Қазақ­стан құрамасы белгілі болды
26.08.2025
178
0

Қазақ­стандық былғары қолғап шеберлерінің дүбірлі додаға әзірлігі қызу жүріп жатыр. Енді олар соңғы дайын­дығын пысықтау үшін Шеффилд қаласына ат­танады. Онда 10-нан аса елдің боксшылары бой көрсеткен жиынға қосылады.
Еліміздің ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов, негізінен, тәжірибелі боксшыларға сенім артып отыр. Олардың қатарында Санжар Тәшкенбай (50 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Бейбарыс Жексен (60 келі), Ертуған Зейнулинов (65 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Бекзат Нұрдәулетов (85 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі) мен Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) бар.
Ал Елдос Сайлалин бастаған бапкерлер әйелдер құрамасында төмендегі былғары қолғап шеберлеріне сенім арт­ты. Алдағы әлем чемпионатында еліміздің атынан Назым Қызайбай (48 келі), Алуа Балқыбекова (51 келі), Элина Базарова (54 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Виктория Графеева (60 келі), Аида Әбікеева (65 келі), Наталья Богданова (70 келі), Надежда Рябец (75 келі), Гүлсая Ержан (80 келі) және Елдана Талипова (80 келіден жоғары) сынға түседі.
Әлем чемпионаты Англияның Ливерпуль қаласында 4–14 қыркүйек аралығында жалауын көтеретін болады. Спортшыларымызға жеңіс тілейміз.

Қазақ күресі жаңа деңгейге шығады

Қазақ­стан Республикасының Қорғаныс министрлігінде әскери спорт­ты дамыту мәселелеріне арналған маңызды кеңес өт­ті. Кез­десуге ҚР Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов және Халықаралық әскери спорт кеңесінің (CISM) президенті Нилтон Гомес Ролим Филью қатысты.
Қорғаныс министрі кеңеске қатысушыларға әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен өткен әлем чемпионатын дайындау және өткізу барысында көрсеткен қолдаулары үшін алғысын білдірді.
Талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі әлемдік аренада ұлт­тық спорт түрі – Қазақ күресін одан әрі дамыту болды. Кеңес барысында Қазақ ұлт­тық күресін 2027 жылғы әскери қызметшілер арасындағы ойындар бағдарламасына енгізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл – спорт­ты халықаралық деңгейде насихат­таудағы маңызды қадам.
Тараптар 2026 жылы Ресей Федерациясы аумағында қазақ күресінен келесі әлем чемпионатын өткізу туралы сұрақты талқылады. Бұл шешім қазақ күресіне деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді және әртүрлі елдердің әскери қызметшілері арасындағы спорт­тық және достық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.
Қабылданған шешімдер ҚР Қорғаныс министрлігі мен Халықаралық әскери спорт кеңесі арасындағы сенімнің жоғары деңге­йін және табысты ынтымақтастықты куәландырады. Бұл халықаралық аренада Қазақ­стан Қарулы күштерінің имиджін нығайтуға елеулі үлес қоспақ.

Арнұр ТОЛЫБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір