ҚИЛЫ КЕЗЕҢНІҢ КӨРКЕМ СУРЕТТЕРІ
15.10.2025
246
0

Ғылым және жоғары білім министрлігі «Қазақстан әдебиеттануы, фольклортануы және өнертануы экожүйесінің цифрлық трансформациясы: пәнаралық зерттеулер» нысаналы бағдарламасының «Әдеби өлкетану» тақырыбын зерттеу мақсатымен Жетісу облысындағы бірсыпыра қаламгерлердің шығармашылығы зерттеу нысанымызға айналды. Солардың бірі – қазіргі қазақ әдебиеті өкілдерінің бірі Молот Солтанаев.

Молот Солтанаев 1950 жылдың 12 қыркүйегінде қазіргі Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Қорғас ауылында дүниеге келген. 1981 жылы С.М.Киров атындағы университеттің тарих факультетін бітіргеннен бері баспасөз бен білім беру саласында еңбек етті. Ақын, жазушы, журналистің ұзақ жылдардағы еңбегі бағаланып, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Панфилов ауданының құрметті азаматы атанды.
Оқырман қауымға «Ауылым баурайында Бестөбенің» (2004), «Жүрегім құрақ жапырақ» (2016) атты жыр жинақтарымен, «Тағдырлы тарихымның түп қазығы» (2020), «Суан елінің батырлары» (2023) тарихи-танымдық кітаптарымен таныс қаламгердің прозалық «Ормандағы ойран» (2024) жинағы қолымызға тиіп отыр. Қазақ әдебиетінің тарихында бірсыпыра ақындардың шағын лирикадағы кейіпкерлерін прозаға алып келгені белгілі. Сол сияқты Молот ағамыз да поэзиядағы кейіпкерлерін оқиғаны кеңірек қаузайтын проза жанрына алып келгеніне куә болып отырмыз. Кітапқа жазушының бірсыпыра әңгімелері мен «Ормандағы ойран», «Жолаушы», «Жанкешті» хикаялары топтастырылыпты. Бұл шығармаларға қаламгердің өзі өмір сүрген өлкенің арғы-бергі тарихына қатысты үлкенді-кішілі оқиғалар, ал әңгімелеріне кейіпкерлер төңірегіндегі бір сәттік шағын оқиғалар арқау болған. «Ақикөз» әңгімесінің оқиғасы лирикалық шегініспен өрбиді. Сексенінші жылдары қырғыздардың оншақты жылқысын барымталап ұсталып қалған ауылдың төрт жігітін сот орындаушыларынан арашалап, екіжақты келісімге келтіріп енді мәселе шешіле бергенде, Ақикөз ақсақалдан бата сұрайды. «Ой, әкеңнің тақ ауызын ұрайындар. Ұрлайсың ұсталасың, ұрлайсың ұсталасың, ұрлықтың қадірін кетіріп, беделін түсіріп. Әй, мен қырық жыл жылқы алдым, бірде-бір рет ұсталмадым ғой, ей, а» деген сөзі біткелі тұрған шаруаны ушықтырып жібереді.
Ауыл ақсақалдары жиналған қонақтықта «Ақикөз» аталып кеткен Қапсалам ақсақал өзінің қырық жыл бойы жылқы алғанын айтып береді. Барымтаны ұрлық деп ойламаған қазақ баласы бертінге дейін ауыл арасындағы қылқұйрықтарды жымқырып отырғаны белгілі. Сондай көзсіз батырдың бірі – Қапсалам ақсақал. Алғашында құдаларының ауылынан құдаға мінгізген атын екі-үш күн тау ішімен жүріп, алып келген бозбала келе-келе алыс ауылдардан жылқы ұрлауды әдетке айналдырады. Қауіпті де қатерлі жолда қырық жыл жүріп, ұл-қызын оқытып, бәрін аяқтандырған қария тоқсанға келгенде ақталу үшін емес, адам қолынан келмейтін шаруаға ұмтылмауы керек дегенді меңзеп отыр. Кейіпкердің: «Өмірімнің ең жігерлі жастық жылдарын осындай өзім ерлік, бұрынғы өткен ата-бабамыздан қалған жаугершіліктің, батырлықтың бір белгісі санаған барымтаға жұмсап келгеніме кейін ғана ақылым жеткеніне өкінем», – деген сөзінен оның өмір бойы ұрлықты барымта деп түсінгенін байқауға болады. Барымтаны қазақ ерліктің, жүректіліктің белгісі деп түсінген. Сондықтан барымтаға өзіне сенген қас батырлар ғана тәуе­кел ететін болған.
«Күйші» әңгімесінде суреттелген Албан, Суан, Қытай қазақтарының арасында аты кең жайылған Әлібай күйші мен оның ұлы Дәулетбектің өнері мен өмірі арқылы күй өнерінің құдіретіне куә боламыз. 1930–1937 жылдары қазақтың талай азаматы «халық жауы» болып айдалып кеткенде, Дәулетбек ұсталып кеткен Нұрқожаның сыртынан ешқандай жаман сөз айтпайды. Жазушы кейіпкердің осындай істерімен оның күйшілігімен бірге азаматтық болмысын ашуға тырысқан.
«Бозқырау» әңгімесінде «үрерге иті жоқ, сығарға биті жоқ» жермен құда болғаны үшін келінін тілдей берген ененің кесірінен қос ғашық алма ағашына асылып өлген қайғылы оқиғаға кезігеміз. Жазушы «айтылған сөз – атылған оқ» екенін, «сөз сүйектен өтетінін» ененің сөздеріне сыйғызса, бір-бірін сүйген қос ғашықтың шешімінен оларды өлімнен басқа ештеңе ажырата алмайтынын ұғамыз. Ене мен келін арасындағы қақтығыстар қазақ әдебиетінде біршама суреттелгенмен, жазушы шайпыауыз ененің ұлы мен келінінен бірдей айы­рылған қасіретімен оқырманға ой салады.
«Қамшының киесі» әңгімесінде ұлт­тық құндылықтарымызды дәріптеу, үлкеннің сөзін тыңдау секілді ұлттық тәрбие көрініс береді. Авторлық ұстаным кейіпкердің «Қазақтың киелі деп саналатын қамшысының да артық кетсең жыныңды қағып, тәубеге келтіретін, жөні түзу жолға түсіретін, тәрбиелі жолға салатын қасиеті бар екен-ау деген ойға келдім» деген ойына сыйып тұр.
«Амандасудың әлегі» әңгімесінде сүт пісірімдей уақыттағы оқиғаға куә боламыз. Атты кісіге қалқадан атып шығып амандасамын деп, атын үркітіп, өзін шаң топыраққа құлатқан баланың қылығынан амандасудың да жөн-жоралғысы болатынын көреміз. «Ұлытаудың ұлары» әңгімесінде түсінде Ұлытаудың ұларын көрген кейіпкердің біраз жылдан соң, сол түсінің орындалып, балалы-шағалы болғанына кезіксек, «Менің оқушымда» екі құрдастың шәкірттерінен олардың болмысын байқаймыз. «Албасты» әңгімесіне аңға шыққан аңшыларға үңгір аузында кездескен мақұлық арқау болған. Орман, тауда жүретін «Қар адам», «Кісі киікке» ұқсас түрі қорқынышты бұл мақұлықты қазақ «албасты» десе керек. Оны жазушы былай суреттейді: «Жалпақ танауының тесігі үңірейіп, алау-далау болған бір пәле ыңыранған үн шығарып, аңшыларға тесірейе қарайды. Тұла бойын бастан-аяқ тұтастай сабалақ түк басқан мақұлықтың салбыраған қолы тізесін соғады. Өзі жұмған саусақтарына бірдеңе ұстап алғандай. Оттың жарығы түскен екі көзі жылт-жылт етіп, зәрелерін одан сайын ұшырған».
«Қазақтың Мюнхгаузені» әңгімесіне қарсақ қуамыз деп қошқаршының биесін өлтіре жаздаған аңшы Әзекеңнің өтірік-шыны араласы қызықты әңгімелері арқау болған. Әзекеңнің әңгімелерінен еріксіз күлкіге көмілгендер «Өтіріктің өзіне күлме, қисынына күл» дегенге куә болғандай.
Аталған әңгімелердің барлығына бір сәттік оқиғалар арқау болғанмен, олардың негізгі кейіпкерлері өмірден алынған, жазушының өзіне жақсы таныс адамдар. Жүрген жерінде әңгімешіл қарияларды іздеп жүретін жазушы, ел аузындағы әңгімелер арқылы өз замандастарының басынан өткен түрлі оқиғаларды әдебиетке алып келген.
«Ормандағы ойран» хикаясының оқиғасы негізгі кейіпкер аңшы Жол­аманның төңірегінде өрбиді. Шытырман оқиғаға құрылған хикаяның әр тарауындағы оқиғалар араға екі жыл салып жалғасып отырады. Оқиға таң ағарғанда межелі жеріне жеткен Жоламанның еліктің үлкен текесін атып алуынан басталады. Жаяу аңшы елікті атқанмен, оны арқалап төмен түсіру оңай болған жоқ. Оны жазушы былай суреттейді: «Тездете басқанымен, әртүрлі ой қаумалап дегбірі кеткен Жоламанға жүктің салмағы енді батты. Алқына көтеріліп тепсеңнің шетіне аяқ басқанша да бірталай уақыт өтті. Әншейінде мұның аңнан қайтқанын күндік жерден сезіп, арсалаңдап үріп алдынан шығатын Бөрібасар да жоқ…»
Көңіліне күдік ұялаған аңшы өлі тыныштықтан секем алып, ентелеп келе жатқанда бөренеден салынған ағаш үйінің есігі айқара ашық жатқанын көреді. Жақындағанда басы еңіске қарай шалқалап, сұлқ түсіп қимылсыз жатқан әкесіне көзі түседі. «Ұлым келгенше шыдауым керек, оның өмірін сақтап қалуға тиіспін. Кім екенін айтамын. Айтамын…» деп баласының өзінің кегін қайтаратынына сеніп оны күтіп жатқанмен, баласы келгенде «Мылтығы бар… ала ат, ала ат» дегенді айтуға ғана шамасы келді. Басын көтере бергенде етпетінен құлап жатқан анасын көрді. «Жарылған шүйдеден аққан қан көзі мен бетіне түгел жайылып, кеберсіп, қабыршақтанып қата бастапты».
Жоламан бір отбасының ойранын шығарған сұмдықты кім жасағанын білмесе де, қан жоса болып жатқан әке-шешесінің кегін алатынын айтып Құдай алдында, орман-тоғай киесінің алдында жар салды. Екі балапанының аман екенін білген соң, олар шошынып қалар деп үйге бұрылғанмен, балалары аналарын сұрағанда, бөгеліп барып «Келеді» дегеннен басқаны айтуға шамасы келмеді.
Кеше таңертең аңға шығарда әкесі келінінің қоржынына илеген терілерін салып, қалаға жұмсап отырғаны есіне түсіп, енді аяғы ауыр Қалишаның жағдайын ойлап дегбірі қаша бастады. Иесіне араша түскен Бөрібасарды өкпесінен атып, оған өле қоймаған соң, ауыр нәрсемен ұрып басын мылжалап, көзін ағызып жіберген соң өлгені белгілі болды.
Жоламан ашыққан екі баласын тамақтандырған соң, күн батпай әке-шешесін жер қойнына тапсыруға кірісті. Олардың аяқ жағына Бөрібасарды қойды. Таң атқанша кірпік ілмей, әлемдегі ең жақыны әке-шешесінің өткен өмірін көз алдынан өткізді. Ормандағы аңшы үйіне қарумен келіп, иелерін өлтіріп, азын-аулақ жинаған терілерін түгел үптеп кеткен содырлардың кім екенін білмей дал болды. Ойды ой қуып, екі жыл бұрын қаладағы базарға барып тері сатып тұрғанда бұған әлімжеттік жасаған екеудің сыбағасын бергені есіне түсті. Одан өзге адам баласының бетіне келмеген Жоламан бұл сойқанның кімнің қолымен жасалғанын ішіне түйді. «Иә. Мына жауыздыққа барған солар болды», – деп баяғы базар алаңындағы тапа тал түсте бас салған, заты басқа көрінген зәнталақтарға тоқтады».
Жоламан да ата-баба жолымен әкесінен көргенін істеп, ағаштан ожау шауып, аңшылықпен айналысты. Әкесі бұл кезде үйреншікті ұсталығы мен өрімшілдігіне қайта кірісті. Өрімші әкесі жасаған ат әбзелдерінің қамшыдан бастап, түрлі бедер салынған қайыстан өрілген жүген мен тізгін-ноқтасына, тартпасы мен өмілдірігіне, құйысқандарына қызығушылар жетіп артылатын. Әкесі өзіне мылтығын табыстағалы отбасының асыраушысы болып, аң терісін тұздау, жайып кептіру, илеп керек-жараққа пайдалану сияқты шаруаларды игеріп алды. «Анасының табыстауымен атып алған семіз бұғының, кейде еліктің текесінің ішін жарып жіберіп, іш майымен қоса, тоқ ішегін ұзындау етіп кесіп алып, оны ағын суға шайып жіберіп, ерінбей үйге көтеріп әкелетін». Осылай орман ішінде өз күндерін өздері көріп отырғанда, тыртық шеке мен қамыт аяқ отбасын ойрандап кетіп отыр. «Таң ағара бастады. Кешеден бергі тартқан қайғы-шер, ата-анасын жер қойнына тапсыру азабы еңсесін езіп жіберіпті. Балаларыма не айтамын деп отырғанда, алыстан жылқының кісінегені құлағына талып жетті. Оқыранған дыбысын тұспалдап алып ақыры жетті-ау. Ат басын шұлғып, шылбырын үзіп кетпейтіндей етіп жуан қарағайдың биігірек біткен бұтағына қысқартып байлаған екен, бұл жақындағанда оқыранып, тыпыршып кетті».
Айналсоқтап шықылықтап жүрген сауысқанның қасына жете бергенде, қу қарағайға таңылған Қалишаны көрді. Қанды қол қарақшылар Қалишадан Жоламанның аңға кеткенін біліп, отбасын ойрандап кеткенмен, не куә, не айғақ тап­пай дал болды. Әкелері көрсеткен үңгірге ойнауға кеткен екі баланы періштелері қағып аман қалғанына шүкіршілік етті.
Арада екі жыл өткенде балалары өзіне қолқанат болып, әкелері аңға кеткенде, тұзақ құрып құс аулай бастады. Осылай күн артынан ай өтіп, ай артынан жыл өтіп тірі адам тіршілігін жасап жатты. Жоламан аңшы орталықтағы базарға аң терісінен бөлек, ыждағатпен жасалған төс тартпа, шап тартпа, қос тартпа, құйысқан, өмілдірік, үзеңгі бау тәрізді жасаған бұйымдарын шығарып, сатып жүргенде өзіне таныс тыртық шекені көріп қалды. «Құлақшынын бастыра киіп шекесіндегі тыртығы көрінбей тұрса да, жапырылған мұрны мен сұғанақ көзі білдіріп қойды». Артынан аңдымаққа іле-шала шыққанмен, көз жазып қалды. «Ұрының арты қуыс» дегендей, тыртық шеке өзінің айыпты екенін біліп жылыстап кете барды.
Орман ішінде жалғыз үй болып отырудың оңай еместігі әке-шешеден кейін байқала бастады. Қаладағы досы Жанаманның «Бір-бірімізге сүйеніп тіршілік етсек…» деген ұсынысын қуана құптап, екі дос көрші отырып бір-біріне қарасуды ойлады.
Жазушы аңшының ірі бұғы, елік, тауешкі тәрізді аңдарды аулап, олардың етін, терісін жинап, бастырып, оларды малмаға салып, одан кейін өңдейтінін, ұсақ аңдарды тұзақпен алатынын, қақпан, қыл тұзақ, қайыс тұзақтарды қалай салатынын суреттеуде атадан балаға мирас болған аңшылықтың қыр-сырына қанық екенін байқатады, осылайша, қазақ халқының этномәдени құндылықтарынан біраз мағлұматты хикая бойына әдемі кіріктірген.
Аңшы тайыншадай текені қанжығасына байлап, «алар олжамды молынан алдым бұйырса, осы жүріспен таң ата қонысымды табармын» деп демін басуға отыра бергенде, тау арасынан ұзақтан атылған мылтық даусын естиді. Бұл кезде қалашықта тұратын өзі секілді екі-үш аңшыда болмаса, мылтығы барлар кездесе бермейтін. Жоламан мылтықтың жылқышы жігітпен қашып кеткен қызын іздетіп жүрген Төсекбайдың жандайшаптарының қолында ғана болатынын біледі. Қалған жалшылар сойыл сүйретіп, беліне шоқпар байлайтын.
Екі салт атты бір аттыны алдына салып қуып келе жатқанын көрген. Салт аттының бірінің мінгені «Ала ат» екенін көргенде, қанды қол қарақшылардың өздері алдына келгенін жүрегі сезді. Жоламанның есіне әкесінің «мылтығы бар», «ала атты» деген сөздері түсті. Қашқан жалғыз аттыға көмектеспек болған ол, «Жасырынған жерінен екі аттап шығып, атынан түсіп әлденені қолымен нұсқап қарқылдай сөйлеп, тарқылдай күлген дәу қараны қақ маңдайын ала тартып жіберді. Ызалы жүрек ата жауына оқ жолдауға қолға ерік берді. Жақыннан тиген дара оқ күлапаралы шойқараның басының қақпағын ұшырып, миын шашып жіберді. Тізесі бүгіле бере сылқ етіп, жантая құлаған қарақшының қан атқылаған денесі алдыға қарай құлады да, жоқ болды».
«Маған қарсы келер жау жоқ деп жүрген бас қарақшының» миын шашып, тыртық шекені бір оқпен жайратқан аңшыдан сескенген екеу, ордағы жігітті шығаруға көмектесті. «Жирен құрылған торға екпінімен келіп құлағанда, жігіт басынан аса ұшып барып ордың түбіне үшкірлеп тіктеп бекіткен қадаларға қадалыпты». Алғашқы атып түсірген қарақшы да өзі қазған орға басымен құлапты. Өзін Қайырлымын деп таныстырған шала жансар жігіт Аюлы сайда жалғыз қалған Әлимасын аманаттап, қарақшылардың Төсекбайдың адамдары екенін айтып үлгерді. Үш-төрт жерінен істікке шаншылып, қорылдап жатқан атты өздеріне бауыздатып, жануардың обалын қарақшылардың мойнына артты. Екеуінің мойнын арқанға іліп, аяқтары жерге жетер жетпес күйде, буындырған арқанды қолмен тартып ұзақ тұра алмайтынын білген аңшы қарапайым адамдарға істеген зауалдарын өздеріне қайтарды.
Жазықсыз отбасын ойрандап, әке-шешесін өлтіріп, әйелін ажал аузына тастаған қарақшылардан ескі кегін алған аңшы Қайырлының мүрдесін сүйретпеге салып, таң ата Аюлысайға жетті. Әлима екеуі іштегі шерін шығарып, Қайырлыны жер қойнына тапсырған, әке-шешесіне бармаймын деп зар илеген келіншекті өзімен бірге үйіне ертіп кетеді.
Бұл – Төсекбай зомагер ірі саудагердің аты жер жарып тұрған кез. Төсекбай нақсүйерінен туған қызы бойжеткенде оңтүстіктің жасы жер ортасына жеткен бай саудагеріне тоқалдыққа бермек болғанда, Әлима жылқышы жігітпен сөз байласып қашып кеткен болатын. Төсекбайдың пәрменімен жылқышының соңына түскен жандайшаптары «Жүйріктің аты – жүйрік. Шабысына шаң ілеспес тұлпарды арандатып орға жығып, бозбаланы өлідей не шалажансар күйде ұстауды ойластырып», алдын ала ор қазып, Қайырлыны орға атымен қоса құлатқан жерінде алдарынан шыққан мерген аңшы олардан әке-шешесінің кегін алды. Жоламанның Ташкеннен Түменге дейін кіре жүргізіп байып алған оның қол астындағы барып кел, шауып келін орындайтын қарақшыларын бір өзі жайғағаны шынайы бейнеленген.
Жазушы Әлиманың жоқтауы мен Жоламанның «Кешіріңдер, кешіріңдерші мені қамқорларым, асқар тауым әке, алтыным анашым! Айналайын інім! Сендерді қорғап қала алмадым…» деген зарына олардың шер-шеменін сыйғызған. Іштегі запыранын төге алмай жүрген жігіттің жан жүйесін Әлиманың зары босатқаны нанымды суреттелген. Хикаяға ақ патша құлап, ел ішінде Кеңес өкіметі орнай бастаған жылдардағы оқиға арқау болған. Жазушы Төсекбай тәрізді малына сенгендердің жандайшаптарының қолымен жасаған қылмыстары мен ел өміріндегі шындықты шынайы қалпында бейнелеген. Жалпы, шытырман оқиғалы хикая кино түсіруге сұранып тұрған секілді.
«Жолаушы» хикаясының оқиғасы Қондыбай ақсақалдың әңгімесімен өрбиді. Ақ патшаның кезінде қазақ жеріне қоныстанған кірмелердің бірі, қазақтарды құлша жұмсап, байып алған Куликовтың жалшысы Қондыбайды жазушы оқырманға былай таныстырады: «Денесімен тұтасқан жуан мойнына анау-мынау деген жігіттің білегі жетпейтін, кереқарыс кеуделі тұлғасы шойыннан құйғандай азаматтың жүрісі де маң басқан бура сынды. Иықты адамның қолдарының тарамды саусақтары да бала жігіттің санындай, ұстаған жілігін бір бұрауға келтірмей үзетіндей. Алқынған кеудесін қуалап аузынан шыққан буы жаздағы самауырдың оттығынан шалқығандай бұрқырайды». Портрет кейіпкердің сырт тұлғасын таныстыруда таптырмас құрал болса, жазушы Қондыбайдың болмыс-бітімін оның портретіне сыйғызған.
Кержақ Василь мен Күлікіп өзара тәржікелесіп, Қондыбай Васильдің өгізін көтеріп әкетсе, оны қайтарып алмауға бәстеседі. Алғаш қар түскен күні Қондыбай Васильдің қорасындағы бір өгізін алып кетеді. Мұны естіген Күлікіп жалшысымен мақтанбақ болып, өзінің де өгізін ел көзінше көтеріп алып кетуіне кеңес береді. Ел көзінше қожайынның ең үлкен өгізінің артқы екі сирағын пиманың ішіне салып, алдыңғы екі сирағын екі иығына салып тік көтергенде, қара пималы өгіз бұлқынып, тартынуға шамасы келмей, оған еріп жүре береді. Қондыбайдың пәлен пұт тартатын өгізді көтерген қара күші мен әдіс-айласына орыс біткен аузын ашып қала береді.
Осындай алып денелі Қондыбайдың әлеуметтік жағдайы өте төмен екенін оның кірмеге жалдануынан бөлек, үстіндегі көнетоз киімдерінен де көруге болады. «Күлікіп осы сөзімен көнетоз шапан, ескі саптама етік, әр жер, әр жерінен жүні шыққан құлақшын кисе де, құрыштан құйғандай сом денелі Қондыбайдың алып күшіне тұңғыш рет риза болған кейіп танытыпты».
Қара күшімен, әдіс-айласымен келімсектерге деген ашу-ызасын бір күнде осылай сыртқа шығарған қазақтың алып күш иесі – палуандығы ауыздан-ауызға аңыз болып тарап жатса, Қасымбек қарияның да өз басынан өткергендері ел ішінде аңыз болып жүр еді. Жас кезінде Аршаты, Теректі, Қайыңды жайылымдарында көкпар тартқанын, Қасымбек пен Сауқымбектің көкпарын сұрап алып үйіне тастаған немересіне той жасаған Манасбек қарияның әңгімесі – қазақтың жаймашуақ күндерінің көрінісі. Манас­бек қария қазақтың кілең палуандары жиналған жерде ауыл малына шауып, тынышын алған аю туралы айтады. Кенжеғұлдың айтуымен, көпшіліктің сұрауымен аюды алуды Қасымбек пен оның досы Сауқымбекке табыстайды.
Жас кезінде екі аю алған Қасымбек ақсақал екі жігітке аюды қалай алуды үйретіп, оларды біраз күн жаттықтырады. Берік болаттан құйылған өткір селебесін Қасымбектің қолына беріп, аюдың тырнағы ілінбейтін қос қабаттап көбе тігіп береді. Аюға түсер киіміне денесін үйрету үшін жанын сала машықтандырып, өз баласындай қамқорлығына алады. Бар әдіс-айласын үйретіп болған соң, өзіне хабар жеткенде аюды алуға кеңес береді. «Жолбарыста бір адамның күші, қырық адамның айласы бар. Ал аюда қырық адамның күші, бір адамның ақылы бар» деген халық аюдың осал жау емесін білген. Манасбектің бір танасын қуып жүріп, өкіртіп-бақыртып талап өлтіріп, көтеріп кеткен соң, Қасымбекке «Жетсін!» деген хабар береді. Қасымбектің аюға қарсы шығып, алапат күш иесін әдісімен алуы – жүректілігінің көрінісі ретінде нанымды суреттелген.
Манасбек сөзінде тұрып аю алған Қасымбектің үстіне шапан жауып, екі құлынды биені тарту еткенде, ол өзіне аю алудың бар әдіс-тәсілін үйреткен ұстазы Қасенге бір биені құлынымен тарту етеді. Осы оқиғалардың барлығы Қасымбектің бейнесін толықтыра түскен. Ол – алып күш иесі ғана емес, қазақтың жөн-жоралғысын білетін, әдептен озбайтын, үлкенге құрмет жасай білетін пейілі кең азамат.
«Жанкешті» хикаясының кейіпкері де өз ерекшелігімен оқырманның есінде қалады. Жеңгесі «қанішер қайным» деп отырған Төреғұл – жас кезінде ел-жұртын аштықтан құтқару үшін қарақан басын талай рет ажалға байлаған батыр. Оқиға лирикалық шегініспен, Жанпейістің әңгімелеуімен өрбиді. Қарақшы атанған Төреғұлдың жастық шағы қазақ даласына Кеңес өкіметін орнатумен тұспа-тұс келді. Белсенділер тігерге тұяқ қалдырмай, ауыл малын салыққа алып кетіп жатқанда, ұлу жылғы қуаңшылық, қар қалың түсіп малдың ашығуы, елдің жұтап ашаршылыққа ұшырауы, «Жұт жеті ағайынды» дегендей, бәрі қоса қабат келеді.
Айналасындағы ағайын ашаршылыққа ұшырағанын көрген Төреғұл сенімді деген екі досына сырын ашып, шекараның арғы бетіндегі жағдайы жақсы ағайындардан бір-екі жылқы алып келетінін айтады. Бұл екеуі уәделескен жерде келген жылқыны жымын білдірмей сойып, елге теңдей таратып беруге уағдаласады. «Құдай – жалғыз, мен – жалғыз. Басыма не салса да, ешкімге ауыртпалық түсірмей өзім көтерем» деп достарын қасына ерітпей, «алғаш рет, адал елдің ала жібін аттап» шекарадан бір-екі жылқыны алып өтеді. Араға біраз уақыт салып Қытайдың күзетіне ілікпей, ішкі жақтағы қалмақ жұртына екі-үш рет шабуылдап, пышаққа жарамды оншақты жылқысын алып үлгереді. «Ауруды жасырғанмен, өлім әшкере қылады» дегендей, ізін жасырып ауыл ауыстырып, араға уақыт салып әкелгенмен, «отыз тістен шыққан сөз отыз ауыл елге» тарап, артынан сөз ере бастайды. «Жел үрген өрт қауға тисе қауламай тұра ма, сөз де сондай, алты ауыздан шыққасын жерде жата ма, жететін шегіне жеткен шығар».
Бұратоланың арғы астында отырған қалмақ ауылдарынан құйрықтастырып байлап жетекке алған қос атты сар желдіріп, кезеңнен аса бергенде, қырқадан қылт ете қалған адам сұлбасын көреді. Екеуін атып түсіргенмен, олардың саны көп болғандықтан бұзып өтер жер таппай, астындағы қылқұйрығымен шыға бергенде атын атып, өзі мұрттай ұшып қолға түседі. «Атысқанда алдырмас едім, жиреннің оққа ұшып, қапияда ұсталып пенде болғаным қорлық болды» деп іштей тағы кіжінді».
Абақтыға айналған там ішінде бұдан өзге тағы екі тұтқынды неше күн ашықтырып барып, мылтықты екі күзетші олардың қол-аяғын кісендеп арбамен Құлжа қаласына алып кетеді. Екі адамды өлтіріп, шекарадан өткен қылмысы үшін өлім жазасына кесетінін білген ол, жолда дәрет сындырам деген айламен қолын шештіріп, екі күзетшіні ұрып жығып қашып шығады. Өзімен бірге алдына салып айдаған екі тұтқыны бұл ұйықтап жатқанда мылтығын алып, өзін тұтқын еткені үшін ол екеуін де айламен алуы оның бейнесін толықтыра түскен. Осы сюжеттердің барлығы кейіпкердің батырлығын, ержүректігін, айлакерлігін, тапқырлығын танытады.
Ел ішінде Төреғұл қытайлардың қолына тұтқынға түсіп, атылып кетіпті деген дақпырт тарай бастағанда, астына есік пен төрдей ат мініп, қосарына бірін алып, аман-есен еліне жетеді. Төреғұлдың бұл ісі ертедегі барымтаның жалғасы ретінде суреттелген. Ол алған жылқыларын ұрлық деп есептемей, барымта деп түсінді. Барымтаның арқасында ауыл-аймағын ашаршылықтан алып қалған батырлар қазақтың барлық жерінде болған. Жазушы Төреғұл бейнесімен өзі туып өскен өңірдің бір шындығына жан бітіріп, оның көркем бейнесін әдебиетке алып келді.
Қорыта айтқанда, жоғарыда сөз болған шығармалардың барлығына жазушының туып-өскен ауылындағы көнекөз қариялардың басынан кешкен өмір шындығы арқау болған. Шығармалардың көпшілігіне ортақ бір ерекшелік – автордың әңгімешіні іздеп барып, оның басынан өткен оқиғаларды өз аузынан естуі. Қаламгер ауыл-елдің тарихына қанық қарияларды іздеп барып, оларды әңгімеге тартудың арқасында өлке тарихына үңіліп, сол елдің аты аңызға айналған тарихи тұлғаларының шынайы бейнесін жасаған. Кейіпкер бейнесін сомдауда портрет, диалог, монолог, авторлық сипаттама, кейіпкерлер сөзін тиімді пайдаланған. Ел ішінде көзі тірісінде аты аңызға айналған аңшы Жоламан, өгіз көтерген Қондыбай, аю алған Қасымбек, барымташы Төреғұл, Қапсалам ақсақалдар – өмірден алынған шынайы кейіпкерлер.

 

Гүлжаһан ОРДА,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институтының бас ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының докторы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір