«Зерделі жырдың зергері»
2025 жылы, 28 қаңтарда ҚР Ұлттық кітапханасында ақын, Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қадыр Мыра Әлидің туғанына 90 жыл толуына орай, «Зерделі жырдың зергері» атты әдеби шығармашылық кеш және кітап көрмесі өтті.
Іс-шараның ұйымдастырушылары: ҚР Ұлттық кітапханасы, Қадыр Мырзалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық Мәдениет және өнер орталығы, «Қадыр Мырза Әли» қоғамдық қоры, Қазақстан Жазушылар одағы.
Шығармашылық кешті танымал сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері, «Қадыр Мырза Әли» қоғамдық қорының директоры Донеділ Қажымов жүргізді.
Кеште белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, ақын Ақұштап Бақтыгереева, ақын Бауыржан Жақып, ақын Дүйсен Мүсірәлі сөз сөйлеп, өз естеліктерімен бөлісті.
Шара аясында «Қазақтың Қадыры» атты деректі фильм көрсетіліп, ҚР еңбек сіңірген артистері Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер, Гүлмира Ақүрпекова, Дәлел Уәшев және т.б. өнерпаздар ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқады. Сонымен қатар Ұлттық кітапхана қорынан қазақтың классик ақыны Қадыр Мырза Әлидің өмірі мен шығармашылығына арналған «Қазақ жырының Қадыры» атты академиялық кітап және мерзімді басылымдар көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде ақынның жеке кітаптары мен мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалар ұсынылды.
Көрмеге кітапхана қорынан 500-ге жуық материал қойылған.
Жиынға ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, көрнекті қазақ қаламгерлері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің жеке құрамы, UIB көпсалалы колледжінің студенттері, Ғ.Мүсірепов атындағы № 86 мектеп-гимназиясы оқушылары және кітапхана оқырмандары қатысты.