МАҚАШ ӘКІМ ТАҒЫЛЫМЫ
20.10.2024
77
1

Жақында менің қолыма Жәңгір хан мектебінің түлегі, этнограф Мақаш Бекмұханбетовтің 1893 жылы «Астараханский вестник» журналының № 2722 санында жариялаған « Қазақ даласындағы қамқорлық» ат­ты мақаласы түсті. Көрнекті ел басқарушысының, этнографтың қазақ даласында бұдан 130 жылдай уақыт бұрын өмір сүрген біздің аталарымыздың арасында кем-кетік адамдарға қандай қамқорлық түрлерінің болғанын және орыс авторының қазақтар арасында құлдық туралы жазған мақаласындағы деректердің шындыққа сай еместігін дәлелдеп жазған жауабын қазіргі замандастарыма жеткізу мақсатында осы материалды ана тілімізге аударып ұсынып отырмын. Көрнекті этнограф осы мақаласында орыс шенеуніктерінің арасында орын алған қазақтарды кемсітетін, жалған пікірлерге жауап ретінде өз халқының адамгершілік қасиет­терін шынайы бейнелеген.
«Осы айдың 19 наурызында «Астраханский вестникте» жарияланған «Қазақ даласында кедейлерді жек көру» ат­ты мақалада мынадай оқиғаны жазыпты:
«Балық өндіруші байға бір күні Краснояр уезіне шекаралас жерде көшіп-қонып жүрген екі қазақ келіпті. Олардың біреуі балық кәсіпшілігінде жұмыс істейтіндердің қатарына кіргісі келген. Қожайын жұмысшыны жалдауға рұқсат берген, бірақ жалға алудың тәртібін талқылау кезінде қожайынға жалданатын адаммен емес, оның қасындағы қазақпен келісім- шарт жасауға тура келген. Қожайын бұған аң-таң болғанда қасындағы қазақ жағдайды былай деп түсіндірген көрінеді. Бір өте қат­ты қыс болған жылы қазір қожайынның алдына келіп, жұмыс сұрап тұрған екеуінің ішіндегі ауқат­тысы өзінің руласын қамқорлығына алып, оны құтқарғаннан кейін екеуі келіскен, ауқат­ты адамнан көрген жақсылығы үшін, жаңағы қамқорлық көрген кедей адам жұмысқа қайда жұмсаса да баруға, егер басқа жерге қызмет істеуге тұрған жағдайда, алған ақысымен сол ауқат­ты кісімен бөлісуге келісіпті. Олардың айтуынша, бұл – дала тұрғындарының арасында бірінші жағдай емес көрінеді».
Менің өзім Ішкі Орданың тұрғыны болғандықтан, ол жердің жағдайын жақсы білетіндіктен, мақалада көрсетілген қазақтардың арасында құлдыққа ұқсас жаңағы мысалды растай алмаймын, себебі қазақтардың өздерінің руластар түгіл, тіпті танымайтын кедей адамдарға қамқорлық жасаудан бас тартпайтынына кепілдік бере аламын. Оның үстіне, кісі үстінен күн көру – дала заңдарымен қатар көшпелі қазақтар қолданатын Мұхам­мед дініне де жат құбылыс екені белгілі. Қазақтардың дәстүрі бойынша ауқат­ты адам аштыққа ұшыраған қандасын паналатуға және тамақтандыруға міндет­ті, бұл қамқорлық жасау емес, қайталаймын, міндеті. Жұт болған жылдары ауыздарына нәр салмай ашыққан кейбір адамдар кейде ауқат­ты туыстарының малын оның рұқатынсыз сойып алып, жандарын сақтап қалғаны шындық қой. Ондай жағдайда, елдің адамдары кедей адамды ешқандай жазаға тартпаған.
«Қазақ» деген «еркін» деген мағынаны білдіреді. Қазақтардың мінезіне құл болу деген жат. Қазақтар арасында ешқашан құлдықтың болмағанын халықтың арасында кең тарап, заңдық дәрежеге дейін қолданысқа ие болған «Бекке берешек болма, кедейден аласа болма» деген мәтелдер дәлелдейді. Осы айтылғандар қазақтардың арасында құлдықтың болмағанын және кедей адамдардың мойнына қарыз ілмегенінің дәлелі емес пе?
Қазақ даласында халыққа қамқорлық шараларына байланысты мынаны айтуға тиіспін: Ордада қамқорлық өте мықты дамыған, оның үш түрі бар: 1. Халық дәстүріне сай; 2. « Ислам» қағидаларына сай; 3. Ерікті түрде.
1.Халық дәсүрі бойынша қамқорлықтың мынадай түрлері бар: а) Жылу – бақытсыздық орын алғанда, мысалы: жесір қалғанда, өртке ұшырағанда, малдан айырылғанда және т.б.; ә) Қызыл – кедей отбасылардың жұмыс көліктері өлген жағдайда көршілері сол малды сойып, өздеріне таратып алады да, кейін бәрі бірігіп жас малдарын жинап, оларды жұмыс көлігінен айырылған адамға тегін береді; б) Қонағасы – жолда келе жатқан жолаушыны үйіне қондырады, кешке және ертеңгісін қонақтайды, мінген көлігіне жем-шөп беріп баптайды. Егер үйде дайын тамақ болмаса, қой сояды. Бұл келген кісіні ерекше құрмет­теудің белгісі болып саналады. Осындай кездейсоқ қонақ – «құдайы қонақ» деп аталады, яғни ол Құдайдың өзі жіберген қонақ болып саналады. Ырымшыл қазақ халқы құдайы қонақ отбасына ырыс-береке әкеледі деп есептеп, оның аузына үйдегі барын тосып, әлек болады.
Ат-май – егер кедейлеу туысқаны алыс жолға сапарға шығатын болса, ауқат­ты руласы ол адамға қажет мініс көлігімен және ат арбамен қамтамасыз ететін болған. Көлік-май деп – кедейлеу туысқаны үйін басқа жерге көшірген кезде оның киіз үйі мен жиһаздарын артуға қажет түйемен қаматамасыз етуді айтады. Сауын деп – ауқат­ты адамдардың кедей туысқандарына өздерінен артылған сүт өнімдерімен бөлісуімен қатар, мүйізді малдарын беруді айтады.
2. Ислам ілімі бойынша міндет­ті қамқорлық түрлері: а) Зекет – жыл сайын жарлы адамдарға 40-тан 1 есебінде мал және жем-шөп үлестіру; ә) Пітір – жыл сайын Рамазан айында кедейлерге отбасының әрбір мүшесінен нанның бағасына қарай 10-25 тиыннан садақа беру; б) Исқат – кедей адамдардың қайтыс болған туыстарының орнына олардың жіберген оразасы мен намазын өтеу; г) Құрбан айт – жыл сайын әрбір ересек адам Құрбан айт мерекесінің құрметіне құрбандыққа мал шалып, етін кедей адамдарға үлестіріп береді.
3. Өз еріктерімен азамат­тардың қамқорлық жасауы далада өте жоғары дамыған. «Бай» деп аталатын ауқат­ты адам еш уақыт­та кедейлерге көмектесуден бас тартпайды, ол өзінің халықтың алдында беделін сақтауға да қажет. Сараң адамдар халық арасында келекеге ұшырап, жағымсыз ат­тарға ие болады.
Аса қат­ты қыс жылдары жем-шөбі көп адамдар, шөбі таусылып қорлық көрген ауылдастарына артық шөбін ақшаға өте аз жағдайда ғана сатып береді, көбіне тегін немесе қарызға береді. Ал берген шөбін тек шөп көп шыққан жылдары ғана қайтарып алады.
Осындай деректерден кейін Ордада құлдық дегенге ұқсас құбылыс пен адамгершіктен жұрдай, адамды сүймейтін, кедей адамдарға жандары ашымайтын тасбауыр жартылай жабайы адамдар өмір сүреді дегенге кім сенеді? Және этнограф атамыз келтірген халқымыздың өзіне де, өзгеге де қамқорлық жасауға жақын тұратыны туралы деректері қазақтың қанына сіңген асыл қасиет екенін XX ғасырда өмір сүрген біздің әкелеріміз бен шешелеріміз жер ауып келген өзге ұлт өкілдеріне көрсеткен қамқорлықтары арқылы дәлелдеп кет­ті емес пе?!
Бұл мақаладан біз, Мақаш болыстың өз халқының атына кір келтірмеу үшін барын салып, құлдық немесе біреуді жалдап қойып арам ақша табушылыққа жан-тәнімен қарсы тұрған таза адам болғанымен қатар, өте сауат­ты, заң-законды жақсы біліп, орыс билігінің алдына мәселе қойып, халқын қорғай білген өте беделді болғанын көріп отырмыз.
Мақаш болыстың бұл мақаланы жазғанына 130 жылдың үстінде уақыт өткен екен. Қазіргі қазақтар Мақаш болыс өмір сүрген кездегі қазақтар емес. Ол кісі өмір сүрген кездегі адамдардың бір-біріне деген қайырымдылығы бөлек болған. Сондықтан Мақаш сынды асылдарымыздың айтып, жазып кеткен ақыл-кеңестеріне де зер салып қойғанымыз жөн.

Ш. Нағымұлы,
Каспий маңы академиясының
академигі, Атырау облысы

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 15.11.2024 | 15:07

Керемет мақала! Өзіміздің бұрын қандай болғанымызды көретін, өз ұлтын орыстардың алдында ақтап алу ғана емес, «аталарың осындай болған»,- деп түсінік беретін мақала екен!
Мен, Қаюпов Табылы, Беріш — Бегіс руынан шыққан т.ғ.к., зейнеткермін. Түбіміз Жалтыр көлде өмір сүрген Майран байдың ауылынанбыз. Менің туған атам Петерборда оқып, осы Мақаштың орнына правитель болған, әйгілі Аққыстауды салған, 1917 жылы ставкада өлтірілген Қалидолла. Астанада тұрамын. Атам туралы ештеңе білмеймін. Әкем 1937 «Алашорда — халық жауы» болып сотталып, 1947 жылға шейін Астархан түрмесінде отырған. Әкем «өміріңе қауіп болады»,- деп ештеңе айтпады. Мүмкін сіз білетін шығарсыз атам туралы. Маған хабар беріңізші! 8-701-522-06-78. tabyldy.k@mail.ru

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір