Болат РЫСҚАЛИЕВ, «ASTANA POLYTECHNIC» жоғары колледжінің директоры: «ТЕХНИКАЛЫҚ МАМАНДЫҚ – БОЛАШАҚ КЕПІЛІ»
26.08.2025
315
0

Халықтың өмірдегі, тұрмыстағы сұранысын өтеуде жұмысшы мамандардың маңдай тері жатыр. Негізгі тыныс-тіршілігіміз осы маман иелерімен тығыз байланысты. «Жұмысшы мамандықтар жылының» аясында Елорданың жетекші техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының бірі – «ASTANA POLYTECHNIC» жоғары колледжінде пресс-тур өтіп, көптің көке­йіндегі сауалдарға жауап берілді. IT, мехатроника, киберқауіпсіздік, телекоммуникация және құрылыс технологиялары бағытында жаңа буын мамандарын даярлаудағы үздік тәжірибесін көрсетіп келе жатқан колледж директоры Болат Құлмұханұлына біз де бірнеше сұрағымызды жолдадық.

– Болат Құлмұханұлы, жалпы, техникалық мамандық дегеніміз не? Олардың ерекшелігі қандай?

– Техникалық мамандықтар деп еліміздегі өндірістік, көлік, құрылыс, энергетика, ақпарат­тық технологиялар, автомат­тандыру, электроника және машина жасау сынды салалармен тікелей байланысты мамандықтарды айтамыз. Бұл бағыт­та екі деңгейдегі кадрлар дайындалады:
Жұмысшы мамандықтар – дәнекерлеу­ші, электрик, құрылысшы секілді нақты құралмен жұмыс істейтін мамандар;
Орта буын техникалық мамандар – мысалы, техник-механик, техник-құрылысшы, техник-байланысшы секілді жобалайтын, ұйымдастыратын қызметкерлер.
Аталған мамандықтар техникалық және кәсіптік білімнің мамандықтары мен біліктіліктерінің сыныптауышына сәйкес бекітілген. Бұл бағыт­тағы мамандықтардың ерекшелігі сонда, мемлекет­тің негізгі қозғаушы күштері десем болады. Өйткені әлеумет­тің әр қажет­тілігін, күнделікті тұтынатын тағамдардан бастап, жайлы өмір сүруге негіздейтін тетіктердің барлығында жұмысшы мамандардың еңбегі бар.

– 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Осы бастаманың маңыздылығына тоқталып өтсеңіз?
– Бұл – өте маңызды әрі дер кезінде қабылданған шешім. Себебі еліміздегі индустриялық-инновациялық даму білікті кадрларға тікелей байланысты. «Жұмысшы мамандар жылы» техникалық және кәсіптік білім берудің қадірін айшықтауға, ата-аналар мен жастардың көзқарасын өзгертуге жол ашты. Көпшілік техникалық мамандықтардың нағыз болашақтың мамандықтары екенін, қай уақыт­та да өзектілігін жоймайтынын ұғынды.

– Барлық техникалық мамандықтар жұмысшы мамандығына жата ма?
– Жоқ. Техникалық мамандықтардың барлығы бірдей жұмысшы мамандығы бола бермейді. Жұмысшы – өндірісте қолмен, құралмен жұмыс істейтін маман. Ал техникалық маман – жобалайтын, технологияны басқаратын, қадағалайтын кадр. Екеуінің айырмашылығы бар, бірақ екеуі де –экономиканың қозғаушы күші.

– Қазіргі таңда техникалық мамандықтарға қызығушылық қай деңгейде? Қай салалар сұранысқа ие?
– 2025 жылғы қабылдау науқаны басталғалы техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары деңгейде. Қазіргі уақыт­та келіп түскен өтінімдердің шамамен 70 пайызы техникалық бағыт­тағы мамандықтарға тиесілі. Солардың ішінде ең көп сұранысқа ие маман­дықтар:
«Бағдарламалық қамтамасыз ету» – 1 орынға 5 өтініштен; «Ақпарат­тық қауіпсіздік жүйелері» – 1 орынға 8 өтініштен; «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мен «Газбен жабдықтау жүйелерін монтаждау» – 1 орынға 4 өтініштен; «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» – 1 орынға 3 өтініштен түсіп тұр.
2024 жылы колледжімізге 720 талапкер қабылданды. Бұл бәсекелестіктің жоғары екенін көрсетеді.

– Жастар мен ата-аналар тарапынан жиі қойылатын сұрақтар қандай? Колледж түлектерінің жұмыспен қамтылуы туралы не айта аласыз?
– Талапкерлер мен ата-аналар тарапынан «Бұл мамандықпен қай жерде жұмыс істей аламын?», «Жалақы мөлшері қандай?», «Оқу барысында қауіпсіздік сақтала ма?», «Мемлекет­тік грант бар ма?», «Шетелде оқуға немесе жұмыс істеуге мүмкіндік бола ма?» деген сұрақтар жиі қойылады. Колледжімізді тамамдаған түлектердің жедел түрде жұмыс тауып алатынына, біздің оқу орнымыздан шыққан мамандарға сұраныстың жоғары екенін уақыт­тың өзі дәлелдеуде. Биылғы оқу жылын аяқтап жатқан студент­терімізге жұмыс берушілерден жұмысқа қабылдау туралы шақырылымдардың көптеп келгенін нақты көрсеткіштермен айта аламын. «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы, техник-механик біліктілігі бойынша 3 студент «Hyundai Premium Astana» компаниясына жұмысқа қабылданса, тағы үш студентіміз «Autolаndке» қызметке орналасты. Жалақыларының мөлшері орта есеппен 300 – 450 мыңның арасында.
2024 жылы колледжді 1 мың түлек, ал 2025 жылы 540 түлек тамамдады. Жұмысқа орналасу көрсеткіші – 78 %. Бұл – жақсы көрсеткіш.

– Колледждің материалдық-техникалық базасы қандай?
– Біз заман талабына сай жабдықталған құзырет­тілік орталықтарын дамытудамыз. Колледжімізде CISCO, RedHat Academy, TP LINK, FESTO, Knauf, Технониколь, GROHE, ALINA, CERTIPORT, 1С секілді халықаралық брендтермен бірлескен оқу және зертханалық орталықтар бар. Бұл орталықтарда тәжірибе жинақтаған студент­тер халықаралық үлгідегі сертификат­тарға ие болады.
Кеше ғана CERTIPORT сертификат­тау орталығынан колледжіміздің 4 студенті халықаралық сертификат­таудан сәт­ті өт­ті. Ол дегеніміз – АҚШ, Канада, Еуропа, Азия, Аустралия – барлығы 152 елде жарамды деп танылатын сертификат­тар, яғни біздің студентеріміз үшін әлемдік еңбек нарығының да даңғыл жолы ашық деп сенімді түрде айта аламыз. Студент­теріміз болашақта осы елдердің қай-қайсысына да барып жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ академиялық ұтқырлық, халықаралық серіктестік және WorldSkills Kazakhstan алаңдары арқылы шетелдік оқу орындарымен де, ұйымдармен де тығыз байланыс орнатылған.
– Дуалды оқыту қалай жүзеге асырылуда?
– Дуалды оқыту – басты бағыт­тарымыздың бірі. 2024 – 2025 оқу жылында бұл көрсеткіш 55 пайызды құрады, ал келесі оқу жылында 65 пайызға де­йін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Студент­теріміз Еңбек және әлеумет­тік қорғау министрлігінің арнайы эксперимент­тік жобасы арқылы кәсіби тәжірибеден өтіп, жұмыс берушілердің оң пікірлерін алып жатыр.
Астана Инвест арнайы экономикалық аймақта жұмыс істейтін 100-ден аса кәсіпорындармен, сонымен қоса «Қазақтелеком» АҚ, FREEDOM Telecom, KAZTELESYSTEM, IMBC, AUTOLAND, MEGA Motors Astana, Aster Auto Astana, Hyundai Premium Astana, BI-group, BAZIS-A, Сат-НС, Модекс және басқа да мекемелермен серіктестік байланыстамыз.
Біз колледжде еңбек нарығының сұранысын үнемі қадағалап, тұрақты түрде мониторинг жүргіземіз. Атап айт­қанда, Астана қаласындағы Арнайы экономикалық аймақта орналасқан №1 Индустриялық парктің құрамындағы 130-дан астам кәсіпорынның инженерлік кадрларға деген қажет­тілігіне талдау жасап, ең қажет­ті мамандықтар тізбесін айқындадық. Олардың қатарында дәнекерлеушілер, слесарь-жөндеушілер, мехатроника мамандары, электромонтерлер, бағдарламашылар, механиктер және құрылысшы-сметчиктер бар. Бұл деректер біздің оқу бағдарламаларымызды еңбек нарығының нақты қажет­тіліктеріне сәйкестендіруге мүмкіндік береді.

– Қорытындылай келе, жастарға не айтар едіңіз?
– Бүгінгі күні техникалық және жұмысшы мамандықтарға нақты сұраныс бар. Техникалық мамандық – бұл тұрақтылық, табыс және болашақ кепілі. «ASTANA POLYTECHNIC» жастарға сапалы білім беріп, сенімді болашаққа жол ашады.
– Жұмыстарыңызға сәт­тілік!

Сұхбат­тасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір