Кешегі күндер жырлары
05.11.2024
430
1

Темірхан Медетбек

Машина
бауырындағы ұя

Көктем. Көктем,
Жалт-жұлт еткен нұр қандай?!
Нұрды бiреу шашып алып тұрғандай…
…Ұя сапты қалған ашық гаражда,
Машинаның буырына бiр торғай.

Дауа бар ма
Тiршiлiктiң iсiне?!
Дауа бар ма табиғат­тың күшiне?!
Үш балапан шыға келдi үрпиiп,
Ұядағы үш жұмыртқа iшiнен.

Көз алдымда ұлы ғасыр күркiрi,
Көз алдымда тiршiлiктiң шыр-пыры.
Қайдан бiлсiн, қайдан бiлсiн сол торғай,
Машинаның қозғаларын бiр күнi.

Бұл уақыт бiр ұяға қарай ма,
Машинаға жүру керек қалай да!
Шофер жiгiт, машинаңда ұя бар,
абайла ендi, абайла!
Елеместен жолдың аппақ шаңын да,
Безiлдейдi түскен-сыңды жалынға.
Үш балапан машинаның төсiнде,
Ана торғай машинаның соңында.

Көрiп соны жас тұнады көзiңде,
Үзiлiп-ақ кетер ме екен төзiм де.
Жаны қалмай машинаның соңында,
Бара жатыр ана торғай безiлдеп.

Көмейiңе тас тығылып, тұншығып,
Кетесiң ғой мың бүгiлiп, мың сынып.
Шыр-шыр етiп, шыр-шыр етiп барады,
Машинаның бауырында тiршiлiк!

Соғысқа барып
қайт­қан домбыра

Елең етер шыққан әрбiр дауысқа,
Түскен талай тартыс пенен қағысқа.
Бiр үйде мен домбырамен кез­дестiм,
Барып қайт­қан соғысқа.

Көрдiк те оны арқаландық, құрсандық,
Қолымызға ап күйлер тартып, ән салдық…
Сол домбыра денесiнен тұрғандай,
Оқ-дәрiнiң иісi аңқып.

Тартқан кез­де тебiрентiп толғап бiр,
Бауырына тығылып ап солдат­тың.
Кең даласын аңсап қанша жылады ол,
Аруанадай мойнын созып аңырап бiр.

Болған ол да қару менен жарақтай,
Дұшпандарға оқтарды ол да боратқан.
Сөйлеп тұрған домбырамның даусымен,
Блиндаждар, окоптар.

Қазағым-ай, тар кез­де де тарта алған!
Сол кез­де оны маршал ұстап таңғалған.
Жараланған, көмген оны топырақ,
Шанағына көз жасы мен қан тамған.

Қып-қызыл қан жауып оның шанағын,
Болған солай бұл домбырам жаралы.
Қолтығыңа кiрiп алып боздаса,
Өн бойыңнан соның қаны ағады.

Ол боздаса шыдай алмас тiрiлер,
Шыдай алмас, жан-жүрегi тiлiнер.
Сiлкiнедi ол бомбалардың даусымен,
Күрсiнедi ол зеңбiректiң үнiмен!

Ол жыласа, безiлдеген зар қаққан,
Басар сенi қасiрет­тi салмақтар.
Мен бiлемiн, домбырасын құшақтап,
Алатауын құшақтаған солдат­тар.
Маңғыстауын құшақтаған солдат­тар,
Қаратауын құшақтаған солдат­тар,
Сарыарқасын құшақтаған солдат­тар!
Көрген талай қанға бөккен күн, айды,
Адамдардан тыныштықты сұрайды.
Әлi күнге сол домбыра ұстасаң,
Аруанадай мойнын созып жылайды.

Күлкi күнiнде

Күлкi күнi кiм күлкiсiн iркiген,
Бiрi – түбiт, бiрi – түрпi кiрпiден.
Сықылықтап, шықылықтап, қарқылдап,
Қаптап кет­тi күлкi, күлкi, күлкiлер.

Күлкi деген мұншама өзi көп пе едi?
Бiрi – қурап, мыңы қайта көктедi.
Күлiп жат­ты, үйлер менен көшелер,
Күлiп жат­ты газет­тердiң бет­терi.

Бiр күлкi тұр мәймөңкелеп, жалынып,
Сөнiп қапты бiр күлкiнiң жалыны.
Ду күлкiден теледидар бейне бiр,
Кеткендей-ақ болды дейсiң жарылып.

Бiр күлкiден өлердей боп ышқынған,
Аман қалды ұстап бiреу ұстыннан.
Шиедей боп әжуадан аңқаулық,
Мұрт­тай ұшып түстi бiреу мысқылдан.

Бiр күлкiлер атылуға оқталып,
Ал бiр күлкi сұлап түстi соққы алып.
Қақтығысып Қалтай күлкi арсызбен,
Жат­ты сол күнi Несин күлкi сот­талып!

Қозғай-тұғын бергi менен арғыны,
Қаптап кет­тi жұрт­тың мынау қалжыңы.
Күлемiн деп Алдар көсе аш қалып,
Қолды болды Қожанасыр қоржыны.

Дейдi ме екен қайтармай-ақ өтеуiн,
Бұл өмiрден тек күлiп-ақ өтемiн.
Мүлде ұмытып кет­тi дейсiң бiреулер,
Күлкiнiң де шет-шегi бар екенiн.

Күлкi – залым, кез келдi оны сезiнер,
Күлгендердiң ие болмай өзiне.
Дем жеткiзбей түйiлдiрiп iшегiн,
Сорғалатып жас ағызды көзiнен.

Ақын қалай бола алмақшы бақыт­ты?!

Өлең жазған – сөз бен сөздi құраған,
Сырт жүретiн күпiршiлiк, күнәдан.
Атаққа ие, құрмет пен сыйға ие,
«Бақыт­ты ғой ақын!» – дедi бiр адам.

Ақын қалай бақыт­ты адам бола алмақ?!
Жүрсе бiреу қалт-құлт етiп амалдап.
Кертартпалық жатып алса табандап,
Тұрса бiреу қауiп күтiп алаңдап.

Ақын қалай бақыт­ты адам бола алмақ?!
Адам келiп күш көрсетiп адамға,
Бiрi айдаса, екiншiсiн аранға,
Күдiкпенен қарап бiреу заманға,
Арсыз бiреу басса арлыны табанға.

Ақиқат­тан үстем шығып қаралық,
Бiреу жүрсе, қабақ шытып қабарып,
Тұрса бiреу, тұрса бiреу егiлiп,
Көзiнен – жас, жүрегiнен – қан ағып.

Тоғышарлық даңғырлатып табағын,
Аузын ашса, бiреу бiтеу жараның.
Жылмаң қағып тұрса бiреу түлкi боп,
Қасқыр болып ашса бiреу аранын.

Бiреу жүрсе, көрмей жасын-жарықты,
Бiреу жүрсе, көрмей асыл жақұт­ты.
Айтыңдаршы, айтыңдаршы өздерiң,
Ақын қалай бола алмақшы бақыт­ты?!

Кейбір кез­де

Кейде жылап жала, мұңға батам мен,
Ондай кез­де сырласам деп жапанмен.
Бүкiл болмыс бiтiмiммен осынау,
Табиғатқа сiңiп бара жатам мен.

Жылжиды да сөздiң ызғар, суығы,
Көктеп шығар үмiтiмнiң шыбығы.
Желпiп тұрар өлеңiмнiң жолдарын,
Жел уiлi, қанат­тардың суылы.

Селт еткiзiп менi аспанның күркiрi,
Жарқ еткiздi бұлт төсiнен шырпыны.
Жердей ауыр көз жасымды түсiрмей,
Қағып алды шөптiң әлсiз кiрпiгi.

Құлақ түрiп үндерiне тереңнiң,
Басқа сөзбен өзгеше ойға кенелдiм.
Қарлығаштар ұя салды үйлерге,
Әрiптерiнен өлеңнiң.
Қайсар жанға айналдым да шерлiден,
Дедiм сонсоң: «өзгешемiн ендi мен».
Құшырланып, сүйдiм барып гүлдердiң,
Қып-қызыл боп жанып тұрған ернiнен!

Содан кейiн сый етем деп елiме,
Елтiп тыңдар бала мен жас, кәрi де.
Жапырақтың дiрiлдеген ұшымен,
Сөздер жаздым бұлбұлдардың әнiне!

ҚАРАУ ОЙ

Бiр кез­дерде бойға сыймай сарқырап,
Жата-тұғын қайрат-күшiн сарқып ап.
Бара жат­ты түн iшiнде бiр адам,
Тұмшаланып, мойнын iшке тартып ап.

Қызғаныш па жанын оның талаған?..
Менмендiк пе тыныштығын тонаған?..
Түндi кезiп жүрiп-жүрiп бiр кез­де,
Түндей қарау ой ойлады сол адам.

Қарау ойдан қапаланып күрсiнiп,
Бiр уыс боп жиырылды тiршiлiк.
Қарау ойдан қапаланып күрсiнiп,
Бар табиғат тұнжырады, түршiгiп.

Қарау ойға қалай барған дәтi деп,
Жарылып-ақ кетердей боп өтi де.
Жиырылып қара бұлт тамшысын,
Қорғасын ғып түкiрдi оның бетiне!

Қарау ойдан суып шiлде аптабы,
Қара жердi семдiрiп бiр қақтады.
Шыдай алмай қара дауыл бұрқырап,
Жағадан ап, кеудесiнен қақты оны.
Қарау ойды ойлап қалай адастың?
Жау болдың деп мекендеген
жар астын.
Тартып келiп жiбердi оны жағынан,
Шапалақпен жапырағы
ағаштың!..

КҮТУ

Өзгеше боп естiлiп өз үнiм,
Елеңдейдi сезiгiм мен сезiмiм.
Күте-күте, күте-күте өзiңдi,
Тозып бiт­тi, тозып бiт­тi төзiмiм.

Түн iшiнде таусылғандай шыдамы,
Бiреу келiп есiгiмдi ұрады.
Сен екен деп ашам барып жүгiрiп,
Бiрақ… бiрақ ешкiм жоқ боп шығады.

Жатқан кез­де түндi қосып түндерге,
Бiреу жүрер сықырлатып iргемде.
Атып тұрып терезеге үңiлем,
Кезiп жүрген көрiнбейдi бiр пенде.

Бос бөлмеден жүрегiмдi жұбатқан,
Сенiң үнiң естiледi құлаққа.
Шыдай алмай жетiп барам бөлмеге,
Шамды жағам, ешкiм жоқ қой бiрақ та!

Шым-шытырық ойлар,
ойлар қамаған,
Ұстап менi жiбермейдi даладан.
Түу сыртымнан жетiп келер әлдекiм,
Жалт қараймын, жоқ қой бiрақ жан адам!..

ЖЫЛАСА ӘЙЕЛ

Жүр едiм мен тыныстап,
Іштен өлең құраған.
Қараңғы бiр бұрыштан,
Әйел көрдiм жылаған.

Қалдым кенет тұншығып,
Өштi ой да, өлең де.
Кет­тi өзгерiп тiршiлiк,
Кет­тi өзгерiп әлем де.

Менен жырды аластап,
Мұң шарпыды бетiмдi.
Жел шайқаған ағаштар,
Өксiп тұрған секiлдi.

Суық тартып түнiм де,
Дүниеге кiрдi ызғар.
Жас сияқты дiрiлдеп,
Мөлтеңдейдi жұлдыздар.
Кет­тi-ау деймiн шыдамай,
Сол әйелдiң мұңына.
Сыңсып тұрды жылаған,
Телеграф сымы да.

Оныменен жарысып,
Жүйке, жанды қозғаған.
Сиренаның дауысы,
Шықты кенет боздаған!

Соғып тағдыр бораны,
Ақ тiлегi сынғандай.
Жыласа әйел болады,
Әлем жылап тұрғандай!

ИРОНИЯЛЫҚ
ӨЛЕҢ

Бүгiнде жас, кәрiмiз,
(Айтар оны кез келдi).
Отырып ап бәрiмiз,
Семiртемiз сөздердi.
Арналады тобырға,
Ой мен ақыл батаңыз.
Байлағандай соғымға,
Сөз семiртiп жатамыз.

Ыңыранасың, күлесiң,
Кеуде қағып, арындап.
Жүре алмайды сын есiм,
Семiздiктен мамырлап.

Көрмей жұрт­тың қатесiн,
Отырасың жай тауып.
Ырсылдайды зат есiм,
Денесiнен май тамып.

Ойдан ойды қарғытып,
Сөйлейсiң ғой есiлiп.
Кетедi ғой жал бiтiп,
Етiстiк те есiрiп!

Елеңдеп бiр құлағы,
Таусылғандай сабыры.
Жылт-жылт етiп тұрады,
Одаға­йдың сауыры.

Болса-дағы оймақтай,
Қарамастан шыдамға.
Шыға келер ойнақтап,
Шылау екеш шылау да.

Жұрт­тың бәрiн емiнтiп,
(Айтар оны кез келдi).
Жатамыз ғой семiртiп,
Табын-табын сөздердi.

Сол сөздердi төгемiз,
Қарлыққанша үнiмiз.
Табынымен беремiз,
Бiрiмiзге-бiрiмiз.

Марапатқа батамыз,
Отырамыз емiніп.
Сонсоң бара жатамыз,
Өзiмiз де семiрiп.

МЫҢ ТОҒЫЗ ЖҮЗ ОТЫЗ ЕКI

Дүниеден, тiршiлiктен түңiлген,
Аштық әбден дiңкелеткен, бүгiлген.
Көрем ылғи, көрем ылғи, көремiн,
Сол бiр сұмдық қасiрет­тiң жылын мен.

Талшығымды, тамырымды семдiрiп,
Жалынымды, жарығымды сөндiрiп.
Босағадан қарап маған тұрады,
Мың тоғыз жүз отыз екi телмiрiп.

Кеуiп қалған үңiрейiп жарасы,
Шығып кеткен жанарының аласы.
Қарайды ол үнсiз-түнсiз телмiрiп,
Бауырында өлiп қалған баласы.

Сөнiп қалған жылуы да, шырағы,
Оның суық көзiнде өлiм сұрағы.
Бауырына қысып жансыз баласын,
Босағамда үнсiз-түнсiз тұрады.
Отқа салып ұятымды, арымды,
Тауысады төзiмiмдi, сабырды.
Шыдай алмай айқай салам мен оған:
«Қинамашы, қинамашы жанымды!»

Дiр ете қап сұп-сұр жүзi қапалы,
Менi суық жанарымен атады.
Бауырына қысып өлген баласын,
Сүйретiлiп шығып бара жатады.

Сезiмiмдi ақыл-ойға жеңдiрiп,
Жүрем сонсоң iстi өзiмше өндiрiп.
Босағамда тағы тұрар бiр күнi,
Мың тоғыз жүз отыз екi телмiрiп.

Тұр ғой сонда сан қасiрет, сан қайғы,
Жүрегiмнен қып-қызыл қан саулайды.
Аштан өлген қолындағы баласы,
Қараңдаршы, менен, сенен аумайды.

КIШКЕНТАЙ АДАМ

Тоқтататын бұған қандай амал бар,
Тоқтататын бұған қандай қамал бар?
Пайда болды пақырлықпен күн кешкен,
Кiп-кiшкентай, құйтақандай адамдар.

Бiлiнбейдi, жүрiсi де, тұрысы,
Бiлiнбейдi алған демi, тынысы.
Жоқ олардың тiлмен, дiлмен бiр iсi,
Жоқ олардың елмен, жермен жұмысы.

Өзiн-өзi бiр уыс қып сығымдап,
Айтатынын айта-тұғын сыбырлап.
Үнсiз-түнсiз, көзге түспей, көрiнбей,
Бара жатыр құмырсқадай қыбырлап.

Өзi үшiн де, өзге бiреу үшiн де,
Ірiлiк жоқ, кiсiлiк жоқ iсiнде.
Күндiз-күнi қыбырлап тек жүргенi,
Ұсақ-түйек, қиқым тiрлiк iшiнде.

Өзiн-өзi алған мүлде жекелеп,
Жүредi оны пендешiлiк жетелеп.
Ерт­теп мiнiп ергежейлi беделiн,
Отырады мәстек ойын мәпелеп.

Қауiптi айтсаң, жердiң үстiн торлаған.
«Кiшентаймын!» – деп тайқиды оңбаған.
Төңкерiлiп кетсiн мейлi дүние,
Өзi бiрақ аман болса болды оған.

Керек емес, оған көктем бүртiгi,
Керек емес, оған ел мен жұрт үнi.
Қыбыр-қыбыр, қыбыр-қыбыр күн-түнi,
Неткен оның тойымсыз еді құлқыны?!

Қорықпаймын адамыңнан жаланған,
Қорықпаймын адамыңнан қабарған.
Қорқамын мен, жүре-тұғын көрiнбей,
Осы – құйт­тай қыбырлаған адамнан.

АУРУ АҒАШ

Дерт тапқан ба қатерi бар жауыннан?!
Дерт тапқан ба қатерi бар дауылдан?!
Базары жоқ, ажары жоқ, көркi жоқ,
Жап-жас ағаш тұр алдымда ауырған.

Кете-тұғын кез­де мынау бұрқанып,
Бұтақтарын әрең қозғап тұр талып.
Қысылады-ау байғұс ағаш тершидi,
Денесiнен өт­тей жасыл су тамып.

Оның ендi күңгiрт­тенiп аспаны,
Тұла бойы ауыр тарта бастады.
Бұрқырап-ақ тұра-тұғын кезiнде,
Ірiп түсiп жатыр жасыл шаштары.

Сыбыр-сыбыр сыбырламай, үндемей,
Тынып қалған жыр-көмей де, үн көмей.
Өтiп бара жатыр мына өмiрден,
Ең болмаса бiр рет те гүлдемей.

Мұңын оның жүрегiңе құясың,
Қалай оны жамандыққа қиясың?!
Өтiп бара жатыр ендi бiр рет,
Тербетпестен құстың ыстық ұясын.

Тұла бойы арса-арса боп сөгiлген,
Теңселедi ол үнсiз ғана егiлген.
Ғашықтарды паналатпай бiр рет,
Өтiп бара жатыр ендi өмiрден.

Өн бойынан қашып тiрлiк сарыны,
Бәсең тартқан ұлы өмiрдiң ағыны.
Сөнiп бара жатыр ендi жарығы,
Семiп бара жатыр ендi тамыры.

Есiт­тiң бе ажал-сұмның ызыңын.
Бiт­тi, бiт­тi жырым сынып, үзiл үн!
Көктей солып бара жатыр осы ағаш,
Көре алмастан бұл өмiрдiң қызығын.

САҒАТ ЖӨНДЕЙТIН
ШЕБЕРГЕ

Жан секiлдi үңiлген кеп тереңге,
Жан секiлдi үңiлген кеп өлеңге.
Тық-тық етiп соғып тұрған дiрiлдеп,
Үңiлесiң нәзiк тылсым әлемге.

Тықылдаған шеңберлердiң тiркесiн,
Жеделдетiп, ендi бiрде iркесiң.
О, ғажап-ай, соғып тұрған дiрiлдеп,
Сол әлемдi саусағыңмен түртесiң!

Зергер-шебер, тамсантады тiрлiгiң!
Өзiңнен мен өтiнгiм кеп тұр бүгiн.
Қылдай нәзiк құралыңмен шымшып ап,
Құйып жiбер сол сағатқа күн нұрын.

Бiр үмiт­тер көңiлiмде бүр жарып,
Бiр сәулелер бiр өшедi, бiр жанып.
Құйып жiбер күннiң нұрын, кетсiншi,
Минут­тар мен секундтар нұрланып.

Зергер-шебер, жетедi ғой жалының!
Жетедi ғой құдiретiң, қарымың.
Қылдай нәзiк құралыңмен сағатқа,
Құйып жiбер айдың аппақ жарығын.

Бiр үмiт­тер таңғы нұр боп атпақ боп,
Бiр сәулелер күйдiредi аптап боп.
Құйып жiбер айдың нұрын,
кетсiншi.
Минут­тар мен секундтар аппақ боп.

Зергер-шебер, жұмсақ екен түр-түсiң!
Кеудеңде ендi ғаламат күш бұлқынсын.
Қылдай нәзiк құралыңмен сағатқа,
Құйып жiбер қуаныштың күлкiсін.

Құйып жiбер, сол бiр ғажап сырды ұрлап,
Таусылмайтын аңыз болсын мың жырлап.
Минут­тар мен секундтар төгiлiп,
Бара жатсын сыңғыр-сыңғыр, сыңғырлап!

Зергер-шебер, бөлек екен бiтiмiң!
Бөлек екен құдiретiң, үкiмiң.
Қылдай нәзiк құралыңмен сағатқа,
Құйып жiбер жүрегiмнiң лүпiлiн.

Мынау өмiр, мынау тiрлiк үшiн де,
Үрейленiп дүбiр менен дүсiрге.
Дiрiлдеген жүрегiмнiң лүпiлi,
Соғып тұрсын сол сағат­тың iшiнде!

ЖУСАН

Оранған боз сағымға,
Көкiрегiм құм шағыл.
Өзегiмде, жанымда,
Бұрқырайды жусаным.

Ойыма ащы мұң салар,
Қапаланып тұрсам бiр.
Жусан күй мен жусан ән,
Жусан сөз бен жусан жыр.

Тұнып тұр ғой түз деген,
Жусан болып мың аңыз.
Сондықтан да бiз деген,
Жусан аңқып тұрамыз.

Онсыз жүнжiп өтемiз,
Түскендеймiз құрсауға.
Аруақтанып кетемiз,
Аунап алсақ жусанға.

Алыс кеткен күштi де,
Аңсап соны жылады.
Моламыздың үстiне,
Жусан өсiп шығады.

Көп нәрсеге көнiкпiз,
Қуырылмас апшымыз.
Жусан-сынды берiкпiз,
Жусан-сынды ащымыз.

Жарылатын ағынан,
Жусан – менiң сазды үнiм.
Жусан – менiң мағынам,
Жусан менiң мазмұным.

Жусанда сол жал, құмның,
Шөлiркеген әнi бар.
Жусанда сол халқымның,
Тағдырының дәмi бар!

КҮЙIНIШ

Мына жанның iшi неткен қараңғы!
Безiндiрiп жiберетiн адамды,
Безiндiрiп жiберетiн заманды.
Сыздататын жаныңдағы жараңды,
Мына жанның iшi неткен қараңғы!

Көрiп едiм құпия бiр ғаламдай,
Көрiп едiм құпия бiр қамалдай.
Жарығы жоқ, жалыны жоқ iшi оның,
Қараңғы екен үңiрейген арандай.

Жан сияқты жанталасқан жан бағып,
Жол iздедiм қараңғы iшiн қарманып.
Қайтейiн мен келмедi ғой қолымнан,
Қояйыншы деп ем оған шам жағып.

Жаным менiң шыдамады, төзбедi:
«Мына адамнан кет, кет!» – дедi
– «без!» – дедi.
Түктi қара өрмекшiлер сияқты,
Қаптап өрiп бара жат­ты сөздерi.

Сырты сұлу қоятындай көрмеге,
Ішi бiрақ тұнған бықсық әрнеге.
Қап-қараңғы түкпiрiнен жанының,
Үрейдi алып, ысылдайды әлдене.

Деп жүрмешi жан екенсiң –жаңғалақ,
Сенбесең сен iшiне оның ал қарап.
Тiлегiне оратылып жыландар,
Жүрегiне жабысып тұр жарқанат.

НАЗА

Бұған ендi көнбе мейлi, көн мейлi,
Бұған ендi сенбе мейлi, сен мейлi.
Бiлмей тiптi шамасын да, шарқын да,
Қатардағы адамың да «мен» дейдi,
Қапталдағы адамың да «мен» дейдi.

«Мен, мен» – дейдi,
«Мен, мен» – дейдi, «Мен» – дейдi
«Мендей жан жоқ, iшiң күйсiн, өл» –
дейдi.
Бiр-бiрiне көне тұрып, көнбейдi,
Бiрiн-бiрi көре тұрып, көрмейдi.
Барабандай қағып қуыс кеудесiн
«Мен» «Мен» – дейдi,
«Мен» «Мен» – дейдi, «Мен» – дейдi.

Кеудесiне ауа мен жел үрлеген,
Бiр оңбаған «Мен, менге» сол үндеген –
Елiн, жерiн, халқын бәрiн ұмытып
Өзiн айтып өзеурейдi мiнбеден.

«Менге» толы бүгiнiм де, кешем де,
«Менге» сыймай бара жатыр көшем де…
Оқуы бар, тоқуы бар адамдар
Ұшыраған қандай сұмдық кеселге.

«Мен, мен» – дейдi –
ортадағы, соңғы да.
«Мен, мен» дейдi –
оңсызы да, оңлы да!
«Мен, мен» дейдi –
дәнсiз қауыз, кеуек ми,
«мен, мен» дейдi –
бейшара да, сорлы да!

«Мен, мен» – қазiр талай жұрт­тың ұраны,
«Мен, мен» – қазiр талай жұрт­тың құралы.
…Кiл көжектi жиып алып
«Мен, мен» деп қорқағың да қоқиланып
тұрады.

Ауызға алмай айбарлысын, арлысын,
Ауызға алмай жауырынды, жалдысын
Шыжбалақтап шырылдайды «Мен, мен»
деп…
Әт­тең, әт­тең батпайды ғой қарғысым.

Қанша жан жүр көлеңкедей ербеңдеп,
Қанша жан жүр көбелектей көлбеңдеп…
… дүңкілдетіп төсін ұрып—«Мен, мен» –
деп,
Тағы біреу жүгірді әне өңмеңдеп…

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 16.11.2024 | 19:48

кемелді ойларға толы, сүйекті жырлар екен.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір