БАРЛЫБЕК және АТА ЗАҢ
Жер бетінде өмір сүрген мемлекеттердің барлығының дерлік өз заңдары болғанына тарих куә. Мәселен, ежелгі Бабылдағы (Вавилон) «Хаммурапи», Үндістандағы «Ману», Шыңғыс ханның «Яссасы» және Ұлы Даладағы Қасым ханның «Қасқа жолын», Есім ханның «Ескі жолын», әз Тәукенің «Жеті жарғысын» білмейтін адам жоқ шығар. Бұл заңдардың бәрі мемлекеттегі адамдардың құқықтары мен міндеттерін белгілеп берген. Бірте-бірте мемлекеттердің саяси құрылымы жетілдіріліп, қоғамның барлық қырларын қамтитын конституция, яғни Ата Заңдар қабылданды.
Алғашқы Қазақстан конституциясы Совет Одағы құрылғаннан кейін 1926 жылы 18 ақпанда Қазақ Автономиялы Советтік Социалистік Республикасы Орталық Атқару комитетінің қаулысымен қабылданды. Бұл заң РСФСР құрамындағы толық құқықты Республика ретінде, Қазақстанның басқару нысанын, мемлекеттік құрлысын, билік, атқарушы-өкім органдарын, олардың құрылымын бекітті. Азаматтарға сайлау құқығы берілді. Алайда 1920–1930-жылдардағы саяси қуғын-сүргін ауқатты, бай, діндар, зиялы қауым өкілдерін және т.б. сайлау құқығынан айырды. Мәселенің ақ-қарасы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша құрылған Мемлекеттік комиссияның жұмысы барысында анықталды.
Бұдан кейін 1937 жылдың 26 наурызында Советтердің Бүкілқазақстандық Төтенше Х съезінде Қазақ ССР Конституциясы, 1978 жылы 20 сәуірде қабылданған Қазақ ССР-ның «кемелденген социализм» кезіндегі заңы қабылданды.
Қазақстан өзінің тәуелсіздігіне қол жеткізген тұста, 1993 жылғы 28 қаңтарда тұңғыш рет егемен мемлекеттің Конституциясы дүниеге келді. Ата Заң Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі билікті бөлісу қағидасы, қазақ тілін – мемлекеттік, Президентті – мемлекет басшысы деп тану тәрізді құқықтық нормаларды белгілеп берді. Осы заң негізіне парламенттік республика моделі алынды.
Көп ұзамай 1995 жылы 30 тамызда бас құжаттың кейбір тарауларына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жаңа Конституция өмірге келді. Совет Өкіметі кезінде конституция өкілетті органдармен қабылданса, қазіргі Ата Заңымыз бүкілхалықтық референдум арқылы күшіне енді. Осылайша, 30 тамыз Конституция күні болып белгіленді.
ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткері, жетісулық біртуар азамат – Барлыбек Сыртанов жазған «Қазақ елінің Уставына» (Жарғысы) ұқсас Ата Заң «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз» деген сөздермен басталды. Ал «Қазақ елінің Уставы», яғни, шын мәнінде, қазақ мемлекетінің Конституциясының алғы сөзінде, «Қазақ елі – көне ұлттардың бірі. Оның тарихының тамыры тереңге жайылған. Жеке ел болып өмір сүрді, елін, жерін қорғады. Ұрпақ жалғастырудан 7 миллионға жетті. Санымен, Ресейде үшінші орында. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдарда қалмақтардың күшті һәм көп әскеріне ауызбірлік жоқтығынан қарсы тұра алмады. Бірақ Үш жүздің ақылды ұлдары бір байрақтың астына жиналуға уәде беріп, бас қосып, қалмақтарды күл-талқан жасады…» делінді.
30 тамыз – тәуелсіз елдің конститутциялық дамуының жаңа кезеңіне қадам басқан күн болса, алты Алаштың мақтанышы, ірі қоғам қайраткері, білімдар, көрнекті құқықтанушы Барлыбек Сыртанов дайындаған Жарғы – ұлттық рухтың биігінде тұрар тарихи жазба. Конституцияны қабылдай отырып, қазақ халқы өзінің егемендік құқығын әлемге паш етсе, терең білімді, байтақ ой-өрісті, даналық пен парасаттылықты, игілікті бойына сіңірген Алаш арысы, өз заманынан озық болған тұлға Қазақ елін тәуелсіз, құқықтық, Ұлт мәжілісі, Президент басқаратын мемлекет ретінде көргісі келді. Барлыбектің асқақ арманы жүзеге асты. Елдің дамуына жол ашып, тәуелсіз мемлекеттің нығаюына мұрындық, барлық ұлт өкілдерінің саяси келісімінің орнығуына негізі болған, бейбітшілік пен ынтымаққа, еркіндік пен теңдікке апаратын Ата Заң тоғыз бөлімнен, 99 баптан тұрса, «Қазақ елінің Уставы» төрт бөлімнен тұрды. Тәуелсіз елдің Конститутциясы «Жалпы ережелер», «Адам және азамат», «Президент», «Парламент», «Үкімет», «Конституциялық сот, Соттар және сот төрелігі», «Прокуратура», «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл», «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару», «Қорытынды және өтпелі ережелер» атты тараулардан тұрса, Б. Сыртановтың «Қазақ елінің Уставы» төрт бөлімді қамтыды. Олар: «Қазақ елі Республикасының жеке болуы турасында», «Адам баласының құқы турасында», «Қазақ жері турасында», «Сот турасында». «Қазақ елі республикасының жеке болуы турасында» атты бөлімнің тарихи маңызы өте зор, өйткені онда айтылған ойлар қазіргі тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінен толық орын алған. Өз кезегінде Барлыбек армандаған Егемен Республика бүгіндері жаһанға танылып, салтанат құрып келеді. Сол ұлт зиялысы тайға таңба басқадай жазып, өміршең болуын тілеген жарғының қазақтың жеке ел ретінде дамуы жөнінде «…Қазақ елінде ең басшы орыны – Ұлт мәжілісі. Оған дауыспен өткендер Қазақ елінің басшы – Президентті төрт жылға сайлайды» делінген. «Бір Президенттің екі реттен асып, ел билеуге құқы жоқ. Президент Қазақ елін министрлер арқылы басқарады. Министрлерді Президент өзі таңдайды, бірақ Ұлт мәжілісі дауыспен шешеді» деген нормалар Барлыбектің Ресей астанасының кітапханаларында сарыла отырып, көз майын тауысып, зерттеулерді ақтарып, әлем мемлекеттерінің құқықтық тәжірибесін ой-зердесінен өткізгенін дәйектейді. Б. Сыртановтың Ұлт мәжілісі тәуелсіз Қазақстанда заң шығарушы орган – қос палаталы парламент түрінде дүниеге келді.
1995 жылы қабылданған Заңда дәл осы Барлыбек жазған бап көрініс тапқан болатын. Жаңа Қазақстанға қадам басу кезеңінде, дәлірек айтсақ, 2022 жылғы 5 маусымда өткен жалпыұлттық референдум нәтижесінде, Конституцияның 33 бабына енгізілген 56 өзгерістің ішінде, «Қазақстан Республикасының Президентін конституциялық заңға сәйкес жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде, Республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы жеті жыл мерзімге сайлайды» және «Бір адам бір реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды» деген бап бекітілді.
«Министрлер өздері басқарған жұмыстарымен Президенттің һәм Ұлт мәжілісінің алдында есеп беріп тұрады» деген Жарғының тармақшасы мен Конституцияның «Қазақстан Республикасының атқарушы билігін жүзеге асырады, атқарушы органдардың жүйесін басқарады және олардың қызметіне басшылық жасайды. Үкімет алқалы орган болып табылады және өзінің қызметінде Республика Президентінің және Парламенттің алдында жауапты» деген бабы бір-бірімен үндес. Мұның өзі екі құжаттың да әлемдік тәжірибенің озық үлгілеріне сүйенгенін дәлелдейді.
«Қазақ елінде билік жүргізу закон шығаратын, орындайтын һәм сот болып тұрады. Үш билік бір-біріне бағынбайды, бассыздыққа жол бермеудің белгісі болып тұрады» – деп жазылған Жарғының тармақшаларынан Барлыбектің құқықтық мемлекеттің белгілерін нақты көрсетіп бергенін айқындайды. Қазіргі кезде тәуелсіз Қазақстанда Барлыбек көрсеткен құқықтық мемлекеттің белгілері орын алған. Саяси билік үш тармаққа бөлініп, атқарушы, заң шығарушы, сот билігі түрінде өзінің функцияларын іске асыруда. Осылардың арасында сот билігі Ата Заңда ерекше атап көрсетілді. Қазақстанда 11 судьядан тұратын, өкілеттігі сегіз жылға созылатын Конституциялық Сот қызмет етеді. Оның Төрағасын Парламент Сенатының келісімімен және төрт судьясын Республика Президенті, үш-үш судьясын Сенат пен Мәжіліс тағайындайды.
Жетісу облыстық басқарманың іс жүргізу бөлімінің меңгерушісі болып еңбек еткен Барлыбек қызметінде жергілікті халық өкілдерін отарлық биліктің жасаған әділетсіздігінен заң бойынша қарап, олардың құқықтарын қорғап отырған. Барлыбектің адам құқықтарын қорғаудағы қызметіне кезінде, Алаш арысы Мұхамеджан Тынышбаев шынайы баға берген еді: «Теңдікке қолы жетпегендер Барлыбек, Тұрлыбекке (Барлыбектің туған бауыры) жылап келіп, теңдік алып, мауқын басушы еді, һеш кімді я жылатып, я бүтін бір облыс орыс-қазақ-қырғыз Барлыбек, Тұрлыбектің сөзінен еш уақытта шыққан емес».
Конституция баптарының, шын мәнінде, өміршең болуы, мемлекеттегі құқықтық саясатқа байланысты. Бұл саясаттың іске асырылуы мемлекетке, қоғамға және азаматтарға тікелей қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында: «Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет», – деп қадап айтты. Осыдан кейін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» және Қазақстан Республикасының құқықтық саясат» тұжырымдамалары ұсынылып, қабылданды.
Қоғамның құқықтық саласында мұндай құжаттарды қабылдаудың өзектілігі елдің қолданыстағы құқығын жетілдірудің тәжірбиелік қажеттіліктерінен туындады. Қазіргі уақытта ол іске асырылып келеді. Құқықтық саясатты іске асыру мемлекеттік, қоғамдық институттардың ғана емес, тұрғындарға тікелей қатысты.
Мемлекетте заң үстемдігін қалыптастыру, құқықтық саясатты іске асыру халықтың құқықтық мәдениетін дамытумен қатар жүретіні белгілі. Құқықтық мәдениетті, құқықтық сананы жетілдіру – құқықтық мемлекет құруға ықпал ететін, азаматтық қоғамды қалыптастырудың маңызды өлшемдері. Құқықтық мәдениет дамыған елдерде азаматтар өздерін еркін сезінеді және алаңсыз еңбек етеді, өйткені олар заңды құрметтейді, заң бұзушылыққа жол бермейді, өздері оны бұзбайды, яғни талаптар, ұстанымдар, ережелер бұзылмайды деген сөз. Мұндай мемелекеттер кемелденіп, тұрғындарының әл-ауқаты жақсарған.
Солармен салыстырғанда, құқықтық мәдениет елімізде енді ғана дамып келеді. Ұзақ жылдар бойы тоталитаризмнің бұғауында ғұмыр кешкен халық санасының қысқа уақыт ішінде жетіліп кетуі мүмкін емес. Тарихи сананы жаңғыртумен қатар, құқықтық мәдениет пен заң шеңберінде ойлауды жетілдіріп келеміз. Осы орайда қоғам мен жеке адамның әлеуметтік-құқықтық өмірінің сапасы мен деңгейі біршама артқан деуге болады. Тұрғындар өз құқықтарын қорғауға, заңды құрметтеуге үйреніп келеді. Мәселен, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеуге бағытталған қадамдарды айтсақ та, жеткілікті. Мұның өзі құқықтық тәрбиенің арқасында іске асырылуда. Жаңа Қазақстанды дамытуда құқықтық сана мен мәдениетті қалыптастыруда құқықтық тәрбие маңызды рөл атқарады. Оны үнемі жүргізіп отыру қажеттілігі республиканың саяси жүйесі дамыған сайын байқалуда. Өзгерген, заманауи әлемде Қазақстанның қарқынды дамуының шарты, Барлыбек армандаған құқықтық мемлекет қалыптастыру екені күн өткен сайын сезілуде. Себебі мұндай мемлекет құру, құқық пен бостандықтың сақталуының кепілі ғана емес, сонымен қатар мемлекет басышысының сөзімен айтқанда, елдің инвестициялық тартымдылығының басты өлшемі болып табылады. Алайда бұл үдерісті құқықтық мәдениет және құқықтық сананы қалыптастырып, жетілдірусіз мүмкін емес. Жай ғана «парақорлыққа, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ» деген ұрандардан ештеңе өнбейтіні анық. Ең бастысы, құқықтық сауаттылықты жетілдіру қажет. Ата Заңның, елдегі құқықтық реформалардың мазмұнымен танысу – әрбір қазақстандықтың міндеті.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында және өзінің реформаларында заң мен тәртіпті қамтамасыз етудің негізі ретінде биліктің сот тармағын жетілдіру үшін түбегейлі жаңа әдістер мен жүйені енгізу керегін қадап айтты. Мұнымен қоса, үстіміздегі жылдың 28 наурызында ҚР Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»; «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарға қол қойды. Сот жүйесін реформалаудың жаңа тәсілдері судьялардың тәуелсіздігін одан әрі нығайту, қоғамның соттарға деген сенімін арттыру, сот төрелігін іске асыруға жаңа кәсіби кадрларды тартуды ынталандыру, сот процесінің ыңғайлығы мен тиімділігін көтеруді қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Сот жүйесіндегі реформаларда, ең алдымен, салаға жаңа мамандарын тарту, IT қызметтерін қолдану қолға алынды. Оның алғашқы нәтижелері парақорлықпен күресте көрінді. Электронды сервистерді енгізу сот ісін жүргізуді едәуір жеделдетіп, сот жүйесінің ашықтығын арттырып келеді.
Айтылғандардың барлығы іске асырылып жатса, Ата Заңымызды мақтан етіп қана қоймай, оны құрметтеу, құқықтық сана мен мәдениетіміз бар деп айта алатын боламыз.
Оразгүл МҰХАТОВА,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор, Ш. Уәлиханов атындағы
тарих және этнология институтының
бас ғылыми қызметкері
«Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары»
ҚР Конституциясы, 1-бөлім, 1-бап.
«Аспанымыз жайнасын», – деп соғыссыз,
Бейбітшілік көгершінін ұшырдық.
Іргедегі қантөгісті көріп біз,
О, бейбіт күн, қадіріңді түсіндік!
Шаттығына бөленетін әр күні,
Тыныштықта сұм соғысты аңсар кім?
Үрей сепкен мылтықтардың тарсылы,
Ұмытпаймыз жан-жарасын Қаңтардың!
Ақын біткен жазбасыншы шерлі өлең,
Жырлайықшы еңбектегі ерлікті.
Мықты емес-ау, бұл соғыста жеңген ел,
Сұм соғысқа жол бермеген ел мықты!
Мына қоғам озбырларға толса да,
Құтылармыз жемқор деген кеселден.
Бұл билікке айтар Датым болса да,
Бейбіт күнге шүкіршілік етем мен!
«Біз күштіміз, қарсы шығар тежеп кім? –»
Деп құтырар соғысқұмар кей «мықтың».
Мамыражай тыныштыққа не жетсін,
Жаса, жаса, жасай бергін бейбіт күн!
Шаяхмет АЛЖАМБАЙ,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі