ҰЛТ ӨНЕР ЖАЛАУГЕРІ ҰЛТТЫҚ АЙМАҚТАН ТҮЛЕЙДІ…
(Әнші, сазгер Мұратбек Сарбасовпен ой бөліскен едік)
Осыдан он-он бес жыл бұрын арғы беттен оралған Әлімжан деген жігіт отбасының бір қуанышына зиялы топты жинап, оны жүргізуді опера әншісі Мелс Нұқсиев екеумізге тапсырған еді. Кеңестік жүйеден хабары шамалы қандастарымызды саяси әзілдеріміз де, үйреншікті ойындарымыз да тұшынта алмаған сияқты.
Билетуге келгенде Қара жорға биінсіз олардың тойы өтпейді екен. Бірақ би әуенін екеуміз де білмейміз. Амалсыз өздері жиналып, қол шапалақтап билеуге мәжбүр болды. Әйтсе де, қимылдары таныс. Мұндай биді тоқсаныншы жылдары Райымбек ауданындағы бір тойда қариялардың «Қалмақ биі» деп билегенін көргенмін. Алманиядан оралып мешіт ашқан бір ағамыз да мұны ат үстінде жалғыз билеп, тосын жаңалықпен жағамызды ұстатқан. Би қазақтікі ме, қалмақтікі ме? Әйтеуір өзара тарихи тектік байланыстағы екі елде де бар қимыл-қозғалысты «Қара жорға» деген атпен қазақыландырып, атажұртта қанат жаюына ат салысқандардың бірі, белгілі әнші, сазгер Мұратбек Сарбасов еді.
Оның ағасы Оралбекпен «Қазақстан» арнасында бірге жұмыс істесем де Мұратбектің өзімен теледидардан жиі берілетін «Шофердің әні» атты бейне-клипі арқылы ғана таныспын. Кейін тойлардан кездестіріп жүрдім. Бірде менің жазған өлеңдерім оған сырттай ұнаса керек, бір күні үйіме телефон соқты. Мақсаты – туып-өскен Ақсуат өңірі жайлы ән жазып, оның сөзін жазуды маған жүктемек екен. Ақыры бір-бірімізбен кездеспей-ақ, қайта-қайта телефон арқылы сөзді сарапқа салып, «Ақсуат» әні де дүниеге келді. Мұратбек бұл жақтан бала күнде басқа ауданға көшіп кеткен екен. Десек те, оның кіндік қаны тамған топырағына деген ықыласы өнер тұлпарын ерттеп, сәби күндерге саяхат жасауға жетеледі. Елден ерте кеткендіктен туған жердің қия-жартасы мен қыр-сыры оның толық есінде қала қоймапты. Ересек шағымда оқу қуып кеткен мен оны өз жыр жолдарым арқылы Ақсуаттың талай төбесімен қауыштырдым.
«Абай жолы» романында айтылғандай Қалбаның теріскейі де, түстігі де қыстың ұзақ мерзімінде қарлы бораннан көз ашпай, елге бірде жұт, бірде құт әкелсе, оның ызғарына сабақтасып, бұйраттанып кететін сілемдеріне жалғасқан Кіндікті елді мекені – Мұратбектің өскен жері.
…Жадыратқан тірлікті
Базар, Боғар, Кіндікті,
Қарғыбаның бойынан
Түлейді екен кіл мықты,
Пейілдері – ақ шуақ,
Суаттары – нақ шұбат,
Жарқырай бер, қазақтың
Исі аңқыған Ақсуат! – деп, менің сөзіме жазылған Мұратбектің әнінде айтылғандай ішсең суы кәусар бастаулар мен түссең жаныңды рахатқа бөлейтін тұнық та жып-жылы өзендер шығармашылыққа қатысы барды да, жоқты да шабыттандырып, қиялына қанат бітіреді. Немесе жер жүрегінен бастау алып, аймаққа қозғалыс сыйлаған даланың күретамырына да ұқсап кетеді.
…Қыз жаралса намыстан,
Ұлдары кілең арыстан,
Қазақтығын сақтаған
Біздің дала – данышпан…
Әрісі Қабанбай, Би Боранбайдан бастап, берісі Қожагелді батырларға дейін жерімізге жат жұрттың аяғын бастырмауға бар күш-жігерін салған екен. Студент кезімде аудан орталығынан 120 шақырымда жатқан сол Кіндіктіге жете алмай, жолда жеті күн жүріп, боранға кептеліп қайтқанымыз да бар. Кептелген тұсымызда Мұратбектің бір бабасы, елге белгілі әулие – Ырғызбай ата кесенесі бар-тын.
Бүгін де қазақы даланың қазақы тірлігінен сыр шертетін «Шофердің әні» бейнеклипі барша қазақтың рухани қазынасына айналды. Әуелі клиптегі көрініске мән берсек, бала кезде ондағы қара мәшине – «Газ-51»-ден басқа автокөлікті кездестіре бермейтін едік. Оның жүргізушісі киген кең қолтық киім мен басындағы қалпағы да, сол кездегі науқандық қызу еңбек те 1960-70-ші жылдарға тән уақыт тынысынан сыр шертеді. Ал әннің мәтіні, әуені, тіпті ырғақтарына дейін сол заманның ыңғайына сәйкестендіріліп шығарылған. Мұратбектің кешегі әкелер дәуірінен сыр шертетін бейнетуындысы көптің назарын бірден өзіне аударған еді. Әкелер дәуірі демекші, 28 жасында Зайсан көліне суға кетіп, мерт болған әкем Әлімғазы айтатын халық әндері мен халықтық мақамдағы бұрынғы композиторлардың әндері еміс-еміс есімде. Соның бірі – кейін естудің ретін таппай жүрген халық әні «Жан сәулемді» Мұратбектің аузынан естігенде әкем есіме түсіп, көңілім босады. Көзі тірісінде домбыра жасаудың шебері, әрі Арқа әндерін насихаттаушы әкем жұмыстан шаршап келіп, текеметтің үстіне ұзынынан сұлап жатқанда бойшаңдығы бөлменің қарама-қарсы қабырғасын жалғайтын. Оның өзі жасаған жұқа домбырасымен «Қалаләку-лилай» деп шырқаған әндері әлі есімде.Осыдан Мұратбек бауырымның халық әндерін орындаудың да шебері екенін байқадым. Кейінгі заманауи үрдіс оны эстрада әншісі болуға да мәжбүрлеген сияқты. Әйтсе де, аракідік домбырасын тастағанымен түлкі тымағы мен шапанын тастамай, сахнаның ұлттық шырайын келтіріп жүретініне сан мәрте куә болдым. «Ақсуат» әнінің сөзін маған жаздырғанда телефон арқылы оның мазмұнына қайта-қайта өзгеріс енгізуді ұсынған ол әр жолдағы дауысты дыбыстардың жуан, жіңішкелігіне дейін әуеннің еркін тыныстауына әсер ететіндігін ескертті.
…Сыр жасырған әр тасы –
Бөртостаған жартасы –
Ғаламда жоқ даламның
Тәңір таққан алқасы, – деген ән мәтініне тиесілі түз даладағы жалғыз алып тас – Бөртостағанның сыры ашылмай ғалымдарды әңкі-тәңкі еткеніне де дәуір өткен болар. Зерттеушілердің бірі оны метеорит болуы мүмкін десе, екіншілерінің Бөртостаған жайлы аңыздарды растайтыны, ұмытпасам, кеңестік «Білім және еңбек» журналында айтылғаны бар. Дала құдіретін саз сиқырымен салмақтай түскен «Ақсуат» әні әнші Қайырбек Мұсабековтың орындауында Шығыс Қазақстан облыстық ән байқауының бас жүлдесін де қанжығалапты. Мұндай бас жүлдені Мұратбек «Жасасын, қазақ елі!» деген әнімен Алматы облыстық байқауында да иеленген еді. Ал «Ақсуат» әніне келсек, оған демеуші де табылып, әнге арнайы клип те түсірілді. Бейне туындыда қазақы ауылдар, оқыған мектебі, бала шақтың көріністері, «Елеке сазы» жайлауындағы бас бермейтін сәйгүліктер, жанға шипа «Сабындыкөл» көлі, тағы-тағылар жүйелі көрініс тапқан. Енді баруға уақыт таппай, ел мен жерді сағынғандар болса, туған жердің тау-тасын ғаламтор арқылы көзбен де, көңілмен де шарлап, құлақтан кірген ән бойларын тербейтін болады. Оның мәтіні менікі болғандықтан біраз жайтты анықтап алайын деп сұрақ та қойдым:
– Әндерің жақсы. Бірақ ырғақ, иірім жағынан өзгенің әніне ұқсап кетеді деп қауіптенбейсің бе?
– Кез келген сазгер бұл мәселеге мұқият болғаны абзал. Байқамасаң, ұқсап та кетуі мүмкін. Мен шығарған әнімді үйімдегі жұбайымнан бастап, өнерге қатысы бар адамдардың көпшілігіне тыңдатып шығамын. Кейде 5-10 жылға дейін зерттеу жүргізіп, өз туындым екендігіне әуелі өз көзімді жеткіземін…
Ал өзім кәсіби ақын болмағандықтан әніме сапалы мәтін жаздыру үшін Жазушылар одағына барып, бір ақын ағамызға жолыққаным бар. Ол кісі:
– Мен мұндай әннің жүзін жазып бере аламын,– деп, өзімді кекетіп-мұқатудан басқа түк бітірмеді. Сосын өз әніме өзім сөз жазып, насихаттай бастадым. Оның алғашқысы белгілі әнші Майра Мұхамедқызы орындап жүрген «Аяулы анашым» әні еді. Ақын Айсәуле Бейсенханның сөздеріне жазылған 3 әнім, Құдайберген Қазыбековтың сөзіне жазылған «Жан жарым», тағы басқа әндерім Қазақ радиосы арқылы өз тыңдармандарын тапты. Кейін кейбір әндерімнің өзім жазған мәтіндерін белгілі ақындарға қайта жаздыра бастадым. Әндерімді нотаға түсіруге Мұрат Әбуғазин сияқты өнер иелері де көмектесті, – дейді. Халық өнері жолында көп шығынданған М.Сарбасов өз үйінің бір жағынан ән жазу студиясын ашпақ ойы бар екендігін де жасырмады.
Ұлтжандылық ұлттық өнерге деген сауапты әрекеттен де байқалады. Ол «Салкүрең» күйінің әуеніне сөз жаздырып, «Қаражорға» биін атажұртқа жеткізді. Және мыңдаған адамның билеуімен Гиннестің кітабына кіріп, қазақта би өнерінің кеш дамығандығы жөніндегі пікірді жоққа шығаруға атсалысты. Қазір «Қара жорға» әуенінің түрі көбейді. Бірақ Мұратбек шырқаған ән әлем қазақтарының рухани игілігіне айналды. Ол орындаған «Қара жорғаны» қазақ түгілі қырғыз ағайындарымыз да көшіріп, бейнеклипке айналдырған екен.
Менімен әріптестікті қалаған Мәкең бүгін де ана, әке, туған жер, махаббат тақырыптарына арналған ән мәтіндерін жазуға ұсыныс жасады. Екеуміздің қатар отырып таңды атырған еңбегіміздің нәтижесінде бұл мәселе де шешімін таба бастаған сияқты. Сапасын уақыт көрсетеді. Ол маған:
– Екеуміздің де әйеліміз өзімізден әлдеқайда жас. Сондықтан бір жаққа шықсақ, үйге қайта қайтуды ойлап отырамыз, – деп әзілдейтіні бар. Әрине, біз үшін көп қаңғырмаудың шығармашылыққа да пайдасы зор. Олар – жұбайы – Сажида екеуі өздерінің үш ұлын өнер жолына тәрбиелеуде. Мұратбектің орыс тілді тұрғыны жоқ ұлттық аймақтан түлеуі – оның ұлт мұрасын жаңғыртуына да елеулі үлес қосты.
Аманғазы КӘРІПЖАНӘУЛЕТІ,
ақын, Қазақстан Жастар одағы
сыйлығының иегері.