КИІК кімдер үшін «КҮЙІККЕ» АЙНАЛДЫ?..
24.07.2023
357
0

«Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім,
Өзге аңға жануарды тең көрмедім.
Көздері мөлдіреген ақбөкенді
Адамның баласынан кем көрмедім…

…Бота көз сахарада қына терген,
Кім екен жапан түзде сені көрген?
Аяныш сезімі жоқ бір қазақ-ау,
Дәл көздеп жүрегіңе атқан мерген…»

   Ен даланы еркін жайлаған сұлу бөкен адам баласының есепсіз аулауының нәтижесінде азайып, жойылуға айналғанда Алаш қайраткері, ақын Сәкен Сейфуллин ғасыр бұрын осылай жырлаған еді.
Ерте заманнан бұл киелі жануар талай аңызға, сан қилы туындыларға арқау болып келеді. Сонау жыраулар поэзиясынан бастап, Ықылас Дүкенұлының «Жез киік» күйі, халық арасына кең таралған «Шұбар киік» күйі түз тағысының қасиетіне сүйсінуден туған.
Белгілі ақын Кәкімбек Салықовтың:
«Сұлуды адам жаны қимайды екен,
Беймезгіл еске түсіп қинайды екен.
Жезкиік, сені аңсаған кездерімде
Бір өзім кең далаға сыймай кетем…» – деп тебірене толғанған өлең жолдары да Жақсыкелді Сейіловтің сазымен әсерлі әнге айналды.
Қазақ ежелден сұлу бойжеткенді «киіктің лағындай» деп сипаттаса, оның жанарын құралайдың көзіне теңеген. Халқымыз үшін бағзы кезден қастерлі саналатын киік бірнеше жылдан бері ел ішінде «аңды атпаса болмайды» деген пікір тудырып жүргені жасырын емес. «Бұған басты себеп оның санының артқандығында», – дейді киікке шүйлігіп отырғандар. Осыған қатысты журналист Нұрбек Бекбау фейсбук желісіндегі парақшасында:
«Киіктерді ату керек…» – деп жазғыштар көбейіп кетті. Айтар уәжі: Фермерлердің егістігін жеп, жайпап-таптап жатыр. Солай ма? Тарқатайық, – дей келе бұл уәжге қарсы бірнеше критериін келтірген. – 1) Бөкендер кез-келген шөпті жей бермейді. Ақселеу, құрақ, жусан, ши сияқты 81 өсімдікті ғана талғажау ететінін ғалымдар анықтаған. Әбден пестицид-гербицидке шомылған «бидай-арпаны жеп, жайпап кетті», – деген сөз сәл өтіріктеу енді. Иә, егістікті таптауы мүмкін. Бірақ…
2) Миллион гектарлап егін ектің екен, қарауыл қойсаңшы.
Киіктер күніге жосыла бермейді. Аптасына бір маңнан 1-2 рет қана өтеді. СССР кезінде егістік даласын киіктерден қорғайтын арнайы топ болушы еді. 5 жігітке қытай мотоциклін әпер, киіктер жүріп өтетін уақытта алқапты торуылдасын. Ауылда жұмыссыз жүрген 5 еркекті, олардың қолына қарап отырған 5 отбасын бір жарылқап қояр едік.
3) «Ойбай, егінімді таптап кетті», – деп шу шығарғандардың алқабына арнайы комиссия барып, тексеруі керек. Ақтөбедегі Охотзоопромда істейтін Болатбек ағам: «Егінімді киіктер жайпап кетті», – деп байбалам салған Егор деген фермердің жеріне бардық. Иә, бөкендердің ізі бар. Бірақ жапырылып қалған дәнеме жоқ. Ауылға су құбырын тартып, траншеяны жаппай кетіпті. Содан киіктер әлгі ордан өте алмай, егістік алқабына кеп, тіреліп қалған ғой. Анау траншеяны жаптырған соң, түнде киіктер далаға қарай өтіп кетті», – дейді.
Ең қызығы, әлгі шаруа: «Егістігін сайғақтар қиратып кетті», – деп акт жазып бер. Үкіметтен компенсация алуым керек, – деп қарап тұр дейді. Көкем: «Қираған, бүлінген түк жоқ. Неге өтірік акт жазуым керек» – деп ұрсып бердім деп еді. Көбінде, «киік таптап кетті, жеп кетті» деген шу-даудың артында өтірік компенсация өндіріп алу жатады екен.
Бұрын, заң әлсіздеу кезде, кейбір фермерлер егістікке жақын келген киікті атып, мүйізін саудалап отыра беретін. Енді заң-закон қатал. Ата алмайды. Бірақ 1 келі мүйіз 250 мың теңге, қайсібіреулердің тәбетін қыттықтап отыр ғой, – деген журналст: «мамандар: «Қай өңірде киіктердің саны молайды, сол мекендерде дала өрті сап тыйылды, – дейді. Ал бөкендер жойылып кеткен жылдары, қырдағы қанша ауылдың жігіттері өрт сөндірем деп өртеніп кеткенін білесіз бе? Айтыла бермейді ғой. Сосын, бөкен бар жерде саранча-шегіртке қаптамайды! Қызық құбылыс…» – деп қорытындылаған ойын. Жазба астындағы желі қолданушыларының пікірі де қақ жарылған. Шаруалардың қамын ойлап, «аңның санын қалай болғанда да азайту керек», – дегендер де, дала тағысының ешбір тіршілік иесіне залалы жоқ екенін алға тартып, оның кепиеті мен қасиетіне дәйек жазғандар да бар.
Өткен жылы да киік дауы өршіп тұрғанда тәуелсіз журналист Нұрлыбек Рахманов: «Киіктің қандай мәселелері ескерілмей келеді? Біріншіден, киіктің ішетін суы – ең басты проблема. Ресми органдар «су көздері табылмай тұр» деген уәж айтады. Киік төлдейтін аумақтағы ауылдарда тұщы су көздері бар. Жасанды суат мәселесі киікті көбейтпес бұрын шешілуге тиіс еді. Фермерлердің барлығы өзен-көлдердің, жасанды бассейн мен каналдардың маңын мекендеген. Су іздеген киіктер амалсыздан сол суаттарға барады. «Жерімді таптады» деген мәселе ең алдымен осыдан шығуда.
Екіншіден, киіктің ареалын фермерлер тарылтуда. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, БҚО-да соңғы 15 жылда ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер 3 есе ұлғайған. Ал 2007-2015 жылдар аралығында БҚО-дағы киіктің өрісі 5 есе қысқарды. Киік қорғау аймағындағы жерлердің оңды-солды таратылып кеткенінен министрлік те, тіпті облыс басшылығы да хабарсыз. Ал ол жерлерді үлестіріп тастаған аудан әкімдіктері фермерлердің жағына шығып, барлық мәселені киік туғызғандай қылып жеткізуге тырысуда.
Үшіншіден, киікке қатысты ғылыми зерттеу жүргізіліп жатқан жоқ. Оларды миллионға жеткізіп, ал ветеринариялық қадағалау жасамау – бұл жұмыстағы үлкен кемшілік. Үнемі киікпен айналысатын ветеринар мамандарды штатқа алу қажет. Қандай да бір ауру ошағы табылса, бірден әрекетке көшу үшін. Себебі ареалы тарылған киік өте тығыз жүргесін араларында жұқпалы аурулар тез тарайды. Қауіпті індет тараса, бір күнде бәрінен айырылып қалуымыз мүмкін», – деп үлкен мәселені көтеріп еді. Яғни киіктер шаруалардың меншігіне емес, шаруалар киіктердің меншігіне ортақтасып жүргенін, жер телімдері табиғат заңдылығына қарсы үлестірілгенін үкімет ескеруге тиіс.
Жалпы, мамандардың зерттеуінше, әлемдегі киіктердің 90 пайыздан астамы қазақ даласын мекен етеді. Динозаврлар мен мамонттар жер жайлаған кезден бері миллиондаған жылдарды артқа тастап, бүгінге жеткен ақбөкендер сол дәуірлерден-ақ жер жүзінің қазақ тұрақтаған аймақтарында өмір сүргені расында таңданарлық жайт. «Осы жылы жүргізілген әуе санағы деректеріне сәйкес, киіктердің үш популяция саны биыл 597 мың басқа, 45,3 %-ға артты», – дейді мамандар. Олардың ішіндегі ең көп Орал популяциясы — 1,13 миллионға, Бетпақдала популяциясы – 745 300 басқа, Үстірт популяциясы – 39 700 басқа жеткен. Яғни Қазақстанда киік саны 1,9 миллионнан асқан.
Осынау қасиетті дала тағысының өзіне тән ерекшеліктері де көпті тамсандырмай қоймайды. Мамыр айының екінші жартысынан бастап соғатын суық желді халқымыз «Құралайдың салқыны» деп атаған. Тосыннан басталатын ызғарлы суық дәл осы киіктер төлдеп, құралайдың кіндігі түсетін уақытқа сәйкес келеді. Қазақтың сырлы ақыны Сырбай Мәулен бұл тылсым кезеңді:
«Түсті шықтар шөптерге,
Соғады әр жыл көктемде –
Құралайдың салқыны.
Баяғы сол тәртібі –
Келеді жел арқылы,
Лағы боп киіктің
Құралайдың салқыны», – деп дәл сипаттаған.
Бұл аңның естілігі сондай, төлдейтін шақта алдын-ала шыбын-шіркей жоламайтын, үзіліссіз жел есіп тұратын беткейді таңдайды екен. Тіпті аналық киік төлдер кезде желге қарсы жүгіріп, төлдеу қабілетін арт­тыратын көрінеді. Осындай ауа райына орай, ақбөкен дүниеге әкелген шаранасын жаламай, лағын бірден жаңбыр суының астына тосып, өзі де жаңбыр суына тазарып, шарананы желдің өзі кептіреді. Әрі дала киесі төлдейтін мезгілде етке құмар жыртқыш аңдардың да тәбеті қашады деседі білетіндер. Тағы бір қызығы, осы шақта дала төсінде түйетабан өсімдігі өсіп шығады. Оның жасылдау қызғылт реңді үлкен жапырақтары жаңа туған лақты қыран көзінен тасалайды. Көзін жаңа ашқан құралай жарты сағаттан соң аяқтанса, екі-үш күнде желдей ескен жүйрікке айналып шығады. Бұл уақытта дала жыртқышы қасқыр да әуелгі қалпына оралады. Ұрғашы киіктердің іштегі төлінің ұрғашы немесе еркек болып туылуын өздері реттейтіні де дәлелденген. Егер табын ішінде текелері азайып бара жатса, сол жылы кілең еркек лақтарды өмірге әкелетін, өз өсімін өзі бақылайтын жер бетіндегі жалғыз жануар да осы киік. Табиғат­тың өзі қорған болып, өсімін реттеп, «қанатының астына алып» отырған сайын даланың сұлуын қазақ баласы қалай азайтпақ? Киіктің көбейгеніне күйініп отырғандардың мақсаты не? Қайткенде де, дала еркесіне қатысты мәселе оның санын азайту арқылы емес, басқа тетіктер арқылы дұрыс шешімін тапқаны абзал.

Мөлдір
РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір