«СЫРДАН ҰШҚАН ҚАРЛЫҒАШ» ЖЫР ЖИНАҒЫ ТУРАЛЫ
26.08.2025
302
2

 

Қазақ­стан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі BR27101897 «Қазақ­стан әдебиет­тануы, фольклортануы және өнертануы экожүйесінің цифрлық трансформациясы: пәнаралық зерт­теулер» нысаналы бағдарламасының «Әдеби өлкетану» тақырыбын зерт­теу мақсатымен Сыр бойындағы бірсыпыра қаламгерлердің шығармашылығы зерт­теу нысанымызға айналды. Солардың бірі – ақын Қатира Жәленова.

            Ақынның «Сырдан ұшқан қарлығаш» жыр жинағына әр жылдарда жарық көрген кітаптарынан алынған таңдаулы өлеңдері мен тәуелсіздік тұсында жазылған жаңа туындылары, естелік-әңгімелері топтастырылған. Кітап мазмұнын «Жарық дүние, сырыңа қанып келем», «Апта айларға, айлар жылға жалғасып», «Естеліктер – өткен күн елестері» деген үш бөлім қамтиды. Алғашқы екі бөлімге поэзиялық туындылар, үшінші бөлімге естелік-эсселер мен сұхбат­тар жинақталған.
         «Жарық дүние, сырыңа қанып келем, Бірге жасап өзіңмен, халықпенен» деп ақынның өзі айт­қандай, ақын қашан да халықпен бірге жасайды. Қоғамда болып жатқан құбылыстар, ел өміріндегі айшықты оқиғалар, кез­дейсоқ қасірет­тер – бәрі де сыршыл ақынды бей-жай қалдырмайды. Сондықтан да ол «Ақын», «Тәт­ті өлең», «Жарық дүние», «Тіршілік үшін жаралдым!» өлеңдерінде ақын болып жаралғанын мақтан ет­ті, «Уәлі сөзге тоқтаған, Қорықпаған ноқтадан. Кем-кетігін түгендеп, Жұрт­тың жоғын жоқтаған», «Бірге жасап өзіңмен, халықпенен», «Қайырымы мол жандарға сыйлар ем әкеп нұр бақыт», «Көтеріп келем иықпен Ғасырдың ауыр салмағын», – деп өзі айт­қандай, халықпен бірге жасап, елдің мұң-шерін, қуаныш-шат­тығын қатар жырға қосты. Қиналғанға сөзімен демеу болды, көптің қуанышына шат­танып марқайды.
        Өзге ақындар тәрізді Қ.Жәленованың шығармашылығынан үлкен орын алатын – туған жер туралы жырлар. «Сексеуілді, Жыңғылды, Жота құмдардың» арасында өскен ақын үшін балалығы өткен жер қашан да ыстық, қашан да қымбат бағалы. «Балалық шағым – балғыным» шоғырлы өлеңдеріне құм ішінде томпаңдай жүгірген лирикалық кейіпкердің балалық шағына деген сағыныштары жинақталған. «Сырдария», «Сырдың әні», «Қызыл қайың», «Ақмаяға оралу» жырларында туған жерге деген сағынышпен бірге өткен мен бүгінді салыстыру бар. Тіршілігі қайнап жататын ауылдың ертеректегі көрінісі мынадай болатын:
Ол кез­дері басқа еді-ау,
Басқа бәрі…
Құмнан есіп тірліктің асқақ әні,
Бауырында дөңгелеп шағын ауыл,
Бақша салып жататын жас та, кәрі…

Мейірлене қабағын таң ашатын,
Таң нұрымен төгіліп тамаша күн,
Ақ әжелер қақ тіліп, төстік жасап,
Тентектері «тәт­тіге» таласатын.
        Ертеректе ойынға қанбайтын ауылдың бар баласы кешке қарай «Құм төбеде асыр сап ойнайтын» шұрайлы құт-мекеннің қазіргі күйі мүлде бөлек. Бүгінде аңқасы кеуіп жатқан шөл далада тіршілік жоқ. Туған жердің өткені мен бүгінін салыстырған ақын оның болашағынан мол үміт күтеді. Ақын шығармаларынан лирикалық кейіпкердің өсу кезеңін көруге болады. Ойынға тоймай, жал-жал құмдарды кешіп жүретін кішкентай қыз араға уақыт салып мектеп қабырғасынан білім алды. «Алғашқы мұғалім» өлеңінде алғаш мектеп табалдырығын атқағанда білім берген ұстазына алғыс білдірсе, Жағыпар Зермұхамедовке арнаған «Ұстаз» өлеңінде шәкіртінің болашағынан мол үміт күткен ұстазы өзінің ширек ғасыр сақтаған шығармасын қолына ұстатқанда, «Балалық күннің белгісі Дәптерді көріп жыладым» дейді. «Сізді көріп жанарға жас іріксем, Балалық шақтарымды сағынғаным…» деп, ұстазының алдында ақталған лирикалық кейіпкер ұстаздарына деген алғысын өлең жолдарына сыйғызды:
Бұл күндері толассыз ағын жаным,
Барым менің халқыма
Жаным да, арым.
Аяулы ұстаз,
Өзіңе жыр арнасам,
Шәкірт­тік күндерімді сағынғаным…
         Балалық шағы өткен туған ауыл кім-кімге де ыстық. Адамның жасы ұлғайғанмен, алыстан аңсап келгенде туған жері естеліктерді еске түсіретіні белгілі. Лирикалық кейіпкердің «Ақмаяда» қалдырған ақ бантигін іздеуі де орынды. Ақын шығармаларынан оның қалыптасу, өсіп толығу кезеңдерін көретін болсақ, «Жет­тің, апа…» туған жерден жырақта білім алып жүргенінен, «Жастықпен сырласу» жігерге толы жастық шақпен кезігеміз. «Курстастар, қайдасыңдар?» «Қайта қауышу» өлеңдеріне қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің қырық жылдан ке­йін кез­дескен түлектерінің бір-біріне деген сағынышы жинақталған.
          Қазақ поэзиясынан үлекен орын алатын жанрдың бірі – арнау. «Кеше мен бүгін» деген Тәуелсіздікке арнауында кеңестік дәуір тұсында Отанға миллиард пұт астық өткізген, Ресейге бодан болған қазақтың жағдайы адам шошырлық еді. Оны ақын «Астықты асырып басқаға, Арпаны жедік нан ғой деп» сурет­тейді. Егемендік алған соң, сан ғасырлық мұрамызға ие болуымыз, ел экономикасының күн санап көтерілуі, халықтың әл-ауқаты түзелуі – көңілге медет. Егемен елді алаңдататын мәселенің бірі – ана тілі. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған «Туған тілім» өлеңінде тілдің құдіретін ұғындырып, ана тілдің туы жығылмауын талап етеді.
            Арнаулардың ішінде шоқтығы биігі халық жазушысы, ақиық абыз ақын Әбділда Тәжібаевқа арналған «Күн – жүрек» поэмасы. Ақын ағамен сырласқан лирикалық кейіпкер әкеден ерте жетім қалғанына, анасының екі қызбен жесір қалғанына жүрегі сыздай отырып, іштегі мұң-шерін шығарады. Қазақта «Әкеңнің өзі өлсе де, көзін көрген өлмесін» деген аталы сөз бар. Әкесі өмірден ерте өткенмен оның қатарлас досы Әбділданы көңіліне медет тұтады. Әке рухы қызын досына табыстаса, ақын аға жүректің жарасын өлең емдеп жазатынын, «Басыңа, – деп – орнауы кәміл ақ күн» ескерте отырып, жүрегіне үлкен «сенім» ұялатады. Ол қиналған, жалғызсыраған, өмірден түңілген сәт­терінде ақын ағасының осы сөздерін еске алып, бойын тіктейді.
Бұл қатар «Анашым», молдава ақыны Виктория Томузға «Хатқа жауап», әнші Т.Ізтілеуовке «Риза бол, баба!», М.Ерәлиева­ға «Ақбаянды» аңсау», академик, жазушы З.Қабдоловқа «Менің Қабдоловым», ақын Қ.Мырзалиевке «Қазақ осы», ақын Ф.Оңғарсыноваға «Алаштың Фаризасы», ақын Ж.Дәрібаеваға «Біз екеуміз», Күләш пен Қайырбекке «Жыр – шынарлары» ағалары Өтеген мен Аманкелдіге «Ағаларым», Т.Оразбаеваға «Ортамызға орал», А.Божановаға «Еңлікгүлі – Алмагүл», Қызылорда қаласы әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлына «Жаңашыл әкім», Қ.Пірімовке «Талайлы тағдыр», Х.Әбдіхалықоваға «Досыма» және «Жан досым», «Ескі досқа» сияқты арнауларымен толықты. Арнауға әдебиет­танушы ғалымдар «Арнау сөз — әдеби шығарманың ішінде стиль­дік тәсіл ретінде кез­десетін авторлық арнау сөз кейіпкерге, оқырманға, табиғат құбылысына, әйтеуір, қандай да жанды, жансыз нәрселерге қарай айтылады» деген анықтама берсе, ақынның арнаулары аға буын өкілдері мен замандастарына, туған-туыстары мен құрбыларына қаратыла арналған. Ақын өзі үлгі тұтқан жандармен сырласады, олардың өмірі мен шығармашылығындағы жетістігін мақтан етеді. Жүрегіне жақын адамдарына, табиғат құбылыстарына жылы сөз арнау – халық әдебиетінен келе жатқан көне жанр.
         «Жаңбырлы күні», «Жаз өт­ті», «Жапырақпен сырласу», «Күз», «Құстар әні», «Желтоқсан айында», «Мамыр айында», «Көгілдір жыр», «Көктем келеді», «Құмдағы жазулар», «Су жыры», «Ақша қар», «Мейірім», «Табиғат дауысы» тәрізді табиғат лирикаларында табиғат құбылыстары мен жыл мезгілдерінің ерекшелігіне тоқтала отырып, олармен сырласады. Жансызға жан бітіре кейіптеу Абай поэзиясынан келе жатқан дәстүр болса, ақын ұлт­тық поэзиядағы осы дәстүрді төмендегіше жалғастырады:
Демімен үрлеп,
Сыпырып жаздың іздерін.
Шаршауды білмей,
Күйбеңдеп жатыр күз-келін…
         Ақын шығармаларының географиясы кеңіп, Қазақ­станмен бірге алыс-жақын шетелдердегі сапарларынан туған жырлар да жетерлік. Солардың қатарында «Көлсай», «Таутүрген» әсерлері», «Әулие бұлақ» өлеңдерімен бірге шетел сапарларынан туған жырларды атауға болады. Аралға кеп құятын Сыр мен Әму сияқты туысқан, бауыр қарақалпақ елі туралы «Қарақалпақ елінде», Гүлстан Шамұратоваға арналған «Қарақалпақ қызына» жырларын ерекше атауға болады. «Ортақ бізге Шертетін ән-жырымыз, Ортақ бізге Шат­тығымыз, мұңымыз» дейтін ақын қос өзеннің толқыны тәрізді қандастарымызға бар жылы сөзін арнайды. Қырғыздың «Гүлдесте» вокалды ансамбліне арналған «Алтыбақан басында» қомуз бенен домбыраның үні секілді қазақ пен қырғыз жүрегі бірге соғатындығынан екі ел арасындағы достықты көруге болады.
Адам бар жерде қуаныш пен қайғы, шат­тық пен қасірет қатар жүретіні белгілі. Ақын жырларынан шат­тықпен бірге ел өміріндегі орны толмас қаралы оқиғалар да орын алған. Атап айтатын болсақ, «Қаралы қоңыраулар» өлеңіне Белоруссияның Хатынь деревнясындағы 1943 жылдың 22 наурызындағы қасірет негіз болған. Фашист жендет­тері 26 үйдің жергілікті тұрғындарын тірідей өртеген. Хатынь – Белоруссиядағы өрт құрбандарына айналған 296 деревняға қойылған қаралы ескерткіш. Ақын фашизмге деген қарғыс пен нала, кек пен өшпенділікті жеріне жеткізе жырлады. Тіршілік нәрі тоқтаған бұл деревня – арада сексен жылдан аса уақыт өтсе де фашизмге лағнет айтып тұрған мекен.
Зарлы үніне құлақ сап,
Көңіл аудар,
Қарғыс айтып соғысқа өмір аулар,
Әрбір үйдің сорайған мұржасында
Күңіреніп тұрады қоңыраулар,
Қаралы қоңыраулар!
Жаралы қоңыраулар!
          Ұзаққа созылған соғыс кеңестер одағының құрамындағы 15 республикаға үлкен сынақ болды. Бұл соғыс қазақ баласына да, қазақ даласына да өзінің зіл батпандай қасіретін салды. Б.Момышұлының сөзімен айт­қанда, қазақта «Соғыс өрті шалмаған шаңырақ қалған жоқ». Соғыстың зардабын үш буын өкілдері тарт­ты, мыңдаған, миллиондаған жас өркен із-түзсіз жоғалып, қазақ шежіресінде есімдер атаусыз қалды. Жеңіс соғыстан титықтаған елге үлкен медет, күш-жігер сыйлады. Сондықтан да кез келген қаламгердің шығармасынан Ұлы Жеңіс үлкен орын алды. Ақын «Жеңіс» өлеңінде «Бейбіт күннің есігін ашқалы біз, Мамыражай, тұп-тұнық аспанымыз. Болашағын қорғайтын Ұлы Отанның, Келеді өсіп жасампаз жастарымыз» деп бейбіт елдің қамбасы астыққа толғанымен, ел экономикасы еңсесін көтергенімен шат­танды. Соғыс жылдары Батыстан жер аударылып келген ұлыстар Қазақ­станды мекендеп қалып, бүгінде бірлік пен достықтың арқасында тату-тәт­ті өмір кешуде.
         Украина сапарынан туған «Львовта туған ой» өлеңінде украин елінің қонақжайлылығымен бірге бүгінгі сәулет­ті көрінісі көз тартады. Талай кезеңді басынан өткерген Львовтың бүгінгі көрінісі ертегіге бергісіз екенін ақын шабыт­тана жырға қосты. Екінші дүниежүзілік соғыстан есін жиып, бейбіт өмір сүріп отырған елге бүгінгі таңда Ресейдің соғыс ашып, ел тыныштығын бұзуы өкінішті.
«Алматыдан оралдым Ақмешітке» өлеңінде ел үлкен қалаларға ағылып жатқанда, лирикалық кейіпкердің туған жеріне жеткен қуанышына кезігеміз. «Алматыда ұзақ жыл ғұмыр кештім, Ақын болып қаламы қалыптасқан» дейтін лирикалық кейіпкер жасы ұлғайған шағында 1993 жылы «Туған жер – қазығына» ат басын тірейді. Еліміз тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдары бір формациядан екінші формацияға көшу мемлекет үшін де, жекелеген азамат­тар үшін де оңай болған жоқ. Ел экономикасының құлдырауынан руханият тасада қалды. «Көшкен жұрт­та қалып қойған Алтын сақа секілдімін…» дейтін жолдар сол бір ауыр кез­дерді еске салады. Бұл ой «Мынау заман» өлеңінде жалғасын тапты:
Мұнар, мұнар, мұнар заман,
Жұрт баюға құмар заман.
Пұл болмаса қадірің жоқ,
Болды осыны ұғар заман.
          Ана – жүрек кім-кімге де ақ тілеумен қарап, жас өркеннің өмірден өз жолын табуын қалайды. «Жас түлектерге» өлеңіндегі «Қарлығаштарым, ауылдан алыстап кетпей, Туған жер мұнарасына ұя салыңдар!» деген тілегі ХХІ ғасырда жастардың шетелге көптеп кетіп жатқанын есімізге салады. Туған жерін құт-мекенге балаған лирикалық кейіпкер, жастардың бойына патриот­тық сезім орнатуды жөн санайды. Алайда «Бүгінгінің Әйгерімі, Тоғжаны» өлеңінде жастарға деген ренішін жасыра алмайды. Құндылықтар ауысқан ХХІ ғасырда М.Әуезов сипат­таған Әйгерім мен Тоғжандай сұлуларды іздеп таппайтынына күйінеді. Нәзік жандылардың отбасын асырау үшін ала дорба арқалап, базар жағалауы – бүгінгі біздің қоғамның көрінісі. Сан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлт­тық тәрбиеден айырылған жастардың іс-әрекеті жасы ұлғайған, өмірдің ащысы мен тұщысын көрген аға буын өкілдеріне ой салары анық. Өмірден өз орнын таппай адасқан жастарды көрген ақын жүрек:
Қалталыдан
Жол торыған,
Жолбикелер жосылып жүр.
Адамнан да,
Заманнан да,
Жаным менің шошынып жүр, – деп бұлқынады.
            «Өнер өлсе» өлеңінде Жасағаннан халқына құт-береке, қаламының ғұмырлы болуын сұрайтын ақын-жүрек «Сәби өлең өлмесе екен» деп тілейді. Бүгінгі таңда өнердің қалтарыста қалғаны жасырын емес. Қаламымен нан тауып жеу мүмкін болмаса да, іштегі шерін, халықтың мұңын жеткізер қаламының ғұмырлы болуын тілейтін ақын жырларында өнердің болашағына деген сенім бар. Жүрсін Ерманның «Өлеңнің өрті ішіне түскендерге Кедейшілік Қасымнан мұра қалған» деген сөзін эпиграф етіп алған «Шындық осы» өлеңі де бүгінгі күнімізден сыр шертеді. «Ақындықтың салмағы мың бір батпан, Басымызға бақ болып қонғанымен» дей келіп, бүгінгі таңдағы айтыскер ақындар мен жазба ақындардың тіршілігін салыстыра сурет­тейді. Айтыскер ақындар бір айтыста көлік мініп, бірнеше көлікке ие болса, жазба ақындардың жағдайы мүлде басқа. Олар Қасым ақынның күйін кешіп «Тапшылық алдыңды орап, Жаналқымнан алғалы тұрар дәйім» деп ақын жырлағандай күйде жүретіні белгілі. Жаратқан ием «Балы мен уын үлестіргенде, Уынан молдау асатқан» лирикалық кейіпкердің қиналған сәт­терде өмірді тәрк етуге де­йін баратыны өкінішті.
        «Мойындау», «Торығу», «Жалған өмір» өлеңдерінде философиялық ойларға жетелеп, оқырманға өмір мен өлім туралы ой тастайды. Лирикалық кейіпкер өмірдің қиыншылықтарынан шаршап, тығырыққа тірелген сәт­терде «Қауыштырып жұртыммен мәңгілікке, Болашаққа мені алып барармысың?» деп өлеңді жұбаныш етеді.
         Кез келген ақынның шығармаларынан үлкен орын алатын махаббат лирикалары Қ.Жәленова поэзиясынан да мол орын алған. Ақын ұлт болашағына жауапты қазақ қыздарына көп жыр арнады. «Қыздар», «Қыздарға тілек», «Гүл-қыздар», «Үйлену тойында», «Куәгер сөзі» қыздарға арналса, ақын О.Сарбасовтың «Наз» өлеңіне жауап ретінде жазылған «О дүниеден хат­та» махаббат­тың тек қуаныштан тұрмайтынынан хабардар боламыз. Бір-бірін сүйіп тұрып, қосыла алмаған ғашықтардың махаббаты Естай мен Қорланды еске салады. «Аманат» лирикалық балладасы мен «Сенің әнің», «Сағындым», «Қыз монологі», «Айтшы, өзің?!» «Жанарың сенің», «Жолың ашық», «Өткен оралмайды», «Қасымда жоқсың», «Аңсаған менің әнімсің», «Құрбыға сыр», «Кез­дескенде», «Күт­тім сені», «Сен болмасаң», «Табындырмадың…» «Қандай жансың?», «Несіне келдің?», «Махаббатым менің», «Бақыт деген», «Өмірде жақсылық көп!», «Сезім гүлі», «Аппақ гүлдер», «Шақыр мені!», «Сені күт­тім», «Мен сенің бақытыңмын», «Белгісіз жол», «Белгісіз жол», «Сүйесің», «Бұрынғыдай болмайды», «Біз әлі кез­десеміз», «Шығыс сазы», «Соңғы сөз» жырлары қазақ поэзиясындағы махаббат лирикасын толықтырады. Махаббат туралы сөз болғанда бірін-бірі сүйген екі жастың қол ұстасып жүрген бақыт­ты шақтары көз алдымызға келеді. Бірақ бірін-бірі сүйіп тұрып сезім күйлерін жеткізе алмау, өмір бойы бірін-бірі іздеп өту, не болмаса опасыздық сияқтылардың барлығы да осы махаббат­тың төңірегінде жүріп жататыны жасырын емес. Ақынның махаббат лирикасына екі адамның арасындағы күйініш-сүйініш сезімдерімен бірге, үміт, реніш, кешіру, сағыну, іздеу, күту, таппау, адасу тәрізді сезім күйлері арқау болған. Сондықтан да ақын махаббат­ты:
Жә, жет­ті енді!..
Жыламаймын,
Күлмеймін…
Жұлдызы жоқ
Қап-қараңғы түндеймін.
Сынып түскен
Көңілімнің әйнегін,
Қалай ғана құрастырам?
Білмеймін… – деп жырлайды.
        Ақын сынған әйнектің құрастырылмайтынын оқырманның көз алдына елестету арқылы махаббат­тың да күл паршасы шығатынынан хабар береді. Осындай бейнелі образдар мен көргемдегіш құралдар ақын лирикасында көптеп кез­деседі. «Жанымның жалап жарасын», «Қоламтадай Бықсыған күйім мынау», «Енжарлықтың шекпенін шешіп алып, Бауырымды жазайын көсіле анық» деп образды сөйлейтін ақын жырларында дерексіз зат­ты деректі затқа теңеу, жансызға жан бітіре кейіптеу көптеп кез­деседі. Оны «Сағынышымның моншағын тізбектеген», «Сезім сөлін сіңіріп тамыр жайған Жемісін мол береді енді өлеңім», «Дарияңдай тасып тұрып көңілім», Өмір – өзен. Ілесіп қат­ты ағысқа, Арман – құсым Қанатын қақты алысқа», «Сағынышымның жаңбыры Жиілеп, жанға салды мұң» деген тіркестерден көрсек, «Өмір – өзен», «Ажал – бейне оқ», «Тажал – тағдыр», «Өлең – өнер», «Өлең – бақ» теңеулері – аз сөзге көп мағына сыйғызудың үлгісі.
           «Бесік сату», «Тұсау кесер» – құндылықтарымызды арқау еткен ұлт­тық бояуы қалың өлеңдер болса, жасы ұлғайған шағында туған өлеңдерде қоғам, ел туралы философиялық ой басым. Бірде «Қартайсақ екен әдемі» деп замандастарына ой салса, енді бірде өмір туралы ой түйеді. «Пойызда туған ой» – біздің қоғамның шындығынан туған жыр. Қалт-құлт етіп вагон жағалаған жанарсыз адамның мұңы мен өмірден көрген теперіші қайғы-шерге толы гармон үніне сыйып тұр. Іштегі шерін саудалап, күнкөріс болар тиын-тебенін тауып, қалт-құлт етіп жүрген жан – біздің замандасымыз. Ел өміріндегі айтулы оқиғалардың барлығы да ақын жырларынан орын алған. Соның негізгісі – Тәуелсіздік.
         Қорыта айт­қанда, ақын поэзиясынан Сыр бойындағы «Сексеуілді, Жыңғылды, Жота құмдардың» арасындағы Ақмаяда туып өскен қыздың шығармашылығынан оның туу, қалыптасу, өсу жолдарын көреміз. Есін білмей жатып әкесінен айырылған екі қызын бауырына басқан анасының иығындағы ауыр жүгін көтерісем деп Алматыдағы Қазақ ұлт­тық университетінде білім алды. Әкесінің көзін көрген ақын Ә.Тәжібаевтың ақ батасымен поэзия әлеміне қадам басты. Содан бергі өмірінде ұлт­тық поэзияға үлес қосып, қазақ поэзиясында қалыптасқан туған жер, табиғат, махаббат лирикаларын байыт­ты. Сөз киесі қонған ақын поэзиясындағы бірсыпыра лирикаларында өмір мен өлім туралы филоосфиялық ойлар айшықталды. Бар ғұмырын қазақ поэзиясына арнаған ақын қыз өз замандастары тәрізді екі қоғамдық формацияны басынан өткізіп, талай ауыр күндерге куә болды. Ел экономикасы құлдырған тоқсаныншы жылдардағы руханият­тағы ауыртпалық ақын шығармаларынан да көрініс тапты. Егемендіктің алғашқы жылдарындағы қиын кез­дерді басынан өткере жүріп, жанына демеу, серік болған поэзияны бір сәт тастамады. Халқы шат­танса бірге шат­танып, бар жылы сөзімен демеу болған ақын қыз өз еңбегімен жетілді, өсті. «Қайырымы мол жандарға Сыйлар ем әкеп нұр бақыт» деп күллі оқырманға бақыт сыйлай жүріп, қазақ поэзиясынан үлкен орынды иеленді. Бүгінде ұлт­тық поэзияның алтын діңгегіне «Сырдан ұшқан қарлығаш – Қатира Жәленова» есімі мәңгілікке жазылды.

Гүлжаһан ОРДА,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институтының бас ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының докторы

 

ПІКІРЛЕР2
Аноним 27.08.2025 | 18:31

Керемет!Гулжахан Ордамен бирге М.Аеузов ат.Адебиет жане онер институтнда жумыс жасадым!Оте тарбиели окыганы мол коргенди деп толык айта аламын!Биздин Шиелиден швккан Катира апай туралы адеми жазыпты!Коп рахмет!Аман болыныздар!Саттилик!Дана Ансарикызы Алматыдан

Аноним 29.08.2025 | 13:17

Сырдың қарлығашы біщдің де-ФИЛОЛОГ-1973 тің ҚАРЛЫҒАШЫ,біздің де мақтанышымыз!Қанатың талмасын биіктерге самғай бер!Құтты болсын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір