НЕГЕ ТУА БЕРЕСІЗ?
15.10.2024
90
0

Бетпақдалада жын жоқ, жыны несі, дым жоқ. Адамы несі, ел жоқ… Оны бәріңіз білесіздер. Түсімде осы Бетпақдалаға әкім болыппын. Бетпақдала облысы құрылып, жан-жақтан ел көшіп келіп, көшелер бой түзеп… Қақаған қыс айында қаламыздағы бір апай бірден бес бала таппасы бар ма? «Дала», «Жусан», «Жантақ», «Топырақ» газет­тері дабыралатып жазып жат­ты. Бір күні бұрын он баласы, енді қызыл шақа бес баласы бар алып ана қабылдауыма келді. Екі баласын арқасына таңып, екі баласын етегіне орап алып, бір баласын қолтығына қыстырып келген апай:
– Кешіріңіз, 15 баланың анасымын, пәтер берілсе деп келдім, – деді.
– Қайда тұрып жатырсыздар? – деп сұрадым мен.
– Қасқырдың апанында тұрып жатырмыз.
– Жоқтан жақсы.
– Қасқырдың апаны суық, жылу, газ, свет жоқ.
– Свет кіргізіп береміз. Тапсырма беремін, – дедім мен.
– Жарық жоқ болса да, светке төлеп жатырмыз.
– Қалай сонда?
– Білмеймін, шырағым, әйтеуір, айдың аяғында суға, жылуға, жарыққа «кібітәнсия» келіп тұрады. Жер салығын да төлеп тұрамыз. «Қасқыр апаны аспанда болғанда, төлемейтін едіңіздер», – дейді салықшылар.
– Ім-м… Күйеуіңіз не істейді? – деп сұрадым мен.
– Күйеуім мүгедек. Екі аяғы жоқ. Қасқырлар күнде апан аузына келіп, ырылдап кетеді. «Шығыңдар!» – дейді.
– Қақаған қыста шығаруға құқы жоқ!
– «Түркістанда шенеуніктер қақаған қысты қыстырмай, жұрт­тың үйін сүріп жатыр, солардан әулие емессіңдер!» – дейді қасқырлар.
– Сіздерді жеп қоймай ма?
– Батыр аналарды жемейді екен.
– А-а-а. Жайша жүрсіз бе?
– Орталықтан пәтер бер. Өзіңіз білесіз, үшем тапқандар да пәтерлі болып жатыр.
– Олар – жастар. Сіздің жасыңыз қаншада?
– Елу үште.
– Ұялмайсыз ба, апа! Келіндеріңізбен «марафонға» түсіп, сіз де қызықсыз. Неге туа бересіз? Бірдеңе көрінді ме?
– Құдайдың бергені де.
– Құдай бере берсе, ала бересіз бе?
– Үй бермейсіз бе сонда?
– Берілмейді! Қасқырдың апанында тұра беріңіз!
– Қасқырлардан да ұят екен. Сүйреп әкелген қой ет­терінен қашанғы қуырдақ жей береміз?
– Жағдайыңыз жақсы екен ғой! Апа, менің жұмысым бар, түс қайта Астанаға ұшып кетуім керек. Сау болыңыз!
– Онда, шырағым, мына бес баланы жылы кабинетіңе тастап кетемін! Көктемге де­йін! Сау бол, шырағым! – деген алып ана кабинетімнен шыға жөнелді. Үстелімнің үстінде іңгәлап жатқан бес нәрестенің даусынан шошып, алып ананың артынан тұра жүгірдім. Әлі жүгіріп келемін.

О, МАХАББАТ! 

(Кітаптар тілімен)

«Абай жолымен» келе жатқанмын. Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпанын» кездестіріп қалдым. Бұрыннан танимын ғой, жөн сұрасам, эпостық жырдағы «Баян сұлу» сауда орталығында Мұхтар Мағауиннің «Аласапыраны» (менед­жер дегенім ғой) болып жұмыс істеп жатыр екен. Өзімше «движение» жасағым келіп кет­ті. Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббатын» басымнан өткеріп тұрмын. Баяғыда Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Ата қонысына» барғанымда бір рет көргенмін. Бойжетіп қалыпты. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегіндей» білегі аппақ екен… Спандияр Көбеевтің «Қалың малын» төлеп, үйленіп алсам ба екен? Әй, бірақ қу кедейшілік-ай, Бейімбет Майлиннің «Сексен сомы» жетпейді ғой? Мейлі, Мағжанның «Батыр Баяны» сияқты өліп кетсем де, шіреніп тұруым керек қой. Өлгені құрысын, Бердібек Соқпақбаев жазып кеткен, «Өлгендер қайтып келмейді»… Шынымды айтсам, Әбдіжәміл Нұрпейсовтің «Қан мен теріндей» терлеп кет­тім. Қыз да үндемейді. Тұтқабай Иманбековтің «Тұт ағашының көлеңкесінде» әлі тұрмыз. Бұл қыз маған Мұқағали Мақатаевтың «Арманы» сияқты ма? Жоқ, әлде Шыңғыс Айтматовтың «Жан пидасы» дегендей, алып қашсам ба? Сот­талып кетемін-ау? Рымғали Нұрғалидың «Аяқталмаған трагедиясы» болып жүрсем ше? Не деп кет­тім? Сәкен Иманасов сияқты «Айтар едім», бірақ тілім күрмеліп:
– Кешіріңіз, Теодор Драйзердің «Аяулы Керриіне» ұқсайды екенсіз, – дедім мен.
– Ағай, Халлдор Лакснесстің «Арманын аңсаған жандар» күйін кешкен жалғыз сіз емес, – деді бойжеткен назданып.
– Кешіріңіз, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдарын» бастасақ қайтеді? – деп әзілдедім мен де.
– Мұстафиннің «Миллионері» болсаңыз, көреміз.
– Хамит Ерғалиевше «Біздің ауылдың қызы» ғой, қарапайым қарындасты жолықтырдым деп ойлап тұрсам, ақшаны ғана ойлағанша, Бекхожиннің «Мәриям Жагор қызынан» үлгі алсаңыз болар еді.
– Ағай деймін, әзілді көтере алмайсыз ба, жүдә, Тахауи Ақтановтың «Қаһарлы күндеріне» ұқсап барасыз.
– Ілияс Есенберлиннің «Жанталасындай» жармасып жатқаным ғой, қарындас.
– Немене, Сәкен Жүнісовтің «Ақан серісі» ме едіңіз?
– Айтпақшы, қолыңыз бос па? Кафеге барып, Роллан Сейсенбаевтың «Түнгі диалогін» бастасақ?
– Мұратбековтің «Ай туар алдында» ма?
–Иә. Ғабит Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейнесіндей» аһ ұрып қалмайын деп…
– Жарайды. Шексипирдің «Король Лиріндей» қоймадыңыз ғой?
О, «Мөлдір махаббат!» О, «Махаббат, қызық мол жылдар»! Мақатаевтың «Аққулары ұйықтағанда» «Ұлпанның» қыпша белінен қапсыра құшақтап, Қали Сәрсенбайдың «Тұлға тағдырындай» болмасам да, кеудемді кере ұстап, «Оянған өлке» –Шымқаланың шырайлы көшелерінде «Алмас қылыштай» жарқырап келе жат­тым… О, Махаббат!

СІЗ ӨЛІП КӨРДІҢІЗ

Бір күні өліп қалыппын. Өлейін деп өлген жоқпын, «қатқанский, рақатқа батқанский» деген оппозициялық партияға кіргенмін, партия мүшелері қуғындалды да, мен пақырың түрмеге түсіп, сол жерде асылып өліп қалдым. Қабірде жатқаныма он күн өт­ті, не істерімді білмей кет­тім. Бір кезде, келесі қабірден күбір-күбір сөз естідім. Қабірді үңгіп, ішке қарай топ ете қалсам, Шыңғыс хан, Гитлер, Наполеон үшеуі карта ойнап отыр екен.
– Сен кімсің? – деп сұрады Шыңғыс хан скелет.
– Кешіріңіз, «свежий өлік» едім.
– «Сика» ойнасың ба? – деп сұрады Гитлер жауыз. Қабірден қабірлерге өтіп, жер асты көшесімен көңілсіз келе жатсам, бір скелет мойныма сүйек қолдарын асып, жабыса кеткені. Зәрем қалмады.
– Ағай, менің атым – Оля, танысайық! – деп қояды.
–Жоқ, рақмет, жер бетінде әйелім бар, бойдақ емеспін, – дедім мен.
– Ағай, құшақтаңызшы! – деді ол. Қай жерін құшақтайын? Ол мені бас салды. Құдая, беті құрысын, бұрын скелет қызбен кім сүйісіп көріпті? Жер асты жүргіші екен ғой? Тұра қаштым, бір жерге келсем, үш қайыршы отыр екен. Мәссаған, жер астында да, қайыршылар бар екен-ау?!
– Сіздер кімсіздер? – деп сұрадым мен.
– Қайыршылармыз. Бірақ жер бетіндегі олигархтармыз, миллиардерміз!
Мемлекет­тің бюджетін теспей сорып едік, – деді бірі жыламсырап.
–Қайран, алтындарым! Қайран, қатындарым! Бірін де алып кете алмадым! – деп күрсінді екінші қайыршы.
– Өлә, жер астына тыржалаңаш келдік, – деп ұялып қалды үшіншісі. «Е-е, пенделер, о дүниеге бір метр ақ матамен кететіндерінді білсеңдер де, көздерің тоймайды-ау? – деп ойлап үлгергенімше, біреу басыма қолымен қойып қалды. Қарасам, бір өлік қисалаңдап тұр.
– Темекі бар ма, братан дейді. Сөйтсем, кеше ғана арақтан уланып өлген алқаш екен. Сонадай жерден жаңағы скелет қызды көріп қалдым, құшағын жайып, жүгіріп келеді екен. Тұра қаштым. Сіз өліп көрдіңіз бе?

 

Мұхтар ШЕРІМ,
Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты,
жаушы-сатирик

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір