Өткен күндерден өшпес сәт­тер
16.02.2025
648
0

Жақында Қазақстанның халық жазушысы, ақын Темірхан Медетбек­тің «Қайран өмір» ат­ты өмірбаяндық кітабы жарық көрді. Ол кітап автордың басынан өткен жеке өмірімен бірге ел, жер, қоғам туралы толғаныстарын да қамтиды. Біз бүгін сол кітаптан үзінді жариялап отырмыз.
Сексенінші жылдардың өзінде халықтың әдебиетке деген ыстық ықыласы әлі де өзінің деңге­йінен түсе қоймаған кезең еді. Сахналарда да, салтанат­ты жиындарда да әдебиет алдымен жүретін. Жоғарыда отырғандардың да әдебиетке деген құрмет-сыйы аста-төк болды. Депутат­тар арасында да, үкімет мүшелері ішінде де, биік-биік мінбелер мен төралқалы жиындарда олардың өз орындары болды. Несін айтасың, өрісі де кең, өресі де биік еді. Бір жағынан, бұл – партияның оларға құрған қақпаны болса, екінші жағынан, әдебиет­тің жан-жақты дамуына да үлкен жағдай жасады. Бұл сөзімізді шамалы таратып айтсақ, ол кез­де де, партияның көңілін тауып, одан сый-құрмет дәметкендер аз болмайтын. Орденқұмарлық, сыйлыққұмарлық өршіп кеткенін жасыра алмаймыз. Содан бірқатар жазушылар мен ақындар партияның әр құрылтайы мен пленумын мақтап, олар туралы ода жазу, дастан жазу аз емес еді. Бірақ жұрт­тың бәрі орден мен сыйлыққа құлай жығылып, партияны есі кеткенше мақтап, есалаң болғанша мадақтап кетіп еді десек, онымыз өтірік болар еді. Құдайға шүкір, партияны дүңкілдетіп мақтап жатқандардың тасасында дүниеге басқаша қарайтын, оны басқаша бағалайтын адамдар да жеткілікті болды. Міне, солар, әдебиетке берілген еркіндікті өте бір саналы, салауат­ты, айлалы әрекет­терімен тосқауыл қойылып келген тақырыптар мен идеяларды дүниеге келтіре бастады. Тағы да олар жүз мыңдаған тиражбен шығатын болды. Көз ашылды, көкірек оянды…

Әрине, әдебиет­ті насихат­тау кең етек алды. Соның бірі – Украинада өткен қазақ мәдениеті, әдебиеті мен өнерінің онкүндігі болды. Оған мен де қатыстым.
Алматыдан Киевке әншілеріміз бар, ақын-жазушылар бар, басқа да мәдениет салаларында істейтін адамдар бар, не керек бәріміз бір самолет болып Киевке ұштық. Лезде-ақ жетіп бардық. Алып лайнер жерге қонғаннан украиндардың ыстық құшағына күмп бердік те кет­тік. Ақын-жазушыларды Украина Жазушылар одағына алып барды. Қазақ­стан делегациясын сол кез­дегі Қазақ­стан Министрлер кеңесінің төрағасы Н. Назарбаев басқарып барған. Ол жалпы жиында сөз сөйлеп, ертеңінде қайтып кет­ті. Бүкіл тізгін хатшы Өзбекәлі Жәнібековтің қолына көшті…
Ал бізді Украиндардың Жазушылар одағына Қалаубек Тұрсынқұлов ағамыз алып барды. Ол кісі шаруашылық мәселелерін жақсы ұйымдастырғанмен, жиналыс жүргізу, онда сөйлеу мәселелеріне келгенде, несін жасырамыз шорқақ еді. Сондықтан да жиналысты жүргізу, таныстыру сияқты мәселелердің тізгінін Әбіштің қолына ұстат­ты. Әбіш ол кез­де әбден толысқан, молыққан кезі. Ол әп-сәт­те-ақ кең маңдайы жарқырап, бұйра шашы бұрқырап көсіле шауып, келістіріп сөйлеп, украиндарды жаулап алды.
Сонымен, несін айтасың, онкүндік басталды да кет­ті. Әне жерде қазақтар ән айтып, би билеп жатыр, мына жерде әдеби жиын не конфереция өтуде, ал басқа жерде кино көрсетілуде. «Славутич» қонақүйінде ығы-жығы қазақтар.
Мен көбіне Әбіш ағамен бірге жүрдім. Ол кісі де сыбай-салтаң. Қызметі жоқ. Сондықтан ол біз сияқты қатардағы жазушы ғана. Ол кісі ешкімге қосылмай оқшаулау жүргеннен ке­йін, мен Әбекеңді жалғызсыратпайын деп, үйіріліп қасынан шықпаймын. Тек бір рет Қалаубек ағам ұстап алып: «Алматыдан келген жас жігіт­тердің біреуі де көрінбейді, шамасы Мәскеуде бірге оқыған жігіт­термен кеткен-ау, сондықтан сен Қасым Қайсенов ағамыздың, түске де­йін екі кез­десуі бар, сол кісінің жанында боласың», – деді. Қалекең айт­ты – заң. Өйткені бұл мәртебелі делегация ішіне мені қосқан сол кісі. Қасым ағамен бұрын-соңды сөйлесіп көрген емеспін. Тек осында ғана бір рет сәлем бергем. Ең бастысы, ол кісі мені мүлде білмейді. Қайтесің, оны түсіндіріп жататын уақыт жоқ. Қалекең анау шаруаға бір, мына шаруаға бір қарап қапылыста жүр. Сонымен таңғы асты ішкен бойда, Қасекеңнің қасына еріп, кітапханаға тарт­тық. Қасекең маған бір қарап алды да, қай жақтан келгенімді сұрап, «адай екенсің ғой» деп, не жазатынымды сұрады. «Өлең», – дедім мен. Қасекең осы заманда не көп, өлең жазғыштар көп деп бір қойды. Байқаймын, мені қомсынып отыр. Танымайды. Білмейді. Әрине, мен ол кісіге бөтенмін. Бірақ қолдан келген қызметімді көрсетіп бақтым.
Кітапханаға бардық. Оқу залы кең екен. Адамдар ығы-жығы болмаса да, біршама бар.
Жүргізуші мақтауын әбден келістіріп ол кісіге сөз берді. Қасекең өзінің орыс тілінің аузы-мұрнын бұзып сөйлейтін доғалдау тілімен партизандық өмірінен біраз әңгіме айтып болғаннан ке­йін сұрақ-жауап басталды. Талай-талай кез­десулерді басынан өткізген, тағы да таныс сұрақтар болғаннан ке­йін Қасекең қамшы салдырар емес. Төтесінен бірақ тартады. Бір кез­де бір оқырман Қасекеңе «Қанша украин полице­йін өлтірдіңіз?» деген сұрақ қойсын. Қасекең сол баяғы тіке тартатын әдетімен: «Біз оларды неміс фашистерінен де жаман қылып өлтірдік», – десін. Қарасам, зал іші гуілдеп барады. Қасекең де, құлағы ауыр болса да, байқаса керек, әжептәуір абыржып қалды. Тағы да біреу «Хуторларды тонадыңыздар ма?» деп сұрақ қойды. Қасекеңнің жауабы пышырап, қожырап шықты. Соны байқаған жүргізуші кез­десуді шұғыл аяқтап тастады. Қасекең оңашалау бөлмедегі шағын дастарқан басына жеткен бойда, қырлы стаканға коньяк толтыртып алып бірақ сіміріп, аузын бір сипап, «уһ», – деп дем алды да, «Люди испортились», – деп әлдекімді келістіріп тұрып боқтап жіберді.
Шамалы дем басып отырғаннан ке­йін, бізді бірге алып жүрген әйелге «келесі кез­десуге бармаймын», – деді. «Жоқ, ол жақта ондай болмайды, мына жерге бандерліктердің ұрпақтары кіріп кеткен ғой», – деп жатыр әлгі әйел кінәлі адамдай кішірейіп. «Жоқ, бармаймын!» – деп Қасекең кесіп тастады. «Одан да мына ішімдікті қалай таптыңыз? Ішімдік табу деген алтын тапқаннан да жаман болды ғой», – деп Қасекең әңгіме арнасын басқа жаққа бұрып жіберді. «Сізге табылады ғой», – деді әйел.
Шынында да, сол бір кез­де арақ-шарап тапшылығы әбден дендеп тұрған.
Алкоголь еш жерде сатылмайды. Ішімдікке қарсы күрестің әбден күшейіп тұрған кезі.
Кеңес өкіметі не нәрсені де науқанға айналдырып, солақайлыққа көп барған ел еді ғой. Сол жылдары ішімдікке қарсы күрестің жөні осы екен ғой деп бүкіл елдегі жүзім алқаптарын түбірімен отап, арақ-шарап зауыт­тарын қиратып тастаған-ды. Әлгі Қасекеңнің айтып отырғаны сол. Шынында да, тіпті банкет­те де бір рюмка іше алмай қойып едік…
Қасекең коньякті өз қолымен тағы да жарты стакандай құйып алып тартып жіберді де, аузын бір сипап: «Бандеровцы, сволочи», – деді. Шамасы, оқу залындағы іштегі қыжыл әлі басылмай тұр-ау…
Қасекеңнің зығырданын қайнатқан бұл кез­десудің түп-тамырын ке­йінірек кеңірек түсіндім. Партизандарға деген көзқарас, әсіресе Украинада қилы-қилы екен. Кейбір әдебиет­терден, баспасөзден қағып-соғып оқығандарым менің де оларға деген пікірімді қилы-қилы еткені бар…
Сонымен, екеуміз қонақүйге қайт­тық. Келе жатқанда әлгі коньяктың күші бойына тарап, Қасекең едәуір көңілденген қалыпқа түсті. Бір кез­де маған қарап:
– Әй, Темірхан, өзің тәп-тәуір, жөн білетін адам сияқтысың, оның үстіне өлең жазады екенсің. Мен сені анау жүрген Кеңшілік, Исраил, Иранбек, Ұлықбектерге таныстырып қояйын. Олар саған қарап жүрсін. Жарай ма? – деді.
– Сөйтіңізші, Қасеке – дедім мен іштей қуақыланып.
Қасекең Исраил, Иранбек, Ұлықбектерге мені тапсырды ма, тапсырмады ма оны білмеймін. Бірақ Кеңшілікке айтыпты. Сол күні кеште-ақ Әбіш ағамыз екеуміз ресторанға тамақ ішуге кірген кезімізде алдымыздан Кеңшілік шығып:
– Әй, Медетбеков, сен енді бұдан былай менің алдымда жөндеп жүр. Кез­дескенде қол қысатының бар, ондай тәртіпсіздікті қой. Қасекең сені маған тапсырған, түсіндің бе? – деп тұр.
Әбіш ағам бұл әңгіменің төркінін түсінбей маған бір, Кеңшілікке бір қарап қояды. Мен бәрін баяндап бердім. Сонда ғана түсінген Әбіш ағам, бір күліп алып:
– Қасекең дұрыс айтады. Бұл Темірханға қарап жүру керек. Әсіресе Кеңшілік, сен қарасаң, бұл Темірхан түптің-түбінде жіптіктей тәртіпті жігіт болғалы тұр, – деді. Бұл сөзге қосыла күлдік.
Тағы бір айтпай кетпейтін бір нәрсе, Киевтің тарихи орындарын аралағанымыз еді. Жер астына салынған, әсіресе мен үшін ерекше тосын көрінген Кунсткамераны тізіліп көріп шықтық. Содан ке­йін сонау ХІ ғасырда салынған, аты мәшһүр Қасиет­ті София саборын, тағы да басқа украин халқының ең асыл құндылықтары, оның басынан өткен тарихи оқиғаларға куә болған орындар, сөз жоқ, бәрімізге зор әсер ет­ті. Солардан шығып түскі тамақ басына отырғаннан ке­йін біздің шағын дөңгелек үстелімізде көрген әсерлерімізді бөліскен қызу әңгіме басталды да кет­ті. Сәлден ке­йін-ақ сөз тізгіні Әбіш ағама өт­ті. Ол кісі сегізінші ғасырда пайда болған Киев Русінің жықпыл-жықпыл, қуыс-қуысына де­йін үңгіп, тарам-тарам тарауларға тарқатып тастап, қайтадан өріп, оны кезең-кезеңімен өмірге қайта әкеліп, бірде қосылып, бірде ажыраған бұл елдің басынан өткен тауқымет­терді саралап кеп берсін. Тура сол оқиғалардың ішінде өзі жүргендей. Рюрикке ерген варягтар да, ол елдің Олег князьдің тұсында күшейгенін де, бертін келе бұл елдің екіге бөлініп қайта біріккенін де, он бірінші ғасырда қыпшақтардың жаулап алғанын да ұзақ уақыт өткеннен ке­йін ғана, яғни Владимир Мономахтың тұсында ғана азат­тық алғанын, ХІІІ – ХV ғасырларда бұл елдің Алтын Орда құрамында болғанын түп-түгел адақтап шықты.
Сонда ортамызда отырған Морис Симашко:
«Мен – осы Украинада, яғни Одессада туып-өскен адаммын. Украин тілін бір кісідей жақсы білемін. Кешегі жасаған шағын баяндамамды украин тілінде жасағаным сол.
Баяндамаға бір орыс сөзі қосылып кетіпті. Украин достарым соны айтып ескерту жасады…
– Әрине, айтпағым бұл емес – деді Морис Симашко біздерге барлай қарап. – Мен украин тілін ғана емес, тарихын да бір кісідей жақсы білемін. Ал бірақ мен Әбіштің, әсіресе Киев Русін, соншалықты терең білетініне таң-тамаша қалып отырмын. Тарихын бір кісідей білемін деп отырған менің, кейбір дүдамалым бар тұстарымды, қолмен қойғандай, бүге-шігесіне де­йін ақтарып шыққанына дән риза болдым. Бар бол, Әбіш! – деп Әбекеңді құшақтағаны әлі күнге есімде.
Несін айтасың өзінің ғұлама білімімен жұрт­тың бәрін таңғалдырып, тамсандырып өткен Әбекем-ай. Мен өз басым ол кісімен сонау бозбала кезімнен шау тартқаныма де­йін жақын өткенімді өле-өлгенше мақтан тұтам.
Осы жерде Герольд Бельгердің айт­қан бір сөзі есіме түсіп отыр. Ол кісі «Егер Әбіш мемлекет­тік қызмет­ті тастап, таза творчествомен айналысқанда, әлемдегі ең үздік деген елу жазушының бірі болар еді» деген-ді. Бәлкім, онысы дұрыс та шығар.
Бірақ, менің ойымша, жазып қалдырған шығармаларымен-ақ әлемдегі ең үздік жазушылардың қақ ортасында тұрар еді деп ойлаймын. Тек Әбекең шығармаларының насихаты кемшін болып, оларды аударуға деген құлықсыздық оның әлемдік деңгейде жарқырап көрінуіне көлеңкесін түсірді. Сонымен бірге нағыз дер шағында, аласапыран уақытқа дөп келді де, ол шаруалармен еркін айналысуға мүмкіндігі болмады.
Оның қалдырған мұралары – біз үшін де, келер ұрпақ үшін де ұлт­тық құндылық. Мақтанышымыз. Егер оларды жүйелі түрде қолға алып, әлем тілдеріне аударса, онда жұрт қазақ әдебиетінің деңге­йін дұрыс танып, бағалар еді. Әйтпесе кейбіреулер түкке арзымайтын дәлдүріш дүниелерін аудартып, қазақ әдебиетінің құнын да, бәсін де түсіріп барады.
…Кешкі асқа отырғанда, бізге: «Ертеңгі күн қайда барамын, қайда тұрамын десеңіз де еріктеріңіз. Киевті емін-еркін аралаңыздар, арғы күні әр облысқа бөлініп-бөлініп кетеміз», – деді.
Ертеңіне Әбекең екеуіміз көше аралауға шықтық. Такси ұстадық. Әмбебап үлкен бір дүкенге апаруды өтіндік. Дүкен ішін әрі аралап жүрміз, бері аралап жүрміз. Кейбір жерлеріне аялдап, бірдеңелер қараған боламыз. Бірақ екеуміздің де үңіреңдеп, өңмеңдеп бара жатқанымыз шамалы. Қай затқа да селқоспыз. Бір кез­де Әбекең: «Сен осы балаларға киім таңдай білесің бе, құр қол қайт­қанымыз ыңғайсыз сияқты», – деді. «Ойбай, Әбеке-ау, мен қайдан киім таңдайын. Өмірімде мен өзіме, ең болмаса, бір рет шұлық сатып алған емеспін». Әбекең менің бетіме қарап, аяқ астынан серіктес дос кез­дестіргендей: «Сен де мен сияқты қасқа екенсің ғой», – деді маңғыстаулық жаргонмен. Екеуміз де күліп жібердік. Сонымен, алып дүкенге қолымызды бір сілтеп, өз жөнімізге кет­тік.
Мен ғұмырымда Әбекеңдей балмұздақшыл адамды көрген емеспін. Көшеге шыққан бойда балмұздақ сатып тұрған шағын киоскіге балалардың соңынан кезекке тұра қалдық. Бір-бірден алайын деп жатыр едім Әбекең: «Екі-үшеуден бірақ ал», – деді. Шынымен айтып тұрма деп бетіне қарасам, жүзінде әзілдің сесі жоқ. Екі-үшеуден бірақ алдым. Сәлден соң ағып-тамып берекемізді ала ма деп ойлап едім, Әбекең сәлден ке­йінге тіпті де жеткізер емес. Бір балмұздақты екі-үш асап жоқ қылады. Әп-сәт­те үшеуін жұтып қойды. «Әбеке-ау, абайласаңызшы, тамағыңыз ауырып қалады ғой», – деп қамқорсимын. «Маған бәле де қылмайды», – дейді Әбекең. Балмұздақ жеудің бұл тек басы ғана екен. Жолымызда балмұздақ сатып жатқан жердің бәріне дерлік кілең бір галстук таққан балалардың артын ала бере өңкиіп-өңкиіп тұра қаламыз. Әбекең қолына тиген бойда опырып жібереді. Не болғанда да Әбекеңнің тамағы ауыратын шығар-ау деп қорықтым. Бірақ өзі айт­қандай түк те еткен жоқ…
Ертеңіне бізді Днепропетровскіге жіберді. Пойызда бір түнеп, ол қалаға да жет­тік. Барған бойда бір топ ақынды біздің топты басқарып барған Орталық комитет­тің басшысы Өзбекәлі Жәнібеков және Әбіш ағамыз екеуі жалынды публицист, ақын Баубек Бұлқышевтың басына тағзым етуге жіберді. Сүйегі Софьевка деген жерде екен. Барып, басына білген дұғамызды оқып, бет сипадық. Баубек дарынды-ақ адам болған ғой. Амал не, қыршынынан қиылып кеткен.
Днепропетровскіде бірер күн болып, Киевке оралдық та, Алматыға ұшып кет­тік.
Әрине, ол онкүндіктен мен үлкен әсермен оралдым. Көрген-білгендерім өте мол болды. Оның бәрін жаза беру мүмкін де емес, қажеті де жоқ.
Менің ең басты олжам, Әбекеңмен, Әбіш ағаммен тіпті жақындасып, ол кісіні бұрынғыдан да жете танып, екеуміздің бір-бірімізге деген сенім мен құрметіміздің арта түскені деп білемін.

Темірхан Медетбек

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір