Ақынның шығармалар жинағы жарық көрді
Жуырда «Atameken» баспасынан ақын-журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жастар одағы және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегмановтың 15 томдық шығармалар жинағы жарық көрді.
Ақынның өзі бұл жинақ жайында: «Иә, бұл 15 томдық кітаптар – жарты ғасырға созылған шығармашылық ауыр бейнеттің өтеуі. Қаршадайымнан басталған ақындық мұңлы жолды жалғыз жүріп өттім. Мені Алла, сосын, аяулы аруақтарым қолдады. Періштелер қақты. Бұл жолдың бойында маған кімдер кездеспеді, не болмады? Басыма қандай қиыншылық туса да жігіттік, адамдық арыма қылау түсірген жоқпын. Ала жіп аттамадым. Ешкімді даттамадым. Біреудің қайтарғам жоқ бақ-талабын. Жаманды ақтамадым. Кек сақтамадым. Топқа қосылмадым. Әлдекімдердің сойылын соққан жоқпын. Басты мұратым – жазу болды.Өлеңдерім екі том болды. Кезінде абыз ақсақал, зерттеуші-ғалым Жағда Бабалықұлымен және қазақтың жүзге жуық ғұламаларымен сұхбаттастым. Соның нәтижесінде, «Этнографпен әңгіме» кітабым мен «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты этнографиялық сыр-сұхбатқа негізделген, ауқымды төрттомдық еңбегімді жаздым. Сол сұхбаттасқан ғұламалардың көбі қазір жарық дүниеде жоқ. Бұл әрбір қазақтың шаңырағында тұруға тиіс, ұрпаққа керек, әбден сұрыпталған дүние еді.
Сіздер жақсы білесіздер мен кезінде Мұстафа Шоқайдың жолымен жүріп өттім. Жалғыз емес, өзім ұйымдастырған экспедициямен бірге… Мұстафа үшін Өскеменде ұлтшыл орыстармен соттастым. Бұл сот жайлы сол тұстағы бүкіл баспасөз шулады. Соның нәтижесінде екі том кітап жаздым.
Иә, 15 томдық шығармалар жинағымды баспаға бес адам дайындады. Соңғы томды құрастырып, оқып шыққан «Простор» журналында қызмет істейтін, дарынды қаламгер Татьяна Бакановаға, әкелі-балалы азаматтар – «Atameken» баспасының директоры Қайрат Жолдасұлы мен дизайнер-беттеуші Дәулет Қайратұлына ағалық алғысымды айтамын.
Студент кезімнің, бозбала жастық шағымның куәгері, алғашқы жазған өлеңдерімнен бастап, бүгінге дейін әрбір жырымды жинап жүретін астаналық ұлағатты ұстаз Роза Есенбаева мен іскер маман, он бес жылдан бері менімен бірге «Дәстүр» этнографиялық журналын бірге шығарып келе жатқан талантты журналист, ұйымдастырушы, баспагер Салия Абдикаримованың еңбектеріне табыс тілеймін. Қазақтың осы екі аяулы қызына төңіректері түгел, денсаулықтары зор, дәулетті, сәулетті, ұзақ, бақытты ғұмыр кешсе екен деген тілегімді айтқым келеді», – деп жазды әлеуметтік желіде.
Ендеше, Қасымхан Сейітханұлына алдағы уақытта да шығармашылық табыс тілей отырып, қазақ руханиятына қосқан елеулі еңбегі үшін барша оқырмандары атынан алғыс білдіргіміз келеді.