АРЛАН АҚЫН

Серікпен танысқаныма қырық жылдай уақыт өтіпті. Алматыдағы «Аққу» кафесі тұратын төңіректе автобус аялдамасы болатын. Бір күні кешке үйге қайтып келе жатқанымда, сол баяғы аққу жүзетін көл жиегіндегі теректің түбінде тұрған бір бейтаныс екі жігіт мені тоқтатып сәлемдесті. Екеуі де бір-біріне ұқсаған қошалақтың қоңыр қошқыл бұталары сияқты, шаштары дудыраған жігіттер екен. Біреуі – қошқар мүйізденген самайын сипалап, аузын керіп, қиғаштап сөйлейді екен, екіншісі – арсалаңдап күле береді. Алғашқысы кейін білдім, Кеңшілік Мырзабеков, университетке келіп оқып жүр екен. Менің әскерге кеткелі жатқан уақытым еді. Сол әңгімені ортаға салып әдейі әңгімелескісі келген болу керек, албырт жігіттер «Аға, ананы айтшы, мынаны айтшы» деп әрнені сұрағыштап қояды. Мен бұлардың қызығын бағып тұруға уақытым шамалы, «айналайындар, жақсы оқыңдар, жақсылап жазыңдар, кітапты көп оқыңдар» дегендей жүрдім-бардым ақыл айтып өтіп кеттім.
Арада бір-екі жылдай әскерде қызметім түгелісіп келсем, бір күні спектакльден шыққаннан кейін Асанәлі Әшімов екеумізді Кеңшілік ұстай алды. Алматы 1-вокзалының маңы ма, автовокзалының маңы ма, әйтеуір, қаланың ортасы емес, бір алабажақ жердегі шағын үйді жалдап тұратын пәтеріне ертіп апарды. Келін бар екен, балалар бар екен, санын қазір білмеймін, жас шамаларын да білмеймін, өздері студент болғасын, жас ақын болғасын, жаңа тірлік жасап жатқасын оларды да түсінуге болады. Кеңшілік сол кеште отырып дастарқанының басында бір жаңа біткен сырмақтай дәптерінің бетін парақтап өлеңдерін оқыды. Өлеңдері бірінен-бірі өткен керемет, тамаша өлеңдер болды. Ауыл туралы, ел туралы, жалындап өткен жастық шақ, балғын балалық туралы, алғашқы махаббат туралы. Алғашқы сағындырған қыздарға хат жіберген жақсы-жақсы шақтар туралы керемет әдемі өлеңдер екен. Біз Асанәлі екеуміз қатты сүйсініп, сары баланың арқасынан қақтық.
Біз ол кезде Кеңшілік пен Серікті осылай өлеңдері арқылы таныдық.
Арада жылдар өтті, Кеңшілік дүниеден кетті. Біраз жылдардан кейін дәм бұйырып Торғай топырағына алғаш рет келуге тура келді. Жақсы оқиғаларды Құдайдың өзі орайластырады. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов аталарымыз ақталып, сүйінші сұрауға шыққан топ адамбыз. Бастаушы – Сыр-ағаң, Ғафекең, Зейнолла Қабдол. Осы топтың ішіндегі ең бір көзге түсіп жүрген осы отырған Серік Тұрғынбекұлы болды. Сол бір аптадай Торғай даласын аралаған, «Жыланшықтан», «Қабырғадан», «Өлкейіктен» су ішкен, «Ақкөлдің» суына түскен, «Қызбелдің» топырағына аунаған күндерде мен Серіктің өзіне қарап, өлкесіне қарап өлеңін танығандай болдым.
Менің Алматыда әдебиет қауымының арасынан ең алғашқы танысқан адамдарымның біреуі Ғафу Қайырбеков еді. Жұмекен Нәжімеденов деген досымның үйінде танысып, Жұмекеннің өлеңдерін бірге оқушы едік. Сонда Ғафекеңнің салатын әніне, домбыра шерткеніне, халық туралы, ел туралы, өтіп кеткен тарих туралы айтқан аңыздарына қарап тамсанып отырушы едік. Сондағы ең басты тамсанатынымыз біздің Ғафекең Қасымды көрген және оны жақсы көрген. Қасымның әнін айтқанда кез келген әншіден кем түспейтініне қатты тамсанушы едім. Қасым, шын мәнінде, қазіргі күннен- күнге Алатаудай айбаттанып бара жатқан қазақ поэзиясының туын бірінші болып көтерген ақын еді. Абайдың сөзіне біреу түсініп, біреу түсінбей, біреу байдың баласы, біреу байшыл ақын дейтін даулардан кейін, мән-жайын түсініп болмаған кезде, жыр дегенде арқасы қозатын шабытты ақындардың бірі Қасым Аманжолов еді. Қасым көп ұзамай, дүниеден өтіп кеткеннен кейін қазақтың жыры есеңгіреп қалғандай болып еді.
Сардарынан айрылған сарбаздай болып жүрген кезінде Абайдан қалған асқақ рухты, Қасымнан қалған туды көтеріп шыққан ақын, ол — Сырбай Мәуленов еді. Қазіргі-бүгінгі, осы замандағы қазақ поэзиясының алғашқы бас көтерері болып шыққан Ізтай Мәмбетов, Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, Еркеш Ибрагим, ақыр соңы Қадыр, Жұмекен, Фаризаға дейінгі үлкен буын осы Сыр ағаңның соңынан еріп, маңдайынан сипағандықтан осы күнгі қазақтың тұлғалы ақындары болып шықты. Мен бүгінгі қазақ поэзиясына айбарлы Қасымнан, Ғафудан қалған сыр-сүйкім, сырбаз сезім Сырбайдан келген сый деп ойлаймын. Мен Сырбай мен Ғафудың бір топырақта туғанына қатты таңғаламын және Торғай туса ылғи егіз туатын бір мама ел сияқты. Бір кезде Есілді кесіп өтіп, Жайықты жалдап өткен Шақшақтың кезінен бастап бұл Торғайда жалғыз шықпаған, орыстар қосылмаған бір құтты ауыл еді. Сол қазақтың маңғазының артқы ұшы Кавказдың бойындағы, алдыңғы ұшы Алтайдағы Шәуешекке дейінгі аралықта айбарлы да айдарлы ақындар шықты. Әрісін айтпағанда, өткен XX ғасырда бірінен-бірі өткен керемет ақындардың өлеңдері біздің есімізде және сол ақындардың көпшілігі Торғай даласында туып, қазақ жырына ерекше үлес қосып, көзге түсті.
Марқұм Сырбай Мәуленов бір өлеңінде:
Сөз келсе сыпайы боп сызылмаған,
Әбіқай заманында қызулы адам.
Үнемі отыратын өлең жасап,
Ұйқасы балталаса бұзылмаған, —
деп жырлайды.
Нұрхан Ахметбеков сол Сырбайға:
Айтпайсың ақын болсаң жатқа неге,
Мінбейсің жігіт болсаң атқа неге?!
Торғайдың тоқтысын жеп тойып жүрсің,
Қалада көк су ішкен қатпа неме ?!. –
дейді.
Осындай өлеңдерді оқығанда мен әлі күнге дейін қайран қаламын.
Ғафаң осындай өлеңдерді ізін суытпай, бірінен кейін бірін қыздырып, қыздырмалатып, тыңдаушысын балқытып айтады.
Сөйтіп, қол-аяғы балғадай, тасқа басқан таңбадай анық та тынық, дыбыс үндестігі, ұйқас үйлесімі, ұлттық үдесі керемет сөз саптауына тәнті болмасқа хақымыз қалмайды. Оны осы отырған Тұрсынбек Кәкішев ағамыздың тілімен айтқанда, симфониясы, строфикасы, ритмикасы, рифмикасы, төрт құбыласы түгел тұтасқан өлеңдер. Бұндай өлеңдер Еуропада, оның ішінде орыс поэзиясында кешегі Блоктар шыққан XX ғасырдың алдында ғана болды.
Ал қошалақтың шоқалақтары арасында жүріп, осы өлкеде Сырбай мен Ғафудың тууы қандай таңсық болмаса, кешегі Кеңшілік пен бүгінгі біздің Серікжанның тууы сондай таңсық болмас еді. Бұл – бір төсектен шыққан, бір топырақтан жұққан мәңгілік жазылмайтын рухани дерт. Ұлттық игілігі түгесілмейтін, ғұмыр бойы кешіп өтетін тағдыр тауқыметі. Тегінде талайлы тауқыметті кешу үшін әуелден табиғат кейбір адамдардың маңдайына осындай қилы-қилы тағдыр жазатын болуы керек. Мен Серіктің бүгінгі алпысқа келген жасы, бұл үлкен бір ізденістің үстінде өткен асу-асу белдері, талай талмай кешіп өткен қиын-қиын қилы жылдары деп ойлаймын. Серік 60 жасқа абайламай жеткен жоқ деп есептеймін. Өйткен себебі, бұл Серіктің өлеңдерінің бұрын оқығанымнан дәл қазір менің есімде жоқ, тек осы Астанаға көшіп келгеннен кейін жарық көрген екі кітабының екеуін де мен өз қолымнан өткергем.
Оның біреуі – «Жерорта» деген кітабы, екіншісі – күні кешегі Амангелді, Кейкілер заманынан бастап жазған драмалық поэмасы. Сол екеуін оқығаннан кейін мен Астанада жүрген Серіктің бұл нағыз арлан ақын екенін, тістесе тісі өткір, ойласа ойы терең, кемел, ерен екенін таныдым.
«Жерорта» деген кітабында осы халықтың басында қазіргі болып жатқан қиындықтардың барлығына сол халықтың өзінен бетер қинала отырып жазған, адамзат баласының толғанысы бар және соны көркемсімей, шешенсімей артық елпілдемей, шалқып кеңкілдемей жан жүректі шым-шым сыздата отырып жазған, үлкен сырлы да мұңлы жырлар еді. Сонда мен осы Серіктің үлкен адамдық формасына таңғалып едім. Қазір Құдайға шүкір, күні кеше өзіміз айтып жүргендей, біз көз боядық, сөз боядық дейміз. Иә, соңғы рет жетпіс жылдың ішінде көз бояу да, сөз бояу да аз болған жоқ. Бірақ соның ішінде «бояушы-бояушы дегенге сақалын бояп» кетпегендердің арасында Серікжан, сен де барсың. Сол адал еңбегіне алпыс жасқа келгенде айрықша баға бергім келіп тұр. Соның бір белгісі осы – «Жерорта» деген кітабың. Сонда:
Төбені не шығады тау дегенмен,
Шалғынның құны түспес қау дегенмен.
Қапшығы зұлымдықтың тола қоймас,
Жақсыны жатқа санап жау дегенмен.
Қабырғам соны ойласам сөгіледі,
Көзімнен қара бұршақ төгіледі.
…Бетке айтып үйренбеген байғұс басым,
Алдында ақ қағаздың егіледі! —
дейсің сен.
Тағы бір жерде тіл туралы:
…Сені ойласам, жетім бала елестеп,
Маңдайынан сипағым кеп кетеді!
Одан әрі:
…Сөзім — соқа.
Саламын сол соқаны,
Қабат-қабат ойлардың қыртысына, —
дейсің сен.
Осылайша, сенің өлеңдерің адамгершілігімен, мейірімділігімен, ақпейілділігімен, тіпті тылсым мұңымен баурайды. Сен мынау жұрттың ортасында жүргеніңдегі жадыраулау жайма-шуақ пейіліңді өлеңде де, өміріңде де сақтай аласың. Әйтпесе жазатын-сызатын кісілер өмірде бір бөлек те, жазған кезде айнаның алдында тұрған актер сияқты, өзін-өзі тұқұртатыны көп болады. Сенде ондай бұрыннан тыртық мінез де жоқ, қыршаңқылығың да жоқ, өжеңдемейсің де, көкіреңдемейсің де, шапшымайсың да, жайма-шуақ жырлайсың, жайма-шуақ жүресің, жайма-шуақ күлесің. Өзіңнің құшағың қандай ыстық болса, көкірегіңнен шыққан сөздерің де сондай ыстық. Сенде жақсы-жақсы өлеңдер көп, қазір соның біразын айтуға болар еді. Мына отырған халық сені мен қалай білсем, олар да мендей біледі.
Сенің бір өлеңің бар, «Бес рет күйеуге шыққан әйел» туралы баллада өлең. Тағдырын оқығанда кісінің көңіліне әртүрлі нәрселер қосады. Өленді оқып шыққанда көзіңе жас үйіріледі. Бұл – бір адамның тағдыры емес, бүкіл қазақ ұлтының тағдыры. Қазақ ұлтының ХХ ғасырдағы тарихы. Тоғыз, он шумақтан құралатын өлең. Әйел алғашқы күйеуінен ғасыр басындағы айқастардың тұсында көз жазып қалған. Одан кейінгі күйеуі 37-де кеткен. Одан кейін, «әйел қырық шырақты» деген, тағы тұрмысқа шыққанда, онысын тағы да соғыс алып кеткен. Соғыстан әне күтіп, міне күтіп келмегесін қайтадан тұрмысқа шыққанда, онысын трактор басып кеткен. Бұл – тыңның трагедиясы. Енді «құрсыншы бәрі, қартайғанда тіземді құшақтап жалғыз қаламын ба, ең болмаса артымнан күшік ерер ме екен» деп тиген күйеуінің аузы арақтан босамаған маскүнем болып шыққан. Сорлы әйелдің тағдыры осы.
Шын мәніне қарасам, бағы ашылмаған бір қатын емес, бағы ашылмаған бүкіл халықтың тағдыры тұрған өлең.
Жүректі шымшылай отырып жеткізген осы шындығың сенің көп өлеңдеріңе тән. Сондықтан мен саған не айтам.
Тақырыпты жырлауда тапқырлығың бар. Тауып та айтасың, қауып та айтасың, осындай керемет өлеңдерің көп болсын.
Тағы да сен айтасың:
Өлең керек өмірге, өлең керек,
Жүректегі жараны ол емдемек.
Қалжыраған кезінде дүниені
Қолтығынан жалықпай келем демеп.
Керек, керек, бұл өлең керек, керек,
Өлең жайлы сөз де көп, дерек те көп.
Мен болмасам өмірде оқасы жоқ,
Ал өлеңсіз, қалмай ма ел өкпелеп.
Асу да көп, алдыңда белең де көп,
Аялдамай асығыс жөнел, демек.
Тіршіліктің тамыры тынбай соғып,
Тұру үшін,
Өмірге өлең керек!
Дүние әлі дүрбелең.
Заман әлі шырғалаң.
Сезім әлі сергелдең.
Халқыңның қалжыраған жері, қалбыраған шері көп. Жүректі демейтін көңіл керек. Көңілді демейтін өлең керек. Сен керек ақынсың. Алдымен ұлтыңа, жұртыңа керексің. Алқынбаған қалпында алпыстан ас, тоқырамай тоқсанға жет! Тағдырдың көрсеткен бар қызығын көре бер. Саған айтар ақ тілегім де, берер батам да осы!
Әбіш КЕКІЛБАЕВ
2006 жыл