«МЕНІҢ ҮШІН КҮРЕСЕДІ ӨЛЕҢІМ»
22.10.2025
325
0

Қазақтың қатарынан қара үзген өрен жүйрігі, өргек ақыны Жұмекен Нәжімеденов поэзиясы туалы сөз айту – қиынның қиыны. Ол үшін таным деңгейің, пайым-парасатың, талғам-талабың шоң шайыр­дың жұлығынан болмаса да, тобығынан келуі керек. Бірақ айтпасаң тағы болмайды. Аңдап қарасақ, Жұмекен туралы талай жылы сөз айтылып, талай тұнық пікірлер тоғысыпты. Солардың ең басында ақын замандасының өлеңдегі өзгеден бөлек қасиеттерін тамыршыдай тап басып, таным таспасына тізген, өзі де дана қаламгер Әбіш Кекілбаев тұр. Осы орайда ақын әлемін ашуда дарынды сыншы Амангелді Кеңшілікұлы да елеулі еңбектер жазып келеді, игілікті іс жалғаса бергей. Әйтсе де, мұхиттың асау толқындарындай ентелей лықсыған ой молшылығын оны сыйғызар ерекше «ыдыс» (түр) іздемей-ақ, халқының қара өлеңімен қалыптаған ақын шығармашылығы туралы қанша айтса да көп болмайтын секілді. Оған біз де талап қылдық. Бірақ ақын атаулыны жылқыға теңесек, солардың ортасында түркімен түлігі тұқымындай ерекше бітім танытатын жыршыны жаппай танып, жағалай мойындау жағы әлі де кемшін сияқты.

Әрине, ақын Нәжімеденовтің асыл сөзде айқұлақтанған арқар тұлғасын әдеби орта мен зерделі қауымның білуі бар. Бірақ қағаз қарауға бейімі бар жұрт­тың дені оны еліміздің Әнұраны авторларының бірі ретінде ғана танитыны жасырын емес. Ал анау қарағайдай жеті том болып, ойлары қалың ормандай сыңсыған, сезімдері селдей боп сергек көңілді жаулаған лирикалары мен поэмалары, романдар мен повесть-әңгімелері қайда? Ол жағынан жұрттың көбі қараңғы. Кезінде ақын замандасы алып Мұқағалидың өзі «жиырма бірінші ғасырда, тек Жұмекен жырлары оқылады» деп мойындаған тұлғаның оқырман ықыласымен әлі де кең тыныстай алмай жатқаны қалай?
Бірақ үмітсіздікке үйірсектеуге әлі ерте. Әдебиет табалдырығын небәрі жиырманың үстінде жазған дүниелері «Балаусамен» аттап, өлеңнің атажұртын жалт қаратқан жас ақын одан кейін шыққан «Сыбызғы сыры», «Өз көзіммен», «Жарық пен жылу», «Күй кітабында» қызба емес, созба сәйгүліктің мінезін танытып, жыр танабын қуыра түсті. Аға буынның желкемізден жас тұлпарлардың дүбірі естілді дейтіні осы кез.
Жұмекен тұңғышы «Балауса­»-сымен-ақ өзінің ойға бөккен, түйіні толысқан, бояуы қаныққан, түрі жағынан тосын, бейнесі жағынан «бір түрлі» әлемін ала келді. Оның өлеңдеріндегі сөзбен салынған сурет, тас пен пен тамырға дарытқан қимыл, бітеуге саңылау салған сәуле, жартасқа жан бітірген жалын біздің осы уақытқа дейінгі өлең туралы түсінігімізді түбірінен өзгертіп, жырды осылай жасаулауға болады екен-ау деген ойға жетеледі.
Жұмекен – ойдың ақыны. Бірақ оның ойы – оқып қоя салатын ой емес, жанасқанына жан бітіріп, қоңсыласқанына қимыл дарытатын ой. Осыларға қоса сылаңдаған сурет, билей басқан бейне қатарласатынын қайтерсің?! «Балаусадағы» «Алматы» атты өлеңінде: «…Жүз толқындар бірін-бірі тұншықтырып ағады, қыз-толқындар бірін-бірі шымшып күліп барады, міне, біздің Алматы осы, алма төсі бұлтиып, алма-төске жас бұтаның саусақтары тұр тиіп, жүрші, жаным, қыдырайық, неғыласың жалғыз қап, Алатаудың ақ қарынан әперейін балмұздақ», – дейді ол. Жиырмадан жаңа ғана асқан бозбала ақынның жүз толқын, қыз-толқынның бірін-бірі шымши күліп ағатынын, алма-төске жас бұтаның саусақтары тиетінін, аяулысына ақ қардан балмұздақ әперетінін кәнігі қаламгердей қиюластырған шеберлігіне таңғалмасқа болмайды. Көре білетін жанға өлеңдегі сурет, кейіптеудегі қимыл дегеніміз – осы.
Ілгеріде айтқанымыздай, Жұмекен қай өлеңінде болмасын жансызға жан бітіріп, қай көріністі де әрекетке келтіріп, бейне бір өмір сахнасында өтіп жатқан спектакльдей етіп ұсынуға шебер. Ақын үшін өлең тән, қимыл жан. Ол үшін қимылы жоқ жыр – жаны жоқ жыр. Содықтан да ол бүкіл шығармашылық жорығында тасқа тіл бітіріп, тамырға қан жүгіртуден, «жапырағы желге құлақ түріп, ол «құлақты» жел жұлып лақтырып», яғни лақтыртудан жалыққан емес. Осы айтқанымызға дәйек ретінде табиғат тақырыбындағы мына бір қос шумаққа назар аударайықшы. Тек көзіңіз сурет дәметіп, үмітіңіз қимыл күтетін болсын: «Жалындап барды да батты күн, оның да уақыты болып қап. Жүйрік жел баса алмай аптығын, бұтаға сүйенді солықтап», / «Бір ымырт пердесін түсіріп, мүлгіді, мызғыды кәрі ағаш. Ақ бұлақ көрпесін ысырып, көк тасқа ұйықтады жалаңаш» Ал сіз осы екі шумақтан жоғарыда мен «дәметіңіз» деген нәрселерді (сурет пен қимыл) таба алдыңыз ба? Мен таптым. Жалындап барып күннің батуы, жүйрік желдің арғымақша аптығын баса алмай, солықтап бұтаға сүйенуі, ымырттың пердесін түсіріп, кәрі ағаштың қария құсап мүлгіп кетуі, түн ұйқысы қысқан ақ бұлақтың ақ аруша көрпесі ығысып, көк таста жалаңаш ұйықтауы – мен үшін үлпілдеген образ, бүлкілдеген қан тамыры. Зерделі оқырманның да өлеңді осылай қабылдарына сенімім кәміл.
Менің ұққаным – жас ақын қалыптасу жолында кідіре бермей, «Қай жаққа, енді қайда бұрыла алам, Жаным бар шындық дарып, жыр ұнаған. Осы бір кеу­демдегі кішкене бас, Үп-үлкен дүниенің сырына алаң», – деп әдебиеттің киелі табалдырығын «піскен» күйінде аттапты.
Жұмекен өлеңдерінің тақырыбы ұшан-теңіз және оны өлеңін өмірден алады деп сәндеуден гөрі, жұмырбасты пенденің немесе жүрген-тұрған ортаның күнделікті қоңыр тірлігінен тартады деген жөн секілді. Ол туырлығы ошақтың ащы түтінімен ысталған жұпыны үйінде отырып-ақ әлем тынысын жіті сезініп, жүйрік қиялымен тербей алады. Қажет болса, күлсалғыштан да керемет әңгіме шығара аламын дейтін Чехов сияқты, Жұмекенге де тарыдан тау жасау қиын емес. Бірақ ол оны арнайы мақсат етіп емес, көңілін баураған табиғи әсердің әуенімен жасайды.
Осы орайда, ақынның теңгермешілікті сынаған бір өлеңін еске
алайық. Ақын немесе лирикалық герой қос қапталы белден келе тегістелген шырпылармен көмкерілген бақта келе жатыр. Екі-үш бағбан төбесі тегіс шырпылардың арасынан оза өскен кейбір талшықтарын арнаулы қайшыларымен қырқуда. Бір қарасаң, шұқшиятындай түгі жоқ, бағбандар тірлігіне риза боп өте шығатын көрініс. Бірақ ақын өйтіп «өте шыға» алмайды. Елеусіз нәрседен тағы да елеулі ой түюге тура келеді. Ол ойды «Бұта мен қайшы» атты өлеңнің мына бір үзіктерінен байқап көрейік:
… зың-зың етіп ұшады
биік бұта басы, әне;
Қайшылы адам биіктерді қырқумен
Қысқаларға зор жақсылық жасады.
… Өс, өсе бер,
Бірақ та
сұмдық бір сыр болды әйгі;
көрші отырған бұтадан
көп өсуге болмайды.
