САҒЫНДЫРДЫ-АУ СОЛ АҚЫН…
19.04.2025
203
0

14 сәуірде туабітті талант, небәрі 51 жасында өмірден озған ақын Ғабиден Құлахмет 70 жасқа толар еді. Әттең, дүние! Ол – Шолпан ауылында туған қазақ поэзиясының Шолпан жұлдызы. 1996–2001 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары қызметін мүлтіксіз орындаған Ғабиденнің қаламынан туған «Көзімнің қарасы», «Ақ бастау», «Үйірі жоқ көкжал», «Көл түбіне кеткен ел» т.б. шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорында сақтаулы. Оқысаң, көкірек сарайыңды ашатын ақынның топтама өлеңдерін оқырман назарына ұсынамыз. 

Ғабиден ҚҰЛАХМЕТ

Сол жаңбыр қайта жаумады

Бақытым, қалма кешігіп…
…Ебіден жел боп есіліп.
Көк аспан күйін тартып кел,
Ағыл да-тегіл саз жаусын.
Сағынып жатыр барқыт бел,
Қарашада ұшқан қаз даусын.

Армандай болып ай ауған,
Араны жатыр жыл бөліп.
Мезгілінен ерте оянған,
Көкөзектегі гүл ме едік?..

Қиялымда жүрдің тербеліп,
Балдәурен күндер – аңсауым…
Шақырды ылғи сен болып,
Көгілдірдегі көрші ауыл.

Сапарлар сазын үзбедім,
Табаны сайдың толды ізге.
Қиқулы құстар тізбегін,
Шығарып салдық сол күзде.

Көзінен қатпа кемпірдің
Жасырды бізді ен тоғай.
Егіліп сонда сен тұрдың,
Елігай-сынды еркем-ай…

Сүйіп кеп алдым өзім де,
Байқамай…
Қырдан қашты елік.
Жалт еткен сенің көзіңдей,
Жіберді аспан жас төгіп.

Айырды кенет екіге,
Тағдырдың асау жолдары.
Өзеннің екі шетіне,
Екі ауыл қайтып қонбады.

Деміне ыстық от орап,
Айтылмай кеткен махаббат.
Тамшы боп көктен аунады,
Сілкініп арман таулары.
Қайтадан қаздар ән салып,
Сол жаңбыр қайта жаумады,
Сол жаңбыр қайта жаумады…

Хат

Ұзатып салған қаздарын,
Сыңсиды дала, сар теңіз.
Көп болды, хат­тар жазбадың,
Қайдасың қазір, ерке қыз?..

Жаңбырлар жасын іркіп ап,
Төгіліп дала тыңдайтын.
Бозжусан болып бұрқырап,
Бозторғай болып жырлайтын.

Ымырт­та сөнген жалқындай,
Таулардың төсін тербеткен…
Сол бір ән кет­ті айтылмай,
Оралмай кет­ті сол көктем.
Ебелек көшіп еңістен…
Тербелсе белден келген шөп…
Қайтқанша малдар өрістен,
Әжейге маза бермеуші ек.

Жас талдар жапырақ жайғасын,
Естілмей кет­ті ертектер.
Парталас қыздар, қайдасың?
Қайда екен қара тентектер?..

Кез­деспей кеткен айлардың,
Көптігінен, қалқам, күрсінбе.
Ауылда болған тойлардың,
Төрінен іздеп жүрсің бе?

Толқымай қалды-ау тұнық мұң,
Білмеймін қанша жыл өт­ті…
Жылатып сонда жүріппін,
Сені емес, сүйген жүректі…

Жексенбектің әні

Ести алмай тырналардың тырауын,
Қазан келіп, жауған қарға құладым.
Көз жасымда толқып жат­ты, шырағым,
Тарлаулының төсіндегі бір ауыл.

Тарлаулының төсіндегі бір ауыл,
Сені көрмей… қалай, қалай шыдадым?..
Алты қырдан естіп жат­ты құлағым,
Жексенбектің ескідегі бір әнін.

Жалған деңдер, балаларым, жалғанды,
Арман деңдер, балаларым, арманды.
Айтсын бүгін Тарлаулының жолдары,
Олармен біз бармаған қай жер қалды?

Желдей ескен жануарым, Шалқұйрық,
Жеткізбестен кет­ті уақыт-сайгүлік.
Қатар шауып, үзеңгісін қағысқан,
Қанша құрбы, замандастан айрылдық?!

Асық ат­тық, ойын қудық, тай міндік,
Қуандық та, ойландық та, қайғырдық.
Қыздар берген алтын жүзік секілді
Жас дәуренді қайда, қайда қалдырдық?

Солай… солай жалындатып, жандырып,
Бұл пәниді біз кетерміз қалдырып.
Ішке сыймай бірақ мың-мың жаңғырық,
Туған жерде қалады екен мәңгілік!

Біздер бала болған күннің шалдары,
Жоқ болған соң бұл әнді
ешкім салмады,
Тәй-тәй басқан балдырғаным естісін,
Кел екеуміз қайталайық, Тарлаулы!

Жиырма жасқа

Сүйіп ең сөздің өлең падишасын,
Лаулайтын кезің келді, жалын жасым.
Ертеңге бүгін таудай талабың бар,
Сен нәзік үміт­тердің жолындасың,
Лаулайтын кезің келді, жалын жасым!

Төзіп бақ қиындықтар салмағына,
Айналып інілердің арманына.
Ұқсасаң, ұқсау керек басқаға емес,
Туған жердің тәкаппар тауларына!

Тап болсаң қай мезет­те, қай дауылға,
Дұшпанның жанып кетпе қайрауына.
Жаманның қор боп кетпе байлауында,
Дүние ғұмыр берсін саған мәңгі,
Бұлбұлдай армансыз бір сайрауыңа!

Қым-қуыт бұл жалғанда кезегі көп,
Өкініш лақтырмаса өзегіңе от.
Оп-оңай жеңістердің берері жоқ,
Бейнетсіз ләззат­тардың керегі жоқ.
Қаласың, жиырмам, сонда жыр көгінде,
Өмірдің жылдар ғашық өлеңі боп!

Таңсық

Көшеңмен көп жүрмедім,
Ақ қар жауған түніңде аяулы ән сап:
Хат­тарындай Сәуленің мөлдір ме едің,
Махаббат­тар ең алғаш оянған шақ.

Естелік боп қаларын сезбеп пе едім,
Жүрегімді шымшитын бір уақ менің.
Жырлап бітпей гүлдерше өз көктемін,
Қалды сенде балалық – жыр дәптерім.

Қонысбай шал

Ұласып жаз жауынға, қыс дауылға,
Сәл ертерек наурыз қар түсті ауылға.
Онда мына ескі жұрт ел болатын,
Изен, қурай өспейтін қыстауында.

Қойлы ауылда құрт қайнап, айран ұйып,
Күнмен бірге құлайтын сайға киік.
Аңыратып көмейден ән боздатсаң,
Желігуші ек жел буын тайға мініп.

Қалса-дағы сол күнгі мұң ескіріп,
Балдақтардың сықыры жүр естіліп.
Ақша алғанда әкесіз жетімдерге,
Үш теңгеден жүруші ең үлестіріп.

Үкілеп ап талшыбық ағаш атын,
Сен келетін жолды аңдып, бел асатын.
Ауылдың бар баласы құшағыңа,
Бір-бір сүңгіп шығуға таласатын.

Күні бойы жүрсең де қамыс баулап,
Бойға қайрат бергендей ауыр салмақ.
Күнді салып балуан иығыңа,
Жолда келе жатушы ең, кәрі солдат.

Жолығысып, ал бірде табыспай жол,
Жатса-дағы… жақын бол, алыстай бол,
Кешегінің белгісі көңілде екен,
Көз алдымнан кеткен жоқ Қонысбай шал…

Ән салшы-ей,
бір бала

Қусырғанда қырды ақпан,
Терістіктен қар борай…
Қоңыр кештен тіл қатқан,
Көктембісің, қарғам-ай.

Өзгермепсің сен мүлде,
Жазира бел жаңғырып.
Тереземе келдің бе,
Жүрегімді жандырып…

Шашын жайып қара орман,
Қара бұлт­тан жай ат­тың.
Жайдарман ең жоғалған,
Жырыңмен кеп оят­тың!

…Бұлбұлдарым шырқады,
Булығып бір бақтарым.
Қызғалдақты қырқаның,
Кездім қызыл от­тарын.

Қайсы гүлге қонарсың,
Қарап тұрмын қарайлап.
Құлдыраңдап барасың,
Көйлегіңмен жел ойнап…

Сағыныш ең сызылған,
Кете бардың, бұл қалай?
Ұзап барып үзілді ән,
Уыз арман, угәй-ай.

Теңіз шулап, түн кезгем,
Таба алмадым жалғасын.
Көрдім гүлден бір кез­де,
Қарағымның көз жасын.

Қайырылмадым мен неге,
Қатал болдым тыңдамай.
Сол мазасыз түндерде,
Ән салып жүр бір бала-ай.

Оянғанда боз дала,
Бозторғай боп қонатын.
Сағындырды-ау сол бала,
Сағындырды-ау сол ақын.

Тағдыр берген еншім бе ең,
Ұзатқанда қыр қысын.
Сол қыздардың мен сүйген,
Кірпігінде жүрмісің…
Беу, бұлқынған жыр-құсым!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір