Зерделі ұрпақ – болашақ кепілі
«Шахмат – ақыл-ой мен танымдық қабілеттерді дамытудың қуатты құралы саналатын ойын түрі», – дейді Алматы облысы Талғар аудандық Шахмат Федерациясының кезінде бірінші басшысы болған, бүгінде аудандық Шахмат Федерациясының жауапты директоры қызметін атқарып жүрген Ахат Әлімжанұлы.
Аудандық Шахмат Федерациясы өз жұмысын 2010 жылдан жүргізіп келеді. Осы жылдар аралығында шахматшылардың саны 20-дан 500-ге дейін өсті. Қазір ауданда 12 шахмат клубы жұмыс істеп тұр.
Дәурен Жазықбаев жетекшілік ететін «Айа Chess Club» шахмат клубында 132 шахматшы бар. Олардың арасында 7, 12,13 жыл бойы үзбей дайындалып жүрген Нұржан Тілеубай мен Дәулет Дарменияр, Кари Қонаев, Ералы Несіпбай сияқты зерделі ойыншылар облыс чемпиондары әрі халықаралық турнирлердің жеңімпаздары атанды. Ал Галина Палупанова жетекшілік ететін «Рудам» және «Білім Арт» клубтарында 120-дан астам түлектер шахмат өнерінің қыр-сырын меңгеруде. Олар да аудандағы жанкүйерлерін жерге қаратпай, намысты қолдан бермей келеді.
Сондай-ақ, аудандағы «Парасат» шахмат клубында 60 адам, жетекшісі – П.Розиев, «Флагманда» 50 адам, жетекшісі – В.Панов, «Пифагорда» 30 адам, жетекшісі – А.Солтанқұлов және «Талғар Chess Club» 30 адам жетекшісі –
Ә.Жаналиевтер шәкірттерін ойлы өнердің қыр- сырымен сусындатуда талмай еңбек етуде.
«Наурыз» мерекесі қарсаңында аудандағы жергілікті клубтарда дайындалып жүрген мектеп оқушылары арасында өткізілген жарыстарда жақсы нәтиже көрсеткен мектеп оқушылары: Бернар Сейітбаталов 2 разряд, екінші сынып оқушылары Әсия Қасымхан мен Аружан Ержан 3 разряд, ең кішкентай шахматшы Хасан Абдухамит 3 разряд орындады.
Жалпы, Талғар ауданының шахматшылары аудандық, қалалық, облыстық, республикалық жарыстарға белсене қатысып, құралақан, қоржындары бос қайтып көрген емес. Қашан да жүлдемен оралып жүр. Соның бірі – облыстық турнирдің «Cenat Open» кубогін иеленіп жеңімпаз атануы.
Аудан шахматшыларының мұндай биік белестерді бағындыруына Талғар аудандық Шахмат Федерациясының Президенті Айдар Шәріповтің қосып отырған үлесі зор. Алтыншы сәуірде Талғар ауданы, Бесағаш ауылында өтетін облыстық «Cenat Open» кубогі үшін болатын іріктеу турнирі жоғарыда айтылған сөзімізді дәлелдей түсері анық. Себебі зерделі ұрпақ – болашақ кепілі.
Арнұр ТОЛЫБАЙ
ПІКІРЛЕР2