26 жасында Еңбек Ері атанған
15.07.2025
406
0

Ол кім? Бұл ел жүрегінде жүрген сауал. Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бүгінгі ұрпақ екінші Дүниежүзілік соғыстың халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарындағы төрт түлікті өсіруде күн-түн демей еңбек етіп, жоғары табыстарға жеткен өз ортамызда өмір сүрген тұлғаларды естен шығара бастағаны анық. Солардың қатарында Социалистік Еңбек Ері Балым Бірімова да бар. Ол атпал азамат­тардың қатарында кең даланың төре түлігі жылқыны өсіріп кезінде құрметке бөленген-ді. Бүгінде Балымның көзін көрген замандастары жоқтың қасында, сондықтан шаң басқан архивтік құжат­тарды сөйлетуді жөн көрдім.

Тектілік

Оның өз қолымен жазған өмірбаянында облыстағы Байғанин ауылының он төртінші ауылында 1923 жылы өмірге келгендігі көрсетілген. Әкесі Өтебай Нұрмағамбетов 1894 жылы дүниеге келген. Анасы Нұрмағамбетова Айтым 1898 жылғы. Бастауыш класс білімін Сам өңірінде алған. 1939 жылы Бірімов Қойшықұлмен шаңырақ көтереді. Сол жылы оны армия қатарына алып кетеді. Сонымен, Фин және Неміс фашистерімен болған соғысқа қатысады және майдан шебінен оралмай қалады. Ата- енесінің жағдайын ойлаған Балым содан бес жыл бойы Жұрын ауданы, Пролетар совхозында қойшы болып еңбек етеді. 1944 жылдан бастап бүгінгі Мұғалжар ауданы Жұрын шаруашылығында аға жылқышы болып, жылқы түлігін өркендетуге атсалысады. Жоғары жетістіктерге жетеді. Ел сенімінен шыққан ол ауылдық, аудандық және Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланады. 1950 және 1965 жылы Бүкілодақтық көрменің Кіші Күміс медалімен тағы басқа марапат­тарға ие болады. 1949 жылы оған Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі. Сүйтіп бар болғаны жиырма алты жасында жоғары наградаға ие болады. 1947 жылы КПСС мүшесі болған Балым Бірімова сан жылдар бойы ел сеніміне ие болып,еңбекте өнеге таныта білген.

Қазақта «ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қанат­ты сөз бар. Өз ісіне деген тиянақтылық пен жауапкершілік оның отбасындағы тәрбиеден басталған. Бұл жайында өзіміз көзін көрген Өтебай ақсақал қажырлы қайрат иесі болатын. Байғанин ауданындағы Жаңатаң колхозында ауыл шаруашылығына араласқан белгілі кісілердің бірі еді. Жастайынан еңбектің дәмін татқан Балымның жетістіктерінің сыры осында. Арғы аталары да текті, елге белгілі тұлғалар. Өз дәуірінде елді, жерді қорғаған атақты Асау Барақ оның құрмет тұтар бабасы. Өтебай ақсақалдың да сондай қайрат­ты сыйлы адам екенін көзіміз көрді. Сондай бір оқиға көз алдымызда 1960 жылы болған. Ол кезеңде аудандағы қой отарлары оңтүстіктегі қысы жұмсақ Сам өңіріне айдалады. Қоңыр күзде малды жайып барып, сәуірдің ортасында қойды төлдете отырып колхоз жеріне әкелетінді. Алты ай бойы Сам жақта болған малшылар сәуірдің ортасында келгендігін білдіріп, Қаратастың тауының ортасына шығып белгі беретін. Соны көрген ауыл тұрғындары селдетіп жатқан Жем өзенінің жағасына жүгіріп жететін. Бірі баласы, бірі әкесінің аманшылығын білуге асығатын. Өзеннің екі жағынан дауысын көтере амандасып, хал сұрасатын. Сондай сәт­тің бірінде Өтебай ақсақалдың күйеубаласы мал маманы Әбілхан Әзбергенов балаларымды сағындым дегенде алпыс алты жастағы Өтекең шапаны мен етігін шешіп тастап,қат­ты ағысты елеместен өзенге қойып кеткенін көзіміз көрді. Жұрт «Ойпырмай, бекер істеді-ау, суға кетіп қалмаса еді», – деп жат­ты. Бірақ жастайынан өзен бойында өскен Өтекең қат­ты жүзе білетіндігін көрсетіп, арғы бет­тен бір-ақ шықты. Ел-жұртпен аман-саушылық сұрасады, содан соң, күйеубаласына «Балаларымды сағындым дедің ғой, кел белімнен ұста жүзіп өтеміз» деп тәуекелге басты. Көпшілік қарсы болғанымен талай көрген өзен ғой деп амалсыздан көндірді. Керемет жүзгіштігін байқат­ты. Арқасындағы азамат­тың салмағын елемей, кеудесін көтере бергі бетке шыққандығын бұл күнде көзі тірі ауыл азаматы Майлыбай Кемешов әсерлі әңгіме етеді.

Балым Бірімова мектеп ұжымымен кездесуде

Ел жадында

Жалпы, жылқы түлігін бағу оңай шаруа емес, көз жазсаң айырылып қаласың. Асауды үйрету де екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Жаңатаң тұрғыны Мұқат Данашев мына бір әңгімені айт­қан болатын. 1947 жылдары аудан басшылары ел аралайды. Сол кез­дегі колхоздың басқармасы болған Данаш ақсақал көршілес ауданның шаруашылығына жол көрсетеді. Сонда басшының бірінің аты болдырғандығын білдіреді. Осыны сезген басқарма Балымға бір қажарлы ат­ты үйретіп берсең қалай болар екен деп ұсыныс тастайды. Бұл ұсынысты қабыл алған жылқышы қарындасы Балым бір шай, ет жейтін мезгілде үйірдегі бір асау айғырды бас білдіреді. Әлгі өкілдер ауылдан шығып кетіп бара жатқанда асауды дегеніне көндіріп, артынан қуып жетіп табыстайды. Сонда ағасы қалай болар екен деп күдіктенгенде жылқышы Балым атқа бірнеше рет мініп түсіп, көрсетіп жүруге жарамай тұрған түлікті өзі алып кетеді. Бұл бір әңгіме.Тағы бір естелікті жылқы баққан Ғалымгерей ағадан естіген болатынмын. Бірде Балым апа Алға ауданындағы Нариманов колхозы маңындағы Қарағандысай ауылындағы туыстарына келеді. Бұл күнде Қарағандысайдың орны ғана бар. Еңбек Ері қарындасының ауылға келгенін колхоз басқармасына айтып, көлік сұрап жеткізіп салуды ұйғарады. Жолда кетіп бара жатқанда үш жігіт­тің бір асауды бұғалықпен тоқтата алмай жүргендігін көріп, көліктің кабинасын ұрғылап, белгі беріп секіріп түседі де, әлгі жігіт­терден арқанды беруін сұрайды. «Осыған да әлдерің келмей жүр ме?» – деп, бұғалық арқанды қолына алады. Әлгі жылқышылар қайтер екен деп таңданысып тұрады. Кәнігі жылқышы арқанды сәл босатқанда аспанға атылған асаудың сол сәтін пайдаланып бірден табан тіреп тартып қалғанда, жылқының құлаудан басқа амалы қалмайды. Лезде жетіп барып, қос құлағынан ұстап тұрып, тырп еткізбей жылқышыларға қарап, «енді өз білгенеріңді істеңдер», – дейді.
Балым Бірімова депутат болған жылдары көп шаруаға араласып, ел игілігі үшін жұмыс жасайды. 1960 жылдары ол еңбек ететін шаруашылық жерлері әскери полигонға беріледі. Жайылым бар және шабындық мәселесі қиындай түседі. Кеңшар директоры Виктор Тренин Жоғарғы Кеңестің депутаты Балым Бірімоваға Алматыға барып, осы түйінді мәселені шешуге ұсыныс жасайды. Республика басшысы Дінмұхаммед Қонаевтың қабылдауына жазылады. Өзінің ұсынысын білдіреді. Ойын тыңдап білген соң «сіз жалғыз келдіңіз бе, әлде облыстан келген өкіл бар ма?» – деп сұрайды. Ол совхоз директорының төменде отырғандығын білдіреді. Содан елдің басшысы Қонаев екеуін тыңдап, әскерилерге қатысты мәселелерді шешіп береді. Ол кез­дері депутатқа айтылар аманат­тар көп, соның талайын Балым апа тиісті орындарға жеткізеді. Еңбегімен елге танымал болған Балым отбасында қарапайым әрі қайырымды да мейірімді адам болған.
– Біз бір ауылда тұрдық, қызы Күнсәулемен бірінші кластан бірге оқыдық. Ол кез­де мектепте оқулық жетіспейді мұғалім Күнсәуле екеумізге бір әліппе берді. Екеуіміз алма-кезек оқыймыз, жиі барып тұрамыз. Апай еш уақыт­та қабақ шытпайды. «Балаларым, оқыңдар, сендердің замандарың әлі алда» деп ақ тілегін айтып, оқуымызға мүмкіндік жасайтын, – дейді кезінде Мұғалжар ауданының бірінші хатшысы болған Бердіғали
Айтпенбетов.
Күйеубаласы Байтақ Әділовпен тілдес­кенімізде былай деген болатын: – Балым апа бізбен көрші тұрды. Өте қарапайым, көп сөйлей бермейтін өз орынын білетін адам еді. Мен күйеубаласы болған соң апайдың малын жайлап беріп, өз қамқорлығымды көрсете білдім. Апай толық денелі кісі еді. Біздің үйде оның жылқы баққан жылдары киген былғары етігін ауыл балалары қызықтайтын еді. Өйткені екі-үш жасар бала етіктің қонышына сыйып кететін-ді. Әсіресе асауды үйретерде сол етігін киетін. Мұндай Еңбек Ерін ұмыта бастағанымыз да рас. Неге осындай құрмет­ті еңбек иесіне облыс орталығынан бір көшеге есімі берілмейді деген ой келеді. Облыстық мұражайлардан бір бұрыш берсе де артық болмас еді. Жалпы, қоғам өзгергелі бұрынғы Еңбек Ерлерін еске алуымыз, олардың тәжірибесін насихат­тауымыз өз дәрежесінде емес. Олар қарлы боранда ат үстінде өткізіп талай қиыншылыққа шыдаған.

Жүз жылдығы
аталып өтпеді

Өтебай ақсақалмен көрші тұрған Еркін Рамбаев деген азамат­тың мына бір естелігі оған дәлел: «1960 жылдар ортасында Өтебай ақсақал күйеубаласы Әбілханға «түнімен түс көріп шықтым, Балым қиналып жүрген секілді, баруым керек» деп ақ түтек боранға қарамастан жолға шығады. Барса, айт­қанындай Балымның екі үйір жылқысы боранда жоғалып кеткен. Сонда Балым: «Әке, бұл жүрісің қалай, неге келдің?» – дейді. «Түсімде қабағың қатулы екен соны сездім», – дейді де екеуі жоғалған жылқыларды іздеуге шығады. Екеуінің де мінген ат­тары қажарлы айғыр болады. Көп жүреді, астарындағы мінген ат­тары бұрған жақтарына емес, басқа бағытқа бұрыла береді. Боранда алыстан жылқылардың дауысын сезеді ме, айт­қандай бір қырдан аса бергенде екі үйір жылқыны алты қасқырдың қоршап тұрғанын көреді. Балым апай лезде иығындағы қос ауыз мылтығын қолына алады. Оқтың дауысын естіген қасқырлар қашып кетеді. Жақындап келсе үйірін қасқырларға бермеген айғырлардың үстері күн аязды болса да, ақ терге шомылып қалған екен. Сөйтіп, әкелі-балалылар жоғалған жылқыларды ауылына айдап келеді.
Жалпы, жылқыны атпал азамат­тар ғана бағып күтуді біледі. 2023 жылы Балым Бірімованың туғанына жүз жыл болды. Ол еңбек еткен ауылдағы ескерткіш тұғырына күйеубаласы Байтақ қолдан мемориалдық тақта жасап қояды. Оның жүз жылдығы да облыс көлемінде аталып өтілмеді. Әр ауданда атақты жылқышылар болған, оның жақын туысы болып келетін Тағанов Әбді де төре түлікті өркендетудің майталман шебері еді. Бұл рет­те айтарымыз, Балым Бірімованың еңбегі мен тәжірибисінің орыны бөлек. Жем өзені бойындағы сайын дала төсінен жылқыларды көргенде, Балым апай еске түсе береді.

Жақсылық
АЙЖАНҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір