ШОҚТЫҒЫ БИІК ШОҚАНТАНУШЫ

ХХ ғасырдың 60–70-жылдары Кеңес Одағының ғылыми ордасы болған Ленинградтың шығыстанушы ғалымдарын бас идірген екі қазақ жігіті болды. Олар – Т.И.Сұлтанов пен Б.Е.Көмеков.
Тұрсын Икрамұлы Сұлтанов Ленинград шығыстанушыларынан дәріс алды. Ол сонда университет бітіріп, КСРО Ғылым академиясы Шығыстану институтының Ленинград бөлімшесінде қызметке қалған, аспирант болған. Ал Б.Көмеков Ташкент мемлекеттік университетінің Шығыстану факультетіндегі Араб тілі және әдебиеті бөлімін бітіріп, Египеттегі Асуан ГЭС-інде аудармашы болып 3 жыл жұмыс істеген. Кейін Қазақ ССР Ғылым академиясы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтына қызметке келген соң Ленинградқа аспирантураға жіберілген. Б.Көмековтің аспирантурада жүріп жазған «История кимаков по арабским источникам» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын әлемге әйгілі Ленинград шығыстанушылары бір ауыздан докторлық жұмыс ретінде жоғары бағалаған.
Б.Көмеков туралы жазу, яғни оның өз саласындағы батыл қадамдарын толық көрсету оңай емес. Тарих ғылымының айналасында жүргендер Болат ағаның ғылыми ерліктерін біледі, алайда оның шоқантануға сіңірген қыруар еңбегін білетіндер жоқтың қасы.
Ш.Ш.Уәлихановтың толық жинағын алғаш рет жарыққа шығаруды Орыс Географиялық қоғамы К.К.Гутковскийдің басшылығымен қолға алып, қызу кірісті. Алайда 1867 жылы Карл Казимировичтің кенеттен қайтыс болуына байланысты РГО-ның аса игілікті ісі тоқтап қалды. Бұған Ресей интеллигенциясы, әсіресе Шоқан мен Гутковскийді білетіндер қатты қайғырды. Мысалы, Гутковский, Шоқандармен тығыз байланыста болған Лондондағы А.И.Герцен «Колокол» журналының 1867 жылғы 1 тамыздағы санында: «…самый дельный и самый знающий Гутковский умер в настоящем году», – деп жазылды.
Еуропа елдері мен Ресейде қазақ ғалымының көптеген зерттеулері, мақалалары жарық көрді. Аса құнды зерттеулері қолжазба күйінде министрлер мен губернаторлардың (Сібір, Қазақстан мен Орталық Азия) үстел үстіндегі кітабына айналды. Кеңес өкіметі заманына дейінгі жарық көрген көлемді кітаптарының ішінде ерекше атап өтетініміз – Лондон (1865) мен Санкт-Петербургте (1904) бір том болып шыққан кітаптары.
Сол К.К.Гутковскийден кейін Ш.Ш.Уәлихановтың толық жинағын бастырып жарыққа шығаруды ХХ ғасырда Қазақ ССР Ғылым академиясы президенті Қ.И.Сәтбаев (Оған алғаш ұсыныс жасаған А.Н.Бернштам) қолға алып, ыждағаттылықпен кіріскен еді, әттең, осы бір үлкен науқан 1952 жылы тоқтап қалды. Дәл Гутковскийдің тағдырына ұқсас жағдай болды. Қ.И.Сәтбаевты ұлтшыл деп айыптаған компартия басшылары оны академиядан аластатып, орнына Д.А.Қонаевты отырғызған еді…
Бірнеше жылдан соң ақталып орнына қайтып келген Қаныш Имантайұлы 1955 жылы Ш.Ш.Уәлихановтың толық жинағын жарыққа шығару жұмыстарын жаңадан бастады. Шоқантаушылар тобын құрып, ұлы ғалымның еңбектерін зерттеп баспаға дайындауға бар күшін салды. Әйтсе де ештеңе өндіре алмаған соң шоқантанушылар тобын таратып жіберіп, жаңадан қайта құрады. Одан нәтиже шықпаған соң тағы таратып жіберіп, тағы да қайта құрады. Осылайша, Қаныш Имантайұлы қызметінің күрделігіне, жұмыстарының көптігіне қарамастан, Шоқан еңбектерін жарыққа толық шығару үшін алты рет топ құрыпты. Шұғыл, аз уақытта ештеңе шығара алмаған соң ақыры шоқантанушылар тобын басқаруды Ә.Х.Марғұланға тапсырады (1957).
Әлкей Марғұлан Қазақстан археология мектебінің негізін қалаушы болғанмен, Петербург университетінен алған мамандығы филолог еді, яғни ол – жан-жақты еңбек еткен ғалым. Демек, шоқантанушылар тобын басқаруға бірден-бір лайықты маман… Ол өзінің әртүрлі археологиялық экспедицияларын тоқтатып, Шоқан еңбектерін жарыққа шығаруға ден қояды. Нәтижесінде, 1958 жылы Ш.Ш.Уәлихановтың біртомдық «Избранные» кітабы, 1961 жылы 5 томдық жинақтың 1-томы жарыққа шықты.
Біз енді Б.Е.Көмеков басқарған Ш.Ш.Уәлиханов еңбектерінің екінші бестомдық жинағы туралы баяндаймыз. Бұл біздің заманымыздағы ең керемет оқиға еді. Себебі қазақ ғалымының туғанына 150 жыл толған мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде тойлау жоспарланған.
Мен Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының Б.Е.Көмеков басқаратын «Ерте және Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы» атты бөлімінде 1981 жылдың 1маусымынан бастап 18 жыл қызмет еттім. Ақай Нүсіпбеков басқарған Тарих институтына кіші ғылыми қызметкер болып орналастым. Б.Көмеков басқарған Ерте және орта ғасырлар тарихы бөлімінің қызметкерлерінің барлығы дерлік шет тілі мамандары. Мен бұрыннан танитын Аяп Сабырханов осы бөлімде аға ғылыми қызметкер екен. Қытай тілінің аса көрнекті маманы Юрий Алексеевич Зуев менің Аттила туралы зерттеуіммен бұрын таныс болыпты. Сол маусым айында «Білім және Еңбек» журналының 6-санында менің Аттила туралы мақалам бес бет көлемде жарық көрді. Бұл мақала Қазақстан гуманитарлық ғылым өкілдері мен жалпы жұртшылыққа, журналистер мен жазушыларға ерекше әсер етті. Себебі мақала Ә.Марғұланның комментарийімен жарияланған еді.
Бөлімде екі араб тілі маманы (Б.Көмеков пен В.Настич), үш парсы тілі маманы (Н.Мингулов, К.А.Пищулина, В.Шуховцов) бар, қытай тілінің тағы бір маманы К.Ш.Хафизова, мен барған соң жаңадан ашылған Шығыстану бөліміне ауысып кетті. Көп ұзамай Ленинградта жүрген В.Шуховцов келді. Екі жылдан соң Ленинградта аспирантурада жүрген тағы бір қытайтанушы маман А.Ш.Қадырбаев келді. Жоғары білімді тарихшы зертханашы Ғайни Шаймерденова сартылдатып жазу машинасын басып отыратын. Клавдия Антоновна Пищулина ол кезде институттың ғылыми зертханашысы болғандықтан күні бойы жұмыстан бас алмайтын. Жалпы, мен осы бөлімнің қызметкерлерімен бітеқайнасып жақсы да жемісті ғылыми қызмет істедім. Осындай мықты шет тілі мамандарын жинап, аудармашылар, яғни шығыстанушылар бөлімін құру тек Болат Ешмұхамбетұлының ғана қолынан келген еді. Осылайша, менің де «Одессадан» кейінгі аса жемісті жылдарым аталған ғалымдардың арасында басталды.
1983 жылы Орталық Комитеттен нұсқау түсіп Ш.Ш.Уәлихановтың 150 жылдық мерейтойын өткізу науқаны басталып кетті. Осы үлкен науқанның екі үлкен ауыр жұмысы Болат Ешмұхамбетұлы Көмековке тапсырылды және ол осы міндеттерді артығымен атқарып шықты.
Мереке Алматыда ЮНЕСКО көлемінде тойланатын болғандықтан ұлы ғалым еңбектерінің 5 томдық жинағын жарыққа шығару науқаны екі жыл бұрын басталған. Ш.Ш.Уәлиханов ХІХ ғасырдың өкілі болған соң оның еңбектерін шығару міндетін «До революционная история Казахстана» атты бөлім қызметкерлеріне жүктеу керек еді. Алайда жауапкершілігі зор, күрделі жұмысты біздің бөлімге, яғни Болат Ешмұхамбетовке жүктеді. Бұған, әрине, «До революционная история Казахстана» бөлімінің бастығы Бек Сүлейменов пен Басин сияқты белгілі ғалымдар ренішін білдірмей қоймады. Ш.Ш.Уәлихановтың ғылыми мұрасы 5 томдық көлемде 1961 – 1972 жылдары Ә.Х.Марғұлан бастаған шоқантанушылардың күшімен жарыққа шыққанын жоғарыда айтқанбыз. Одан бұрын 1958 жылы біртомдық таңдамалы шығармалары басылып шыққан болатын. Аталған кітаптар құмға сіңген тамшыдай әлдеқашан библиографиялық сирек кітапқа айналған. Мерейтойға арналған жаңа басылым бір жарым жыл ішінде жарық көру керек болған соң шұғыл іске кірісуді талап етті. Ш.Ш.Уәлиханов еңбектерінде шетелдік терминдер (Еуропа тілдері мен Шығыс тілдерінде) өте көп болғандықтан, осындай аса қиын күрделі жұмыстарды тез арада атқару қажеттігі туғандықтан, бүкіл жауапкершілік сақадай-сай шет тілінің мамандары қызмет істейтін Болат Ешмұхамбетовтің бөліміне жүктелді.
1983 жылдың соңынан бастап біздің бөлімнің жігіттері Болат ағаның басшылығымен Ш.Ш.Уәлихановтың 5 томдық мерекелік жинағын баспаға дайындауға кірісіп кеттік. Институттың барлық жоспарлы жұмыстарын тоқтатып қойып, тек осы міндет жолында күні-түні жұмыс істедік. Ең ауыр жыл 1984 жыл болды. Осы мерейтойға арналған 5 томдық жинақ әдеттегідей «Ғылым» баспасында емес, «Қазақ Совет энциклопедиясы» баспасында басылатын болды.
Болат аға алғашқы күннен бастап: «Бұрынғы шоқантанушы ғалымдарды шақыру керек», – деп мәселе көтерді. Біздің институтта Ә.Х.Марғұлан басқарған шоқантанушылар тобына кірген бір-ақ ғалым қалған екен. Ол – белгілі түркітанушы және иранист маман Наджип Нигматұлы Мингулов еді. Біраз жыл бұрын зейнетке шығып кеткен белгілі шоқантанушылар Мариям Сүлейменқызы Тұрсынова мен Жамалия Халелқызы Кармышеваны шақыртып алып штатқа қосты. Мариям апайды Ленинградқа ұзақ уақытқа жіберіп, архивтерден Шоқанның материалдарын алғызды. Себебі ол бұрын Ленинград архивтерінде болған және сол мекемелердің қыр-сырын өте жақсы білетін. Осындай қауырт жұмыстардың арқасында кейбір тың материалдар жаңа басылымға енді.
Жоғарыда айтқанымыздай, қазақ ғалымы Ш.Ш.Уәлихановтың 150 жылдық мерейтойы кең көлемде тойланып, ЮНЕСКО дәрежесінде атап өтілуге тиіс еді. Шоқанның талай еңбегі ағылшын, неміс, француз тілдерінде жарияланып, Петербургте ғана емес, Еуропа елдерінде кеңінен тараған. Шығыс Түркістан мен Қырғыз елін алғашқы зерттеген ғалымның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның қағидасына да құба-құп келіп тұрған. Сондықтан біз Шоқанның мерейтойы Парижде өтетін болды деп қуанып жүргенбіз, бұған сенімді болдық. Алайда бұл қуанышымыз 1985 жылдың басында су сепкендей басылды…
Мәскеу қазақ ғалымының 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде өткізбейтін болды. Қысқаша айтқанда, Қазақ ССР Ғылым академиясы іштарлық көрсетті. Болат аға телефон арқылы ССРО Ғылым академиясы басшыларымен әлденеше рет сөйлесті. Олардың негізгі сылтауының бірі – Ш.Ш.Уәлихановтың ешқандай кітабының Мәскеуде шықпағаны болды. «Патша заманында Петербургте, Лондонда, Парижде, Аустрияда шыққаны есептелмейді. Алдымен, қазақ ғалымының кітабын Мәскеуде шығаруыңыз керек», – деп неше түрлі қисынсыз дәлелдер айтты Сонда Болат ағаның: «Олай болса, бір том «Избранные сочинении» жіберейік. Сіздерде мүмкіншілік көп емес пе?» – деген өтінішіне олар амалсыз келісті. Олар бізді тез арада дайындап бере алады деп ойламаған сияқты…
Демек, Мәскеудегі «Наука» баспасында Ш.Ш.Уәлихановтың біртомдық жинағын жарыққа шығару үшін тез арада дайындық жұмыстары басталды. Сол 1985 жылдың наурыз айында Болат аға мен біздің бөлімнің жігіттері аз күн ішінде Ш.Ш.Уәлихановтың біртомдық жинағын дайындап шықты. Соңғы күні Болат аға, В.Шуховцов, Ғ.Шәймерденова және мен түнгі сағат 11-ге дейін институтта отырғанымыз есімде. Қолжазбаны алып, ертеңіне В.Шуховцов Мәскеуге ұшып кету керек болып, баспахана директорының атына жазылған жолдама хатқа институт мөрін бастыруға хатшы Тамара Васильевнаны түн ішінде шақыртып алдық.
Ертеңіне біздің қызметкер аманатты Мәскеудегі Ғылым академия баспасына апарып тапсырды. Олардың қызметкеріне ауыр болмасын деп кітапты өндіріске жібергенше біздің қызметкеріміз Володя Настич сол Мәскеудегі баспада отырды. Аталған кітапқа мәскеулік редакторлар қол тигізген жоқ. Барлық жұмысын біздің бөлімнің жігіттері жасады.
Сол Мәскеу баспасында өндіріске жіберілген Ш.Ш.Уәлихановтың таңдамалы шығармалары 1985 жылы жарық көрмеді. 1986 жылы да жарыққа шықпады. 1987 жыл дегенде барып көп күттірген қазақ ғалымының кітабы оқырманға жол тартты. Содан бері, мінекей, 40 жыл өтіпті. Амандық болса, енді 10 жылдан соң егеменді ел ретінде Ш.Ш.Уәлихановтың туғанына 200 жыл толған мерейтойын Парижде ЮНЕСКО көлемінде тойлаймыз. Әрине, оған Мәскеудің рұқсаты мен қамқорлығы қажет емес…
Тарих ғылымында көптеген жаңалықтарымен ерлік жасаған ұстазымыз Болат ағаның шоқантанудағы қыруар еңбегіне өте қысқаша шолу жасадық. Сондай-ақ ол – жарық көргелі жатқан жетітомдық Қазақстан тарихының авторларының бірі. Аса жемісті ғалым 85 жасқа толып отыр. Оның әрбір жұмысы мен шыққан биіктері қазақ елінің бүгінгі және болашақ ұрпағына, шын мәнінде, үлгі-өнеге. Біз Болат ағаны мақтамаймыз, асыл ағамыздың ғылымдағы ерен еңбегімен студенттер мен халық алдында мақтанамыз.
Самат ӨТЕНИЯЗОВ,
Мадрид және әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ профессоры, т.ғ.к.