НАЙЗАҒАЙ ОЙНАҒАН КҮНДЕР
24.12.2024
196
0

Мезгiл сәске түс. Лекция басталғанын хабарлап, қоңырау соғылысымен өзiм кураторлық ететiн бiрiншi курстағы студенттерiмнiң аудиторияға жапатармағай енiп, орындарына жайғасқанын көрген мен, кафедрама қарай бұрыла берiп едiм, алдымнан лаборант келiншек қарсы ұшырасты. Өңi сұп-сұр.

– Декан барлық оқытушыларды шұғыл шақырып жатыр, – дедi ол аптыға сөйлеп.
– Тыныштық па?
– Тыныштық емес. Студенттер Колбиннiң Қазақстан Коммунистiк Партиясы орталық комитетiнiң бiрiншi хатшысы болып келгенiне қарсылық бiлдiрiптi.
Бiз тез жиналдық.
– Алматы жастары Орталық алаңға (қазiргi Республика алаңы) жиналып жатқан көрiнедi. Сiздер, жолдас кураторлар, өз студенттерiңiзге ие болыңыздар. Ол жаққа бiрде -бiр студент аяқ баспасын. Бәрiне жағдайды айтып, түсiнiк жұмысын жүргiзiңiздер. Қазiр ғана бiзге Қазақ ССР-i Орталық партия комитетiнен:, «Алаңдағы берекесiз у-шуға студенттерiңiз қатыспасын! Егер қатысса, бiзден жақсылық күтпеңдер!» – деген қатаң тапсырма алдық.
– Куратор жолдастар, ешқандай қорқы­тып-үркiткенiм емес, егер өздерiң жетек­шiлiк ететiн курстан бiр студент алаңға баратын болса, бастарыңмен жауап берiп, қатаң жазаға ұшырайсыңдар, – дедi деканымыз Козменько әр сөзiн нығарлай сөйлеп.
Тез тарадық. Студенттерiм жайғасып отырған әлгi аудиторияға келсем, жан бала­сы жоқ. Жүрегiм бiр сұмдықты сезiп, жүгiре басып, дереу университет тұсындағы аялдамаға келдiм. Келсем, 22 студентiм автобус күтiп тұр. Тойға бара жатқандай бәрiнiң көңiлдерi көтерiңкi, жүздерi жарқын.
– Қайда барасыңдар? – дедiм ентiгiмдi баса алмай.
– Орталық алаңға.
– Тiлiмдi алып, қайтыңдар! Мұның аяғы үлкен шатаққа айналады. Сендер жассыңдар, жаным ашиды. Менiң де өздерiңдей балаларым бар, – деп сезiмдерiне тиiп, түсiндiре бастап едiм, әскери борышын өтеп келген ұзын бойлы, сымбатты, ер тұлғалы, шашы, қасы-көзi мойылдай қара Айдар Елтүзеров деген студентiм:
– Ағай, бiз сiздi көрген жоқпыз, сiз бiздi көрген жоқсыз! – дедi жiгерге толы асқақ, өр үнмен кесiп сөйлеп.
– Солай ма?! – дедiм мен де өктем үн қатып, ықтырып, өз дегенiме көндiрсем, деген үмiтпен, мөлдiр, тұнық жанарынан жанарымды алмай.
– Солай! – ол тайсалмады. 22 студентiмнiң үшеуi әскери борышын өтегендер едi. Қалған 19-ы мектеп қабырғасынан жаңа келген, өмiрдiң ащы-тұщысынан әлi хабары аз сарыауыз балапандар болатын. Ендiгi жерде соларға қарап:
– Тiлiмдi алып, керi қайтыңдар, – деп едiм, бәрi бiр ауыздан:
– Қайтпаймыз, ағай, бiздi үгiттеп әуре болмаңыз, – дедi.
Үн-түнсiз керi оралдым. Деканымыз:
– Ешқайсың ешқайда кетпейсiңдер, – деп ескерттi. Түс қайта, сағат төрт шамасында ол бiздi қайта жинап:
– Қазiр бәрiмiз Орталық алаңға барамыз. Әрқайсымыз студенттерiмiзбен жеке-жеке сөйлесiп, керi алып қайтамыз, – дедi.
Орталық алаңға бардық. Алып алаңда ине шаншар бос жер жоқ. Қаптаған жастар. Олардың кейбiрi өз тұстастарының иықтарына шығып:
– Москва бiздiң ұлттық сезiмiмiздi аяққа таптап, қорлады. Көсемiмiз Лениннiң ұлт­тық саясаты бұрмаланды. Тiлiмiз жойылу алдында. Бiзге мүлде белгiсiз Колбиннiң керегi жоқ!.. деген тәрiздi ашу-ызаға, ренiшке толы сөздердi айтып, сұрақтарына тиiстi жауап алғанша құрбы-құрдастарын алаңнан кетпеуге шақырып жатыр.
Биiк мiнбеде Үкiмет басшылары. Колбин көрiнбейдi. Микрофон ұстаған ұзын бойлы бiреудiң қолына қайта-қайта жармасып, микрофонды алып, сөз сөйлемек болған бiздiң журналистика факультетiнiң төртiншi курс студентi Мира Берiкболованы көрiп, таңғалдым.
– Ойпырма-ай, мына қызымыз не деген өжет?! – деп iштей сүйсiнiп, бiр жағынан, ертеңгi күнi басына бұлт үйiрiлiп жүрмесе игi едi деп тiтiркене қауiптендiм. Ақыры, қасындағы адамнан микрофонды тартып алып:
– Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында бiрде-бiр қазақша балабақша, бiрде-бiр қазақша мектеп жоқ. Бұл – қазақтарды адам орнына санамаудың айқын дәлелi! – деген тәрiздi қаныңды қайнатар ашу-ызаға, ренiшке толы сөздер айтты. Кейiн бiлдiк, әлгi микрофон иесi Қазақ ССР-i мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы Шевченко екен.
Үкiмет мүшелерi:
– Тараңдар! Тарамасаңдар, күш қолданымыз, – деп қорқыта сөйлеп, жастардың намысына тиiп, жағдайды бұрыңғыдан да ұшықтыра түстi.
Бiр сұмдықтың боларынан хабар бергендей кеш қабағы салбырап, айнала-төңiрек қарауыта бастады. Студенттерiмiзге:
– Жүрiңдер, қайтайық, – десек, үнсiз бастарын шайқайды. Тiптi бiздi танымайтын жандардай сөйлескiлерi келмей, терiс айналып кетедi. Олардың илiкпейтiнiне деканымыздың көзi жеттi-ау деймiн:
– Жарық барда факультетiмiзге жетiп алайық, – деп алаңға келген оқытушыларды ертiп, күнбатысқа қарай жылыстады. Алаңнан жүз, жүз елу метрдей ұзай бергенiмiзде, қарсы жақтан үш қазақ жiгiтi асқан жылдамдықпен жүгiрiп келе жатты. Бiреуi – ұзын, екеуi – орта бойлы. Бейне ұлы бәйгеден құр қалатын жандай тұсымыздан зу етiп өте шықты. Сол сәт көз алдыма баяғының батырлары елестедi. Iле-шала Баукеңнiң, Бауыржан Момышұлының: «Бiздiң арамызда қорқақ жоқ», – деген аталы сөзi есiме түстi.
Соңыма бұрылып қарап едiм, алаң желдi күнгi теңiз толқындай ығы-жығы көрiнiске толып кетiптi. Төбелестiң басталғанын iшiм сезiп, қатты тiтiркене тiксiндiм.
Ертеңiне-ақ тергеу, тексеру басталды. Жиналыстан жиналыс. Кафедра меңгерушiм Сопкин:
– Қазақ тiлiнiң қолдану аясы тарылды дейсiңдер. Оған балаларын өз еркiмен орыс мектебiне берген ата-аналардың өздерi кiнәлi. Басқа жақтан мысал iздемей-ақ қояйық, мына бiздiң оқытушымыз Мамытбек Қалдыбайұлы баласын орыс мектебiнде оқытып жүр, – десе бола ма? Мен орнымнан ұшып тұрып:
– Петр Тереньтевич, сiз қателесiп тұрсыз. Менiң балам №145-қазақ орта мектебiнде оқиды, – деп едiм, студенттер ду қол соқты.
Бiр орыс студентi:
– Алаңға шыққандарды аяусыз жазалау керек. Уы денеге жайылып кетпес үшiн қарақұрт, не жылан шаққан дене бөлшегiн өткiр пышақпен түгел кесiп алып тастау қажет! – деп кiжiне, сес көрсете сөйледi. Ой, ол күндерi кiм не демедi?
Үш студент қызым тар қапасқа қамалып, бiр аптадан кейiн ғана шықты. Ол үшеуi бiр оңбағандардың айтақтауымен:
– Бiздi алаңға барыңдар деп ұйымдастырып, үгiттеген оқытушымыз Мамытбек ағай мен ректорымыз Өмiрбек Жолдасбеков, – деп мәлiмдептi. Қалған 19 студентiм:
– Бұл – жала. Қайта, Мамытбек ағай бармаңдар деген, – деп маған ара түсiптi.
Бостандық аудандық милиция бөлiмiнiң қызметкерi, майор Шортанбаевтың қабылдауында болғанымда:
– Сiз қамалуға сәл-ақ қалдыңыз, – дедi.
– Қалайша? Iстiң ақ-қарасын ажыратпай қамай бересiздер ме?
– Iстiң ақ-қарасы қашан анықталғанша азап шегетiн едiңiз.
Кейiн бiлдiм, менi қамау жөнiнде тиiстi орыннан арнайы тапсырма болған тәрiздi. Бағыма орай, кiнәсiз екенiме көзi жеткен Шортанбаев азаматтық жасап, арыма ара түсiптi. Ол ұлттық қаны, намысы бар, әдiлет­тi жiгiт екен. Кейiн жағдаймен таныса келе оның талай студентiмiздi жазадан аман алып қалғанын бiлдiм.
Есiмде ұмытылмай қалған бiр жағдай – университет оқытушылары бас қосқан үлкен жиында ректорымыз Өмiрбек Жолдасбековтің өзiн еркiн, өр ұстап, батыл да тапқыр сөйлеген сөзi. Жиналысқа Қазақ ССР-i Орталық партия комитетiнiң хатшысы З.Камалидинов те қатысып отырған едi. Өмекең оған қасқая қарап:
– Жеке басыңның мақсаты үшiн маған жала жауып, «Желтоқсан көтерiлiсiн ұйымдастырған сенсiң» деп менi қылмыскер етiп, тар қапасқа қамамақсың. Ол ойыңнан түк те шықпайды. Аққа қара жұқпайды. Кiмнiң кiм екенiн әлi уақыт көрсетедi. Халқымның, елiмнiң алдында арым таза! – дедi.
Бұл сөз бәрiмiзге қуат берiп, еңкiш тартқан еңсемiздi тiктей түстi.
Жасырып, жабары жоқ, арамызда кертартпа, кеще оқытушылар да кездестi. Көтерiлiске қатысқан студенттерiмiздi кекетiп, арына тигендерi де болды. Мысалы, менiң бiрiншi курсымды бастап, алаңға алып барған Айдар Елтүзеровті:
– Ей, Елбұзаров! – деп мазақтай күлген оқытушысымақты да ұшырастырдық. Керiсiнше, Тұрымтай тәрiздi ұстаздар шырылдап, студенттердi жазадан аман алып қалуда үлкен ерлiк танытты. Сол тұста менiң ауырып, ауруханаға түскенiмде, ол кiсi:
– Сендер тiл алмай оқытушыларыңның жүрегiн ауырттыңдар, – деп маған да қамқоршы болды.
Мен студенттерiмдi:
– Бұлар – әлi балапан, мектептi жаңа бiтiргендер, – деп қорғап бақтым.
– Ағай, бiздi итке талатып, темiр таяқпен, темiр күрекпен ұрады деп ойлаған жоқпыз. Шынымызды айтсақ, бiр жағынан, жастардың көп жиналғанын қызық көрдiк, – деген студентiм Гүлзира Серғазинаның сөзiне қалай сенбессiң?
Қамалып қалған үш студент қызымның жағдайын бiлгелi күнде милиция бөлiмiне барып, Жұмахан Шортанбаевпен сөйлесiп тұрдым. Заң бойынша олармен менi жолықтырмады.
– Сiзден өтiнем, үш қызыма зорлық, зомбылық жасалмасын. Өзiңнiң де бала-шағаң бар шығар? – дегенiмде, майор:
– Маған сенiңiз, оларға ешкiм зәбiр көрсете алмайды. Мен өзiм жеке бақылауыма алып отырмын, – дедi. Мың болғыр Жұмахан (бүгiнде Алматы облыстық Iшкi iстер басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигi) сөзiнде тұрды. Бiр аптадан кейiн қыздарым тар қапастан аман-есен шықты. Сондағы қуанғанымды көрсеңiз. Мен, әсiресе милиция қызметкерелерi арасында да Желтоқсан жастарына жаны ашығандардың болғанына қуандым.
Республика прокурорынан шақырту алып барғанымда, жас тергеушi жiгiт даусын көтерiп, тықақтап:
– Сен Колбинге қарсы екенсiң! – деп зiлдене сөйлегенiне зығырданым қайнап, өзiмдi-өзiм ұмытқандай күй кештiм.
– Сен, бiрiншiден, маған сiз деп сөйле.!Екiншiден, менi Колбинге қарсы деп кiм айтты?! – дедiм алқымынан ала түсердей ашуға мiнiп. Ол тайсақтап, жөнiне көштi. Мұндай қан қайнатар, жүйкеңдi жүнше түтер қайғылы күндер де аз болған жоқ…
Тергеу бiрнеше айға созылды. Сол тұстағы шеккен азабымызды, жер боп қорланған сезiмiмiздi сөзбен айтып жеткiзу қиын. Бәрiнен өрiмдей жас қыздарымыз бен ұлдарымыздың итке таланып, темiр таяқ, темiр күрек соққыларына жығылғанын, жендеттердiң керзi етiгi тепкiсiнен бауырларының, бүйректерiнiң езiлгенiн, ызғарлы аязда бiрнеше сағат қар үстiнде жатқанын еске алған сайын, құлдық, бодандық өмiрдiң қандай қасiрет екенiн бар болмысыммен терең сезiне түскендей боламын.
Найзағай ойнағандай әсер еткен сол сұсты Желтоқсан күндерiнде екiншi курс студенттерiне «Бақыт дегенiмiз не?» – деген сұрақ қойғаным бар. Ешқайсысы жөндi жауап бере алмай қиналды. Берген жауаптары жалпылама.
– «Бақыт дегенiмiз» – бiр сөзбен ғана айқындалады? – деп қайта-қайта ескертiп, әлекке түстiм. Ақырында бiр студент (өкiнiшке қарай, аты-жөнiн ұмытыппын):
– Бақыт дегенiмiз – бостандық, – деп жауап бердi.
– Дұрыс, жарайсың! – деп, мен оған ризалығымды бiлдiрдiм.
Бiз – тәуелсiз елдiң нағыз бақытты азамат­тарымыз. Бұл теңдесi жоқ шаттыққа оңай жеткен жоқпыз, оған талай ерлерiмiздiң төгiлген қаны мен терi, көз жасы арқылы жеткенiмiздi ешқашан ұмытпауымыз керек. «Баянсыз жiгiт жұлқынса да, жауға шаба алмас, дауға жарамас» деген ұлағатты сөзге мән бере отырып, Желтоқсан көтерiлiсi күндерiнде халқымыздың намысы үшiн арыстандай айбат шегiп, жолбарыстай қайрат танытқан ержүрек жастарымыздың ерлiгiне бас ие отырып:
«Желтоқсан көтерiлiсiнiң тарихи маңызы неде?» деген сұраққа, мен өзiмше:
«Ержүрек жастарымыздың ашу-ызасы, намысы – жерiмiздiң тұтастығын сақтап қалуға да ерекше қызмет еттi. Егер «басқа салды, бiз көндiк» деген құлдық сезiм жетегiне ерiп, үндемей қалғанымызда, солтүстiк облыстарымыз, сөз жоқ, Ресейге, Маңғыстау Түрiкменстанға, Оңтүстiк Қазақстан облысы Өзбекстанға үлестiрiлiп берiлер едi. Желтоқсан көтерiлiсiнiң ең үлкен маңызының бiрi – осында деп бiлем…»

Мамытбек Қалдыбай,
Қазақстанның Құрметті жазушысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір