ҚАРАТАЛДАН ҚАНАТ ҚАҚҚАН ҚАРЛЫҒАШ
28.04.2023
389
0

Өткен жылғы сәуір айының осы күндері аспан бұлттанып, әлдененің хабаршысындай, қылаулап қар жауып тұрды. Екінті еңкейе бере: «Бағдат Есдәулетова қайтыс бопты!» деген суық хабарды естіп, төбемізден жай түскендей болдық. Елдегі азаматтармен хабарласып, көңіл айта барсақ, ойдағы-қырдағы біраз туыс-туған, жақын-жегжаттар жиналып қалған екен. Алматыдан Ұлықбек ағам кепті. Сырт көзге қандай сабырлы, сабаз көрінгенімен бізді көріп, көңілі босап кетті. Өз-өзін ұстай алмай, көз жасына ерік берді…

Ерік бермей қайтсін, бір әке, бір шешеден туған, көздің ақ пен қарасы еді ғой екеуі. Ес білгелі ес көріп, құлдыраң қағып соңынан ергенде, қолындағы тәтті-дәмдісін ұсынған, сүрінсе қолтығынан демеген қамқор да, мейірімді әпкесі емес пе еді?!

Нұр жауып тұрған көктемде…

Сол тетелес әпкесімен Қараталдың сусылдаған құмы мен сыңғырлаған суының жағасында бірге ойнаған сонау бір балалық бал дәурені ойына оралды ма, ақын ағамның мазасы болмай, әңгіме барысында жиі-жиі күрсініп, терең ойдың құрсауынан шыға алмай отырғанын байқадым.
Аядай ғана қазақ ауылында өсіп-өніп, Алаштың аяулы ақынына айналған Ұлықбек ағамның ой құрсауынан шыға алмай отырған жай-күйінің себебі бір ғана Бағдат әпкеміздің қазасымен байланысты емес екендігі шүбәсіз. Олай дейтінім, осыдан 12 жыл бұрын енді ғана қазақ театр-кино өнерінің жарық жұлдызына айналып келе жатқан шағында, аға деп соңынан ерген, жанындай жақсы көрген дарынды інісі Рүстем де ойламаған жерден осылайша ойсыратып, о дүниеге аттанып кете барған.
Енді, міне, әпкесі… Жасы жетіп, жасарын жасап, асарын асаған адам болса немесе ұзақ уақыт сырқаттанып, жаны қиналып, төсек тартып жатқан да жан емес. Пешенесіне жазылған азды-көпті жасының күллі бейнеті мен сынақтарынан сүрінбей өтіп, Русланы мен Еңілігін өсіріп жеткізген шағында аттанып кете барды.
Ойламаған жерде өмірлік жарынан айырылып, әркімге бір жаутаңдап қалған Қайырбек жездемізге, бір-ақ күнде жетім боп қалған іні-қарындасым Руслан мен Еңлікке де: «Бәрі де Алланың жазуы, сабыр сақтаңдар! Соңында қалған сендерге, немерелеріне аналарыңның жасамаған жасын берсін!» – деп көңіл айттық. Одан басқа не айтамыз?..
Саналы да, санаулы ғұмырында қазақ мәдениеті мен әдебиетіне орасан зор үлес қосып кеткен Бағдат Оразбайқызымен қоштасу рәсімі өздері тұрған көпқабатты тұрғын үйдің ауласында өтті. Жақын-жекжат, туыс-туғандарды айтпағанда, бірге қызметтес болған әріптестер, мектеп директорлары мен мұғалімдер, көрші-қолаң, тіпті дарынды сазгердің сазды әндеріне тәнті өнерсүйер қауым өкілдері де көп жиналды. Осының алдында ғана жылынып, бірнеше күн жайма-шуақтанып тұрған ауа райы да осы күндері қытымырланып, ауық-ауық қар ұшқындап тұрды.
Қазақтың кез келген өңірінде балаларының көптігімен, олардың білімге, спорт пен өнерге деген құштарлықтарымен, тату-тәтті бірлік-берекелерімен аттары шыққан әулеттер аз емес. Зайсан ауданындағы сондай өнегелі де, өнерлі, бірлікті де, берекелі әулеттің бірі – Есдәулетовтер отбасы болатын. Осы әулет жайлы бұрын-соңды жазылған естеліктерге көз жүгіртсек, отағасы Оразбай аға да, Роза апайымыз да көптеген шәкірт тәрбиелеген, елге елеулі ұстаздар екен. Роза апай әдебиет пәнінің мұғалімі болғандықтан, алдындағы оқушыларының бойынан ең алдымен олардың әдебиет әлеміне деген құштарлығы мен қызығушылығын іздейтін көрінеді.
Басқа артықшылықтарын айтпағанның өзінде Роза апайдың, қазақ әдебие­тінің қайталанбас тұлғалары, бір кездердегі алдында отырған оқушылары болған, келе-келе көрнекті балалар жазушысы, өткір тілді журналист атанған Марат Қабанбаевтың, кәсіби аудармашы, ақын, сыншы Асқар Егеубаевтың, сондай-ақ өз ұлының, қазіргі Түркі әлемі поэзиясының маңдайалды ақыны Ұлықбек Есдәулетовтің бойынан әдебиетке деген қызығушылық пен құштарлықты, ерекше талпынысты аңғарып, әдебиет әлеміне бағыт-бағдар сілтеп, бала көңілдерін тіптен қызықтыра түсуінің өзі неге тұрады?!

Жастығының куәсі – шұрқыраған ауылы

Роза апайымыздың ұстаздықтан бөлек, әншілік өнері де болған көрінеді. Ол кісі ел ішіндегі жиын-тойларда ән шырқағанда жиналған дүйім жұрт сілтідей тынып, ықыласпен тыңдайтын көрінеді.
Анасының әншілік өнеріне қызығушылық танытқан бала Бағдаттың ықыласы келе-келе ән өнеріне ауа бастайды. Бес жасынан ән айтып үйренген Бағдат бірінші класта оқып жүргенінде-ақ аудандық өнерпаздар байқауының жеңімпазы атанады. Алайда, тумысынан зерек әрі қайсар қыз ендігі жерде: «Осы әнді тек айтумен ғана шектелмей, неге болашақта ел жүрегін тербейтін, әсем де әуезді әндер жазбасқа?» деп өз-өзіне сауал тастайды.
Осылайша, Қараталдан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Зайсан қаласындағы саз мектебінен ерінбей-жалықпай дәріс ала жүріп, ұстаздарының берген тәлім-тәрбиесімен өз талпынысын ұштастыра келе фортепианода бұрын-соңды өзі де естіп көрмеген, әлдебір беймәлім әуендерді ойнай бастайды. Бұл оның жұдырықтай жүрегін жарып шыққан алғашқы туындылары болатын. Алайда, саз әлемінің сиқыры мен сырын толық меңгеру үшін алақандай ауылдағы саз мектебінің берген білімі аздық ететіндігін түйсінген болашақ сазгер, ендігі жерде арманын арқалап, облыс орталығы Өскемен шаһарына аттанады. «Талпынған жетер мұратқа» дегендей, көздеп келген жоғары білім ордасынан өзіне қажетті кәсіби-музыкалық мамандық алған бойжеткен өзге құрбыларымен бірге күндіз-түні қызығы мен шыжығы толастамайтын, шулы шаһарда қалып қойса да болар еді. Бірақ ол өйтпеді.
Бағдат ешқайда бұрылмастан, ат басын кіндік қаны тамған, жастығының куәсі шұрқырап, өзі өсіп-өнген туған жері Зайсанына бұрады. Ондағы мақсаты – бір кездері өзіне дәріс берген саз мектебіндегі ұстаздарымен иық тірестіре жүріп, Зайсан өңіріндегі өсіп-өніп келе жатқан болашақ дарын иелерінің бұлақ көзін ашу, болашаққа бағыт-бағдар беру болатын.
Осы мақсатта туған жері Зайсаннан табан аудармай 20 жыл еңбек еткен ұлағатты ұстаз, дарынды композитор ол мақсатына да жетті. Бір кездері Бағдат апайларының алдын көрген, тәлім-тәрбиесін алған небір өнерпаз ұл-қыздар қазіргі күні еліміздің түкпір-түкпірінде ел өнеріне қызмет етіп жүр. Бағдаттың сазгер ретіндегі тырнақалды әндері де сол туған жерінің төрінде дүниеге келген. Бүгінгі таңда ел ішіндегі той-думандар мен мерекелік шаралар Бағдат Есдәулетованың «Гүл бақта», «Элегия», «Балалық шаққа базына», «Балдәурен», «Наурыз» және т.б. ғажап туындыларынсыз өткізілмейді. Бәлкім, сазгер бақыты дегеніміз – осы болар.

«Бауырым!» – деп бауырына басқан әпкем

1999 жылдың желтоқсан айында Өскемен қаласында қарымды қаламгер, дарынды жерлесіміз Оралхан Бөкейді еске алу құрметіне арналған республикалық ақындар айтысы өтті. Сол айтысқа мен Павлодар облысының атынан қатыстым.
Екі күнге созылған жыр сайысында, жаңылмасам бес рет сахнаға шықтым-ау деймін. Әр айтыстан соң гүлдерін құшақтап, сахнаға жүгіріп шыққан туыс-туғандар мен кластас, группаластар, т.б. айтыс жанкүйерлерінің санында есеп болған жоқ.
Кезекті бір айтыстан соң, алдағы болатын айтысқа ойша дайындалып, сахнаның сыртында жүр едім, ақындардың бірі қасымнан өтіп бара жатып: «Секе, сізді ана жерде бір апайыңыз іздеп жүр», – деді сахнаның оң жақ қапталын нұсқап.
Нұсқаған тұсқа барсам, үстінде көгілдірлеу келген жылтыр көйлегі, қолында бір шоқ гүлі бар, бір бейтаныс апай тұр екен. Мені іздеген адамның сол кісі екендігін де білгем жоқ. Осы сәтте менің келе жатқанымды байқап қалған бейтаныс апайым күлімсіреп: «Серік бауырым, амансың ба айналайын?! Туған жеріңе қош келдің, сапарың оң боп, олжалы қайтуыңа тілектеспін!» – деп қолындағы гүлін ұсынды.
Бұрын-соңды көрмеген бейтаныс адамның жүрекжарды лебізіне көңілім өсіп қалды. «Ой, апай, рақмет!» деп ризашылығымды білдірдім. Сахна сыртында тұратын бос орындықтарға барып отырып жатып: «Мен Бағдат деген апайың боламын. Зайсаннанмын», – деді. Сосын менің жауабымды күтпестен: «Ұлықбек Есдәулетов деген ақынды білесің бе?» – деді бетіме барлай қарап. «Үйбай-ау, білмегенде. Ол кісі маған нағашы боп келеді. Алматыға айтысқа барған сайын Жазушылар одағына барып сәлем беріп жүрем, үйінде де болғам», – дедім мен де салдырлап. «Мәссаған! Келші бермен. Онда нағыз өзімнің бауырым боп шықтың ғой. Мен Ұлықбектің туған апайымын!» – деді де орнынан түрегеп, құшақтап бетімнен сүйді.
Соңғы демі үзілгенше шұғылалы Шығыс жұртын әсем әнімен әлдилеп өткен сазгер апайыммен осылай танысқан едім. Кейін Кереку өңірінен біржолата көшіп келген соң да хабарласып, шығармашылық салада пікір алмасып тұрдық. Жарықтық бауырмалдығы сондай, көрген жерде бірге туған бауырындай: «Бауырым!» деп бас салатын. «Үйдегі келінімнің-сіңлімнің хәлі қалай, балалар аман ба?» деп жаны қалмай жататын…
Кездескен жерде Зайсан жайлы әңгіме айта беруші еді. «Шамам келсе жылына бір рет болса да Зайсанға барғым кеп тұрады!» дейтін. Бала күнімізде қарлығаш деген тамағы аппақ, кіп-кішкентай ғана, өзі нәзік, өзі әдемі құс болушы еді. Біздің Зайсан өңіріне көктемде келіп, күзге қарай жылы жаққа қайтып кететін. Өскемен қаласы тым газды болғасын ба, қаладан қарлығашты көре алмайсың. Бағдат апа­йы­м да туып-өскен жерін аңсап, сағынып тұратын қарлығаш секілді еді. Осымен екінші жыл. Қараталдың қарлығашы туған өлкесіне бармағалы. Бірге өскен тең құрбылары, іні-сіңлілері сағынып жүрген болар…

Серік ҚҰСАНБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір