АЛТЫ МЫҢНАН АСҚАН ЖАСЫ БАР АБЫЗ ДОМБЫРА
2018 жылдан бері қарай шілденің алғашқы күні «Ұлттық домбыра күні» ретінде аталып келеді. Әр жыл сайын ерекше сән-салтанатпен ұлықталатын домбыра күні жалпы халықтық мерекеге айнала бастаған сияқты. Биыл бір ғана Арқалық қаласының өзінде 1500 адам орталық стадионда отырып күй шертті. Көкшетауда да 1500 адам күй шертіп, ән айтқан.
1500 адамның алқа қотан отыра қалып күй шертуі мүмкін бе? Мүмкін екен.
– Ол үшін үлкен дайындық керек болды, – дейді Арқалықтағы домбырашылардың жетекшісі, дирижер Бораш Әбенов, – домбырашыларды алдымен жеке үйірмелерде күй шертуге үйреттік. Үйірмелерді үлкейтіп, қатарын 100-150 адамға жеткіздік. Үйірме мүшелерінің қатарын осылай көбейте келіп адам санын 1500-ге апарып бір-ақ тоқтадық. Домбырашыларымыздың қарты 88 жаста, ең кішкентай домбырашымыз – 7-де.
Арқада күй күмбірлеп, ән шалқып жатқан кезде Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейіне келген қала тұрғындары мен қонақтары танымал тұлғалардың қолында қоңыраулатып үн салған қоңыр домбыраларды көріп тамашалады.
Облыстық музейде Нұрпейіс Байғаниннің, Нұрпейістің ұлы Момын Байғаниннің, кейінгі дәулескер домбырашы, күйшілер Бақыт Басығараевтың, Айса Шәріповтің, Балтұрсын Сарыбаеваның, ағаш шебері Қарам Қамбасшиннің бала домбырасы тұр.
Домбыра қазір әлемдік музыкалық аспаптардың қатарынан ойып тұрып орын алды десек болады. Осы күні домбыраның заманға лайықталған үнді-электронды нұсқалары да бар.
Домбыраның тасқа түскен бейнесі қазақ даласынан табылды. Ғалымдар тастағы домбыраның «жасы» алты мың ғасырдан әріге кетеді» дейді.