бимен үйлестіре орындап шығады.
1950 жылы Ахмет Жұбанов құрамында Күләш Байсейітова, Жүсіпбек Елебеков, ағайынды Абдуллиндер, Ғарифолла Құрманғалиев, Шара Жиенқұлова, Роза Бағланова өнер көрсететін Құрманғазы оркестрін басқарып, Құлжаға гострольдік сапармен барғанда, өнер шеберлерінің өнерін көріп, Дәнеш әнші сағынышын бір басқандай болды деседі.
1956 жылы Қытайға арнайы сапарлаған Сәбит Мұқанов Дәнешті ертіп, Әсеттің басына барады. Осы жылдың 9 қыркүйегінде Іле қазақ облыстық өнер қайраткерлері елге деген сағыныштарын арқалап, Қытайдан Қазақстанға келгенде, делегацияны Күләш Байсейітова қарсы алады. Қазақтың Абай атындағы Опера және балет театрында өткен концертті Қазақстанның халық артисі ГүлжиҺан Ғалиева жүргізеді. Концерттің соңында сахнаға шыққан Дәнеш Рақышев ерекше толқыған екен. Қырғыз, Тәжік, Түркімен, Өзбек елдерінде де өнер көрсетіп қайтқан Дәнеш Рақышевке Ахмет Жұбанов: «Дәнеш, сен елде қалмайсың ба? Саған білім алу керек», – деп айтқаны, әншінің ойынан шықпай жүреді. Ахмет Дәнештің өнерін шын бағалаған еді.
1957 жылы Қытайда «Алып адамдар» деген ұран шығып, әнші-күйші, ақындарды қудалай бастайды. Қуғынға түсетінін сезіп, 1959 жылы Дәнеш Рақышев туған жерге оралды. Қорғас шекарасынан өтіп, елмен қауышты. Ол кезде Панфилов ауданының бірінші секретары Сейдәлім Тәнекеев болатын. Содан Көктал ауылында халық театрын ашып, кейін театрды Үшаралға ауыстырады.
Бірде Дәнеш Алматыда өтетін айтыста өнер көрсетеді. Айтыстың шымылдығын халық ақыны Қалқа Жапсарбаев ашады. Үш күнге созылған жиында Дәнеш Рақышев өзінің «Саясында алманың» әнін орындайды. Айтысты көріп отырған Мұхтар Әуезов Дәнештің әншілігіне тәнті болып: «Сенің орның – Алматы. Өзім көмектесем», – деп уәделеседі. Алайда, өкініштісі сол, көп ұзамай Мәскеуге аттанған жазушы өмірден өтеді.
Әнші белгілі күйші Нұрғиса Тілендиевпен де осы айтыста танысқан. Нұрекең Құрманғазы оркестріне шақырып, Дәнеш Рақышев белгілі өнер иесі Бибігүл Төлегеновамен бірге Жетісу өңірін ән-күйге бөлеп, өнер көрсетіп қайтқан. Осы жылдары Абдолла Қылышбаевпен танысып, «Қазақ» радиосының алтын қорына көптеген әндерді жазып қалдырған. Алайда Дәнеш әкесі Рақыштың денсаулығына алаңдап Алматыда қала алмады.
1965 – 1968 жылдары Үшаралдағы театрға «Халық театры» статусы беріледі. Ол театрды Дәнеш 1972 жылға дейін басқарды. Осы жылдан бастап Дәнеш Рақышев Талдықорған облыстық филармониясында жеке әнші болып қызмет атқарды. 1976 жылы 50 жасқа толуына орай Қазақстанның еңбек сіңірген артисі атағын алса, 1986 жылы 60 жасқа толуына орай Қазақстанның халық артисі атағының иегері атанды. 1989 – 1992 жылдары Талдықорғанда филармония жанынан өз мектебін ашып шәкірт тәрбиеледі. 1992 жылдың 6 шілдесінде дүниеден өтті.
Қазақстанның халық артисі Кенжебек Күмісбеков: «Ғасырдан-ғасырға халық әнін жеткізіп, әрқайсысы өз мектебін қалыптастырған Ақан сері, Сегіз сері, Біржан сал, Естай, Жаяу Мұса, Мәди сынды халық композиторлары десек, олардың әндері тамаша эталон жасады. Мен Жетісу әншілік мектебін қалыптастырған Дәнеш Рақышевтің әндерінің құрылымына қайран қаламын. Таланттың көзі осы кісінің жүрегіне ұялаған», – деп ерекше баға берген. Шындығында да, Дәнеш әндерді шырқаған сайын құлпырта түседі. Ол әндерді орындаған сайын әдемілік қосып, иірімдерін қалыңдатады. Тіпті домбыра қағысын да өзгертіп отырады. Әр айтқан әнін күш-қуатымен, тәжірибесімен әшекейлеп, дәмділей түседі.
Жаркент жастарының дені қолына домбыра ұстаса, Дәнеш болып әуелеткісі келеді. Өйткені олар – бала кезден Дәнеш әндерін құлағына құйып, жүрегіне өткізе білген құймақұлақ дарынды балалар.
Дәнештің шәкірттері деп – Қажыбек Бекбосынов, Жақсылық Мырқаев, Уақап Сағымбеков, Мырзахмет Мұқаманов, Абылайхан Қармысов, Зарықбек Рақыжанов, Бақберген Асқарбек сынды әншілерді атауға болады. Дәкеңнің кенже шәкірті Нұржан Жанпейісовтің Дәнеш өнерін насихаттауда, жетілдіруде атқарып жүрген еңбегі ұшан-теңіз. Ол Консерватория, Өнер академиясы, Республикалық эстрада-цирк колледжінде ұстаздық ете жүріп, Дәнеш Рақышевтің мектебін қалыптастыруда. Өзі де біршама шәкірттерін ұядан ұшырған ұлағатты ұстаз қатарында жемісті еңбек етуде, әншілігі бір бөлек.
Әнші Мырзахмет Мұқаманов ұстазы жайлы бір естелік айтыпты. Онда: «Әскерден аман-есен ауылға оралып, шаруашылыққа араласа бастағанымда Алматыдан Жансейіт Сауранбаев деген жігіт келіп: «Мырзахмет, сенің өнеріңді естіп жатырмыз, жүр, Дәнеш Рақышев деген ағаң бар, сол кісіге көрінсейші. Сен сияқты әншілер театрға керек», – деген соң Жансейітке еріп Көкталдағы халық театрына бардым. Бұл халық театрын совхоз директоры Әзтай Ерсалиев ашып берген екен. Сол жерде Дәнеш ағамыз көркемдік жетекші болып қызмет етеді. Мен Дәнеш аға жоқта Баттал деген баяншы кісімен ән айтуға дайындалып алғанмын. Ерғали Наймантаев деген кісі бар екен. Белгілі актер Асқар Наймантаевтың әкесі. Дәнеш ағаны ұстаз тұтқан адам еді. Дәнеш аға жарымен бірге бөлмеге кіріп келді де, «Бөтен бала қайдан жүр?» – деді бірден. Сонда Жансейіт: «Сіздің ауылдың баласы, әнін тыңдап көріңіз!» – деп жауап қатты. «Қандай ән айтасың?» – деп сұрады Дәнеш аға сөзін жалғап. Мен қырғыздың «Таулар» деген әнін орындайтынымды жеткіздім де, осы әнмен бірге тағы екі-үш әнді шырқай жөнелдім. Дәкеңнің: «Мынау нағыз әнші екен ғой», – дегені ерекше қуантты. Сол сәтте Инербаев деген театр режиссеры келіп қалып: «Театрға алсақ, алайық, жалақысы отыз сом», – дегенде, «Комбайнда үш жүз сом алушы едім, бұл қалай болар екен?» деп ойланып қалғаным рас. Дегенмен өнер үшін азға қанағат етіп, халық театрында бір жарым жыл қызмет еттім.
Бір күні Дәнеш ағаны Талдықорғанның облыстық филармониясына әншілікке шақырады. Кейін оқу бітірген соң мен Дәнеш ағамен бір филармонияда көп жыл еңбек еттім. Білмегенімді сұрап, өмір бойы ұстаз тұттым», – деген еді өнер иесі. Ұзақ жыл бойы Дәнешпен шығармашылық байланыста болған Құрманбай Толыбаев: «Дәнеш ән айтқанда өзіндік мотивпен айтады. Өзі қандай қарапайым болса, айтқан әні де қарапайым. Кез келген тыңдаушының рухын қозғап, жүрек қылын шертеді», – деп талант иесіне баға берген болатын.
«Қазақ» радиосының алтын қорында Қазақстанның халық артисі Дәнеш Рақышевтің орындауындағы 100-ге жуық ән сақталған. Басым көпшілігі – өз әндері. Олардың қатарында: «Қайран Құлагерім-ай», «Келші, аяулым», «Соқ, жүрек», «Бикешім», «Белжайлау», «Шалкөдем», «Аңсаған аяулым», «Арнау», «Арманым-аққуым», «Сұлу жирен», «Бесік жыры», «Балжанай», «Бақытым бол», «Шалқы, сайра», «Аңсау», «Жансәулем», «Сағыныш», «Ән салайын», «Туған жер», «Баянауыл – бал бесігім» әндері бар. Сонымен бірге әнші қоржынындағы Әсет Найманбаевтың «Қарагөз», «Қалқаш-ау», «Ахау, жалған», «Жас туралы», «Қоңыр қаз», «Қысмет», «Ардақ», «Өтті дүние», Сәдіғожаның «Сары бидай», «Ақ қаз едім», «Ахау-айым», «Еркем-ай», Үкілі Ыбырайдың «Аңшының әні», Ақан Серінің «Мақпал», Таңжарықтың «Ақындар сыры», «Елмен амандасу», Естайдың «Бір мысқал», «Қорлан», «Жайқоңыр», Балуан Шолақтың «Ғалиясы» сынды әндер де ұрпақтан-ұрпаққа асыл мұра болып жете бермек.

 

Алтын Иманбаева,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір