Балуан әкім (памфлет)
16.10.2022
743
0

«Жұмысымыз арық болғанымен, бастығымыз семіз: Құдайдың мұнысына да шүкіршілік!» деген екен баяғыда бір бейбақ. Сол айтпақшы, шаруашылық шатқаяқтап жатқанымен, ауылымыздың әкімі – айтары жоқ, нағыз алтын адам! Шіркін, елдің бәрі сол кісідей кемеңгер болмаса да, соған жетеғабыл деңгейге жетіп жығылса ғой, азып-тозған ауылымыз әлдеқашан әлденіп-ауқат­танып, өсіп-өркендеп кетер еді. Амал жоқ, әкім ағайдан басқамызды Алла-Тағала ақыл-айладан кенде ғып, кем жаратқан ба, әйтеуір көшбасшымыздың көңілінен шыға алмай, көлеңкесіне ілесе алмай жүрміз.

Қас қылғанда, бұл кісі не іс көзін білер көмекшіге, не пысық атқарушыға, не дені сау орынбасарға жарымай келеді. Бір қарағанда, ауылда ол кісіге сенімді серік боларлық азамат­тар бар да секілді, бірақ жеме-жемге келгенде… жоқ болып шығады. Әкімнің айналасына топтанғандардың тірлігі анау – ол кісі арнайы тапсырмаса, тікелей көңіл бөлмесе, «осы уақытқа дейін осыны бітірмесеңдер, орындарыңнан аламын» деп қорқытпаса, оңайлықпен қимылдамайды. Әкім ағай оларды сан рет сапырылыстыра қағыстырып-ауыстырып та көрді – нәтиже жоқ. Басшы қаһарына мінгенде ғана бүлкілдей шапқан болып, «бақылаушы» басқа шаруаға айнала бергенде баяғы өгізаяңына қайта басады.
Амалсыздан әкіміміз барлық іске өзі бас-көз болып, қоян-қолтық араласатын болды. Қолына шалғы ұстамаса да, шөп шабушылардың қосынан табылып, іс барысын бақылады. Тырылдаған тракторларға тыным таптырмай, жер жыртушыларды желкесінен төніп, қадағалады. Бармағының ұшын бір жалап қойып, бұғалтырларға ақша санасты, дередей білегін дереу түріп жіберіп, сауыншыларға сиыр сауысты, тіпті кейінгі уақыт­та мектеп асханасына бас сұғып, балаларға пісірілген ботқаның дәмін өзі татып көруге көшті. …Әне, кеше ғана көрдім, енді ауыл көшелеріне ат қоюға да атсалысып, тақтайшаларды өз қолымен іліп жүр. Өйткені ешкімге сенбейді-ау, сірә (әлде өзі кіл сенімсіздер мен жалқауларды жинап ала ма?). Көп ұзамай біздің ауылда ешқандай шаруа әкімнің араласуынсыз шешілмеуге айналды. Бұл жағдай қашанда жастығы дайын жағымпаздарға жасыл шам жағып берді: «әкімнің өзінің тікелей араласуымен…», «қолына дерт бермегір әкім ағайдың арнайы пәрменінің арқасында…», «әкім өзі келіп көмектеспесе, әй, бітуі қиын іс еді…» деген секілді қораш қолпаш, жалпыш жарамсақ сөздер енді түйдек-түйдегімен кез келген жерде ақтарылатын болды.
Басқа ауылдардың басшыларын да ара-тұра көріп қаламыз ғой, бірақ дәл біздің әкімдей білгір, көреген, бастамашыл жетекші көрген емеспін. Ешкімнің қиялына да келмейтін қиын идеяларды қисынын тауып, қиюын келтіре жоспарлап, өзіне де, өзгеге де тыным бермейді. Бұ кісі әкім болғалы, ауылдың жалғыз клубының бос тұрған кезі жоқ: бірде ана ауылдан, біресе мына ауылдан лек-легімен меймандар келіп, мелдектеп тойып, мейлінше разы боп ат­танып жатады.
Әкіміміз – жан-жақты адам. Әсіресе спорт­ты керемет жақсы көреді. Өзі – нағыз шебер балуан. Жастайынан жамбасы жер иіскемеген, қарсылас шақ келтірмейтін сұрапыл кісі. Жасы келе бастағанына қарамастан әлі де қауқарлы, әлі де ауылдың бас балуаны атағын ешкімге бергісі жоқ. Рас, ауыл халқының көз-құлағы осы кісіге әбден үйренісіп біткен, оның үстіне орынбасары да, атқарушысы мен көмекшісі де «Балуан әкімге тең келер ешкім жоқ, көкеміздің орнын басар бала-балуан әлі дүниеге келген жоқ!» деп ертелі-кеш ес жиғызбайды. Сондықтан олар әкім ауылдың бас балуаны болып мәңгілікке қалса да, «неге?» деп сұраудың өзіне құлықсыз.
Қызық болғанда, әкіміміз кейінгі кезде тосын өнер бастап жүр. Бұрын, спорт­тық бабы келіскен шағында, қарсылас таңдамаушы еді, бозкілемге кім шықса да шыдатпайтын. Тізе бүккен жігіт­тер де – жалпы алғанда, абыроймен, лайықты жеңілетіндей көрінуші еді. Енді әкім мырза әбден әккі бола бастады ма, әлде қайраты кеміген шағында шама-шарқы әжептәуір әлеует­ті қарсыласқа тап болудан сақтана ма, әйтеуір кейінгі бірнеше бәсекеде кім көрінгенмен күресетінді шығарды. Әрине, ол сорлыларды оп-оңай-ақ ойсырата жеңіп, мерейі үстем болады.
Ең сорақысы – биылғы «жекпе-жек» болмақ: бұл жолы әкіміміз ауылдың бас балуаны атағына, неге екені белгісіз, адам құрып қалғандай… көтерем көксау шалмен, бір қолы жоқ шолақпен және орнынан тұра алмайтын мешел баламен таласқалы отыр. Онсыз да бетіне қарап бір түшкірсе-ақ ұшып түсер кіл ақсақ-тоқсақты алып ұрып жыққанда, не абырой таппақ – абдыраған ауыл жұрты осыны түсіне алмай дал…
Сонда да біз әкіміміздің әлгі жа­рым­жан міскіндерді жапыра жеңіп, ауылымыздың бас балуаны атанарына кәміл сенеміз!

Сәкен СЫБАНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір