Құрылысты бұзғаным үшін награда алғаным бар
Майдангер-жазушы Қалмұқан Исабай ағамыз – туындыларының дәнін тірліктің өзегінен алған қаламгер. Ол – өз өмірін архивтен тың дерек тауып, бірде алыс қиырларға сапар шегіп, тынымсыз күйде өткізген тұлға. Ауызекі әңгіме тиегін ағытса, білмейтіні жоқтың қасы еді. Оның бұл қасиетін жазушымен дидарласып, әңгімелесу сәті түскен кезде анық байқағанымыз бар. Естен кетпес сол кездесуде Қалмұқан ағаның өмірі туралы айтқан әңгімесінің кей сәттерін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Автор

О баста 9 сыныптық білімім болған соң, Семейде қоныс тепкен Тамбов жаяу әскер училищесіне бағытталғанмын. Алайда бойы 147 сантиметр, салмағы 42 килограмм қортықтан болашақта қандай айбынды офицердің шығуы мүмкін? Жарамадым. Содан кейін Самарқанд қаласындағы атқыштар полкіне жіберген. Содан келесі 1944 жылдың шілде айының бір күні түнде «дабылмен» тұрғызып, ұзын составқа тиеп, Молдавия жеріне алып келсін. Мұнда Кишинев деген Кеңес қаласы мен Яссы деген Румын қаласы аралығында фашистік Германияның 30 дивизиясы қоршауға алынғанын естігенбіз. Енді Кеңес командованиесі осы қоршауды жоймақ екен. Соған тың күш ретінде біз де келіппіз.
Иә, Яссы–Кишинев операциясы екі айда біздің жеңісімізбен аяқталды. Румыния соғыстан шығып қана қойған жоқ, Герман фашизмінің өзіне соғыс жариялап, біздің қатарымызда соғысатын болды. Мәселе осылай шешілгеннен кейін бұл елдің жерімен жаяу жүріп, Венгрия шекарасына да жеттік.
Венгрия – фашистік Германияның ең соңғы сыбайласы. Оның басшыларының не ойлағанын кім білсін, бізге қарсы бар жанын сала соғысты. Дегенмен, шабуылдап барамыз… Бірде оң жақ, сол жақтағы көршілеріміз кезекті шабуылға көтеріліп жатқанда, біздің командиріміздің үні шықпай қалды. «Бұған не болды?» деп сырт жағыма қарағаным сол еді, взводымыздың командирі, жиырма жасар кіші лейтенант орыс жігіті көтеріле беріп, шалқасынан түсті. Осы кезде есіме Жарғының «Командирдің өліп не жараланғанын бірінші көрген солдат команданы қолға алу керек» деген қағидасы түсіп, мен «Взвод, слушай мою команду! Встать! Вперед!» деп айқай салайын. Сол бетіммен взводты басқарып кеттім.
Қай елде болсын, солдатты дайындаудан гөрі офицерді дайындау әрі қымбатқа түсіп, әрі ұзақ уақыт алады ғой. Жә, соғыста қатардан шығатындардың көбі – взвод, рота командирлері. Міне, осы қатардағы офицерлер бізге жетіспейді екен. Сондықтан да соғыста ерлік көрсеткен солдаттарға да кіші лейтенант атағын бергенін хабарлап, пагон ұсынды, құттықтады. Старшина мосқал орыс жігіті, уақытша орналасқан үйіне апарып, маған ине-жіп беріп, пагонымды шинельге тігіп отырғанымда, жанымда ақылын айтып отыр. «Сен жастайыңнан офицер болдың. Осы соғыстан аман шықсаң, түбі генерал боласың. Ал сенің қалай аман шығуыңның жолын мен айтайын. Взводыңдағы алып Гусаров қайда, шабуыл кезінде соның артында жүр!» – деп еңгезердей солдатты атады. Міне, менің офицер атағын алған алғашқы училищем осы. Содан бері атақ қосыла берді, мен есейе бердім, ақыры полковник…
…Оған дейін әлі төрт жылдан астам уақыт бар. Бұл уақытта Түркістан әскери округіне қарайтын Керки қаласындағы бір полкте взвод командирі болдым. 1945 жылы Германияға жеңіспен барған офицерлер сонда тұрып қалған, үш жылдан кейін соларды Одақтағы офицерлермен ауыстыру шаруасы жүрді. Осы әуенмен 1948 жылдың күзінде Шығыс зонадағы Вурцен қаласынан қоныс тепкен 20-механикаландырылған полкке бір офицердің орнына бара қалайын. Содан келесі жылы Германияда екі мемлекет жасалды – ФРГ және ГДР. Енді мені екі мемлекет арасындағы шекараның Варта деген бақылау пунктіне кезекші офицер етіп тағайындасын. Міндетім – шекараның осы тұсында болып жататын оқиғаларды жақын горнизондарға хабарлап тұру. Менің бұл қызметімді қарапайым халық тілінде комендант деп атады. Содан 1952 жылы босап, Ильменау қаласына қалай комендант болып тағайындалғанымның егжей-тегжейін «Берлин «Абайштрассе» («Қағанат», 2002 жыл) кітабымда жазғанмын.
Жол-жөнекей айта кетейін, Ильменау гербінде латынның «г» әрпі бар. Бұл – Гете деген сөз, яғни Ильменау – Гете қаласы деп аталады. Ұлы Абай бізге «Қараңғы түнде тау қалғып» деп аударып берген өлеңін Гете осы қалада жазған екен. 1979 жылы Ильменауға 25 жылдан кейін қайта барғанымда Гетенің немісше өлеңі жазылған жерге Абай аудармасын мәрмәр тақтаға жазғызып, апарып қою мүмкіндігі туды. Неміс достарымыз Қазақстаннан барған бұл сыйды үлкен ризашылықпен қабылдады. Тақтамен бірге Абай өлеңінің магнитті таспасы да тапсырылған музейге. Неміс достарымыз содан былай музейге келген шетел делегаттарын Абай әнімен қарсы алып, шығарып салуды дәстүрге айналдырыпты.
1954 жылы ГДР жерінде аудандық комендатурасы да жабылып, елге қайту сәті түсті. ХХ ғасырдың бірінші жартысында Германия тарихи оқиғалардың тоғысқан аймағы болды. Содан көп сюжеттер ала келіп, қазіргі «Жұлдыз» журналына әңгіме, новеллалар жариялай бастайын. Бір күні «СҚ»- дан әңгіме жазып беруім жөнінде сұрау түсті. Орындадым, «Елбаның ашуы» деген әңгімем аға газет бетіне шыға келсін… Міне, осы әңгіме маған аға газеттің тек бетін ғана емес, есігін де ашты…
1961 жыл мен үшін өте жемісті жыл болды. Сол жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін сырттай оқып бітіргенмін. Екі балаға әке, екі кітапқа автор болдым. Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке өттім.
Әскерге жастай алынып, оның сапында 12 жыл тұрғаннан кейін азаматтық өмірдің қыр-сырын терең біле қоймайтынмын. Ал жазушылық жолға түскеннен кейін не жазарымды білмей жүргенімде, Ғылым академиясының президенті, академик Қ.Сәтбаевқа жолығу сәті түсіп, сол кездесуде академик маған Ертіс-Қарағанды канал құрылысына қатысу жөнінде кеңес берген еді. Сонымен не керек, сол кезеңнің үлкен жобасының бірі болған Ертіс-Қарағанды каналы құрылысының бел ортасынан бір-ақ шықтым.
Каналды аралап, дерек жинап жүретінмін. Соның арқасында құрылыс барысынан 6 кітап жазыппын… Сайын далада жүрген құрылысқа кім келе берсін, әсіресе учаске инженерлерінің көбі практиканттар болды, яғни тікелей құрылыс жүргізілетін жобаны оқи алмайтындар. Осындай шалалықтың бір фактісін 101-құрылыстан көрдім.
Бұл өзі каналда авариялық жағдай туып қалғанда өзекті жауып тастайтын қақпа – өте күрделі құрылыс еді. Жобада бұл құрылыстың жоғарғы деңгейі канал түбімен бірдей, яғни «00» сантиметр болу керек деп көрсетілген. Жобаның 177 сапасы да нашар екен. Сандары өшкен. Әрең көрінеді, мысалы, учаске инженері әлгі 00 сантиметр табалдырықты 66 сантиметр деп ұғып, канал түбінен соншама биік қылып құйып қойыпты. Учаскелік инженердің ісінің шалалығын айтып, біраз керілдесіп алуға дейін бардық. Мен оған: «Мына құрылысың ертең канал жұмыс істегенде оның өзегіндегі рак ісігіндей болып тұрады. Өйткені сен су жолына көлденең бөгет жасап қойғансың», – деймін. Ақыры инженер ісінің бұрыстығын түсініп: «Бас инженер осы құрылысты тез аяқтау үшін ақша сұрауға Мәскеуге кетті, енді қайтеміз?» – деп учаске инженері өзіме жабысты. Мен оған: «Осы табалдырықты тез бұзсақ, соғұрлым ертең құрылыс та тез аяқталады», – дедім. Ол менің тілімді алды. Бұл өзі құрылыста үлкен сөз болды. Мен де тәуір-ақ сөз естідім. «Құрылыста бір жазушы зиянкестік жасапты» деген дақпырт жетіп, Мәскеуден арнайы комиссия да келді. Толып жатқан сөздің тобықтай түйіні: комиссия «Жазушы мына құрылысты бұздырып, ертерек істеген. Ал мына қатені канал толық біткеннен кейін көргенде, оны бұзып, қайта салу өте қиынға түседі екен» деген қорытынды шығарсын.
1975 жылы канал құрылысы аяқталды. Осыған байланысты құрылыс тресі Орталық Комитет алдына наградаға ұсынылған құрылысшылар тізімін қояды. Қарап отырса, тізімде мен жүрмін. Орталық Комитеттегілер: «Бұл қандай міндет атқарды?» – дейді. Канал өкілі: «Ешқандай да міндет атқарған жоқ, құрылыс барысын зерттеумен ғана жүрді», – дейді. Орталық Комитеттегілер: «Сонда сіздер көрінген көк аттыны наградаға ұсына бересіздер ме?» – деген екен. Сонда канал өкілі: «Бұл кісі 101-құрылысты бұзғызды», – дейді. Орталық Комитеттегілер: «Сонда сіздер құрылысты бұзғаны үшін наградаға ұсынасыздар ма?» – деп бастырмалатады ғой. Десе де мен Қазақстан Жазушылар одағында құрылысшылармен бір тізімде Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталған жалғыз жазушы болып шыға келгенім бар…
… Біздің жақтың орыс, қазағының аузында «Екібастұз көмірін Пішенбайдың Қосымы тапқан» деген сөз бар. Екібастұз қаласының бір көшесіне соның атын қою мәселесін көтергенімде, Павлодар обкомының насихат бойынша хатшысы Бариков «Патшаның әлдеқандай бір саясатына қарсы шыққаны үшін сотталып келген Бородин деген инженер Ақмоладан этаппен Павлодарға айдалып келе жатқан, жолшыбай Екібастұздың бір көшесіне соның атын қою жөнінде шешім дайындалып жатыр. Ал сенің Қосым жөніндегі мәліметің жалған ақпар» десін. Мен шегінбедім. ХІХ ғасырдың соңғы жартысында Сібір қалаларында шығып тұрған ескі журналдарды парақтай бастадым. Нәтижесінде, сол кезде даладан кен іздеген орыс, француз, ағылшын инженерлері Қосым жөнінде пікірлер айтқан екен. Оның үстіне Киев архивінен Екібастұздың көмірін Қосымның ашқаны жөніндегі нақты мәлімдеме де шыға келсін. 15 жылдың ішінде тапқан осы деректерімнің басын қосып Бариковтың алдына қояйын. Ол құжаттармен танысып алғаннан кейін: «Ал, не айтқың келеді?» – деді. «Бородин деген инженер жоқ. Ана көшені Пішенбаев атына қою керек», – дедім. «Енді ол композитор Бородин атындағы көше болады», – деді. Мен: «Осы айтқандарыңызды «Крокодил» журналына жариялап жіберсем ше?» – дегенімде, Бариковтың зәресі ұшып кетті.
Иә, ақыры 1977 жылы Екібастұз қаласының бір көшесіне Қосым Пішенбаев аты, орталығына 1994 жылы, Қосымның туғанына 150 жыл толуы атап өтілген жылы ескерткіші қойылды.
Әңгімені жазып алған
Ғалым Жайлыбай,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері