Сүйінбайдың жыраулық және дастандық дәстүрі
19.02.2025
189
0

Көрнекті әдебиет­танушы ғалым, профессор Мырзатай Жолдасбеков Сүйінбай ақынның жырларының поэтикалық қуатына кең тоқтала келіп, төмендегідей баға беріпті: «Сүйінбай – қынаптағы қылыш, аспаннан түскен жасын, ескен қызыл жел, жүйріктей жалын тараған, күніне шауып жараған, айтысқанды шаңына көмген жүйрік; айтысқанның басынан өлең жаудырып, миын шайқалтқан жырдың бораны, қияқты сұңқар. Сүйінбай жырларынан оның алмастай өткірлігі де, шайқалған жорғалығы да, тұлпарлығы да, даңғыл жыраулығы да айқын көрінеді» (М.Жолдасбеков. «Асыл арналар», – Алматы, «Жазушы», 1986. – 153–154-бб.). Төгілте жазуды әу дегеннен қаламына дарытқан фольклорист ғалымның Сүйінбайдың тұтас шығармашылығына әділ бағасын беріп қана қоймай, оның өзі тұстас, замандас басқа ақындардан артықшылығын, әсіресе жыраулық поэзиясының құдіреті мен қасиетіне, олардың тарихи-танымдық құндылығына айрықша мән беретінін аңғарамыз.

Сүйінбайдың өлеңдері мен толғауларындағы, дастандарындағы жыраулық сарынды, яғни қазақ әдебиеті тарихындағы бес ғасырға созылған әйгілі жырауларымыз салып кеткен ұлы дәстүрді қайта жаңғыртып, жаңа заман тақырыбына бейімдеп, жыраулық сөз саптаудың түпкі, терең ағыстарында жатқан көркемдік құндылықтарды өзінің сүйріктей сұлу поэзиясында қайта тірілтетінін, қайта сөйлететінін анық байқаймыз. Сүйін­байдың он тоғызыншы ғасырдағы қазақ поэзиясында, әсіресе дастан жанрындағы ұлы жыраулар поэтикасын терең меңгеріп, өз заманындағы немесе өткен тарихтағы айтулы, елеулі оқиғаларды солар толғаған деңгейде, яғни халықтық сипат дарытып, елдік мұрат­тар тұрғысынан көркем жинақтап, жалпы ұлт­тық мәні бар құндылықтар деңгейіне көтеріп алып кететінін баса көрсетуіміз қажет. Кешегі Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Марғасқа, Ақтамберді, Шал ақын, Көтеш, Бұқар, Жиембет, Тәтіқара, Махамбет, Үмбетей жыраулар жиі-жиі ат басын тіреген, қолданған поэтикалық әдіс-тәсілдердің Сүйінбай дастандарында да бой көрсететінін байқамау мүмкін емес. Айталық, Сүйінбайдың әйгілі Тезек төремен айтысындағы сөз сарыны, сөз саптасы қарсыласының жүрегіне найза қадағандай әсер қалдырады. Оқып көрейікші:
Хан Тезек, байлығыңа бас ұрмаймын,
Мен, бірақ көргенімді жасырмаймын.
Шын дертім ұстап кетсе айнымалы,
Басымнан ұшқан құсты асырмаймын.
Төресің қанға қанды құйып жүрген,
Айламен бар дүниені жиып жүрген.
Құдай сүйер бойыңда қылығың жоқ,
Қазаққа қайтіп басың сыйып жүрген.
Албан, Дулат, Шапырашты ел емес пе,
Шалқып жатқан ел деген көл емес пе.
Көл толқыса көбігін кетер басып,
Бетіндегі көбігі төре емес пе.
Төре сайтан болғанда, көп періште,
Бар сайтанды қаққан да пері емес пе?
Қарсыласын төкпе жырдың құдыретімен тұқырту, тауып айтып, бар міні мен кісілік болмысынан кемшілік тауып халық атынан, елдік тұрғыдан баға бере сөйлеу дәстүрін күллі жырау­лық поэзияның алтын арқауынан анық аңғарамыз. Махамбет жыраудың Жәңгір ханға қарата айтатын жырларында, Бұқар жыраудың Абылай ханға қарата айтатын толғауларында, басқа да шындықтың алдаспаны болған айыр көмей, адалдықтан бір елі шегінбей өткен әйгілі жырауларымыздың барлығының заманына қарата айтатын том-том жырларындағы ұлы сарындар да халық үшін, елдік мүдде үшін толғану мақсатынан туғанын байқаймыз. Өсиеті мен өнегесін айтпағанның өзінде, осынау толғаулардың, жыр жолдарының астарында ұлт­тық мүддені барлығынан жоғары қоятын ақындық, жыраулық даналық пен ұлы көрегендіктің сом-сом алтындай сілемдерін қаншама әдебиет­танушы ғалымдар, зерт­теушілер астын сыза көрсет­ті. Әсіресе 1968 жылы жарық көрген өзінің «Қобыз сарыны» ат­ты әйгілі зерт­теу-монографиясында кеше ғана дүниеден өткен заңғар жазушымыз, ғұлама ғалым Мұхтар Мағауин жыраулық құндылықтарды тарам-тарам етіп тарата талдады. Сеңді бұзып, ұлт­тық түйсігімізді түбінен қопарып, жаңа бағытқа бұрған, әсіресе ұлт­тық намысымызға найзағайдай от тастаған зерт­теу еңбегінен кейін жыраулар мұрасын қалың қазақ оқырманына кеңінен насихат­тауға жол ашқан «Ақберен», «Алдаспан» (1972), «Үш ғасыр жырлайды» (1965), «Бес ғасыр жырлайды» (1985) ат­ты жыр жинақтары жарық көрді. Мұның барлығы Мұхтар Әуезов бастап берген, содан соң соны іліп алып жалғастырған Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев, Есмағамбет Ысмайылов, Қажым Жұмалиев, Бейсенбай Кенжебаев, Ханғали Сүйіншәлиев, Мұхтар Мағауин, Рахманқұл Бердібаев, Құлмат Өмірәлиев, Сұлтанғали Садырбаев, Сейіт Қасқабасов сынды әдебиет­танушы ғалымдардың әр бағыт­тағы, әр жанрдағы зерт­теу еңбектері арқылы жаңа белестерге көтерілді.
Он бесінші ғасырға шегініп, әйгілі жырау Асан қайғыны еске алсақ, сол кезеңнің өзінде ауызбірлігі, ынтымағы жоқ елдің нендей халге ұшырайтынын, азып тозатынын, ел қамын ойламайтын билер мен төрелер қаптайтынын қауіп етіп, алдымен, ел қамын ойлауға шақырады.
Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қайтіп күн көрер…
Хан менен билер қысқанда,
Халық қайтіп күн көрер?
Онда халық түнерер,
Халыққа қысым күш берсең,
Халықтың кегі күшке енер, –
деп күңірене толғанады абыз.
Халықтың жағдайын толғаған дәл осындай сарын он тоғызыншы ғасырда өмір сүрген Сүйінбай жыраудың дастандық толғауларында да жалғасады.
Арғымаққа міндім деп,
Артқы топтан адаспа!
Күнінде өзім болдым деп,
Кең пейілмен таласпа.
Артпақ үшін айтысып,
Достарыңмен шатаспа.
Ғылымым жұрт­тан асты деп,
Кеңессіз сөз бастама,
Жеңемін деп біреуді
Өтірік сөзбен қостама, –
деген дидактикалық сарындағы толғауларды Асан абыздан кейінгі ғасырларда ғұмыр кешкен барлық жыраулардың өлең, жырларынан, дастандарынан көптеп кездестіреміз.
Жыраулардың барлығына табан астында суырып салып айта жөнелетін төкпелік, тапқырлық, көріпкелдік, данагөйлік, яғни импровизаторлық өнер тән. Мысалы, Сүйінбай, Жамбыл жыраулар да әрбір дастанын жырлағанда шабыт орайына қарай, тыңдармен ортасына байланысты дастандарының бірнеше нұсқасын айтатын болған. Осы орайда ақындық өнер тарихын, оның табиғатын, өзіндік болмысын терең зерт­теген біртуар ғалым, академик Есмағамбет
Ысмайыловтың төмендегі пікірінде жыраулық поэзияға кең, ауқымды баға берілген. Профессор: «Жыраулар да – ақын, көркем сөз шығарушы, өнерпаз, ауыз әдебиетінің өкілдері. Жыраудың ақыннан өзгешелігі шығармаларының сарыны мен тақырыбы бірыңғай болып келуінде. Адам басындағы қайғыны, зарды, ел ішіндегі ауыртпалықты толғау, әлеумет­тік, елдік мәселелерді көтеру, болашақты болжап, ақыл айту, батагөйлік ету, шешендік түйіндер жасап, терең ой қозғау – жыраулардың дәстүрлі ерекшеліктері», – деп атап көрсетеді. Сондықтан да бүкіл ел, ханнан бастап қарашаға дейін жырау­лардың айтқанына құлақ түріп, әрбір сөзіне тоқтайтын болған, мән берген.
Рухани байлықтың, ақындық өнердің ең биік шыңы жыраулық поэзиядан көрініс тапқан. Ел тағдыры, ұлт қамы, халықтың болашағы туралы айтылатын жыр-толғаулар да жыраулық поэзияның тұснда шарықтап, шырқау биікке көтерілген. Қазтуғанның, Ақтанбердінің, Шалкиіздің, Доспамбет­тің, Марғасқаның, Жиембет­тің, Бұқар жыраудың, Махамбет­тің, Мұрат Мөңкеұлының толғауларында, өлең-жырларында елдік, ұлт­тық тақырыптан басқа тақырыптарды таппайсыз. Ұлт­тық сарын, ұлт­тық рух, ұлт­тық мүдде, тәуел­сіздік үшін күрес тақырыбы – жыраулық поэзияның ең басты арқауы, алтын діңгегі, бел омыртқасы.
Сүйінбай жырларында, әсіресе толғаулары мен дастандарында да халықтың мүддесі алға шыққан. Сүйінбай ақындығының ең басты арнасы, алтын жүлгесі – ұлт тағдыры, ел тағдыры. Бұл да – ғасырлар бойы жалғасқан дастандық дәстүрдің көп қырлы поэтикалық, жанрлық табиғатынан туындайтын көркемдік ерекшелік. Осы көркемдік ерекшелік он тоғызыншы ғасырдың аяғына дейін көбесі сөгілмей, арқауы үзілмей келіп қазақ әдебиетіндегі жыраулық дәстүрдің соңғы толқынындай бір сілкінді де, жаңа заманның екпіні мен ықпалына сай жаңа арнаға бет бұрды. Сүйінбай дастандарын, оның дәстүрлі канондарын, сөз оралымдарын, поэтикалық қуатын, көркемдік бояуларын осынау соңғы толқын поэтикалық ізденістеріміздің ең бір жарқын көріністеріне жатқызуға болады.
Дүние – ескі сарай-ды,
Жолаушы жүрген азамат,
Көркіне оның қарайды.
Сонда-дағы тауарих,
Көшіп кеткен керуендей,
Ат­тандырған талайды.
Өміріңнің орағы,
Қуанба көріп жаңа айды, –
деп толғау жазған ойшыл ақын, өмірдің мәні мен адам тағдырының сан тарау жолдарын жүрегінен өткізе отырып, әлем ғұламаларымен қатар тұрып бүкіл адамзат­тық гуманизмнің биігіне көтерілген пассионарлық тұлға ретінде соңына құнды мұра қалдырды.
Сүйінбай жырау:
Халықты тілмен қорғадым,
Сөз шындыққа келгенде,
Бас кессе де болмадым.
Құтылып жарлы кеткенше,
Зорларды сөзбен торладым, –
деп халық мұңын жоқтаған, күллі толғаулары мен дастандарының басты идеясы мен сюжет­тік арқауын ел тағдырымен сабақтастырған, елден шыққан батырлар мен ержүрек ерлердің ерлік істерін ғана талмай жырлап өткен шынайы халықшыл ақын ретінде әдебиет тарихынан ойып тұрып орын алды.
Сөзімнің соңын бүкіл ғұмырын жырау­лар, ақындар поэзиясын жинау­ға, зерт­теуге, түгендеуге арнаған әйгілі әдебиет­танушы ғалым, ұлағат­ты ұстаз, профессор Ханғали Сүйіншәлиевтің түйінді пікірімен аяқтағым келеді. Профессор: «Сүйінбай шығармалары – образды, сұлу сурет­ті жырлар. Онда терең мазмұнға сай көркем бейне, сом тұлғалар дараланып, көркемдік шыңға көтеріледі… Сүйінбай – халық батырларын үлгі етіп, қаһармандық жырлар толғаған эпик ақын. Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Тотан, Ботпай, Бөлтірік, Жабай, Өтеген батыр туралы жырлар шығарған. Бірақ олар бізге түгел жетпеген. Оның «Тотан батыр» жырын халық ақыны Әбдіғали Сариев жырлап келген-ді. Жамбылдың айтуынан Сәкен Сейфуллин жазып алған ноғайлы батыры Жабай туралы жырдың үзіндісі де назар аударарлық.
Сүйінбай – хан-cұлтандар алдында қасқайып тұрып, батыл сөйлеген Махамбет жырау мен Шернияз жырау типтес талант иесі. Әсіресе, ол Шернияз ақынмен тағдырлас. Екеуі де ел батырларын жақтап, ел мұңын жоқтаған. Екеуі де өз елінің хан-сұлтанын түйреген жырларымен белгілі. Сүйінбайды жалайыр, албан, дулат елдерінің ақындары ұстаз тұтып, ардақтаған. Бақтыбай деген жалайырдың жас ақыны Сүйінбайдан бата алып, өнер жолына түскен. Қазақ­станның басқа өңірлерінің ақындары да Сүйінбайды өздеріне ұстаз тұтып, оның талантының алдында бас иген», – дейді (Х.Сүйіншәлиев. «Қазақ әдебиетінің тарихы», – Алматы, «Санат», 2006. 566– 573 бб.). Өте құнды пікір деп есептеймін.
Өзінен кейін тұтас ақындық, жырау­лық мектеп қалдырған сан қырлы саңлақ тұлғаның туғанына биыл екі жүз он жыл толып отыр. Заңғар жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің Сүйінбай ақынды «Жетісу ақындық өнерінің алтын діңгегі» деп айрықша атап өткенін де қайталап айтқым келеді. Ендеше, ақын мұрасын тағы да бір рет ғасыр биігінен бағалайық, зерт­тейік, зерделейік, жүрек көзінен өткізейік.

Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың профессоры, филология
ғылымының докторы,

Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір