Ұрпақ тәрбиесі – ұлт­тың болашағы
15.04.2025
99
0

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті – еліміздің білім мен ғылым кеңістігіндегі жетекші оқу ордаларының бірі. Бұл қара шаңырақта сан түрлі салада кәсіби мамандар тәрбиеленіп, ұлт­тың интеллектуалдық дамуына өлшеусіз үлес қосылып келеді. Университет қабырғасында педагогика және психология саласы да ерекше қарқынмен дамып, өз алдына беделді ғылыми-академиялық орталыққа айналды.
Бүгінде бұл құрылым терең тарихи тамырын сақтап, соны мазмұнмен жаңғырып келеді. 1940 жылы негізі қаланған ұжым алғашқылардың бірі болып психология мен педагогиканы ұлт­тық контексте зерт­теуге жол ашты. Көптеген танымал педагог-ғалымдар осы жерден түлеп ұшты. Солардың қатарында психология ғылымдарының докторы, академик Төлеген Тәжібаевтың есімі ерекше құрметпен аталады.
Қазіргі таңда кафедраның профессор-оқытушылар құрамы педагогика және психология саласының өзекті мәселелерін қамтитын ғылыми жобаларды табысты жүзеге асырып отыр. Мәселен, тұлғаның рухани-адамгершілік дамуы мен эвтагогикасы, депрессиялық жағдайларды диагностикалау және этникалық бірегейлікті зерт­теу бағытындағы жобалар мемлекет тарапынан қолдау тапты. Бұл ізденістердің нәтижелері халықаралық деңгейде мойындалып, беделді ғылыми журналдарда жарияланып жүр.
Ғылыммен қатар халықаралық ынтымақтастықты дамыту жолында да елеулі қадамдар жасалып келеді. Ресей, Германия, Болгария және Канада университет­терімен орнаған әріптестік аясында бірлескен білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып, магистрант­тар мен докторант­тарға академиялық ұтқырлық арқылы әлемдік тәжірибе игеруге мүмкіндік берілуде. Үш тілде оқытуды жүзеге асыру кафедраның жаһандық білім кеңістігіне интеграцияланғанын көрсетеді.
Университет­тің осы құрылымында еңбек ететін оқытушылар құрамы мемлекет­тік марапат­тар мен ғылыми атақтарға ие болған жоғары білікті мамандардан құралған. Олардың қатарында Құрмет ордені иегерлері, «Білім беру ісінің үздігі», «Еңбек ардагері», «Үздік оқытушы» сынды мәртебелі атақтардың иелері бар. Бұл марапат­тар – тек еңбектің емес, кәсіби жауапкершіліктің де айғағы.
Оқу процесінде студент­тердің жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Олар жыл сайын республикалық және халықаралық деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен ғылыми байқауларда жүлделі орындар алып, университет­тің мәртебесін асқақтатып келеді. Айта кетсек, Санкт-Петербург қаласында өткен халықаралық педагогикалық олимпиадада кафедра студент­тері «Үздік білім беру жобасы» номинациясын жеңіп алды. Сонымен қатар студент­тер ғылыми конференциялар мен зерт­теу жобаларына белсенді қатысып, өз әлеуетін ерте кезеңнен-ақ қалыптастыруда.
Бүгінгі таңда осы білім ордасынан түлеп ұшқан түлектер Қазақ­станның түкпір-түкпірінде табысты еңбек етуде. Олар мектептер мен колледждерде, жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерт­теу орталықтарында, мемлекет­тік құрылымдарда өз кәсібінің үздік өкілдері ретінде танылып жүр. Кейбірі ғылым жолын таңдап, академиялық дәрежелерге ие болса, енді бірі университет қабырғасына ұстаз ретінде қайта оралып, білім мен тәжірибесін ке­йінгі ұрпаққа табыстап келеді.
Қорыта айтқанда, педагогика және психология мамандығы – ұлт­тың зияткерлік және рухани іргетасын қалыптастыратын, ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын қасиет­ті сала. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің осы бағыт­тағы жетістіктері еліміздің болашағына деген сенімді нығайтып, кәсіби білім мен биік жауапкершіліктің жарқын үлгісіне айналып отыр. Бұл – ұрпақ тәрбиесіне бағыт­талған ұлағат жолы, болашаққа апарар берік бағдар.

Анар Бекетбаева,
Педагогикалық ғылымдарының докторы,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің доценті

Інжу Амангелді,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің,
«Педагогика және психология» мамандығының
магистранты 2-курс

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір