Жанымда үлбірейді үкі сезім
27.08.2025
433
1

Айша КӨПЖАСАРОВА

Сағынып келдім

Жазда сазды жайлаған дөңгелектеп,
Сансыз малы жайылған төңіректеп.
Қарсы келмей, әдеппен абайлайтын,
Қартты сыйлап, кішіге қарайлайтын,
Елімді сағынып келдім.

Хал сұрасып қаракөз қиылатын,
Қонақ келсе бір үйге жиылатын.
Сылқ-сылқ күліп жеңешем сыбырлайтын,
«Тетелес» деп жанымнан сыр ұрлайтын,
Елімді сағынып келдім.

«Еркебала» жеңгеден кешке жақын,
Қой сауғанда шыбықтап «өш алатын»
Отыз ауыз сөзі бар от ала кеп,
Шер тарқатып қайтатын апалар көп,
Елімді сағынып келдім.

Аға құрмет көрсеткен тіке тұрып,
Іні ізет көрсеткен күте тұрып.
Жасауы мол, сүйкімді керім дала,
Жуас қана биязы келін бала,
Сендерді сағынып келдім.

Ардағым деп ұсынар көңіл төрін,
Аппағым деп отырар көкелерім,
Замана сазыменен өзгергендер,
Иіскеп, исінетін көз көргендер,
Сендерді сағынып келдім.

Балын қосып беретін тамағына,
Сағынышпен қараған қабағыма,
«Күзетші» еткен қасыма бауырымды,
Қызына сақ сағындым ауылымды!

…Суы тастай мөп-мөлдір маржан бұлақ,
Басын алмай ішетін мал-жан құлап,
Жерімді сағынып келдім,
Елімді сағынып келдім.

Жұлдыздар аққан түн

Әрбір 33 жылдан соң жұлдыздардың
жиі ағысы байқалып отырады.
1999 жыл

Үзілген үмітпісің, маржанбысың?
Жұлдызым, қымбатпысың, арзанбысың?!
Ерте кеткен өмірден қыршындардың
Арманы боп шашылып қалғанбысың?!.

Қайда барып тоқтадың, тағат таптың,
Кеміп жылдар барады, сағаттап күн.
Қай жұлдызға жұтылдың ағып өтіп,
Қай қияға бет түзеп, қанат қақтың?

Себездеп Ай нұрынан алған күшін,
Жамырап жұлдызбысың, жалғанбысың?
Көзің жұмып, өзіңді лақтырасың,
Қараудан қара жерге талғанбысың?

Жұлдызым, бұл қай сенің сабылысың,
Жұмбағың ба, әлде бір жаңылысың.
Бұл әлде ғашық жүрек құпиясы
Баса алмай кеткен аптап сағынышын…

Тұрғандай Ғарышыңа тиіп төбем,
Рухым саған қарап биіктеген.
Ағып бара жатқан сол «лағылыңды»
Сүйеп қалғым келіп тұр иықпенен.

Кісінің жоқ етердей жан қайғысын,
Жымыңдап, алдаймысың, арбаймысың?!
Құдайдың кеңістігі тарлық етіп,
Жұлдызым, Көкте де күй таңдаймысың?!

Күйік асуында

Алқынған жүрегімді әрең басып,
Сап-сары сағыныштан келем қашып.
Маңыма мұң үйірген мамық бұлты,
Күйіктің асуынан келем асып.

Ақ жолдан, ақ сапардан үміттеніп,
Ыдырап барады бұлт түбіттеніп.
Бергендей құмай ағыс тау суына
Күн көзі бар сәулесін үйіп-төгіп.

Түспеген тағдыр жолы қиюласып,
Кетуге мәжбүр етсе Күйік асып.
Қоңыр ән кеудемдегі қоңыр күзбен
Жатқандай бір әуенмен қайымдасып.

Асудың қыз беліндей бұралаңы,
Жібектей ширатылып бұралады.
Қалыпты солғын тартып қызғалдақты
Көктемде көзім тартқан гүл алаңы.

Кенжеме жанымдағы, жонға шығып,
Жасаймын тыным таппай жолбасшылық.
Арқасын тауға тіреп көк теректер,
Қонақжай қариядай тұр бас ұрып.

Жүрекке жақын жырды айта берсем,
Шіркін-ай, май айында қайта көрсем.
Суарып жанарымды жәннатыма,
Содан соң қыстауыма қайта берсем.

Көктем

Буы шығып, бұрқырап дала жатыр,
Қыс көктемге айналып бара жатыр.
Өрік гүлдеп, шиеңіз бүршік атып,
Әлі-ақ гүлден тәж киер, қара да тұр.

Тағы міне, қауыштым көктеміммен,
Барша әлемге шұғыла төккен Күнмен.
Мен алғаусыз сенемін жүректерге,
Жылылық пен жарқырап нұр төгілген.

Десе де менен жастық алыстаған,
Бәрібір бұлақ, күлкі таныс маған.
Қанатым жоқ және де тағатым жоқ,
Бәйшешекті көргенде бала ұстаған.

Қырында қызғалдақпен жарасып ем,
Түнінде Ай нұрымен таласып ем.
Енді ана боп қараймын Қаратауға,
Ақ пейілді кейуана қарасымен.

Көктемі көп болсын деп өркенімнің,
Жемісі мол болсын деп ертеңімнің.
Балам менен бағымды мәпелеймін,
Киелі таңбасындай Күлтегінің.

Сүйеу бол

Жанар нұрым кемігенде,
Жер бұлдырлап көрінгенде.
Шау тартып бой, ерінгенде,
Өркенім, сен сүйеу бол!

Қара көзім тұнжыраса,
Қуат-күшім құлдыраса.
Уақыт толқын ұрғыласа,
Өркенім, сен сүйеу бол!

Жаным дерттен тыншымаса,
Жүрек шаншып, шымшыласа.
Өткенді аңсап шын жыласа,
Өркенім, сен сүйеу бол!

Көкірегімде «шыбын» барда,
Мейіріміңе шомылдыр да.
Бәйек болып шырылда да,
Өркенім, сен сүйеу бол!

Аппақ нұрға боянғанда,
Қалып соңғы аялдама.
Ақ таяққа таянғанда
Өркенім, сен сүйеу бол!

Мінез

Жүректі атша тулатқыза қақтырып,
Сабырымды жіберді отқа лақтырып.
Бір-ақ сәтте тұнығымды лайлап,
Быт-шыт етті тосын мінез, жат қылық…

Неғылады өзге мұңды, басқаны
Ойлағаны ошақ қасы, бас қамы.
Жер-жаһанды құйын соғып, сел алсын,
Көлеңкесі өз маңынан аспады…

Тамағыма қалғандайын қақ тұрып,
Жаным жылап, арлан кеудем жатты ұлып…
Қан қысымы көтеріле жөнелді,
Бас жарылып, кеткендей-ақ, жақ сынып.

Жолыққандай бір пысыққа бір тәуір,
Жүрек ұйып, сол иығым зілмәуір.
Сонда да мен өкпелемен ешқашан,
Себебі сол, кеудем толы кіл бауыр!

Ай сырға

Аппақ қардың үстіне түсіріп алдым ай сырға,
Асылымның көзіндей балаушы едім асылға.
Тамашалап аз-ақ күн тағып едім қызықтап,
Мамық қарға батты да, аһ ұрғызды осында.

Алдамшы үміт жетелеп, сипаладым ақ қарды,
Түршіктіріп жанымды бойымды үрей ақтарды.
Ымырт түсіп, көлеңке басты-дағы көзімді,
Уақыт озып, ай сырғам
Қар астында қап қалды…

Жарық болды айнала, сүттен де ақ ұйыған,
Көркі көктем ай сырғам шықпай қойды ойымнан.
Шымырлатып жүректі нәзік бір ән сыздатып,
Қоңырайтып көңілді қоршап алды ой-орман.

Өзекті өртеп өкініш, кеудені мұң жаныштап,
Қарлы шыңға бет алып, кетіп барам ғарыштап…
Ай сырғамды ап қалған аршалы бақ, алыс бақ,
Аспандағы Айымдай қала берді алыстап.

Қарттық

Асылымды тоздырып, асқағымды кішірткен,
Жан дүниемді тоңдырып, пәк сезімді үсіткен.
Соқпағымен қарттықтың жаяулап жүріп келемін,
Құйғытып шапқан жастықтың құлагерінен түсіп мен.

Тозған бұйым секілді көңіл жыртығын жамайын,
Ойды асықтай үйіріп, шақшадай басқа қамайын.
Күміс қырау қап-қара шашыма ғана түскен жоқ,
Лүпіл қаққан жүрекке қолын салды, ағайын.

***
Ашып тастап таңғы ауаға әйнекті,
Ақ самалға сипатамын ай бетті.
Бойды билеп іңкәр сезім шуағы,
Мазасы жок, көңілімді жайлы етті.

Көңіл өссе, түрленбесін қай көрік,
Қызғалдағын қырға шашты май келіп.
Мөлдір аспан, жасыл бақта, шуақта,
Жұқарады, жойылады қайғы өліп.

Кызыл-жасыл гүлге толсын айнала,
Аймалашы, жібек желім, аймала!
Сұлулыққа сыр алдырмай, сұқтанбай,
Ақын жүрек соға алмайды жай ғана.

Түйіршік қар

Ақша қарым, қалбалақтап қолыма,
Қалқып келіп, ұшып келіп қондың да.
Ақ түйіршік мекені өзге, сыры өзге
Суға айналып еріп кеттің лезде.

Салқын жерге салсаң қоныс соғұрлым,
Ұзар еді тіршілігің, ғұмырың.
Ыстық қолда ерисің-ау моншақтап,
Қала алмадың өз бейнеңді сен сақтап.

Тоса қойсам алақанды жоғары,
Мұздай түйір бүрісіп кеп қонады…
Қайтер еді қолыма кеп қонбаса?
Қай затқа да қиын-ау өз ортасы болмаса?!

Тіршілік

Батып мұңға белшеден
Жүргенде түскен еңсемен.
Үміт пен күдік аралас
Арпалысып теңселем.

Сенімім – қайық тіршілік,
Түспесем болды мен сенен!
Туғандай кейде асыл Ай,
Жүрегім шалқып, жасымай.
Ал кейде қалам жабығып,
Түсінесің бе, досым-ай!

Тауқыметі таусылмай,
Қинайды өмір осылай.
Кедергілермен алысып,
Қуаныш, қиял жарысып,
Жеткенше жаға қинайды,
Көкірекке мұң сыймайды.

Аяңы жоқ уақытым
Құмдай сусып тұрмайды.
Жақын деп жаға күрсінем,
Балдай күйге енсем мен.
Болмашыға құр сенем,
Мазалап өстіп жүрсе өлең.
Сенімім – қайық тіршілік,
Түспесем болды мен сенен!

Үкі сезім

Қырмызы қызыл шырай, бала қалып,
Суырып жанарымды барады анық.
Бір мінез пайда болды «кісікиік»,
Тұратын жаннан бөлек дараланып.

Маңайым секілденіп жалтыр айдын,
Қол ұшы көмек тілеп қалтыраймын.
Айналам тұнып қалған мұнар дүние
Ақ тозаңы іспетті алтын Айдың.

Жүргенде өз-өзімнен жұмбақталып,
Келеді көмейіме жыр қатталып.
Қиялдың қанатына отырғызып,
Самғайды бір жоқ шіркін, бір жоқты алып.

Қарындай Оңтүстіктің жентектеліп,
Кетемін ықыласқа әп-сәтте еріп.
Жанымда үлбірейді үкі сезім,
Жұлып кетпесе екен бір тентек келіп…

***
Жүрек оттай өртеніп, алау-көрік,
Кетемін сәби болып, бала болып.
Бір жалын өнбойымды шарпып өтер,
Сені көрсем, көздерім ғана күліп.

Жүзім жанып қызғалдақ шырайланып,
Қалғандай діріл қағам тіл байланып.
Сезіміме сөнбейтін шырақ жағып,
Табады өзің болып жыр айналып.

Келмесе жыр көмекке не етер едім,
Үрме шардай жарылып кетер ме едім?!
Тарта алмас атан түйе
Жұдырықтай
осынау жүрегімнің көтергенін.

Сен тұрсаң
Күндей күліп, дәндей толып,
Кетемін сәби болып, әлди болып…
Жаным, мен жамалыңнан ләззат алам,
Қуаныштан көңілге ән-күй толып.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 31.08.2025 | 17:52

мына бетте сезімнің түрі көп екен

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір