Қилы күндер (Әңгіме)
Қарашаның өкпек желі кей-кейде ішін тартып, өксіп, ышқына соққанда әр бұрышына сидам түбірік орнатып, төбесіне көлденең тақтай салып, оның үстін бума қамыстармен көмкере салған егіншілердің жазғы лашық үйі құлап қала жаздайды. Алыстан қалқайып, үй секілді көрінгенімен еш лыпасы жоқ. Жайшылықта ұсқыны кетіп, мүлгіп тұрған қамыс күрке желпініп, жел соқты бітті берекесі кетеді. Өн бойы тегіс сықырлап, үн қатқандай болып сыңсып, әлдеқандай бір өксікті үн қатады. Жыртық терезенің жапсарын қамырмен жапсырған саңылтыр қағаз ұрғылайды. Есік сықырлап, төбеден қамыс арасынан үгінді төгіледі. Әсіресе түнде жаман. Ондық шам лыпылдап өшуге әл-әзір шақ қалып, ақыры жалп етіп сөніп тынады. Айнала қуыстан кірген ұры жел ошақтың көмейін үрлеп, күлін аспанға шығарады. Ал жауын жауса, аңырайған қамыс күркеше іші-белінің құяң желі ұстаған дімкәс адамның кейпін танытып, аһлап-үһлеп шығады.
Баспана иелері – негізінен, екі адам. Жасы жиырмадан енді ғана асқан өндірдей жас әйел мен оның он екі-он үш жасар қайнысы – Айтас. Қазіргі шақта екеу болғанымен сонау жер жыртылып, дән себілген кезден бастап ала жаздай, тіпті күздің алғашқы айларына дейін қамыс күрке іші ары-бері сабылған адамнан босамайды. Оның үстіне ауданға қатынайтын күре жол да жақын. Қамыс күркешенің арт жағындағы және батыс бөлігіндегі жазыққа егілген жаздық бидай өз мезетінде орылып, жиналып бітіп, енді шығыс өңіріне тақталап егілген жүгері ғана қалып еді. Егістік иесі Нарша болатын. Айға созылды, ақ сары жүзді, нәті жуас, қой көзді, таразы денелі, тәпелтек келген қағылез, жас әйелде маза жоқ. Таңның атысынан күннің батысына дейін жүгері алқабынан шықпайды. Аяғында резина етігі салпылдап, қолына құба жон ырғай таяғын ұстап, бірде егістіктің ана шетінде, бірде мына шетінде безектейді де жүреді. Жүгеріні жан-жақтан анталаған малдан қориды. Шаршағанда отыра қалып, өзімен-өзі тілдеседі. Адам жан азабын тартқанда қасыңда кім болса сол болсын, әйтеуір бір пенденің қарайып жүргені жақсы ғой. Өкініштісі сол, ондай жан бұл арада жоқ. Ал әйелдің іші өкініш пен күйікке толы. Сол күйіктің ындынын басып, сыр бөлісер жан таппай зарығады. «Құдай-ай, осы бейнеттен құтылатын күн бар ма екен, – деп налиды, – мына тірлік өзге емес, әйел заты үшін барып тұрған қорлық қой. Әйтседе амал барма, бәрі бір көнесің. Қара аспанды төбеңе төндіргеннен не пайда, бұл күнде өтер…»
Енді бірде кетпеніне сүйеніп, ауылдағы өздеріне тиселі аздаған малды бағып жүрген атасы Қапасты ойлап, іштей мүжіледі. «Қайын атамның күні анау, – дейді ішкі уайымның отын үрлей түсіп,– төрт-бес бөлмелі үйді жалғыз мекендеп, жанын күйіттеп жүр. Көк есегіне мініп, меншікті малды ертелетіп өріске шығарып кетеді де, кештетіп үйге оралады. Бар атқарар шаруасы сол. Бейшараның дені де сау емес. Бір аяғы токқа түсіп, майып болған. Соның қырсығынан есектен өзгеге бұтын да арта алмайды. Оны қойшы, оның жарасы жеңіл. Жүрек талмасын қайда қоясың. Тосын бір жаманат естісе, жанын қоярға жер таппай, аяқ-қолы дірілдейді. Басқа емес, қара үзбей келіп жатқан атың өшкір қара қағаз-ақ жүйкесін тоздырып бітті. Жалғыз баласы майданға кеткеннен бері тіптен үркек, шошымалы болып алды. «Қара қағыз атаулыны Құдай көрсетпесін, қарасы өшсін оның, аулақ, аулақ!» – деп зар қағады.
Белін жұп-жұқа жасыл орамалмен буған, қолына кетпенін көлденең ұстаған жас келіншек ортаңғы жүгері тақтасын кесіп өтіп, арғы шетке шыққанда суы тартылған, арнасы кепкен шұңғыл арықтың шетінде, жалғыз шоқ тобылғының түбінде күзетші Қабай темекі тартып отыр екен. Наршаны көрген бойда, езуі жайылып, жадырай амандасты. Жас жағынан өзі құралпы, өзгеше әзілқой, сейілді, сергек жігіт еді. Бар кемістігі тобан аяқ, маймақ болатын. Сол кемшіннің әсерінен өзге жұмысқа жарамаған ол ылғи осындай алып кел, барып кел тірлік немесе күзетшілікті жағалайтын.
– Отырысың жарасыпты, кімді күтіп отырсың? – деді Нарша қасына келіп, қатарласа тізе бүгіп.
– Кімді болушы еді,– деді маймақ күзетші іле тіл қатып,– оның жауабы айтпаса да түсінікті ғой. Баяғы жүгері аруды, дәлдеп айтқанда өзіңді күтіп отырмын. Ылғи да сені күтумен жүрмін ғой. Осындайда сол күткен адамыңның келе қалғаны қандай жақсы.
Нарша да ілмелесе кетті:
–Мені қайтесің, оданда ана анталаған сиырларды күтіп алсаңшы.
– Ол жазғандар мені әбден шаршатты.
–Жаяу жүріп не тындырмақсың, неге мініс ат сұрамайсың?
– Маймақ аяқ адам атқа міне алады деп кім айтты саған?
– Е, байқұс-ай, ә, неге ылғи жаяу сандалады десем, сондайың бар екен ғой.
– Ең тәуірі өзің секілді жас келіншектерді күткеннен жақсысы жоқ. Қалың жүгері арасынан періштедей сып етіп, шыға келгені қандай жақсы…
– Бәрекелді, айтасың-ау сенде…
Екеуі де мәз болысып, күлісіп алған. Одан әрмен сөз тіршіліктің күнделікті кикілжіңіне ауысып, ұсақталып кеткен. Айналып келгенде екеуі бір-біріне өз бастарының құқайын айтып, ортақ мұң бөлісті…
Нарша қамыс күркешеге қайтып келе жатып, бригадирді еске алды. Ол да өзі қарайлас. Соғысқа кеткен ері Құлтастың құрбысы, түгендеп айтқанда, бәрі – бір ауылдың түлегі. Соғысқа екеуі қатар аттанған. Алайда Байбатыр мінген пойыз баратын жеріне жетпей, орта жолда бомбаның астында қалып, шашылып қалған. Көп адам өліп, толып жатқан жауынгер түрлі жарақат алып, жақын маңдағы емханаларға барып жан сауғалаған. Соның бірі осы Байбатыр еді. Сөздің тоқ етері бұл да мүгедек, сол қолы шынтақтан үзіліп түскен. Ауылға соғысқа аттанғандардың ішінен жер басып, тірі келгендердің бірі де өзі еді. Келе азаматынан айырылып, қаңырап қалған ауылына бригадир болды…
Бригадир еске түскенде әйел жымың етіп, күліп қойды. «Өзі бір түрлі қызық жігіт,– деді оны риза пейілмен еске алып,– қосқа келуі көп. Жиі келеді. Бәлкім, жұмыс жайы, бәлкім, осы кезге дейін шаңырақ көтеріп, үй бола алмағаннан кейін бе, әйтеуір қысқа күнде қамыс күркешеге қырық рет бас сұқпай қоймайды. «Күніне бір рет қамыс күркешеден ас ішпесем, өзімді аш жүргендей сезінемін, ал алыстан болса да күркешені күніне жалқы рет көрмесем, түнімен ұйқым келмейді» дейтінін қайтерсің. Күзетшінің өзіне ғана тән, басыбайлы, меншікті әні бар. Қайда жүрседе сол әнді бір айтпай қоймайды. Көбіне топтан бөлініп, өзі жалғыз қалғанда айтады. Басқалар естісін дейме, сөздерін шегендеп, нықтап айтады. Айтқан әнінің соңы ылғи «…партия қайда болса, жеңіс сонда, жеңіс сонда» сөзімен аяқтасады. Қазірде тобан аяқ күзетші кілт бұрылып, бойын тіктеп, сол машығына салған еді. «Партия қайда болса, жеңіс сонда…» – дейді. Мүмкін заманында солай да шығар…
Әйел өз-өзінен көңілденейін деді. Жүрісі ширай түсті. Жұқалтың қоңырқай жүзіне күлкі үйірілді. Сары алтынның буына малынғандай үп еткен желге бұлаңытып, жайқалып тұрған кіл сарғылт пішінді егістік танабына сүйсіне көз тастады. Қазанның аспаны да ашық, жадыраңқы. Көк күмбезінің сонау бір алыс тұсында жұқалтың бұлттар қалықтайды. Көз ұшы көк аспанмен ұштасып, сағым дірілдейді. Күзгі дүние өз бейнесін айқын танытқандай болып, баяу тыныстайды.
Жүгері алқабының шеткі тақтасып жиектей жүріп, ашық алаңқайға шыққанда қамыс күркеше де менмұндалаған. Күркенің бергі жақ бүйірінде газет оқып отырған бригадир екенін бір көргеннен жазбай таныды да, күліп жіберді. Сабазың бүгін де жазбай, жаңылмай жеткен екен. Баяғы екеуара жаттанды сөз тағы қайталанады. Әйел аяқасты назын айтады:
– Жүгері де, бәрі де құрысын, әбден титықтадым. Қашан бітеді бұл шаруа?
Бригадир басу айтты:
– Қырқына шыдадың ғой, енді бірі қалды. Аз шыдасаң, бәрі де артта қалады.
– Төзе, төзе, тағатым да таусылды. Енді тегі шыдай алар емеспін.
– Сен жассың ғой, оның үстіне комсомолсың. Бұл – партияның ісі…
– Енді қашан жаппай орақ науқаны басталады?
– Әл-әзір, аз қалды. Түбінде сенен нағыз коммунист шығады.
– Болжамыңа рақмет. Оны кезінде көре жатармыз.
– Мен тұрғанда, сен ештеңені уайымдама, мен сені әлі талай биіктерге көтерем.
– Бәрекелді, сөзіңе болайын, сол діттеген биігіңе өзің-ақ шыға бер…
Өзімен-өзі тілдескендей болған Нарша қамыс күркешеге қалай жеткенін де байқамай қалған. Бригадир орнынан тұрып, ізет білдірді. Әйелдің қолындағы жүзі күнге шағылысып, жарқ-жұрқ еткен кетпенді алып, күркенің бүйіріне сүйеді.
– Әңгіме жақсы, – деді күле сөйлей,– тіпті хош хабар десе де болады.
Әйел де жүзі жылып, күліп жіберді.
– Шын ба, жақсы болды ғой.
– Иә, бәрінің де жақсы болатын түрі бар.
– Қалайша?
– Келесі аптада ауданда механизаторлар даярлайтын курста оқып жатқан түлектер жаппай жүгері жинауға кіріседі. Шамасы 40-50 адам. Оның үстіне екі-үш комбаин күн демей, түн демей қатар жүгері оратын болады. Жүгерінің дәні қырманға төгіледі. Курсанттарға қосылып, әр үйден кемінде бір адамнан шығып, жүгері аршиды. Көресің әлі қып-қызыл дән қырман басында тау болып үйіліп қалады.
– Ә, бәрекелді, солай болса екен тегі.
– Солай болғалы тұр,– деп бригадир сөзін одан ары жалғамақшы еді. Әйткенмен үлгере алмаған. Себебі күркенің артқы жағынан Айтас шыға келіп еді.
– Неге мәз болып тұрсыңдар, – деді түйіле сөйлеп, – күлкілерің тіптен жарасып кетіпті.
Құдай күлкіден айырмасын, – деді бригадир, – маймақ күзетші жүгерінің қорушысы болса, сенің Наршаның күзетшісі екеніңді білеміз.
– Күлетін ештеңе жоқ.
– Айтас,– деді баланың бұл бұртиуын жөнсіз санаған жеңгесі, – саған не болған. Бригадир ағаңды бүгін алғаш рет көріп отырсың. Әуелі амандасқан жөн болар.
– Амандаспаймын, ол менің ағам емес.
– Ағаң болмаса да, сенен үлкендігі бар.
– Үлкен болса бола берсін, сәлемдескеннің қажеті қанша. Ылғи біздің үйден шықпайды.
– Жұмыс реті солай ғой, қайным.
– Иә, иә, жұмыспен ғой бәрі.
– Жұмыс емес, басқа да ойы бар. Осыдан екі күн бұрын екеуіңнің күрке ішінде не дегендеріңнің бәрін естідім. Ей, бригадир, сен үшін өзің іздеген ғашық адам жоқ мұнда…
Мына сөзді естігенде екеуі де жарыса күліп жіберген. Сонымен қатар екеуі де бір түрлі жайсыздық табын сезінгендей еді. Екеуінің де жүзіне күлкі қызыл арай болып тарап, тосын жайсыздық табын сезінген.
– Ол сенің әскерге кеткен ағаңның жолдасы,– деген жеңгесі сөзді жаймалап, – құрдас адамдар сөйтіп қалжыңдаса береді.
– Керегі жоқ қалжыңның,– деді бала, – әзілдеріңнің түрі жаман. Мен қорқып қалдым…
– Қорқағым менің, – деп Нарша баланы құшақтап, бетінен сүйді, – ағаң майданда жүр ғой, – деді енді алыс көкжиекке сүзіле қарап, – жаумен жағаласып жүр. Жауды жеңгеннен кейін қайтқан құстай арамызға келеді….
Баланың бригадирді көргенде суға салған қыл шылбырдай ширығатын жөні бар. Ағасы Құлтастың әкесінен бата алып, үй ішімен қоштасар шақ саусақпен санағандай ғана, аз жан тұратын шаған отбасы үшін тым ауыр болды. Атасы бір қуарып, бір бозарды. Жанарының оты өшкендей болып, шарасы шайқалды. Әр намаз оқыған сайын еңкілдеп жылап, сақалынан алты тарам жас ақты. Көз жасын жайнамазға сүртіп, Алладан рахым тіледі. «Е, жасаған жалғызымды аман ет,– деп тарықты,– өзіміз де өспеген ұя едік, қарайғанымызды аман ете көр. Жалғызымды ажал оғына байлап, төрімнен көрім жақын шағымда зар илете көрме. Бір кіндіктен жалқы, жалғыз ұлды сақта Құдай, сақта. Өрісімді тарылтып, отымды өшіре көрме!» – деп Жаратушыға жалбарынды. Сол түн өзге емес, ес кіріп, ақыл тоқтатып қалған бала үшін де ауыр болды. Ағасының әрбір қимылын көзбен бағып, пұшайман болды. Үйге кіргенін де, шыққанын да, әлдекіммен сөйлескенін де назардан тыс қалдырмай, бақылаумен болды. Тіпті түнде қарсы бөлмедегі ылғи сәл ашық тұратын есіктің саңлауынан жеңгесі екеуінің күбір-күбір етіп күлгендерін, әлденелерді айтып сөйлескендерін де естіп жатты. «Түн ұзақ болса екен, таң атпаса екен, ағам мен жеңгем сөйтіп жұптарын жазбай жата берсе екен» деп тіледі. Ертеңгі шайдан кейін атасы баласын бауырына басып, маңдайынан сүйді де, қорадан ұсақ малын шығарып, көк есегін тепеңдетіп өріске айдап кетті. Ағасы бауырын құшағына алған. «Қазақтар соғысқа баратын кезде жыламаған,– деген өзінше жұбатқан болып,– өйткені біз – жаужүрек, батыр елдің ұрпағымыз. Ал батыр пішінді адам ешқашан жыламайды. Сондықтан сен де жылаушы болма. Әркімнің өз шаруасы бар. Біз қолымызға қару алып, елімізді қорғасақ, сен үйіңді, атаң мен жеңгеңді қорғайтын бол. Ендігі олардың арқа сүйері де, сенері де сен. Әсіресе жеңгеңе бөлекше көз сала жүр. Менің жоқтығымды пайдаланып, ойы жаман біреулер сырттан торып, қақпанға түсіріп, алып қашып кетпесін. Ондай ниеті бұзық адамдарды бақылап, жүрісін аңдып, есепке алып жүр. Алла тағала сәтін салса, жеңіс туын желбіретіп, қайта табысамыз».
Осы сөздерді айтып, інісін еркелетіп, төбесіне көтеріп, көкірегіне басқан. Содан кейін-ақ бала басқаға емес, жеңгесіне өзгеше пиғылмен көңіл аударатын болған. Кім не деді, кіммен қашан сөйлескеніне дейін есіне ұстауға тырысқан. Өз пайымынша қалбақтап, соңынан қалмағаның бірі осы бригадир еді. Қашан болмасын, қамыс күркенің маңында жүреді. Келуі көп, ал сылтауы тіптен таусылар емес. Ол аз дегендей жеңгесі де оны көрсе, сәмбі талдай иіле қалады. А дегеннен сөздері жарасып, жұптаса кетеді. «Қой, бұл жай сөз емес, мұның арт жағында бір шикілік бар. Сол үшін де сақтық шараларын мейлінше күшейтіп, аға сөзіне деген адалдығын анық дәлелдеген жөн…»
* * *
Тағдырдың зырылдауығында тоқтау жоқ. Күнді күн жаңалап, айды ай ауыстырып, жалқау жылжып, келесі жылдың жазы да келіп жеткен. Дүние дүр сілкінгендей болып, қайта түледі. Аспан асты күн нұрына балқып, бозторғай тым-тым биіктен шырылдады. Ағаш жапырағы қоюлап, сәмбі тал жаңа түскен келіншектей майысып, жан-жағына тағзым етті. Қамыс күркеше маңында еш өзгеріс бола қоймаған. Әу баста аңғай-даңғай, олақ жасалып еді, келер шаққа да сол күйімен жеткен. Егістік алқабы да көк толқындай мұнартып, жаппай көктеген. Бидай ұзарып, сүмбіле тартып, жүгері желкілдеп, бой көтере бастап еді. Диханшылардың айтуынша, егіннің биылғы көктеуі ересен, соған қарағанда күзде мол өнім жиналатын түрі бар. Отбасылық тірлікте де еш бұлтарыс байқалмаған. Құлтастың әкесі Баймен қарт екі-үш мәрте жүрек талмасы ұстап, сонда да көне кеселге бой бермей, кәрі қойдай тырмысып, бұл күнге де жеткен. Арада сырқаттанып апталап жатып қалған кездері де бар. Әйткенмен қарт көк есегін тепеңдетіп, байырғы тірлігін жалғап жатты. Соған риза пейіл танытып, тәңіріне тәубе етті. Нарша көп мезгіл дән қоймасында өткізді Бірде бидай тазалап, енді бірде жүгері екшеп, үй мен қамба арасында зыр қақты. Оқудан қолы бос уақыттың бәрінде Айтас та оның көлеңкесіндей болып, қасында еріп жүрді. Алайда сағы – сынық, өңі – жүдеу. Есінен ағасы шықпады. Ала қыстай, тіпті көктемнің көк өзек күндерінде де ағасынан зарыға хат күтіп, тағаты таусылды. «Неге хабар жоқ, хат келмейді,– деп торықты бала, – басқаларға болса, келіп жатыр. Тіпті кейбіреулерге айына екі-үш реттен келді. Өкініштісі сол, менің ағам хат жазбайды. Сонда қалай, әлде бізді ұмытып кеткені ме? Жоқ, олай емес. Жоқ, поштасы жоқ, иесіз елді мекенде соғысып жатыр ма екен. Қоршауға түсуі де мүмкін ғой. Кейбір кинодан көргеніміздей соғыста ондай жайттар да жиі болып тұрады. Әскерлер хат жазу былай тұрсын, әлгі қоршаудан қиюын тауып шыға алмай кіріптар болады. Әй, мен білсем ағайым қоршауға түсіп қалды-ау. Алайда ол қоршау да бұзылады. Ағатайларым бостандыққа шығады. Түбінде біз жеңеміз, қызыл Ту біздің қолда желбірейтін болады…»
Ағасынан зарыға хат күткен бала әрнәрсені еске ала келе, өзін-өзі өстіп жұбататын. Ауылдағы жалғыз трактор қорабына оншақты қап тыңайтқыш, өзгедей қажетті заттар тиеп, егістікке беттеп бара жатқан. Жұмыскерлердің арасында бала да бар еді. Төменгі көше қиылысына жеткенде жоғары тұста жүрген пошташыны көрген. Пошташы тракторға «тоқта» деп белгі берген. Артынша жағал есекті қыдыңдатып, шапқылай жөнелген. Бір қызығы ауылдағы осындай ұсақ тірлікпен айналысатындардың көбі есек мінеді.
– Міне, есек деп осыны айт. Тіпті шапқылап тұр ғой өзі, – деді қасына келген есекті жүргіншіге бригадир әзілдей тіл қатып, – өзінің қоржыны да тоқ екен.
– Қоржын құрсын,– деді жағал есек иесі марғау тіл қатып, – бүйткен қоржыны да, жұмысы да құрысын.
– Жай ма, басеке?
– Қайдан жай болсын. Бүгін бес бірдей қара қағаз келіпті.
Хабар бригадирге аса жайсыз тигендей еді. Суық сөз өңменіне оқтай қадалған.Өңі бозарып кетті. Жан-жағына біреу естіп, яки көріп қоймасын дегендей жалтақтай қарап алды да, екеуі оңашарақ жерге барып, қара қағаздарды қарай бастады. Сол бес қара қағаздың бірі Наршаның ері Құлтастан келген екен.
– Қара қағаз кімдерден келгенін ешкімге күні бұрын айтпа, – деді бригадир әр сөзін нықтап, – ескі әдетіңе сал да, ештеңе жоқ деп бас шайқап жүре бер. Мына төртеуін ертеңнен қалдырмай мешіттің молдасына тапсыр. Ол қасына екі-үш қарайғанды ертіп, қара қағазды иесіне табыстап, Құран жолымен көңіл айтады. Ал мына Құлтастың қара қағазын мен өзім табыстаймын.
– Жақсы солай болсын…
Бригадир апта бойы қамыс күркеге ат ізін салмады. Қара қағаз оған бір түрлі жаман әсер етті. Қойын қалтасындағы тілдей қағазды әлденеше рет бүктеуін жазып, қайыра оқыды. Тіпті жөпелдемеде не шалға, не Наршаның өзіне апарып бере салғысы да келген. Әйтсе де жүрегі дауаламады. «Наршаға обал болды-ау,– деп күйінді іштей, – жап-жас, сәмбі талдай солқылдаған қалпында жесір қалғанын қарашы. Ел ішінде «тесік моншақ жерде қалмас» деген сөз бар. Не болса да жерде қала қоймас. Жерде қалу былай тұрсын, ол менің қол жетпеген асылым, алтын моншағым ғой. Мектеп партасындағы бала махаббатым десем артық айтқаным емес. Оған талай бала қол созды. Соның ішінде мен де болдым. Әйткенмен алтын моншақ Құлтасқа бұйырған. Ал ендігісі мынау, әуелі ол дала періштесіне айналып, менің қолыма қонбасын. Жә, сап-сап көңілім, сап көңілім…»
Бригадир әдеттегіше егістікті аралап, күркеге келгенде, Нарша мен қайнысы ертеңгі шайларын ішіп, енді іс басына кеткелі жатыр екен.
– Сәлем бригадир, – деді егінші әйел күле сөйлеп, – апта бойы келмедіңіз ғой, жайшылық па, жоқ әлде сырқаттанып қалдыңыз ба?
– Қалыпты тіршілік,– деді бригадир,– өздерің амансыңдар ма?
– Бәрі өзің көргендей, жүріп жатырмыз.
– Айтас,– деді енді бригадир балаға емірене қарап,– неге амандаспайсың мені сағынған жоқсың ба?
– Сағынғаны несі,– деді бала бұртиып, – қасыңда жүрген адамды сағына ма екен. Мен майданда жаумен соғысып жүрген ағамды сағынамын.
– Ағамды дейсің бе,– деп ол әлденеге шыдай алмай теріс қарап, күрсініп жіберді,– ағаңды енді бәріміз сағынамыз.
– Әлбетте сағынамыз,– деді Нарша,– елін жаудан қорғап жүрген азаматты кім сағынбайды.
– Дұрыс, дұрыс, жөн айтасыңдар,– деп бригадир әңгіме ауанын өзге жаққа бұрды,– осы біздің пошташыда білместік бар.
– Қалай?
– Анау бір кезде майданнан келген қара қағазды тура сол жауынгердің анасының қолына апарып берген. Ана байқұс қара қағазды құшақтап, зар еңіреп, тұрған жерінде құлап түскен. Сол құлағаннан ана дүниеге жүріп те кетіпті.
– Онысы дұрыс емес,– деді Нарша басын шайқап, – «алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық» деген. Ер адамның өлімі де қадірлі. Ондай жаманат хабарды қай кезде болмасын жөн білетін адамға табыстаған жөн.
– Сол дұрыс,– деді бригадир,– солай еткеніміз жарасады…
Өзінің де қойнындағы қара қағазды байқаусызда Наршаға бермегеніне іштей қуанып қалды. Қара қағаз да көпке бармай өз иесін тапқан. Қасына екі-үш адам ерткен ауыл молдасы Баймен үйін бетке алған…
Арада сынаптай сырғып тағы бір жыл өткен. Қарашаның басында Баймен қарттың асы берілді. Айтас аудан орталығындағы механизаторлар даярлайтын курсқа шәкірт болып қабылданды. Бригадир болса қамыс күркені жағалап жүріп, ақыры дегеніне жетті. Наршамен екеуінің арасындағы ынтымақтастық олардың жұп құрауымен аяқтасты.
Оқиға 1943 жылы болған еді.
Дәнеш Ахметұлы