ДІН ЖӘНЕ ДҮНИЕТАНЫМ
09.04.2024
125
3

«…Құнекең Барақпенен жасы құрбы,
Қатты тату, қалжыңдап ойнап жүрді.
Насыбайын атамын деп төре Барақ
Шақшасын тықылдатып үстелге ұрды.
Мұнысын Құнекемнің көзі шалды:
– Ей, төре, неге атасың? – деп-ақ салды,
– Әрі арам, әрі ысырап, бір былғаныш,
Бұл құрғырда қалайша сертің қалды?

Мінекей сондағы айтқан Барақ сөзі,
Ойнайтын оңаша емес, көптің көзі:
– Мұны көрсең, қойдым, –
деп отқа салды,
– Көрмейсің өз келінін алса да өзі», – деп Шәкәрім бабамыз сипаттап берген сол кездегі ел ағасы Құнанбайдың алдында тұрған мәселеге он жылдан соң екі ғасыр толады екен. Қазақ ұлтының этно­генезі­нің астарында жатқан билер соты Ресей патшалығының әкімшілік рефор­маларының кесірінен күшін жоғалтып, билер институтының көпғасырлық адам және прецеденттер құқығының тұтастығы ыдырап, отарландыру саясаты ұлы дала халқының тұрмыс-тіршілігіне жаппай араласа бастады.
Араға қанша уақыт салып әз-Наурыз қарсаңында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мінбедегі сөздерінде насыбай мен имандылық мәселесі қайта қатар көтеріліп жатыр. Тарих қалжыңдай алмайды деп кім айтты?! Тағы да құбыл­малы заман, тағы да реформалар үстіндегі еліміз өзін-өзі іздеп-тануға ұмтылуда. Бұл ғанибет ұмтылысты теріс пиғылдармен қолданып жатқан күштер аз емес.

Құқықтық жүйелер

Қазақстанның құқықтық жүйесі романо-германдық құқықтық жүйеге негізделген. Батыс ағартушылары қалып­тастырған идеялар біздің заңнама­мыз­да еш өзгеріссіз енгізілген. Олар да кезіндегі христиан доктринасынан шыққан. Мысалы, бұрын-соңды болмаған адамдардың өзара теңдігі идеясы Құдайдың алдындағы теңдігіне сүйен­ген. Секюляризация арқасында бұл идеялар кейіннен адамның табиғи, туа біткен құқықтары ретінде мойындалып, дінмен байланысынан арылған. Адамдарды құқықтармен қамтамасыз еткен осындай құқықтық жүйемізге уақыт өте келе белгілі бір топтардың практикалық маңыздылығы жоқ үндеулері әсер етіп жатқан жоқ па? Сараптап көрейік.
Мысалы, қасиетті Рамазан айында садақа жасау керек. Бірақ Қазақстанда жұмыс жасайтын әрбір тұлға өз табысынан әлеуметтік салық төлейді, оның үстіне жұмыс беруші әрбір қызметкер үшін қазынаға әлеуметтік салық жіберіп отырады. Бұл салықтың түрі тек халықты әлеуметтік қамсыздандыру мақсатында қызмет етеді. Сондықтан діни инфлюенсерлер садақа беруді емес, іскерлік саласында бизнесті таза жүргізіп, заңды тұлғаларды бөлшектемей, салықты тұрақты төлеп тұруға шақырса, әлеуметке көмек еселеп артушы еді.
Әйелдердің арасында тұрмыс құрғанда «махр» сұрау бір сәндік трендке айналуда. Ислам құқығы орнаған мемлекеттерде, әрине құны елеулі мүлік сұраудың маңызы бар. Себебі ажырасу жағдайын­да әйелдің жеке мүлкі мен сыйлықтарға қатысты құқығы қорғалған. Ал біздің заңымыз некедегі барлық мүліктің жартысын әйелге тиесілі етеді.
Ислам діні өз кезегінде тек экзистенция сұрағына жауап беретін сенім емес, ол – ойлаудың жолы, жүріп-тұруды, мінез-құлықты толық реттейтін нормалардың жиынтығы. Егер азамат ұстанатын наным-сенім заңға қайшы болса, онда ондай пікірге қарсы қоғамдық белсенділік қажет.
Жаһандану заманында қауіпсіздікті біркелкілікпен сақтау мүмкін емес, себебі адам құқықтарын сыйлау шеңберінде біркелкілілік болмайды. Әр түрлі идеялар мен діндердің арасында консенсус болуы керек. Консенсус болуы үшін диалог қажет. Егер де шынымен кейбір діни топтардың идеологиясы Конституциялық құрылымға қайшы болса, қауіп төндірсе, күресуге негіз бар, ал болмаса, «дәстүрлі» дінді қорғау ұранымен бәрін шектеп тастауға болмайды. Ол одан әрі радикализацияға алып келеді. Бұл ретте ағартушылық жұмыспен айналасу керек.

Діни радикализацияның детерминанттары

Діни радикализм – күрделі құбылыс. Оның себептері көп және әртүрлі болуы мүмкін. Олар жиі әлеуметтік, экономикалық, саяси, психологиялық және идеологиялық факторларды қамтиды. Кейбір негізгі себептерді қарастырайық:
Әлеуметтік және экономикалық теңсіздік: кедейлік, жұмыссыздық және әлеуметтік мобильділіктің жоқтығы ел ішінде үмітсіздік үрейін асқындыруы мүмкін, бұл радикал идеологияларды тартымды етеді.
– 2022 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша, Қазақстанда ең бай және ең кедей тұрғындардың табысы арасындағы айырмашылық 5,56 пайызға еселенді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, ең аз қамтамасыз етілген халықтың 10%-ының ай сайынғы табысы 36 мың теңгеден асады, ал ең бай халықтың 10%-ының ай сайынғы табысы – 201,5 мың теңге, – дейді Экономикалық зерттеулер институтының (ERI) сарапшылары. Ал елдегі ең бай 10% адам шаруашылық активтерінің шамамен 60%-ына ие, бұл – Қазақстанды Африка елдерімен бір қатарға қойған мүліктік теңсіздік деңгейі. «Халық Финанс» сарапшылары жариялаған «Қазақстан халқының экономикалық теңсіздігі» зерттеуінде осындай қорытындылар жасалған.
Астананың тұрғыны екенімді білген ауыл азаматы: «Сендер, астаналықтар, өзі не істеп жүрсіңдер?!» – деген сұрағымен таңғалдырған-ды, яғни әлеуметтік баспалдақтар қажетті деңгейде жұмыс жасамағандықтан, жастардың арасында құқықтық нигилизм кең таралуда. Еліміздің экономикасы негізінен жер қойнауынан шыққан шикізат экспортына тәуелді екенін ескерсек, жер қойнауына ортақ және тең құқықтары бар халықтың арасындағы елеулі теңсіздік, әрине әділетсіздік сезімін үдетпейді ме?!
Көптеген зерттеулер дискриминация мен әлеу­меттік шеттету әділетсіздікті күшейтіп, әсіресе адамдар бейбіт және заңды құралдар арқылы өзгерістерге жету мүмкіндігінен айырылған кезде, радикализацияға катализатор бола алатынын көрсетеді. Бұл әсіресе дискриминацияны жүйелі және тамырласқан құбылыс ретінде қабылдайтын контекстерде байқалады.

Теологиялық айтыстар институты

Қазақстандық Instagram секторында 10,45 миллион пайдаланушыға, ал TikTok шамамен 10,41 миллион пайдаланушыға контент дайындайды. TikTok алгоритмдері, мысалы, қолданушының қызығушылығы мен қосымшамен өзара әрекеттесуіне негізделген контентті таңдайды. Бастапқыда сізге 10 кездейсоқ бейнежазба көрсетілуі мүмкін, бірақ келесі ұсыныстар сіздің алдыңғы контентке жауабыңызға байланысты болады. Демек, әлеуметтік желіде діни тақырыпқа сәл қызығушылық танытқан адамды алгоритмдер тек діни контенттен тұратын сегменттерге жібереді. Ол сегментке толыққанды мемлекеттік бақылау жасауға әлі техникалық мүмкіндіктер жоқ. Сондықтан бұл функцияны ішінара азаматтық қоғам атқаруы керек. Бірақ белгілі бір діни көзқарас ұстанатын әлеуметтік топ немесе жеке тұлғаларды сынау қоғамда сол дінді сынаумен теңестіріліп, авторды жаппай хейтке батырып жіберу тәжірибесі кең таралғанын ескерсек, бұл жауапкершілікті өз басына кім ала қойсын?!
Ал еліміздегі діни қатынастарды «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң реттейді және оған сәйкес адамдарды дінге үндеу мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында діни ілімді таратуға бағытталған қызметті жүзеге асыру үшін діни миссионер ретінде тіркелу немесе тіркелген діни бірлестіктің атынан әрекет ету керек. Тіркелмеген бірлестіктерге кез келген іс-шараны өткізу процесінде үй-жайларды жалға алуға, кез келген діни әдебиеттер мен материалдарды әкелуге тыйым салынған. Аталған тіркеуден өту үшін басты көрсеткіштердің бірі – аксиологиялық бейтараптық болып табылатын ресми дінтану сараптамасы.
Дін контекстінде аксиологиялық бейтараптық діни сенімдерге немесе тәжірибелерге объективті немесе бейтарап қалуға ұмтылыс, ешқандай нақты дінге немесе діни позицияға артықшылық бермеуде жатыр. Бұл әртүрлі діни дәстүрлерге және сенімдерге құрметпен қарау­ды талап ететін көпмәдениетті және көпдінді қоғамдарда өте маңызды. Брум­ның философиядағы ең беделді пікірлерінің бірі – аксиологиялық бейтарап адамдарды былай сипаттайды: «Олар әлемді жақсы мен жаманға бөлмейді, ceteris paribus». Діни ілімдердің жақсылық пен зұлымдық мәселесіне қатысты бейтараптығы сирек болатынын ескерсек, аксиологиялық бейтараптық терминінің өзінде оны заңда қолданудың жалпы қабылданған схемасы жоқ.
Ислам дінін мысалға алатын болсақ, 16-сүренің 125 аятына сәйкес әрбір мұсылман дағуат мұсылман болса да болмаса да, қасиетті Құран Кәрімде жазылғандай соңғы пайғамбар Мұхаммад (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) үйрету жолы бойынша Аллаға құлшылық етуге шақыруы тиіс. Діни сенімін тарату – діни сенімінің, яғни ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асырудың бір шарты саналса, ондай әрекетке бару үшін миссионер ретінде тіркелуді талап ететін заң елімізде дін бостандығын шектемей ме?! Өз дінінің растығын таратуға міндетті адам аксиологиялық бейтарап бола алатынына күмәнім бар.
Қазақстан ратификациялаған Азаматтық және саяси құқықтар туралы фактіге сәйкес азаматтық құқықтарды, мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығын немесе иманын немесе басқалардың құқығы мен бостандығын қорғау үшін қажет болған жағдайда ғана шектеуге болады.
Дін жайлы пікір айтуға табу қойылып жатса, кез келген діни сенімнің қоғамдағы имандылық пен келісімге нұқсан келтіретінін қалайша анықтап білуге болады?!
Плюрализмді дамытуға ықпал ететін әртүрлі діни дәстүрлердің өкілдері өз идеяларын кең аудитория алдында көрсетіп, талқылай алатын қоғамдық теологиялық пікірталастардың платформасы қажет. Мұндай пікірталастар қоғамдық келісімді ілгерілетуге де ықпал ете алады, олар адамдардың діни айырмашылықтарына қарамастан жақындастыра алатын ортақ құндылықтар мен принциптерді анықтауға көмектеседі.
Дегенмен, мұндай пікірталастар спикерлердің өз көзқарасын басқаларға мәжбүрлеп жүктемей, құрмет пен ашықтық рухында өткізілуі маңызды. Мұндай тәсіл көп дінді қоғамда үйлесімдікке және өзара түсіністікке ықпал етеді, оның мүшелері арасындағы әлеуметтік байланыстарды нығайтады.
Дін тақырыбындағы сыйласымды пікірталастар тақырыптық табуды алып тастап, бар мәселені жан-жақты қарастырып, ғылыми-докториналық негізде анықтауға мүмкіндік береді. Дін жайлы сөйлеуден қорқу – ауруды жасырғанмен тең емес пе?!

Сырым ӘБІЛ

ПІКІРЛЕР3
Аноним 10.04.2024 | 17:26

О

Аноним 10.04.2024 | 17:26

А с

Аноним 10.04.2024 | 17:35

+және басқа да міндетті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір