«ӘДІЛЕТТІ ҚАзақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауын жариялады.
Биылғы Жолдау да Президенттің бұған дейінгі Жолдауларынан және сайлауалды бағдарламасынан бастау алған реформаларды одан әрі дамытуға арналып отыр.
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында ел дамуы үшін маңызды 9 стратегиялық бағыт айқындалды. Олардың қатарында ақша-несие және салық саясаты арасындағы үйлесімсіздікті жою, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту, өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу, кадрлық әлеуетті арттыру, ұлт денсаулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алу, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту, экологиялық ахуалды жақсарту, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру және қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру сияқты маңызды тақырыптар көтерілген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында отандық экономиканың тұрақтылығын және еліміздің дәйекті дамуын қамтамасыз ету жолындағы стратегиялық басымдықтарды айқындап берді. Сондай-ақ бас құжатта заң мен тәртіпті қамтамасыз етуге және саяси жүйенің тиімділігін арттыруға арналған маңызды міндеттер де нақтыланып, белгіленді.
Жалпы, Мемлекет басшысы өз Жолдауында белгілеп берген басымдықтарды сапалы әрі дер кезінде жүзеге асыру әділетті Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуына және тәуелсіз еліміздің тұғырын нығайтуға тың серпін береді. Бұл бағыттағы жұмыстарды Қазақстан Жазушылар одағы мен шығармашылық ұйымға мүше барлық қаламгерлер де толық қолдап, бір кісідей үлес қосады деп сенім артамыз.
Әлеуметтің жағдайын жақсартуға оң қадам
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауын мұқият тыңдадым. Бұл Жолдаудың негізгі басым бағыттары халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
Әлеуметтік, қаржылық, энергетикалық, аграрлық салалардағы туындаған мәселелер мен олардан шығу жолдары сөз болды. Халықтың басындағы несиеге алаңдаушылық білдірген Президент бұл қоғамдық қатердің алдын алу үшін банктердің ақша-несие саясатына байланысты жүйелі талдау жүргізіліп, үйлесімсіздікті жою үшін банктер туралы жаңа заң қабылдау қажеттігін атап өтті. Қазына қаржысын стратегиялық маңызы жоқ шаруаларға жұмсамауды қатаң ескертті. Ұлттық қордың маңызына тоқталып: «Қор қаржысы шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек», – деп қадап айтты.
Осы Жолдаудағы басымдық берген бағыттың бірі — салық саясаты. Салық төлеуде әкімшілік жазалау тәсілі цифрлық жүйемен хабарлама жіберуге көшпек. Сондай-ақ табысын заңдастырмаған кәсіпкерлерге жаза ауырлай түспек. Экологиялық таза қуат көздері елімізге аса қажет екеніне тоқталған Президент АЭС құрылысы бойынша референдум 6 қазанда өтетінін, елдік іс қоғамда кеңінен талқылану қажет деген тұжырымды түйіндеді. Агросектордағы ақтаңдақтар өте көп. Президент сөзімен айтсақ, «5 млн мал басы «қағазда» ғана болған».
Халықтың тұрмысын жақсартуға арналған жүзден астам бағдарлама бар, алайда оны халық түгілі сол салада қызмет істеп жүрген мамандар да білмейді. Сондықтан бағдарламаларды жүйелендіру арқылы мемлекеттік жеңілдіктердің шаруалардың қолына жеткен-жетпегенін қатаң қадағалау қажеттігін қатаң ескертті Мемлекет басшысы. Әлі де қамсыз, қайғысыз отырған жергілікті билікке қарата ескерту жасаған Президент: «Елдегі айтып келмейтін төтенше жағдайлардың алдын алуда кеткен бұрынғы кемшіліктерден терең сабақ алу керек», – деді.
Бұдан бөлек, Президент Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығын іске қосу, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп атауды ұсынды. Сондай-ақ Президент биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінгенмен, оның нәтижесі әлі көрінбегенін, мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік тетігі арқылы қаржы тартудың халықаралық тәжірибесі ескерілмей жатқанын сынап, денсаулық сақтау саласындағы жүйесіздікті реттеу жағы тапсырылды.
Үкімет «Жайлы мектеп» жобасын арнайы басқару жүйесін енгізуді ойластырып, 1300 білім беру мекемесін күрделі жөндеуден өткізуді міндеттеді. Әлеуметтік тұрғыдан жағдайы төмен азаматтарға қолдау көрсетуді үнемі айтып келеді. Осы орайда, 2025 жылы «Әлеуметтік әмиян» жобасы іске қосылатын болды.
Өз Жолдауын түйіндеген Қасым-Жомарт Тоқаев «Уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек», – деп мемлекеттік органдар жұмысында азаматтардың өтініштерін талдауда, бұқараның мәселесін шешуде жаңа көзқарас орнатып, сырғытпа жауап емес, нақты шешім қабылдауға міндеттеді.
Жалпы, биылғы Жолдауда көтерілген 9 мәселенің бүкпесіз айтылуына қарап, бұл жұмыстардың барлығы билік халықтың мұң-мұқтажын шешуге шұғыл кіріскенінің айғағы деп түсінеміз.
Қасымхан БЕГМАНОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағы
Басқарма төрағасының орынбасары
Сапалы мектеп ұлт сапасын арттырады
Мемлекет басшысының Жолдауын тыңдадық. Көңіліміздегі көп мәселені дөп басқан ойлар айтылды. Нақты тапсырмалар жүктелді. Мұның бәрі елдің дамуына қажетті, дер кезінде айтылған жоспар деп жақсылыққа жорыдық.
Әуелі, білім беруге қатысты сөзге мән берейік. Байқасақ, қазір сапалы мектептер саны ұлғаюда. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Бұрын Жәутіков атындағы математика мектебі, Қазақ-түрік мектебі, Назарбаев зияткерлік мектебі, Зерде мектептеріне сұраныс та, талас та көп еді. Енді әр қазақтың сапалы мектеп таңдауына мүмкіндік ашылды. Елімізде мұндай мектептер саны 217-ге жетіп отырған сыңайлы.
Келесі жылы Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығы іске қосылатыны айтылды. Бұл орталықтың мектеп оқушыларынан бастап студенттер, ғалымдар, кәсіпкерлер үшін қолжетімді болуы да көптеген мәселенің түйінін шешетіндей. Анығында, бұл ғылыми жүйедегі орталық цифрлық инфрақұрылымның әр сала бойынша жаңа үрдісін қалыптастырады деп ойлаймын. Жүйені өзгертетін бірден-бір әділ орталық осы – Жасанды интеллект ұлттық орталығы болмақ. Әрине, аталған орталықтың әлемдік деңгейдегі тәжірибемен іске қосылатынын, біздің кәсіби мамандардың білімдерін толықтырып, осы жолда қызмет ететінін Мемлекет басшысы ерекше атап өтті.
Жалпы, ел Президентінің әр Жолдауы ұлт алдындағы ұлан-ғайыр жауапты міндеттерді жүктеп отыр. Еліміздің экономикалық, әлеуметтік салаларының жетіле түсуінің алқалы жоспары жасалды, міндеті айқындалды.
Роза МҰҚАНОВА,
жазушы, драматург,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері
Президент елдегі бірлікті сақтауға шақырды
Мемлекет президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына жасаған Жолдауын мұқият тыңдадым. Президентіміздің 9 бағытқа бөліп берген көрсетмелері Қазақстан экономикасының құрылымын өзгерту арқылы түрлі салаларды дамытуды, азаматтардың табысын арттыруды мақсат етіп қойғаны бұл жолғы Жолдаудың Әділетті Қазақстан құруда маңызы зор екенін түсіндім.
Әділетті Қазақстанды бірге құруға, қасиетті Отанымызды бірге өркендетуге шақырған Президент Жолдауда жаңа экономикалық саясат, шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру, банктер туралы жаңа заң қабылдау, салық саясатын тұрақтандыру, бюджет қаражатын орынды пайдалану, жаңа Салық кодексін әзірлеу, елімізге инвесторларды тарту, диқандарды қолдау, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару, аймақтардың өркендеуі үшін жаңа өндіріс орындарын дамыту, теміржол саласында реформа жасау, автокөлік жолдардың сапасын жақсылау, цифрлік технологияны, туризмді дамыту, суды барынша үнемдеу сияқты өте маңызды мәселелерге кеңінен тоқталып өтті. Сондай-ақ бүгінгі күнде ең өзекті мәселенің бірі болған атом электр стансасын салудың керектігін, бір жыл бойы талқыланған мәселенің 6 қазанда өтетін референдумда анық шешілетінін ескертті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың кадр мәселесі, яғни су, энергетика, құрылыс салалары бойынша, яғни бүгінгі күнде елімізде сұранысқа ие кәсіптер үшін білікті мамандарды даярлау, еңбегімен табысқа жеткен адамдарды құрметтеу, еңбекті мемлекеттік деңгейде бағалау туралы айтқандары, 2025 жылды Жұмысшы жылы деп жариялағаны көңілге қонымды болды.
Өзім құрметті демалысқа шыққанша білім беру саласында қызмет еткендіктен, Президентіміздің мұғалімдердің біліктілігін арттыру, мәртебесін көтеру, ұстаздардың білімді ұрпақ тәрбиелеудегі рөлі, жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдау керектігі туралы айтқандары келешекте елімідің өркендеуіне үміттендіретін зор мәселелер деп білемін.
Келесі бағыттарда мемлекет басшысы денсаулық саласын, бұқаралық спорт мен балалар спортын дамыту, «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыру, елдегі экологиялық ахуалды жақсарту, қоршаған ортаны қорғау сияқты өзекті мәселелерге кеңінен тоқталып, «Таза Қазақстан» шарасын одан ары жалғастырып, әр біріміз өз айналамызды таза ұсатуаға міндетті екенімізді айтты.
Ел президенті Жолдаудың соңғы тоғызыншы бағытында көпұлтты Қазақстанда барлық азаматтардың тең құқыққа ие екеніне аса мән беріп, әр бірімізді елдегі бірлікті сақтауға, арандатушылыққа жол бермеуге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көрсетілген ұсыныстар елдің, халықтың болашағы үшін жасалып жатқанын, бұл тапсырмаларды жұрт болып жұмылып жүзеге асыруымыз қажет екенін жақсы түсінеміз. Біз Әділетті Қазақстан құру жолындағы бұл бағыттарды қолдаймыз және оның орындалуына атсалысамыз.
Патигүл Махсатова,
ақын, филология ғылымдарының кандидаты,
Қазақстан Жазушылар одағы
Ұйғыр әдебиеті кеңесінің төрайымы
Қоғамдағы өзекті мәселелер қозғалған
Президент Жолдауын республикалық телеарналардан берілген тікелей эфир арқылы мұқият тыңдап, мерзімді баспасөзден оқып білдік. Еліміздің басшысы мемлекетіміздің одан әрі дамуының стратегиялық бағыт-бағдарын анықтап берді. Мемлекеттік басқару органдары алдына нақты келелі міндеттер жүктеді. Алдағы жылы атқарылар қыруар істің ауқымын белгіледі.
Мемлекет басшысы Жолдаудың «Еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды» атты бесінші тарауында, кадр даярлау мәселесін орынды көтеріп, бірқатар тапсырмаларды шегелеп айтты. Келер жылды – «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауының маңызы өте зор деп ойлаймын. Себебі жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру, әділетті Қазақстанды қалыптастырып жатқан дәл қазіргі кезеңде өте-мөте қажет. Қазіргі уақытта жастардың көпшілігі мектеп бітірісімен жоғары оқу орындарына түсіп, заңгер, экономист, информатик т.б. мамандық иелері болуды алдарына мақсат етіп қоятынын білеміз. Ал жұмысшы мамандығына, оның ішінде техникалық, мұнай-газ, құрылыс салаларының мамандықтарына тапшылық қатты байқалып отыр. Осы орайда, жұмысшы мәртебесін көтеру уақыт талабына сай келіп отыр деуімізге толық негіз бар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жөнінде Жолдауда: «Мен 2025 жылды – Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», – деп қадап айтты.
Шын мәнінде, Мемлекет басшысының Жолдауда қарапайым еңбек адамын құрметтеу, жұмысшы мамандығының беделін көтеру туралы: «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашан да құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді», – деп сөзін сабақтауы біздің де айтсақ деп жүрген өзекті пікірімізге дөп келгені анық.
Кезінде өзім де құрылыс бөлімінде жұмыс істеп, зембілмен лай тасып, кірпіш қалап, қара жұмыста ысылдық. Көктемгі науқан кезінде сақпанға барып, қой төлдеткен кездерде бастан кешкен түрлі қиындықтар ойымда. Мал қорасының саңылауынан қасқыр кіріп, төлдеп жатқан саулықтарды қомағайлана қылғытып, санын жұтып алып жатқан көріністі қалай ұмытарсың?! Қазір ойласам, ол да – бір мектеп екен, өмір мектебінің санадан өшпес сабақтары екен. Менің еңбек адамына, жұмысшы мамандығына деген құрметімнің жоғары болатынының себебі олар кешетін жайтты бозбала шағымда өз басымнан өткергенім болса керек…
«Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек» деген алтыншы тарауда қозғалған мәселелер де өзектілігімен құнды. Бұл ретте, «Мемлекеттік қолдау, шын мәнінде, мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс», – деген Президент сөзінің мәні тереңде.
Жақында елімізде «Конституция күні» мемлекеттік мерекесі кеңінен аталып өтті. Ата заңымыздың 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», – деп тайға таңба басылғандай анық жазылған. Сондықтан да Президенттің биылғы кезекті Жолдауында әлеуметтік көмек көрсетуге аса мән беруін игі бастамалардың біріне жатқызуға болады.
Түйіндеп айтсақ, Президент Жолдауында қоғамдағы өзекті мәселелер жан-жақты қозғалумен қатар, еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдары тарапынан атқарылатын келелі міндеттер нақты белгіленіп, оларды шешудің жолдары айқындалғанын бағамдадық.
Нұрлан ҚАЛҚА,
ақын
Жолдау биік белеске бастайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында, Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауын жариялады. Біз, яғни Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұстаздары Жолдауды тікелей эфирден басынан аяғына дейін мұқият көріп, тыңдадық. Соған орай, «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты бұл Жолдау елімізді қазіргіден де биік жаңа белеске бастайтын аса маңызды бағдарламалық құжат екеніне анық көзіміз жетті.
Президентіміздің соңғы жылдары жаңа, Әділетті Қазақстан құру мәселесін үзбей күн тәртібіне қойып келе жатқаны баршаға мәлім. Соның нәтижесінде, кейінгі 5 жылда елімізде көптеген маңызды реформалар жасалды. Бұл жақсы дәстүр алдағы уақытта да одан әрі жалғаса беруі тиіс. Бұл үшін не істеу керек? Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында бұл жөніндегі жұмыстардың 9 бағыты нақты белгіленген. Олардың арасында еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына тікелей қатысты ақша-несие саясатын реттеу, инвестициялық ахуал мен бизнес жүргізуді жақсарту, мемлекетіміздің өнеркәсіп әлеуетін дұрыс, толық пайдалану сияқты аса маңызды мәселелер бар.
Бүгінгі таңда елімізді одан әрі өркендетуде кез келген саланы білікті мамандармен қамтамасыз етудің маңызы өте үлкен. Жолдауда бұл жағдайды дұрыс жолға қоюдың жолдары нақты көрсетілген, яғни Мемлекет басшысы: «Болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек. Бұл бағытта нақты жұмыстар басталды.Үкімет жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастырып жатыр. Қазірдің өзінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастады. Оларға мейлінше қолдау көрсету керек. Атап айтқанда, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн. Бұл тәсілді білім бағдарламасы заман талабына сай келетін өз оқу орындарымызға да қолдануға болады», – деп атап айтты.
Жолдауда халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру, қоғамда тәртіп идеологиясын терең орнықтыру да жан-жақты сөз болған.
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған мәселелердің болашақта толық жүзеге асатынына біз кәміл сенеміз.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
Т.Жүргенов атындағы
ҚазҰӨА профессоры
АУЫЛ ДЕСЕ…
Биылғы Президент Жолдауында қалың жұртшылықты қатты толғандыратын қадау-қадау мәселелер тағы да күн тәртібіне өткір қойылып отыр. Жолдауда ерекше епін түсіріле атап өтілген барлық тоғыз басымдық мемлекеттік саясаттың бағыт-бағдарын, берік ұстанымын айқын білдіреді. Жолдауда жүзге жуық түрлі бастамалар, ұстыныстар мен тапсырмалар бар екен. Елдің жағдайы қалай деп елеңдегенде, ең алдымен шалғай аудандарда, шекаралық аудандарда мұғалімдер мен дәрігерлерлердің жетіспеушілігі өте алаңдатарлық ахуал. Кадрлардың тапшылығы, әсіресе, ауылдық жерлерде қатты сезілуде. Кезінде жабылып қалған облыстар, аудандар қайта ашылғанда қатты қуанғанымызды несіне жасырайық. Жол жөнделетін болды, құбыр тартылатын болды, мектеп ашылатын болды, шағын кәсіпкерлік дамитын болды деп қуанды жұртшылық. Не нәрсені болсын бүлдіріп алып, одан соң қалпына келтіру оңай шаруа емес. Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын басталған ауылдан қалаға жұмыс іздеп, күнкөріс қамын ойлап үдере көшу үрдісі сәл саябырласа да, тоқтаған жоқ. Қала мектептерінде бір сыныпта 40 бала отырса, ауыл мектептерінде бір сыныпта 4-ақ оқушы қалған жағдайлар бар. Міне, ауылдық жерлерде мұғалімдердің, дәрігерлердің, мәдениет саласы қызметкерлерінің жетіспеушілігінің бір ұштығы осында жатыр. Енді осының бәрін қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен баяу. «Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді» деген екен Ахмет Байтұрсынұлы. Ендеше мұғалімдерге, дәрігерлерге жағдай жасау, алтын бесік ауылға апару үшін билік басындағылар қатты ойлануы керек. Мектеп мұғалімдерінің беделін көтеру олардың материалдық жағдайын жақсартумен байланысты, сонымен бірге қоғамдағы ұстаздың рөліне мектеп те, ата-ана да, билік те бірдей жауапты екенін ұмытпайық.
Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ,
ақын
Жердің аманаты – елдің аманаты
Жыл сайынғы Президент Жолдауын асыға күтіп отырамыз, жылт еткен жаңалығы, қоғамдағы қозғаушы күш, адамға тигізер пайдасы болса жанымыз елпілдеп, сөз іске айналғанша алып ұшамыз.Биылғы Жолдауда жер мен шаруа мәселесі баса айтылып, биік деңгейде сөз болды. Жер бетіндегі адамдар қасиетті топырақтың аманатын орындауға серт берген пенде емеспіз бе? Жер өсімдік шығарып, пайдалы қазба бермесе, яғни бізді асырамаса өмір орта жолдан кері бұрылмай ма? Біз – тірлігімізде қара жердің аманатын орындап жүрген қарапайым өмір иесіміз.
Президент Жолдауында ел экономикасын әртараптандыруға ерекше тоқталды. Соның бірі – ауыл тұрғындарына, яғни қолына кетпен ұстаған қара шаруаға өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру мүмкіндіктерін қалыптастыру мәселесі. Ел мен жердің, қойшы мен диқан еңбегінің сан қилы қатпарлары бар. Шаруа жерден пайда көрмесе ала жаздай белі бүгіліп несіне егін салады? Оның шиеттей бала-шағасын кім асырайды? Осы жерде меншік иелеріне айтылар сын бар. «Көптеген меншік иелері өзі пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұрады. Ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп те шықпайды. Бізге мұндай меншік иелерінің қажеті жоқ!» – деп Президент қатаң сынға алды. Осы жерде жер иелерінің қол астындағы еңбеккерлерге, әсіресе механизаторларға жүрдім-бардым қарап, жерін тегістетіп, дәнін септіріп алып, жыл аяғында ауызды қу шөппен сүрткізетін фактілері де аз емес. Бұл – біреудің еңбегін жеу, қара шаруаны басыну деген сөз. Ауылдағы осындай феодалдық дәуір элементтерін заң орындары қатаң қадағалау қажет.
«Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті ел боламыз десек, ең алдымен адам еңбегін бағалаған жөн», – деп Жолдауда атап айтылса, бұл – жер иелерін құрметтеу деген сөз.
Жер – адамға аманатқа берілген асыл қазына, топырақ – біздің бесігіміз. Ауыл шаруашылығын дамыту, диқанды құрметтеу, «бармақ басты, көз қыстыға» салмай, олардың еңбегін бағалап, марапаттап отыру – бүгінгі күннің күретамыр мәселесі. Жер көзжұмбайлыққа көнбейді. Аманат жерден басталады.
Қуандық Түменбай,
жазушы