СҮБЕБЕК АҚЫН
Халық ақыны Сүбебек Нұрбаев 1898 жылы Семей облысы, Жарма ауданына қарасты Қандығатай деген жерде дүниеге келеді. 1974 жылы Аягөз қаласында қайтыс болады. Ақынның туып-өскен өңірінің батысы Абай елі, оңтүстігі Ақтайлақ би қарауындағы он жеті ақын шыққан елді мекендермен шектеседі. Сүбебектің ақын болып қалыптасуына өнерлі өңірдің әсері болған. Ауқатты әулеттен шыққан Сүбебек жас кезінде сал-серілік дәстүрге бой ұрып жақсы ат мініп, жарасымды киім киген. Күй тартып, ән салған, домбыраны серік еткен көрінеді.
Ол «өзі туралы» өлеңінде:
Тәуекел не де болса өле көрем,
Қалғанша қашан қаным жалғыз қасық.
Он бес пен он алтымнан ойға батып,
Жаттығып бала жастан алған машық (1,194), – деп өзінің шығармашылықпен айналыса бастаған кезінен хабардар етеді әрі өмір бойы ақындық өнерді мақсат ететінін аңғартады. Ақын өмірінің соңына дейін өлеңді серік еткен, қолынан қаламын түсірмеген.
Сонда ақын қандай болуы керек дейтін мәселенің басын ашып, ақындық бағдарламасын айтады. Мәселен, «Ақынның сыры бөлек адамзаттан» деген өлеңінде:
Ақынның сыры бөлек адамзаттан,
Өмірі оның шолпан туып батқан.
Тыныштық, қамсыз өмір сүре алмайды,
Адамдық міндеті үшін ауыр батқан (1,244), – деген жолдардың «тыныштық, қамсыз өмір сүре алмайды» тармағында үлкен мән жатқанын көреміз, өйткені ақындық – ауыр міндет. «Поэзия дегеніміз – бұл ғаламдық тіршіліктің дүрсілдеп соққан тамыры, сол тамырды кернеген қаны, лаулаған оты, күн көзіндей жарқыраған сәулесімен шарпыған ыстық қызуы» (2,182) дейтін тұжырымға сүйенсек, ақынның «сыры бөлек адамзаттан» деген сөзінің мән-мағынасын аңдағандай боламыз.
Енді бірде:
Бәрі өзіне сайма-сай,
Қиянатпен күрессе.
Бірдей болса алды-арты,
Қай жағынан келсе ыңғай.
Сөйлегенде тілінен,
Тамшылап ағып тұрса май (1,234) – деп акындарға үлкен талап қояды. Ақынның атқаратын міндетін, өлеңнің көтерер жүгін пайымдай біледі. Ақын қиянатпен күресіп, жақсылықтың жаршысы болу керек екен. Оның ақындық өнер туралы жазған өлеңдерінен білім-біліктілігі, мол ойшылдығы байқалады және Абай үлгісі қылаң бергендей болады. Ақын туындылары көптің көңлінен шығуы керегін қалайды.
Сүбебек Нұрбаев жас кезінде жазған бір шоғыр («Шындық», «Тыныш жүрген адам жоқ», «Өмір», «Жастарға» т.б.) өлеңдерінде қоғамның, өмір- тіршіліктің сан түрлі құбылыстарын, адамдар арасындағы карым-қатынастарды шынайы суреттеп, өзінше түйіндеу жасап отырады. 1917 жылы жазған бір өлеңінен мынадай жолдарды оқуға болады.
Пәленің бәрі не түрлі,
Өтіріктен қозғады.
Өрісін мұның ұзартып,
Кез келген бір созады.
Шындық қана артынан
Бәрін басып озады (1,174).
Осы өлеңінде ақын шындықты адами құндылықтардың бірі ретінде қарайды. «Тыныш жүрген адам жоқ» өлеңінде де адам бойында кездесетін теріс мінез-құлықтарды сынайды. Көре алмайтын күншілдерді, адалдықтан гөрі арамза-қулықты жақтап, не бір күні достасып, не бір күні қоштасып жүретін жетесіздікті сынға алады. Қысқа күнде қырық құбылатын мұндай жандар бар. Сондықтан ақын көңілінде жақсылық пен жамандық жаңғырады, адамға лайық тазалықты талап етеді.
Ақынның жастық шағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, қазан төңкерісі сияқты аласапыран шақпен тұспа-тұс келеді. Өмірдің күнгей, көлеңкесі кезектескен кезең ақын өміріне әсер етпей қоймасы хақ. 1918 жылы жазылған «Өмір» атты өлеңінен мынадай жолдар ұшырасады:
Тұрмыстың сызын қайтейін,
Миымды жарып барасың.
Аяққа тұсау алданыш,
Ақыры тұл қаласың…
Туған жерім, туған ел,
Күнде ит шығып таласын, – дейді.
«Бұл өмірді – өмір деп, жұбанатын мен емес» деп түңіле жазуы орынды. Бұл – бодандық өмірдің сиқы. Жазушы Қабдеш Жұмаділдің осы жолдарды оқығанда аза бойын қаза болып, төбе шашың тік тұрады. Мұндай сөзді қазақ ақындарынан бұрын-соңды ешкім айтқан емес», – деуі көңілге қонады.
Тағы бір өлеңінде:
Арықпын жөнім тауып бағылмаған,
Жүйрікпін күйім тауып шабылмаған.
Өмірден солай жасап өткен жанмын.
Керегім, іздегенім табылмаған (1,183), – деуі де аз ғұмырының жартысын арғы бетте, жартысын бергі бетте өткізіп, тағдырдың сан түрлі тауқыметін басынан өткерген ақынның жан сыры деуге болады. ХХ ғасырдың алғашқы жарымында жөні табылмай, бабы келмейтін, іздегенін таппайтын саяси-тарихи жағдайлардан әлеуметтік ой түйеді.
Ақын бір шоғыр өлеңдерінде өнеге-өсиет түрінде ой сабақтайды.
Өскен ұям еді деп,
Қарасаңшы артыңа.
Үйлесімді іс қылсаң,
Өзіңнің шама-шарқыңа – деп жастарға ақыл-нақыл сипатында кеңес береді. Ақынның шыны да, сыры да көрініп тұрады. Ақын бірқанша өлеңдерінде адам болмысына үңіледі. Бұл ретте оның кейбір түйін-тұжырымдары Абайдың толық адам іліміне жанасатындай көрінеді.
Қараңғы бірдей бәрі надан емес,
Ішінде аралас қой алтын, жезі –
деген сөзінен талғамы биік ақынды танығандай боламыз. «Алтын, жезі» аралас жүруі өмірдің өз шындығы екені аян. Енді бірде жастар бойынан кездесіп қалатын келеңсіздіктің де ақиқатын ашып айтады. «Сөз айтсаң кейбіреуге» өлеңінде:
Сөз айтсаң кейбіреуге бәрібір бос,
Жан-жақты көп ойланып абайламас.
Қызғаншақ ішінде бар тағы күншіл
Мейірімсіз жүрегі мұз, денесі тас (1,202), – деп адам бойындағы мінді иланымды ашып, өмірлік өнеге ұсынады. Адамгершілік ұстанымдарды арқау етеді. Әркез кісілік-ізгілікті ұстанған ақын туындыларының өрім-өзегі өзі туып-өскен қоғамның, ортаның шындығын жырлаған. Кейбір адамдардың орынсыз қылықтарын көлгірсіп көлегейлемей, ашына айтады. «Ыза, жігер» өлеңінде:
Адамның бірі опасыз,
Кез кеп қалсаң құнына.
Залым, тантық, өзімшіл,
Жығылма оның буына…
Бірге кетсең сонымен,
Адамның ең қорысың.
Ырыс емес, халықтың,
Маңдайдағы сорысың (1, 229) – деп адам мінезіндегі пендешілікті «жаба тоқып» жасырмай, жамандықтан сақтандырады. Мұндай адамдар көптің сорына айналып, зияны тиюі мүмкін. Сондықтан ақын әлеуметтік өмірдің күйкі тірлігіне күйінеді.
Ақын С. Нұрбаев тағы бір өлеңінде «Елдікін алдап-арбап тартып жеуді» әдет еткен тойымсыздарды сын садағына байлап:
Баққаны қулық, сұмдық, ұрлық, өсек,
Сияды қалыбына қалай десек, –
дейді. Қара басының қамын ойлайтын жексұрын адамдардың бейнесін көз алдыға келтіреді. Мұндай ат-абыройдан айырылған жандардың кесірі тиіп, кеселі жұғуы мүмкін. Сол себепті адамдардың адамшылыққа жатпайтын әдеттен қашық болуын мәнді мәселе ретінде көтереді. Сүбебек поэзиясындағы қоғам, орта тудырған адамның мінез-құлық болмысын, жан әлемін ашатын өлендері ойға жетелейді. Қайткенде адам абыройлы болмақ дейтін мәселенің нақты кесімін айтады.
Іздесең басыңа егер абырой, бақ,
Адал бол, арам жеңіп, қараймайды-ақ…(1,274).
Бұл туындылар тақырып мазмұн жағынан бір-бірінен алыс кетпейді. Сыршылдықпен нақтылық ұштаса түседі. Соңғы өлеңдегі «аттыға жол, ауыздыға сөз бермейтін «кеудемсоқ, менмен мінезді жан көз алдыға келеді. Мұндай мінез-әрекет ақынның көзбен көріп, көңілге түйген шындық екені аян. Сондай-ақ «Не пайда?» деп аталатын өлеңінде не жақындықты, не адамдықты сақтамайтын ақылы аз адамдардың сыны мен міні таратыла айтылады. Азаматтығы қалыптаспаған пысықайлардың сұрқы анық елестейді.
Кім айтса жалған өсек соған нанып,
Сусыны мейірленіп, әбден қанып.
«Ол, рас, сенікі жөн, антұрған» деп
Қайрайды қылшылдатып әбден жанып.
Мұндай сәт сайын құбылған екіжүзді адамдар жазығы жоқ жандарды күйдіреді не күйелейді. Ақын осындай талғамсыздықты дөп басып таниды, адамгершілікті алға тартып, өмір-тіршіліктің талабына ден қояды. Мұндай туындыларында шындық басым болғандықтан оқырманды бей-жай қалдырмайды. «Өнеге қандай жақсы үлгі көрген, жақсының тілін алып соңына ерген» деген тармақта қаншама мәнді ой жатыр. Күн мен көлеңкедей кездесіп жүретін өмірдің заңдылығы айтылса ғана ақиқат ашыла түседі, жат қылық әшкере болады. Сол арқылы оқушыға тәлім-ғибрат көрсетуді мақсат етеді. Кез келген ақын өзінің туып-өскен атамекенін жанына жақын тұтады, өлең өріміне айналдырады. Осындай сезім Сүбебек ақыннан да табылады. Оның «Алжан тауына» (1921) деп аталатын өлеңінде өзінің туған жері Қандығатайды ерекше сезіммен жырлап, Алжан тауын мақтаныш етеді. С.Нұрбаев 1928 – 1932 жылдары тағдыр талқысына ұшырап, қуғын-сүргін көрген елмен бірге Қытай асып кетеді. Жат елде жабырқау тірлікті басынан өткереді. «Сағыныш» (1932) атты өлеңінде:
Шалқып жатқан көл қайда,
Көл жағалай ел қайда?
Салтанатты сән қайда,
Шырқап салған ән қайда? (1,216), – деп елі мен жерінің мұңын айтады. Өкініш пен қимастықты ұштастырады. Басынан бағы тайған елдің зар-наласы екенін сезесің. Өлеңде тағдыр бар, тарих бар. Ақын «Жалпы шолу» деген өлеңінде былай дейді:
Дүниені тұман басты аспан төніп,
Жылтылдап өміріміз жанып сөніп.
Сақтаймыз жанымызды енді қайда?
Тесік жоқ бас паналап кірер еніп (1,218).
Бұл жолдардан Қазан төңкерісі (1917) кезіндегі өмір шындығын естігендей боламыз. Ақын отарлық үстемдіктің қиын-қыспағын ащы да ашық суреттейді. Халықтың қамын ойлап күйінген ақынның жан күйзелісі анық көрінеді. «Басқа қайғы, байтал тұр ғой заман болды» деп шарасыздық танытады, үміті үзілгендей күй кешеді. Алайда сол кездің саяси-әлеуметтік мәселесін айтып, ашуы ақынның қалам қарымын танытады. Тілінде ажарлы айшық болса, шығармаларының мазмұнында терең сыр жатады.
Қорыта айтқанда, С. Нұрбаев өз дәуірінің суреткері болғандықтан, сол ортаның шындығын жырлады. Қазақ халқы басқаның басқаруында болғандықтан ел ішінің береке-бірлігі бұзылды. Осындай келеңсіздікті көзімен көрген ақын ел-жұртының қамын ойлап толғанды, тағдыр тауқыметін шынайы өрнектеуге ұмтылды. Бір шоғыр өлеңдері әлеуметтік мәселелерді өрім-өзек етеді. Өмірдің мәні, адам мінезіндегі кінәраттарды сынай отырып, кісілікке үндейді. Өлеңдерінде ашыну да, нала-мұң да байқалады. Жастарға қарата жазған туындылары ғибратты ақыл-кеңес түрінде келеді. Жақсы адамның жарқын кейпін үлгі етеді. Сөйтіп, ұлт қамын ойлайтын деңгейге көтеріледі. Қаламгерлік қарымы қалыптасқан ақынның қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесін зерделейтін кез келген сияқты. Ол бір жағынан лирик болса, екінші жағынан эпикалық дастандар жазған. Оның «Қорқыт», «Батырлар жорығы» атты көлемді шығармалары бар. Ақынның артында қалған мол мұрасын талғам таразысына салып, идеялық-көркемдік, шеберлік деңгейін анықтап зерттеу алдағы күннің міндеті болса керек.
Зуфар СЕЙІТЖАНОВ,
филология ғылымының
докторы, профессор
Халық ақыны Сүбебек Нұрбаев (1898–1974) бұрынғы Жарма ауданына қарасты, Қандығатай жерінде дүниеге келген. Сүйегі Найман. Қаракерей ішінде бес Байыстың бірі – Ақымбет. Қонысы – «Алжанның сүйдім неге заңғар басын, қайтейін Қандығатай, Байжан тасын» деп ақынның өзі жырлаған өңірі. Батыс жағы Шыңғыстау сілеміндегі Абай елімен іргелес, түстік жағы Ақтайлақ бидің құзырындағы қалың Сыбанмен қойындасып жатыр. Демек, Сүбекеңе ақындық өнер қайдан, қалай дарыды дейтін емес, бір бүйірінде Абайдың асыл мұрасы жатса, екінші жақтан Сыбанның Ақтамберді, Ақтайлақ, Дулат, Сабырбай, Түбек, Әріп бастаған он жеті ақыны желеп-жебегені сөзсіз.
Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ,
Қазақстанның Халық жазушысы
Сүбебек қартты жырау деп ойламай айтып отырғаннан аулақпын. Мақалдап, суырыла сөйлеп кетсе, көмекейінен күй төгіледі. Ауызба-ауыз айтқан жыр жолдары тыңдаушысын таңдандырмай қоймайды. Домбырасының шегін селкеу тастап, қоңырлата жөнелсе, кәрі кеуденің шыңырауынан сәл қырылы бар, бірақ жаныңа соншама жақын, таныс, майдақоңыр әуез еседі. Осының барлығы да жырауларға тән қасиет шығар деп ойладым да, бұл қартты солай атадым.
Мұқағали МАҚАТАЕВ