…Шуақ жаққа ұмтылып
өсемін деп арқаң босқа қозбасын.
Сенің бағың, қысқалар,
Өз мойныңда өз басың.
…Бірің – ұзын, бірің – қысқа,
Қайшылардың ісі ғұмыр бітпейді.
«Қырқу» демейді мұны, өйткені тұрмыста,
«түзеу» дейді, «теңгермешілік» дейді.
Бұл тағы да Чеховтың «Құндақтаулы адамындағы» сияқты құрсаулы қоғамның, жеке адамның тұлға болып қалыптасуынан шошып, бәрін теңгермешілікпен тізгіндейтін социализм салтының сүйкімсіз көрінісі. Осыны ақынның мынауыңды аулақ әкет деп айғайламай-ақ, тұрмыстың қарапайым тірлігінен түйіндей салуын тапқырлық демей не дерсің?!
«Президентін атты бір ел тасадан,
Президент емеспіз біз, бас аман.
Аш баласын тепті бір ел, о, сұмдық,
Дүниеде әлі бар ма аш адам?!» –
дейді ақын «Ақ көгершін» атты поэмасының бір тұсында. Өлеңде «ой сыйым­дылығы» деген ұғым барын білеміз. Бұл бөстекі сөзге жол бермей, пікіріңді қоюлат дегенге саяды. Егер осы талаппен қарасақ, мына төрт тармақтың тасасына аз нәрсенің жасырынбағанын аңғарар едік. Соның ең бастысы алғашқы екі жолында тұр. Кешегі кеңестік заманда ел басшысына оқ кезену – үш ұйықтасаң түсіңе кірмейтін шаруа. Бұл – әрине, асыратәртіптіліктің «тәлімі». Ал қайсыбір елдерде мұндай оқиға болып жататын. Бұл – әрине, асырадемократиялықтың «жемісі». Автор құрылымы екі бөлек елдердегі тірлік айырмасын юморға бөлей отырып (президент емеспіз біз, бас аман), екі-ақ тармақпен қаусыра алған. Аз сөзге көп мағына сыйғызудың бір мысалы – осы.
Жалпы, Жұмекен – көтеретін мәселесі жағынан да, ақындық шеберлігі тұрғысынан да планеталық масштабтағы ақын. Әлемнің сондай ауқымда танылған талай тарландарынан оның бәсі биік еді, тек соны көре білу, көрсете білу қарекеті біздің пешенемізге әзірге бұйыр­мапты. Бұған аудармада ақсап жатқан Абайымыз бен Махамбетіміз де өкінішті мысал. Ол бір өлеңінде атақты Қасым ақынды космостың ақыны деген еді. Ғарыш кең, әрине. Ендеше сол шет-шегі жоқ кеңістіктің тағы бір ақыны болса, Жұмекеңнің өзі дер едік. Мұны біз ақын ағаға арналған «Заңғар» атты өлеңімізде (үзінді):
Біреуге шың, біреуге шынар қашық,
Ал сен кеттің шыңнан да шығанға асып.
Биігіңді түртеді бұлт көрсетпей,
Иығыңды бүркеді мұнар басып.
Ойың ойсаң болғанда, сөзің бітік,
Жайқалатын тұр, әне, кезін күтіп.
Шырқай-шырқай зеңгірге,
Сіз бір шайыр өз биігі жіберген
өзін жұтып, –
деп байыптағанбыз.
Ал ақынның «Аты жоқ өлең» атты өлеңінде өзін меңзеп:
«Өлгеннен соң болатын өтімді ісі,
Бөтен кісі, сен бүгін жетім кісі.
Сен уақыттың алдына түсіп кеткен
радиосигнал секілдісің», –
деп аяқтауын қайда қоярсың?!
Нәжімеденовтің жержүзілік ақын екені балауса кезінен-ақ байқалған. Оның 1967 жылы жарық көрген «Күй кітабындағы» Паганинидің монологтары атты топтамасында «Салыстыру» деген сұмдық өлеңі бар. Сонда ол атақты скрипкашыға қарата отырып, қазақтың өзінің де, өнерінің де еуропа мәдениетінен асып түспесе, кем түспейтінін параллель тәсілін пайдалана отырып ірі мінез, іргелі мысалдармен сипаттайды. Бар-жоғы жиырма тармақтан сәл ғана асатын асау тұлпарша тарпыған жырда небәрі отыздың үстіне жаңа шыққан жас ақын атақты музыкантқа бағыттап: Сен скрипкаға күйіңді түсіріп жатқанда, біздің батыр Сейтек қамауда отыр еді, сен қонақүйден орын таңдап жүргенде, біздің үйді жау талауға салып еді, сенің жарың алтын алқасын таққанша Әуес шешеміз бірғауым тезек теріп тастап еді, сен айтулы шебер Амадидің скрипкасын жаратпай отырғанда, домбыра болмаса «көршілердің көсеуін» алып күй шерткен Махамбет те те тумайтұғын ер еді, Сені бүкіл Еуропаның «әулиесі» мақтаса,
Ұлы Абайды өсектеді тобықты.
Жақсымызды бетімізге күйе қылып жақпасақ,
Бізде-дағы талай мықты болыпты, – деп жыр соңын тегеуірінді леп, тепсінген толқынмен түйіндейді.
Әрине, Тәңірім ерекше ойлау қабілетін дарытқан Жұмекен ақынның барша қасиетін түгендеп беруге біз қау­қарсызбыз. Ол үшін көп сөз емес, дөп сөз керек. Сол «дөбін» таба алмаймыз. Сондықтан бірді айтып, бірге кетуге мәжбүрміз. Ақынның сын мақалаларын оқи отырып сөзбен жұмыс жасауға, оның әрқайсысына мағына жүктеуге қатаң талаппен қарағанын аңғарамыз. Абай «сөз арасы бөтен сөзбен былғанбасын» дегенде шетелдік сөз кіріп кетпесін деп отырған жоқ, сөздің ең керегін қолдан деп отыр деп нығарлай түседі ол. Жас ақын Нұртас Исабаев өлеңін талдай келе «заводтың тұрбасы аспанның сырғасын тартқылап тұр» деген ұғым ешбір ұғымға сыймайды, – дейді. Ол Ордаш Кендірбайдың бір қарағанда құйылып түскен «Өмірден өз жолымды таңдап алам, Таңдап алам, тағы алға – БАМ-ға барам. Кезінде «итжеккен» деп имендірген, Өңірден кен қопарып, мал да бағам» деп келетін шумағының шынайылығына да күмән келтіреді. «Дұрыс-ақ қой, тек осы шумақта көңілдің шын күйі, көкірек сөзі жоқ, әшейін тіл ұшымен айтыла салған… сырты жылтыр ғана дүние. Міне, қазіргі ақын үшін ғана емес, ақынтану, өлеңтану үшін де қиын хал осы – жалаң техницизм, – деп күйінеді.
Әлгі мысалдар жас ақындар жайында болса, Жұмекен өзі тәуір бағалайтын, өкшелес ақын Сабырхан Асановтың да сөз сұрыптауда сүрінген тұстарын түртіп көрсетуден тартынбайды. Ол Сабырханның «Көгал қуған қалды артта өктем із көп» тармағындағы орнын таппай тұрған «өктем із» тіркесін аттап өте алмайды.
«…Өктем із» деген із болмайды, ол «көктем іздеппен» жақсы ұйқасқаннан басқа ештеңе бермейді», – дейді. Аса талғампаз Жұмекеннің сынынан Сабырханның бір қарасаң дұп-дұрыс, «Қусырылып көкжиектің іргесі» тармағы да өте алмапты. «Көкжиектің іргесі» де ұғым боп жарытпайды, өйткені көкжиектің өзі ірге ғой…» деп тастай берік логикаға жүгінеді. Осынша мысалды тәтпіштеп тізу ақынның өлеңге деген талабы мен талғамын жіті тани түсуге септесер деген ниеттен туып отыр.
Ақынның қалыңдығы қарағайдай үш томға түптеліп, тың ой, тосын шешімдердің мұхитына айналып кеткен, «қайғысызға қайғы алдырған, ақымақты ойландырған» өлеңдеріне көз жүгірткенде, мұны талдаудан гөрі тамсана оқыған жөн-ау деген тұжырымға келесің. Жұмекенде жаман өлең жоқ, ал жақсысын тізем десең, түгел дүниесін көшіруге тура келер… Сондықтан бірер тармақ, бірегей шумақтарының дәмін татып, қанағат тапсақ дейміз.
«Мезгіл қатал,
Ендеше,
мынау төсек-көрпемде
жоқ едің-ау сен кеше,
жоқ боламын ертең мен».
Бұл – «Ұлым, саған айтам» жинағында жөргекте жатқан атұстарына қарата айтылған сөз. Байыптап қараған жан осы бір түйір түйдектен өмірдің қыруар философиясын табар еді. Қара сөйлемге айналдырсақ «Ендеше мезгіл қатал, мынау төсек-көрпемде кеше сен жоқ едің, ертең мен жоқ боламын» дейді әке-ақын. Өмірдің өтпелілігін, тірліктің баянсыздығын мұң етіп тұрған жоқ па осы жалқы сөйлем. Ежіктеп қайтеміз, жүрегіңіз шым етері кәміл.
Абайсыз кеткен талайды,
Талайсыз кеткен сөзіңді аяймын.
Заманға қарап Абайды,
Абайға қарап өзімді аяймын, –
депті ақын бір өлеңінде. Меніңше, түсініктеме артық.
Ақынның тағы бір өлеңінің мазмұнын еске түсірейік. Ақын сыйлайтын заман. Жас жыршы демалыс алып еліне келеді. Бекіренің бел кеспесін жейді, бал шарабын ішеді. Теңіз жағалап келе жатып, аудың көзін тарылтып отырған шалға кез­деседі. Аудың көзін тарылту – шабағына дейін тұту ғой. Оған: «Құртар кезде халықты балағынан бастайды, құртар кез­де балықты шабағынан бастайды», – деп насихат айтады. Сонда шал оған сығырая қарап: «Е, білгішім, білгішім, өзің тойып алған соң, балықты ойлап тұрмысың?» – деп жауап береді. Әр нәрсенің байыбын әріден танитын ақсақалдан лайықты сыбағасын алған кейіпкеріміз өлеңін
«…көлеңке де бойға айып, халық қамын ойласақ, тоймай тұрып ойлайық» деп аяқтайды. Тұрмыстың болымсыз деталынан болымды ой түюге шебер ақынның бұл өлеңін де түсіндіріп жату артық болар.
Әрине, жазу мәнері мен сызу стилі әртүрлі ақындарды бір-бірімен салыстыру – абырой әпермес тірлік. Дегенмен, замандас әріптестер қатарында Жұмекеннің орны әмәнда биік, тұғыры әмәнда еңселі. Адамзаттың жан әлемін жіті зерттеп, оны жыр жөргегінде әлдилеуде, үнемі соныға сонырқап, ой көшін кемел жайлауға қондыруда, көш көлігі – өлең техникасын жараулы жүйрік қалпында ойнатып, оқырманды мезі етіп біткен жырдың жаттанды жәйт­терінен жоғары тұруда Жұмекенмен иық теңестірер жан өз буынында жоқ. Бұл – біздің жеке пікіріміз және ол жеке қалпында қалмас деген үміттеміз. Жұмекен шығармашылығы ел әдебиетінің бірегей бренді мәртебесін алатын уақыт әлдеқашан жеткен. Бірақ біз бұл мәселеде кешеуілдеп келеміз. Әрине, туған өлкесінде ақынға деген құрмет зор. Еңселі ескерткіш орнатылып, атына көше, мектеп секілді нысандар берілген. Арнау­лы әдеби шаралар да өткізіліп тұрады. Бірақ оның оқығанда адамның ұйқысын қашырып, «мазасын кетірер» мағынасы терең маржан жырларын жаппай оқып, жан рақатын табудың орны бір бөлек деп ойлаймыз. Мұны жас буынға дарытуда барша деңгейдегі білім ошақтары ескерсе игі. Оны түсініп оқу кім түкке тұрмас нәрсесін «шабыттана» оқып, шақар мінез танытса, соны мықты ақын деп санайтын жұртымыздың талғамын түзеуге септігін тигізер еді.
Ендеше ағиық ақын Жұмекен әлемін дақпырт деңгейінде ғана қабылдап қоймай, дана ойларынан күнделікті нәр тартқан намысты жұрт болайықта, аға­йын. Ол бір дара шумағында:
«Бір күрсінген шағымды көтерер ең ой етіп,
Бір жымиған шағымды өткізер ең той етіп,
Қияр едің бәр-бәрін жалғыз сөзім үшін сен,
О, дариға-ай, мен жазған жалғыз сөзді түсінсең, –
деген еді. Артына дария мұра қалдырған дана ақынды «жалғыз сөзін түсінуге» дәркер етпесек екен. Өйткені «менің үшін күреседі өлеңім» деп кеткен шайыр шығармашылығын әспеттеуде оқырманның да күресетін уақыты баяғыда жеткен.

Абзал БӨКЕН,
ақын, халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір