Өткен күндер елесі эссеге айналғанда…
22.07.2025
530
0

(Қаламгер Қалихан Ысқақтың «Келмес күндер елесі» роман-эссесі туралы ой-толғау)

Қалихан ағамызды алғаш теледидардан көргеніміз есімізде. 80-жылдардың ішінде, мектепте оқып жүрген кезімізде ,телевизиядағы бір бағдарламаға қатысып, Алтай табиғаты, оны қорғау мәселелері, орман шаруашылығының жай-күйі туралы айтып отырғаны көз алдыма елестейді. Мәселенің тігісін жатқыза айтып, кесек сөйлегені, «лесхоз»деген сөзді жиі қайталап, бұл мәселеге ерекше назар аудара сөйлегені де жадымызда. Кейінірек шығармалары қолымызға тиді, жата-жастана оқитын оқырманына айналдық. «Қоңыр күз еді» повесіндегі балалық шақтың кермек дәмі шынайылығымен баурады. «Бұқтырма сарыны» біз байыбына бара бермейтін өмір парақтарының, тағдыр сабақтарының күрделілігімен күрсіндірді. «Менің ағаларым» адамның өмірдегі өз орнын табуының мәні мен маңызын үйретті. «Қараорман», «Тұйық», «Ақсу – жер жаннаты» қаламгердің кемел ойының жүзеге асқан, туған жерге деген алғаусыз көңілін, табиғат-анаға деген адами қатынасын, азаматтық ұстанымының айқындылығын танытқан, Алтайдың адамы мен заманын жырлаған, суреткерлігі мен қайраткерлігін қатар танытқан туындылар санатынан еді.  
Автордың қай туындысы болмасын, ойға кенен, тілге бай. «Ақынға қара сөзден өлең оңай» демекші, суреткер жазушы қай жанрда қалам тербесе де, туынды тіліне кірпияздық танытып, баяндау, суреттеу тәсілінің, образ жасау, кейіпкер сомдау әдісінің, сан түрлі бейнелеу амалдарының қазақи қалыппен, ұлттық дүниетаныммен ұштасып, келісім тапқандай жарасып, жұтынып шыға келетіні шындық. Оған дәлел – қаламгердің қолынан шыққан қостомдық – «Келмес күндер елесі» роман-эссесі.
Роман мен эссе жанрының өзара кірігіп-бірігуінен, ықпалдасуынан пайда болған, ұлттық әдеби дәстүрімізден нәр алған, роман мен эссенің байланысынан, өзара тұтасуынан туған, жаңаша пайымдауға негізделген бұл жанрдың қазақ әдебиетінде орнығуына, кемелденуіне күш салған, қажырлылық танытқан Қалағаңның бұл ізденісі де жеміссіз емес.
Белгілі әдебиеттанушы ғалым Бақытжан Майтанов роман-эссе жанрындағы автор-баяндаушының рөлін, жазушы-автордың өзіне ғана тән субъективті ойларын зерделей келе: «Эссенің жанрлық мүмкіндіктері қолға ұстататын кілт – еркіндік. Авторлық баяндау еркіндігі. Бұл дегеніңіз – әртүрлі параметрлерге ұя тебетін уақыт пен кеңістік межелерін тиісінше сапырылыстыру арқылы сюжеттік-композициялық тың бітім қалыптастыру» дейді.
Роман-эсседе автордың көрген-білгені, естіген-түйсінгені, көзқарас пайымдары мен толғаныс-толғаулары арқау болған. Қаламгердің роман-эссесіне көркем тіл, поэтикалық баяндау, жатық стиль тән.
Кітаптың «Атажұрт» деп аталатын алғашқы тарауында автор туған жер, өскен орта туралы ойларын арыдан сабақтап, атажұрт, атамекеннің көнеден жеткен күмбіріне құлақ тігеді. Отыкеннің өткені жайлы, тарихтағы орны хақында, туған өлкесінің кешегі тағдыры, бүгінгі өмірі туралы ой толғайды. Ел аузында Өр Алтай, төр Алтай, қарт Алтай, кенді Алтай атауларымен танымал болған қасиетті Алтайдың ежелгі тарихы бүкіл түркі тайпасының басын біріктірген түпқазығы Отыкеннен бастау алса, бүгінгі алтын көмбесі еліміздің шығысындағы Алтай өңірімен, өзен-көлдерімен, тәңірсуының өзіндей Рахман қайнарымен, жер жаннатындай болған Ақсумен ұштасып, жалғасып жатыр.
Тарихтан сыр суыртпақтасақ, Аттиланың (Еділдің) жауларына қарсы осы Алтайдан аттанғанын, Ашбөріхан мен Ботпайдың Балқанға жорығын осы арада бастағанын, Шыңғыс қағанның жорығына дем берген де осы өңір екенін айтады. Қазақ жері – түркі халықтарының тарихи атамекені, ал түркі әлемінің, түркі жұртының тарих сахнасына шыққан жері – Алтай. Түркі жұртының Алтайдан тарағанын, Ергенекөннің негізі Алтайда қаланғанын, ал бүгінгі түркі ұрпағы бірнеше мемлекетті қоныстанғаны, бұтағын кеңге жайғаны белгілі, олардың атажұрты ретінде Алтайға құрметі бөлек, түпқазығы, тамыры деп танитыны да ақиқат.
Ал Қалихан Ысқақ роман-эссесінде көне түркі дүниесінің кіндік жұрты, арғы-бергі тарихындағы өшпес орны бар алтын қазығы Отыкен екенін, ежелгі Отыкеннің кейінгі Алтаймен етене байланыстылығын елеп-ескеретін уақыттың жеткенін қайыра бір қаперімізге салады. Отыкен – оты кен, байлығы шексіз, кенді өңір деген мағына береді. Автор сол байлықтың иесі, сол киелі жұрттың бүгінгі өнімі біздер екенімізді, бүгінгі тарихымыздың көне қатпарлары талай сырды бүгіп жатқанын, оны айқындау, аршып-анықтаудың, ұрпақ санасына сіңіріп, тарих ақтаңдағын айқындаудың өте-мөте қажеттілігін арнайы атап өткен.
Ұлы түркінің жұрт-жұрағаты саналатын Отыкеннің басынан не өтпеді? Ерте замандарда Ергенектіге жиналып, түркінің атамекеніне, анажұртына айналған Алтайдың шерменде көңілін кім тарқатады, шерлі тарихын кім түгендейді? Қатынқарағайды – қара орманым, Алтайды – атамекенім, Отыкенді – Отаным деп танудағы, танытудағы мақсат не? Аңғарғанымыз, топырағын кешіп, суын ішіп, ауасын жұтқан Алтайды жырлауы тек туған жері болғандығы үшін ғана емес, күллі ұлтының, түркі жұртының тәу етер Тәңір-құты, қасиетті, құйқалы төрі, шерлі, шежірелі тарихының, қилы тағдырының бастау алар, тоқайласар тұсы екенін меңзеу. Сол арқылы ел мен жердің тарихына табан тірету, өткен замандардан сыр шертетін Отыкен мен бүгінгі мемлекеттілігіміздің мызғымас дәлелі мен айнымас серті болған осы жердің, өлкенің өзара байланысын, үзілмес тарихи сабақтастығын, рухани құндылығын санамызда қайта жаңғырту.
Сол Отыкеннің отты, құнарлы жері оталып, жерінің ту-талақайы шығып, елі, жұрты сан мәрте үркіншілікке ұшырап, небір қилы тағдырды бастан кешкенін білеміз. Аттила атының дүбірін, түркі-моңғол текетіресін, қалмақ-жоңғар шапқыншылығын басынан өткерді. Ресей мен Қытайдың қыспағын көрді. Тевкелевтің елді тұншықтыру тәсілін, Анненковтың әлегін, өткен ғасыр басындағы талай зұлматты да көргенін білеміз. Отыкеннің өзегі саналатын Шабанбайдан айырылып, Қаратайдың үрім-бұтағы ұлардай шулап, азып-тозып, аман қалғаны кешегі кеңестік кезеңнің зобалаңына ұшырағаны да көз алдында. Отыкеннің отын күзетемін, елді, жерді қорғаймын деп қаншама есіл ер шейіт болды екен?! Сол тарих Қабанбай шыққан қайқы, Бөгенбай асқан асу, көкжал Барақтың табаны тиген тар өткел, Әбдікерім болыстың елді ағартушылыққа үгіттеген мектебі, Сұлтанмахмұттың пана тапқан, бала оқытқан отауы, Оралханның балалық шағы өткен ағаш үйі болып сыр шертеді, «өткен күнде белгі көп» екенін аңғартады. Міне, шерлі тарихтың, шежірелі уақыттың куәсі болған Отыкеннің бүгінгі күйі, талай мәрте алағай да бұлағай тағдыр кешкен Алтайдың мыңжылдықтар тоғысындағы бүгінгі халі қандайлық күйде?
«Әй, Қалихан, бұдан былай түк жазбай кетсең де, ризамыз. Енді мына елге қара, – деді менің боқмұрын замандастарымның бірі. – Ел тозып кетті ғой, не қайраның бар? »
«Менде не қайран болсын. Енді не істеу керек» деп еске алады «Келмес күндер елесі» кітабында.
Туған өлкенің талайлы тағдыры санасында жаңғырған жазушының жан айқайын кім тыңдамақ? Кім естімек? «Келмес күндер елесін» оқу барысында ел мен жер, өңір мен өмір, тіл мен тарих, қаламдастар мен замандастар, ұлт тарихы мен ұрпақ тағдыры жайындағы автордың әр алуан, сан қатпарлы ой-толғаныстарына қанығамыз, кермек дәмді балалық шағының, соғыстан кейінгі кезеңдегі қиын өмірінің, кеңестік дәуірдегі әдеби ортада өткен саналы ғұмырының өкініші мен үмітіне, ұмытылмас сәттері мен қимас күндеріне куә боламыз. Елдік мүдде, ұлттық рух мәселесі, әдебиет, мәдениет, руханият тақырыбы, ұлттық экономика мен экология ахуалы, бүгінгі ұлт мінезі мен болашақ ұрпақ тағдыры, міне, бәрі дерлік қаламгер қамтыған, қаламынан, назарынан тыс қалмаған жайттар. Осының бәрі қаламгердің кестелі тілімен, бейнелі ой оралымдарымен, қазақи баяндау тәсілімен астасып, көркем, құнды дүниеге айналған.
Жазушының қай шығармасы болмасын ондағы кейіпкерлер өмірде бар, болған немесе сол өңірдің тумалары болып келетіні жасырын емес. Автор өзі көрген, куә болған, көңілінен өткізген күндерді, өзі араласқан, таныған, бір дәуірді бірге бастап, бірге өткерген қарапайым тіршілік иелерінің қилы тағдырын көркем шығармаларына арқау етіп отыратынын білеміз. Ал осынау роман-эссесінде автормен бірге, кейде қоян-қолтық, етене жақындасып, сол келмес күндеріне, қимас шақтарына сондағы кейіпкерлермен біте қайнасып, мидай араласып, бірде балалық балдәуреніне, енді бірде есейген шақтағы бұла өміріне бірге сапар шегеміз. Автормен бірге Алтайды аралаймыз. Күлмес өзенін кешіп өтіп, Бүркіттің шыңына көз тігіп, Топқайыңның шаңын қағып, Қоңқайдың төбесіне шығып, туған жердің өткеніне ораламыз, бүгініне алаңдаймыз, болашағына қиялмен шарлаймыз. Сол өңірдің тұрғындарымен танысу, табысу барысында әркім қиялмен өз өңірін шарлайтыны анық.
Алтай аясындағы қым-қуыт өмір, Топқайың тұрғындарына тән тыныс-тіршілік, өңір тұрғындарының өмірден түйгені мен үйренгендері, біздің де яғни, оқырманның да өмірінде өтіп жатқандай, өгейсімей қараймыз. Өзімізше түсініп, саралаймыз. Бір қиырдағы ауылдың, ауданның мәселесін айтып жатқандай көрінгенмен, астарына үңілсек, мұқым қазақтың аймағын, барша қазақтың тағдырын көз алдыңа әкеледі. Ұлт ретінде ұтқанымыз қайсы, ұтылғанымыз не? Қазақтың қасіреті аз ба еді? Тарихымызға үңілсек, мұңаятын сәтіміз көп сияқты. Алда қандай заман бар? Болашақта не күтіп тұр?..
«Өткен күндердің бәрін армандап сағынып жүрсем, ол да әншейін қиялға семірген баланың алаңсыз шағы екен. Қазірде есіме алып отырсам, көргенімнің бәрі көңіл жұбатар қуанышы жоқ, үміті кем, үрейге толы өңшең бір лекер тірлік секілді. Әлде өмірдің қуанышы тез ұмытылып, қасіреті көкейге шер болып қатып қала ма, сол шер есейген сайын қордаланып, запыранданып, адамның заманға деген наласы тәубашылдығын тұншықтырып, тек қыжылын ғана сапыра ма?..» деп қынжылады автор. Автордың ой-толғамдарының дүниетанымдық сипаты кең, ойлау жүйесі пәлсапалық түйін-тұжырыммен ұласып жататын тұстары да аз емес. Мәселен, жоғарыда біз келтірген сілтемедегі ой аңғары Абайдың жиырма үшінші қара сөзімен үндесетіні айта кетуге болады. «Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш дегендер бар. Оның қуанышы – елде бір жаманды тауып, я бір адамның бұл өзі қылмаған жаманшылығы шықса, қуанады. Айтады: Құдай пәленшеден сақтасын, о да адаммын деп жүр ғой, оның қасында біз сәулелі кісінің бірі емеспіз бе, оған қарағанда мен таза кісі емеспін бе?» деп. Енді жұбанышы – «жалғыз біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ болады да» деген сөзді жұбаныш қылады». Қаламгердің ой-толғамдарын оқи отырып, қолымыздағы естелік-эссенің кейінгі ұрпаққа да айтары мол, берер тағылымы тұщымды екенін аңғарамыз. Роман эссенің «Әулет және әлеумет» деп аталатын екінші тарауында автордың көрген-білгені, естіген-түйсінгені, көзқарас пайымдары мен толғаныс-толғаулары кестелі тілмен, жатық стильмен өрнектеліп, замана жайлы, замандастары туралы, өскен ортасы мен әулеті, өскен өңірінің қимас жандары мен атпал азаматтары хақындағы естеліктері мен есіндегілері жинақталып, деректі, шежірелі, көркем туындыға айналған. Негізінен, кеңестік кеңістіктегі өмір белестері тарата айтылғанмен, автордың ширақ қаламы, жүрдек ойы, қағілез түйсігі уақыт шекарасынан асып арғы-бергіні шарлап жатады. Бүгінгі өмірді айтып отырып, өткен күндермен әдемі жымдастырып, сабақтастыруы, кеңестік кезеңнің кісі қызығарлық тұстары мен ұлттық дүниетаныммен үйлесе бермейтін жайттарына да сыни көзқараспен қарап, тәуелсіздік биігінен бажайлауға деген қарекеті де шынайы шыққан. Ел мен жердің тарихын түгендеуге өре керек, ел мен жердің тағдырына алаңдауға биік парасат қажет, ауылдың мәселесін, қажетін, замандастың білік-парасатын, қаламгерлердің азаматтық тұлғасын білу, сезу, тану үшін ұлтжанды болу аздық етеді, парасатты болумен ғана шектелмек емес, сонымен бірге көкірек көзі ояу, туған жерге деген сүйіспеншілік, замандасың мен қаламдасыңа деген қалтқысыз көңіл, адал жүрек те қажет секілді. Қалихан Ысқақовтың бойынан да, ойынан да табылар осынау қасиеттер шығармаларының шынайылығына шек келтірмейді.
Жоғарыда кітапта айтылатын, қамтылатын басты дүниелерге назар аудардық. Тағы бір бейнелей айтсақ, қаламгердің өзі өмірге келген өңірдің өмірі және өз өмірінде көрген-түйгені, кездескен тағдырласы, қамқорлығын көрген қолғабысы тиген қаламдастары, сөз өнерінде қатар жүрген, әдебиет, өнер аламанында бәйгеге түскен өнерпаз тағдырлары, өнер мен әдебиеттің өрен жүйріктері деп шартты түрде үлкен екі тақырыпқа топтауымызға болады. Бірін-бірі толықтырып отыратын тақырыптар, біріндегі өмір көрінісі екіншісінен өзектес, өмір шындығы мен өнер шындығының біте қайнасып, өзара жымдасып, келісті өрнек құрған топтамалар.
Бір оқиғадан келесісіне ауысып, одан кейде шегініс жасау арқылы өткеніне бұрылып, бір мезет алдағы күндермен байланыстыра қарап, оқырманын қызықтыра, құнықтыра отыраудан жаңылыспайды. Осы бір туындыдағы өзіндік желі, автор таңдаған тәсіл ұғымды шыққан. Жұлдыз ауылындағы интернаттағы өмірдің көркем тілмен кестеленген тұстары «Қоңыр күз еді» шығармасы арқылы оқырманын тапқанын білеміз. Роман-эсседе айтылар, қамтылар дүниенің біразы сол повеске арқау болғанмен, кітапқа енбеген, көңілден сөнбеген, жүректен өшпеген тұстарының да бар болатыны күмәнсіз, эссенің оңтайлы жанр екенін, осында бастан өткен дүниелердің біразының басын қайыруға мүмкіндігі мол екенін қаламгер де назардан тыс қалдырмайды
Өмір сырын ертерек ұғуға, өмірге деген дүниетанымын өзінше қалыптастыруға интернаттағы өзгеше әлемнің өзіндік ықпалы болғанын қаламгердің балалықтың ауылына деген сағынышынан аңғардық. Автордың «Қоңыр күз еді» повесіндегі Қасым қиялындағы ой-арманның, бастан кешкен балалық шағының қаламгер Қалиханның балалық шағымен біте қайнасып, мидай араласып, етене сапырылысып жататынын да аңғарамыз.
Автордың өмір жолында сан соқпақ болғанын білеміз. Талай жақсылардың шарапатын көрді. Өзіне жақсылық жасағаны есте жоқ, бірақ ағайынға, ауылға, өңірге сыйлы болған, бірі – өнегелі ісімен, тәрбиелі қалпымен есте қалса, енді бірінің – елге қамқорлығы, ағайынға жанашырлығы ойға оралады. Серғазы, Әбіш, Исабай, Рахым секілді ауыл ақсақалдарын, Бозжігіт, Мырзақожа, Түрленбай, Қасен секілді ел азаматтарын, шәкірт қиялына қанат бітірген Күләш, Асылбек сынды ұстаздарын, тәуелсіздік алған тұстағы ел тізгінін ұстаған Асқар, Сейдолла, Толқын сынды ел ағаларын, олардың қазақи танымын, азаматтық қалпын, ұстаздық қасиетін, елге қамқорлығы мен іскерлігін ілтипатпен еске алады. Темірбек пен Тоқтасын секілді інілерінің егемендіктің елен-алаңындағы ерен істеріне сүйсінеді. Елге, туған жерге деген адал қызметін, нарық қыспағында қалған жұртын қиындықпен күресуге шыңдағанын жазады.
Қаламгердің өткенді өкінішпен һәм сағынышпен еске алуын қабылдауың да оңай емес. Роман-эсседе автордың өзі туып-өскен Алтай өлкесі, оның өткен тарихы мен бүгінгі келбеті, өңірден шығып, есімі күллі елге ұстын болған баһадүрлері мен ғажайып табиғатымен тұтастықта өмір кешіп, бүкіл ғұмырын елмен байланыстырып келе жатқан қарапайым қаһармандар жайында толғаған сырына қанықтық. Бірге оқыған, өскен, әріптес болған замандастарының жанына үңіліп, олардың ағайынға қамқорлығын, әулетке жанашырлығын, ауылға, елге жасаған жақсылығын айтып, өмірдегі адами қалпын, пенделік іс-әрекетін боямасыз, бірақ көркем тілмен, поэтикалық баяндаумен әрлеп, жатық стильмен, айшықты сөзбен бедерленген, айтары мол, астары қалың туындымен таныстық.

***

«Келмес күндер елесі» роман-эссесін оқу барысында қаламгердің шығармашылығы туралы да, шығармашылықтан тыс уақыттағы көңілді мезеттері мен мұңлы шақтары, өміріндегі, өнеріндегі қалтарысы мен бұлтарысы, көпшілікке беймәлім шығармашылық зертханасы, өзіндік ортасы, таланты мен тағдыры, азаматтық болмысы мен парасат-пайымы, кісілігі мен кішілігі хақында көп жайларға қанығамыз.
Автордың замандастары мен қаламдастары жайлы ой-пайымдары қос кітаптың өн бойында дерлік ұшырасып жатады. Ахан Нұрмановпен таныстығы туыстыққа, достығы туысқандыққа бергісіз болғанын бұрын да оқығанбыз. Роман-эссенің бірқыдыру бөлігі Аханның азаматтық тұлғасын, батыл ұстанымын ашып көрсетуге арналған екен. «Шетел әдебиетінен лекция оқитын Мадзигон: «Дүниежүзілік классиканы Нұрмановтай білген адам университетте оқымай-ақ қойса болады», – депті. Аханның көп білетініне, білімдарлығына берілген бағаның шынайы­лығына сенесің.
Біз біле бермегенмен, Аханмен студенттік жылдардың алғашқы жүздесуінен-ақ басталған достықтары сетінемеген Қалихан Ысқақтың қимас шақтарын еске алып, өткен күндерге сағынышпен, мұңмен жиі оралатын осынау кітаптағы жазбаларынан аңғарамыз. Суреткер жазушылығы, шынайы таланты туралы оқып білгеніміз өз алдына, оның пенделік құпиясы, қысқа ғұмырының көпшілікке беймәлім қалтарыс-бұлтарыстары, оңашалыққа үйір, саяқ жүруге үйір оның жанын не мазалады, өмірге қыжылы, тағдырға наласы неден туындады? Кеңестік идеологияның ықпалын ысырып тастап, Құланды пір тұтты, тың игеру мәселесінде ұлы дүрмектің астарында даңғаза мен дақпырттың қатар жүргенін ерте байқады. «Тың дейтұғын ортасында отырса да, Ахан ол туралы бір ауыз жылы сөз айтқан жоқ. Тың дейтұғын науқанның ар жағында не саясат жатқанын біреу түсінбей мазақтады, біреу түсінсе де жампоздықпен далақтады. Ахан тың әкелген қасіретті жазды. Қасіретке қаламнан басқа жұмсар қаруы жоқ еді».
Құланды жазуы – нағыз ерлік. Асқақ Құланның ұрпағы Қыпшақ Құлан заманның көзсіз батыры. Ахан саясатқа сүйенсе, Құлан иесіз қалады. Құлан-Кейкіні кейінгі ұрпаққа үлгі етем десе, аждаһаның аузына жұтылады. Туындының айтары аз болмағанын азшылық ұқты. «Айсберг әдісі» дегеннің әлем әдебиетіндегі орнығуына Хемингуэйдің ықпалы зор десек, қазақ әдебиетіндегі көрінісінің алғашқы үлгілерін Аханның астарлы туындысынан айқын аңғаруға болатындай. Билік, бақылау қай Құланды жазғанын білмей састы, Ахан өз Құланының қағынан «жерінген» жоқ. Суреткерлік әдді, шебер қиял, өміршең идея көркем әдебиеттегі Құланды биікке көтерді. Аханның жазғаны шындық, Құланы – тәуелсіз елді аңсаған ұланы екендігі, қаламгерлік ұстанымы азаматтық тұлғасымен ажырамас бірлікте біте қайнасып жатқанына бүгінде елі куә, ұрпағы ұлына разы.
«Атадан жалғыз болсам да, ағадан кемдік көргем жоқ. Тағдырдың маған қиған бақыты шығар, мен ағалар қолтығында көп жүрдім. Бірі – Кетік дейтұғын, бірі – Кержақ дейтұғын, бірі – Кольхауын деуші еді, бірі – қалжың-шыны аралас әңгімемді қызық көретін, бірі – үлкен үміт күтетін, бірі – жанашырлық жасайтын. Бір-бірімізге барынша, әркімнің қолынан келгенінше атмосфера жасауға тырысатынбыз» деп ағынан жарылады «Келмес күндер елесі» роман-эссесінде. Қос Ғабеңнен көрген қамқорлығын, Мәскеуде Тәкенмен өткізген қимас сәттерін, Шәкен Айманов пен Мәжит Бегалиннің, Сафуан Шәймерденов пен Әнуар Әлімжановтың, Қалағаңның, Хамаңның, Жұмекеннің, Мұқағалидың азаматтық болмысын, кісілік келбетін көз алдыңа әкеледі. Ал Тельман, Ахан, Сайын, Қабдеш, Әкім, Қомшабай, Нәзір, Жақау т.б. туралы әңгімелері ұлттық әдебиетіміздің кемелденуіне бірге үлес қосқан, ыстық-суығына бірге күйіп, азабы мен рақатын бірге сезінген құрдастарының адами, азаматтық бейнесін, қаламгерлік hәм қайраткерлік болмысын аша түседі. Әрқайсысының өз әлемі, өз «мені» болғанымен, ортақ мүдде, ұлттық рух, әдеби орта көзқарастарын тоқайластырып, танымдарын бір арнаға тоғыстырғанын іштей мойындайды, іштей ұғынысады.
Алтайдан кіндіктері бір, жамағайындығы және бар інілері туралы айтары аз емес екені белгілі. Оралхан, Дидахмет, Әлібекпен арақатынасы, аралас-құраластығы оқырманын бей-жай қалдырмасы анық. Ағаларының аялы алақанының жылуын інілеріне сезіндірмесе Қалихан кім болмақ? Алдына шақырып та айтатын, батырып та айтатын, көңіліндегі ойларының інілерінің шымбайына бататын тұстары да баршылық, алақандай ауылынан бастап, ортақ Алтайға дейінгі аралықтағы шетін мәселелердің ортақ шешім тауып, шешіліп жататын тұстары да кісі қызығарлық.
Өңірдің тынысы мен тіршілігі, ауылдың әлеуметтік жағдайы мен әулеттің тұрмыстық халі де ортақ әңгіме арнасына айналып, елдік мүдде мен ұлттық рух мәселесімен түйінделетін толғақты тақырыптар ешқашан үзілген емес, ойларынан бір сәт те ажыраған емес. Мұны Қалағаңның осы кітабынан да, ой-пайымдарынан да, іні-әріптестерінің жазған-сызғандарынан, ағаларына, бір-біріне деген ілтипат-көңілдерінен, жазған-сызғандарынан да айқын аңғарамыз. Жазушы өмірбаяны мен шығармалары арасындағы ұқсастық сырының себебін өмірден көрген-білгені мен керекті дерегін сұрыптап беруде, өмір шындығын реалистік тұрғыда сипаттауда шынайылықты арттыра түсуге септігі тиетінін, оған көркемдік шындыққа ұластырудағы өзіне тән суреткерлік шеберлігін қоссақ, мәселенің байыбын түсінер едік. Қаламгерлердің өмірі шығармашылық жолымен тұтасып кететінін, өзара бірлікте, байланыста екенін зерттеушілер де жоққа шығармайды. Егер оқырман жазушының көркем туындыларымен жете таныс болса, онда қаламгердің шығармашылық зертханасына қатысты көп жайтты аңғара алатынын айтар едік. Мәселен, Рамазан Тоқтаров досының кіші әкесі Төлешпен талай дәмдес болған авторды оның өзгеше болмыс-бітімі, усойқыдан ащы тілі, өзінен басқа ешкімді тыңдамайтын қырсық мінезі қызықтырды ма, әйтеуір, Төлеш сөзін, бейнесін, атын, іс-әрекетін туындыларына арқау еткенін, болмыс-бітімін, мінез-құлқын Қара Диюға таңғанын білеміз. Ал Төлештің Рамазанның босбелбеулігіне, енжар қылығына көңілі толмай, салақтаған «қарашелекке» теңейтінін де, оны автор Жақып (Қарашелек атанған) атты кейіпкерімен ұқсастығын да оқырман қауым біледі. Оны Қалихан Ысқақтың өзі «Рамзайдың қаламына ілікпеген туыстарын, әсіресе Төлештің атын өзгертпестен «Ақсу – жер жаннаты» романымда біраз эпизодтарға дәнекер етіп едім», – деп еске алады. «Тәкеннің олпы-солпы дүниелерді қара сиямен сызып отырып редакция жасайтын әдеті. Бірде оншақты беті қара ала шимай болған «Абай жолын» оның үстелінен көріп, семинарға келген Әбу ақсақалдың шалқасынан түскені бар. Тәкеннің қолы қазымыр еді. Оның мінезіне, тіліне бітпеген қазымырлық қаламында қалған. Бірақ ол кінәмшіл қазымырлық емес, қаламының сұлтандығын танытатын, өнерге биіктен қарайтын кірпияздығы болатын. Үш жыл қасынан қалмай жырақта жүргенімде ағадан жұққан бір қасиет болса, ол осы тілге деген кірпияздық шығар». Замандас-қаламдастары туралы ағынан жарыла сөйлейді. Қаламгерлік әлеуетін де, адами болмысын да, пенделік әрекетін де жасырып жатпайды. «Жұмекен бір ғана поэзия емес, әдебиеттің әр жанрына бақайшағына дейін шағып отырып әдемі талдау жасай беретін, бірақ баспасөз бетіндегі сынға араласып мақала жазған емес, ара-тұра аудиторияда болып тұратын айтысқа да шыққан жоқ, оның сыны көптің құлағына емес, авторлардың назарына, жеке отырыстарда айтылатын, жеткізіп айтатын, кесіп айтатын, сонсоң да кейбіреулер одан сескеніп жүретін» деп Жұмекен досын еске алса, «Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары классиктердің егініне түскен ерен таланттың иесі екі ақын – Мұқағали мен Жұмекен ел аузына ілікті. Мұқағали өзі айтқан «қара өлеңнің шекпенін» қымтап жауып, көл-көсір, еркін талантымен көптің көңілін тапты да, Жұмекен интеллектуалды поэзияның биігіне көтерілді…» деді бір тұсында.
Зиялы қауым қай заманда да ұлттың сөзін сөйлеген жоқшысы болды. Ұлттың ұпайын түгендесуге үлес қосты. Өзгеде кеткен кегімізді қайтарды, қанжығасында кеткен қарындастың дауын жоқтады. Қалам иелерінің қазақтың қай мәселесінде де қағыс қалып көрген жері жоқ. Үй тар болса да, көңіл кең, жұпыны өмір кешсе де, жазғандары талай буынның ризығына айналып келе жатқан замандастарының дені «Сансызбай, Әнуарбек, Ізтай, Сәкен, Сағи, Тұрманбай, Нәсір, Ахан, Тельман, Оспанхан, Ілия, Шәміл, Бекмырза, Жақан, Қабдыкәрім, Қосжан, Өмірбек, Бек, Әбіқұл, есіме түспегені бұдан жүз есе көп, қойшы әйтеуір, қазақтың зиялы деген жұртының кейінгі толқынының да 99,9 пайызы қайын енесіндей қақпас мәтүшкелердің қапсырмасын паналағанын», өмірдің қызығы мен қиындығын бірге өткізген күндердің әр сәті қымбат, әр мезеті сағыныш болғанын төгілте жазады.
Алдыңғы буын ағаларының эстафетасын ілтипатпен қабыл алып, ел тағдыры, ұлт өмірі, әдебиет пен руханият тағдыры сынды мәселелерге де батыл үн қосып, өзіндік ой-көзқарастарын, ұстанымдарын білдіруден бой тасалаған жоқ. Сәкеннің «Жапандағы жалғыз үй» соның жаңғырығы, Аханның «Құланның ажалы» соның мысалы, Жұмекеннің «Менің Қазақстанымы» соның айқын куәсі дерлік.
Тырнақалды туындысы саналатын «Қоңыр күз едіден» бастау алған туған елге деген құрмет, өскен өңірге деген тағзым, тумаластарына деген сағыныш сүйекті, шоқтығы биік романы «Ақсу – жер жаннатына» дейінгі аралықтағы бар шығармасында дерлік шынайы көрініс тапқан. Туған жерге, елге деген сүйіспеншілікті, оның тау-тасы мен өзен-бауына дейінгі дүниенің бәріне алаңдауды, әр төбесі мен текшесінің тарихын білмекке деген құштарлықты Қалихандай түйсініп, сүйсініп жазса, өлкетану дейтін саланың ауқымы кеңіп, орталықтан тысқары жатқан талай қазақ ауылы мен шалғай ауданының мәртебесі тасып, мәселесіне ел, жұрт, билік назары ауар еді. Осы тұста Қалиханның жерлес жазушыларының да осы мәселеге келгенде көп қаламгерлерден бір бәс жоғары тұрғанын несіне жасырамыз.
Баспасөзден де, сұхбаттарынан да автордың талай жылдан бері алты ай жазды ауылында өткізіп, шығармашылықпен еркін айналысуға, бой жазып, демалуға, суына, буына түсіп, ем алуға, елін, жерін аралауға мүмкіндік тауып, үнемі ғадетіне айналдырғанын оқып жүретінбіз, еститінбіз. Әсіресе тәуелсіздіктің елен-алаң шағындағы, нарықтық экономикаға енер тұстағы, елдің еркіндікке қолы жеткенімен, мүмкіндігін оңтайлы пайдаланудың қыр-сырын жете меңгере, игере алмай жатқан сәттегі көрген қиындық пен сол қиындықты еңсерудегі жіберген қателік пен көзсіз ерліктер де көз алдынан өтті. Қаламын қаруға айырбастағанымен, сөзін өткізер, айтып жеткізер тұстарда қарап қалмады. «Алла жазса, кетіктің орны толар, кемістік түзелер, толтыратын да, түзететін де қазақпын дейтін азаматтар Қаратайға да келе бастады» деп жазғанындай, өтпелі кезеңнен ес жиып өткенімен, алдағы атқарылар істің ауқымы да ұшан-теңіз екенін білді.
Ұлттық парктердің халықаралық орталығының берген бағасына сүйенсек, «әлемде бұған теңдесетін (Қатынқарағайды айтып отыр) дәл осындай жер жоқ». Тәңірі сыйлаған табиғаты, Отыкен заманынан мирас болып қалған территориясы, елге, жерге төнген зауалдың бәріне төтеп беріп, сол ел мен жерді көзінің қарашығындай сақта келе жатқан тұрғыны, сан қатпарлы тарихы бар елмен, өңірмен қалай мақтансаң да жарасатыны ақиқат. Қолынан жазу келетін, жүйелі, шешен сөйлейтін, тауып айтатын, қазып айтатын Қалихан Ысқақтың осы мәселелерді жазбауы да, толғақты мәселелер туралы толғанбауы да мүмкін еместей. Жерді қорғаған ерін, елдің бүтіндігін ойлаған азаматын айтпағанда кімді айтады, олар туралы жазбағанда кімді жазады?
«Шабанбайдай жер қайда?» «Қаратайдай ел қайда?» деп кітап жазуды қалаған, ел ағасы атанған Бошай Кітапбаевтың аманатын орындауға қаламгер Қалихан бәрін ысырып тастап кіріскенін өзінің айымен естіп-білдік, соның өтеуі – қолымыздағы «Келмес күндер елесі» деп аталатын қостомдық. «Азаматына қарап, ауылын таны» демекші, сол ауылдың ажарлы, базарлы қалпын жаhандану кезеңінде сақтап, кейінгі ұрпаққа аманаттау үшін еңбек етіп жүрген ел азаматтарының шынайы бейнесін сомдап, бүгінгі күннің шындығын жырлайды. Автор «ауылды тоздыру – қазақты тоздыру! Бір халықтың тамырына балта шапқанмен бірдей» дейді. Ал біз автордың сүйікті пір тұтатын жазушысы, көрнекті орыс қаламгері Буниннің сөзімен түйіндесек, «пендеге де, батырға да, Адамның бүкіл ұрпағына ортақ мылқау өліктердің мәңгілік мекені бар екенін ұмытпа».

 

 

Шоқан Шортанбай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір