Отаншылдық сезім тәрбиесіне үлес
Одаққа деректі шығармалар жанры бойынша 18 автордың 32 кітабы түскен екен. Солардың ішінде жазушы-публицист Марат Тоқашбаевтың «Уақыт жебесі» атты бестомдық жинағы ерекше назар аудартады. Жинақтағы туындыларға еліміздің тәуелсіздік алғалы бергі отыз жыл ішінде өткен маңызды кезеңдері арқау болыпты. Автордың егемен еліміздің өсіп-өркендеуі барысына жедел үн қатып тұрған жазбалары, дербестікке аса қажет ұлттық идеологияны қалыптастыру жолдарын қарастырған талдаулары, қоғамдық-саяси сараптамалары, әркімнің көзқарасын, мақсатын айқындауына, ұлттық құндылықтарды дәл ажырата білуіне жәрдемдесетін публицистикалық мақалалары, зерттеу еңбектері осы бес кітапқа топтастырылған. Алғашқы томдағы публицистикасында Марат: «Қазақстанда Ұлттық мемлекет құрудың басты шарты – қазақ тілін шынайы мемлекеттік тілге айналдыру», – деп түйіп, ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу ісін ұлт құндылықтары арқылы жүргізуге шақырған және сол тұжырымдарын сан салаға сыни назар салу жолымен тарқатып баяндаған. Күрескер қаламгер отызжылдық тоқырау және соның салдары ретінде ресми айтылатын жеті пайыз, іс жүзінде жетпіс пайызға жуықтайтын кедейшіліктің сырларын ашқан. Екінші томға автордың Қазақстанның тәуелсіздігін қалпына келтіруге, ұлттық рухымызды тоталитарлық кезең қыспақтарынан сақтап қалуға, материалдық және рухани құндылықтарымызды еселей түсуге үлес қосқан жекелеген тұлғалар хақында жүргізген зерттеулері негізінде жазған эсселері, очерктері, түрлі сұхбаттары енгізіліпті. Мұндағы әдебиет, өнер, ғылым салаларындағы көптеген белгілі тұлғалар, заманымыздың үлкен қайраткері Дінмұхамед Қонаев пен оның ата-анасы жайындағы мақалалар ерекше танымдылығымен ерекшеленеді. Үшінші томда автор Кеңес-Герман соғысының көпшілікке беймәлім, құпия тұстарын көптеген тың деректер келтіру жолымен айқара ашып береді, 28 панфиловшы ерлігі, Ленинград блокадасы сынды советтік мифтерді де әшкерелейді. Төртінші томда автордың тәуелсіздік жылдарында билік буындарында істеген белгілі тұлғалардан алған, өзінің де түрлі қызметтер атқарған кездерінде берген сұбхаттары, сондай-ақ ол жайында жазылған мақалалар, оған арналған өлеңдер топталып берілген. Бесінші томда Мараттың той мәдениеті, әдет-ғұрып, салт-дәстүр ерекшеліктері, дін мен дәстүр, жоғары адамгершілік қасиеттер жайындағы ой-толғамдары мен пікірлері арнайы тақырыптарға жіктеліп, үйлесімді топтастырылған. Марат Байділдәұлының осынау бестомдығы ұлт қайраткерлерінің тәуелсіздік жылдарында ел мүддесі үшін жүргізген күресінің айнасы болып шыққан.
Жазушы Қуандық Түменбайдың «Менің көзім арқылы» атты эсселер, портреттер мен мақалалар жинағы және «Жан әуендері» деген көсемсөз кітабындағы шығармалардың қай-қайсысы да белгілі қаламгердің деректерді сөйлетудегі өзіндік әдеби тәсілімен, көркем тілімен оқырманын баурап әкетеді. Бұл екі жинақта ол деректі қысқа әңгімелері арқылы оқырманға кешегі тоталитарлық дәуір мен бүгінгі тәуелсіздік заманындағы адамдардың жандүниесін ашып көрсетеді.
Желтоқсан тақырыбын жазушы және публицист Талғат Айтбайұлының терең қаузап келе жатқаны мәлім. Ол оқырманды, негізінен, көтеріліс тарихымен және көтеріліске қатысушылардың естеліктерімен таныстырып жүрген айғақ-кітабының 15 томын шығарған-ды, дегенмен Одаққа олардың ешқайсысын қоспай, басқа төрт кітабын жіберіпті. Олар – былтыр жарық көрген «Өтпелі кезең көзімен» атты эсселер, сұхбаттар, ой-толғамдар, «Айтар ойым болған соң…» тақырыбымен біріктірілген эсселер, сұхбаттар, «Жүрегіме жүгіндім» деп аталған эсселер, ой-толғаныстар, сұхбаттар жинақтары және «Мың бір күн, мың бір түн» деректі романының өңделіп, екінші рет басылған нұсқасы. Романда автор кеңестік дәуірдегі қуғын-сүргінді, жоқшылықты бастан кешкен, балалар үйінде, мектеп-интернатта тәрбиеленіп, әскерге шақырылған, одан жаһандық соғысқа қатысқан, бейбіт заманда банк ісінің үздігі болған, жетпіс үш жасында жүгіруден чемпион атанған еңбек ардагері Әлжапар Мұстафаұлы Мұсаевтың өмір жолын кейіпкерінің атынан өте тартымды да танымды етіп, келістіре әңгімелеп шыққан.
Желтоқсан шежіресін түзіп жүрген, сол жолда оған қилы кедергі қойылғанына қарамастан, мойымай, біртіндеп жеңіп келе жатқан Талғат Айтбайұлы секілді қару-қаламын жанкештілікпен тоқтаусыз безеуден танбаған тағы бір шығармашыл тұлға бар. Ол – жазушы-зерттеуші Көлбай Адырбекұлы. Талғат Желтоқсан шежіресін көтерілісшілер көзімен, ал Көлбай «Қазақ ісін» жүргізуге, яғни империяшыл-астамдықпен ойдан қиыстырылған «қазақ ұлтшылдығын» дабыралатуға шынайы бетпердесін жасырмай кіріскен зымиян отаршылдардың ашықтан-ашық, отар ұлттың адал ұлдарын қылмыскер етуді мақсат еткен озбыр іс-әрекеттерінің қоясын ақтарып, ащы шындықты ашу жолымен жасады. Сол күрделі шақта, 17–18 желтоқсандағы көтерілістің артынша, оның себептерін ашуға тырысқан түрлі жиындағы Ғылым академиясында СОКП Орталық Комитетінің өкілімен 24 желтоқсанда болған кездесуде академик Салық Зимановтың, Жоғарғы Кеңес төралқасы аппаратының 25 желтоқсандағы партия жиналысында қатардағы коммунист ретінде менің, Жазушылар одағында
орталық эмиссары Геннадий Колбинмен 31 желтоқсандағы кездесуде ақын Жұбан Молдағалиевтің сөйлеген сөздерінің мәтіндері баспасөзде жарияланып жүргенмен, олардың ешқайсысы содан бергі отыз пәленше жыл бойы сындарлы талдауға алынбағаны мәлім. Сол «ақтаңдақты» зерттеуді тұңғыш рет жазушы Көлбай Адырбекұлы қолға алды. Көлбай мәселенің тамырын айқын ажырататын сауатты сарапшылығымен өзінің қандай да құрметке лайық екенін көрсетті.
Әлгінде Көлбай Адырбекұлының Желтоқсан туралы туындыларының бірінің кейіпкері ретінде аталған Болат Шарахымбай Одаққа өзінің «Сұрапыл сынақ ғұмыры» атты публицистикалық эссесін ұсыныпты. Кеңес Одағының батыры, Еңбек ардагері Сейітқасым Әшіровке арналған үш бөлімнен тұратын кітабының «Майдан шебінде» атты алғашқы бөлімінде автор кейіпкерінің 1942 жылы он сегіз жасында әскерге алынғанын, үш айлық жеделдетілген оқудан өтіп майданда барлаушылар қатарына қосылғанын, жиырма жасқа жетпей жатып Батыр атанғанын, «Еңбек төрінде» делінген екінші бөлімде соғыстан кейінгі бейбіт өмірде қалай ел құрметіне бөленгенін жазған. Кітаптың «Көз көргендер» атты үшінші бөліміне топтастырылған замандастарының, елу жеті жыл отасқан жұбайының, балаларының естеліктерінде оның өсу жолдары, елге сіңірген еңбектері, адами қасиеттері жайында шерткен небір жүрекжарды сырлары бар.
Жазушы Жақсылық Айжанұлы «Елдің адамы еді» кітабында архив деректерін іздестіру және көзкөрген әріптестерінің естеліктерін жинастыру жолымен жаһандық соғыстың және одан бергі жасампаз еңбектің ардагері Ишан Турлиннің тағылымды өмір жолын жаңғыртыпты. Оның қарапайым еңбек адамдарына деген риясыз қамқорлығы естеліктер арқылы шыншыл да сүйіспеншілікпен көрсетілген. Кейіпкердің тағылымды ғұмыры оқырманды жақсы сезімге бөлеріне күмән жоқ.
Одақтың қарауына келіп түскен шығармалар қатарында бітімі өзгеше екі жинақ бар. Бірі – Қапез Қожахметовтің «Таланты – ерек, табиғаты – бөлек» кітабы. Бұл жинаққа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мағира Қожахметова мен оның туындыларына байланысты мерзімді басылымдар беттерінде өткен ғасырдың 70-жылдарынан қазіргі шаққа дейін жарияланған пікірлер, ірілі-ұсақты мақалалар, рецензиялар, кітаптарына жазылған жабық рецензиялар енген. Көркемсөз шебері Мағира Дәулетбекқызының толыққанды бейнесін оқырманның көз алдына жастар үлгі алуға тұрарлық кейіпте әкеледі.
Біз әлгінде бітімі өзгеше деп ерекшелеген екі кітаптың екіншісі – белгілі ақын Байбота Қошым-Ноғайдың «Үлпет. Сұхбаттар мен сұрақтарға жауап» жинағы. Мұндағы түрлі басылымдарға берген cұхбаттары мен өзіне арнайы қойылған сұрақтарға қайтарған жауаптарында Байбота өзінің шығармашылығымен астастыра әдебиеттің, әсіресе өзі елеулі еңбек сіңірген балалар әдебиетінің жай-күйін, сондай-ақ түркітанудағы ізденістерін, өзге елдердің ірі ақындары жайлы ойларын, қоғамда орын алған құбылыстар хақындағы пікірлерін айтады.
Журналист-жазушы Бекен Нұрахметов «Менің тағдырымдағы адамдар. Эсселер» кітабында қаламгердің мектептегі ұстаздары, жоғары мектепте журналистика мамандығын бірге меңгерген курстастары, баспасөз органдарында, сондай-ақ тәуелсіздік жағдайында жаңадан қалыптаса бастаған кеден бекетінде істеген шақтары, еңбек жолында қызметтес болған, түрлі жағдайда кездестірген белгілі кісілер жайында жылы да танымды естеліктер берген екен. Оның көптеген белгілі тұлғалар, әсіресе Димаш Қонаев, Кәкімжан Қазыбаев, Бердібек Сапарбаев, Әділ Ахметов, Мұстафа Өзтүрік туралы жазғандары деректілігімен, шынайылығымен оқырманын риза етеріне күмән жоқ.
Жазушы Жалғасқали Дүтмағанбетовтің «1812 жыл: Соғыс және бейбітшілік (Қазақы нұсқа)» атты үш кітаптан тұратын романы қазақ әдебиетіндегі бұрын көтерілмеген мүлде тың тақырыпты арқау етуімен елең еткізсе, Кенжеғали Қошым-Ноғай «Парыз» атты танымдық мақалалар мен зерттеулер жинағының Одаққа ұсынған алғашқы кітабына «Салт-дәстүрің – қазынаң» деген тақырыппен тәуелсіздік дәуірінде мерзімдік басылымдар беттерінде жариялаған мақалаларын топтастырыпты.
Қайым-Мұнар Табеев «Ең соңғы майдан» атты жинағында әйгілі Желтоқсанға байланысты сол кезгі барлық ресми құжаттар мен материалдарды, көтеріліс жайын зерттеген комиссияға берілген биік қызметтегі адамдар мен барша қатысы болған тұлғалардың, қатысушылардың түсініктерін, республика қауіпсіздік комитетінің, қоғамдық комиссияның анықтамаларын жинастырып, Желтоқсан оқиғасын тексеру жөніндегі парламенттік комиссияның хабарламасын және оны тарату жөніндегі Жоғарғы Кеңестің қаулысын берген, соларға тиісті түсініктеме жасай отырып, сондай-ақ көтеріліс шындығын қайткенде жұртшылықтан жасыруға тырысқан жоғары биліктің әрекеттері мен еріксіз барған шегіністерін баяндаған.
Бертінгі онжылдықта «Қаралы көш» тарихи романы арқылы кең танымал болған жазушы, тарихшы Жәди Шәкенұлы биыл Одақтың қарауына ұсынған шығармаларында өзін көркемсөз шебері ғана емес, терең де білікті зерттеуші ретінде де жан-жақты, батыл көрсете біліпті. Оның жаңаша іздену жолдары, өзіндік көзқарасы, түйген тұжырымдары «Шыңғыс ханның қарызы» атты зерттеулерінде әлемді тітіретуші дәуірінен, оның үлкен ұлы құрған Ұлығ ұлыс пен сол жұртта шаңырақ көтерген қазақ мемлекеттігі тарихынан қызықты сыр шертеді. Ал «Қан кешкен Өр Алтай» деген деректі зерттеулері Алтай қазақтарының кейінгі екі ғасырда бастан кешкен неше алуан ауыр оқиғаларын, қытай Алтайына көшу, одан әрі Гималай асуға ұласқан ұзақ көш бойғы қасіреттерді, қилы зұлымдықтар көріністерін нақты айғақ-дәлелдермен суреттейді. Кітап соңына «Шет жұрттағы қазақтар тағдырына ықпал еткен тарихи оқиғалар жылнамасын» берген. Танымдылығы зор бұл кітаптардың құнын Жәдидің тең автор Қайрат Айдарханұлымен бірлесіп жазған «Алтай алыптары» деген деректі хикаялары мүлде арттыра түскен. Мұнда олар атты аңызға айналған балуандар жайлы «Алтай қойнауында таңды таңға ұрып» қарттардан тыңдаған, оқыған, көрген хикаяларды жинақтапты. Танымды, қызықты.
Жандарбек Бұлғақов, Айтақын Бұлғақов «Әкеtime. Сапалы 5 минут» деген бала тәрбиесіне арналған кітабында ұлттық құндылықтарды заманауи талаптарға ұштастыру, аға буын өнегесінің өскелең ұрпақ көзқарасымен үйлесім табуы жолдарын әңгімелейді. Бұл кітаптың қазіргі заман ата-аналарына, педагогика мамандарына пайдалы екені дау туғызбайды.
Ақын Қайрат Бестібаев «Рота, подъем! Боямасыз баян» деген кітабында әскери қызметте бастан кешкендерін және жеке өмірінің әр сәтінен естеліктер беріпті. Кітабының анықтамасында көрсеткеніндей, шын мәнінде, ойдан шығарылған еш көркем қоспасы жоқ, күнделікті тіршіліктен жазылған нағыз «боямасыз баян» болып шыққан.
Оқырманға «Таңғажайып Қонаев» роман-эссесімен кең танымал болған белгілі қонаевтанушы Ораз Қауғабай Одаққа биыл екі кітап ұсыныпты. Бірі – тағы да Димекең жайында, Қуандықша айтқанда, «ел билеген осы бір дара тұлғаның басқан ізіне үңіле жүріп, ақсақал-қарасақалдардың аузын бағып, шындықтан ауытқымай» қағазға түсіріп, жан-жақты зерттеулері нәтижесінде «Ақылманның балалық және жастық шағы» деген тақырыппен шығарған шағын кітапшасы. Мұнда ізденімпаз қайраткер өміріндегі тылсым, сыры жұмбақ жағдайларды, сондай-ақ жекебасының қасиеттерін тізбелейді. Осы кітапшамен қатар автордың «Әз Тәуке және Әлмерек» атты танымдылығы көзге ұрып тұрған кітабы жарыққа шыққан екен. Ертеректе Әлмерек есімін псевдоним ретінде қолданған автор отызшақты жыл бойы зерттеп, жинаған деректері негізінде Әлмеректі Тәуке хан тұсында белгілі би болған тарихи тұлға ретінде танытыпты.
Құрманғали Жұмағазыұлы Закариянемересінің «Аталар тарихы – ұрпаққа аманат» атты шежірелік деректер кітабы бір әулет шежіресін тарихпен, тарихи оқиғалармен және тарихта із қалдырған тұлғалармен байланыстыра түзіпті.
2024 жылы жарық көрген деректі туындылардың қолыма тигендеріне шолуым дөңгеленіп соңына келіп қалғандықтан, солардың ішінде, менің де болашақ тәуелсіздік күрескерлеріне пайдалы болуды мақсат еткен «Тәуелсіздік һәм зиялылар» дейтін кітабым да бар екенін еске сала кеткенім артық болмас.
Танымды әдебиетке артылатын ізгі ниет үдесінен шығуды, біздің ойымызша, шолуымызда аталған кітаптардың баршасы да көздеген. Қай-қайсысы да оқырманның азаматтық позициясын нығайта түсуге жәрдемдесері хақ. Тек, сөзіміздің соңында, таралымның мардымсыздығын естен шығармай, оны ретке келтіру жолдарын табуға тырысуды Жазушылар ұйымы болып ешқашан ұмытпағанымыз жөн дегіміз келеді.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ
ПІКІРЛЕР1