Байыпты тақырыпты хайпқа айналдыру неге белең алды?
17.09.2024
153
0

Қоғамдық пікір алаңындағы сөз бен ой еркіндігіне құрметпен қараған дұрыс. Алайда отыз тістен шыққан сөздің отыз рулы елге тарайтыны сияқты, кез келген кесімді пікірдің әлеумет арасындағы дауға айналуына бей-жай қарауға болмайды. Өкінішке қарай, қазақ қоғамы мұндай жағдаймен жиі бетбе-бет келіп отыр.


Әсіресе дін мен тіл тақырыбына қатысты әлеумет­тік желіде айтылған ой-пікірдің соңы тұтас қоғамдық талқылауға ұласып, әлеумет­тік алауыздыққа дейін жалғасатыны жасырын емес. Соның бір мысалы ретінде, осы сәт­те халық арасында ашық талқылауға түскен дінтанушы-ұстаз Қабылбек Әліпбайұлының сұхбаты болды.

Бейне-сұхбат­та Қабылбек Әліпбайұлы қазақ қоғамындағы діни ағымдарға деген көзқарас пен араб мәдениетіне қатысты қарсы пікірлерге жауап бере келе, «қазақ тілінің қолданыстағы сөздік құрамының 70 пайы­зы араб тілінен енген сөздерден тұрады. Егер қоғам бізге «арабшыл» болма десе, онда қазақ осы сөздердің бәрінен бас таруы керек…» деген ой айтады. Пікір иесі бүгінгі тілдік қолданыстағы «рақмет», «ұстаз», «шүкір», «дәптер», «мешіт», «медрессе», «тәуба» сөздеріне тоқталып, бұл атаулардың барлығы араб тілінен енгенін мысалға келтіреді. Сондай-ақ ол қазіргі қолданыстағы қазақ сөзінің қалған отыз пайызға жуығы орыс тілінен енгенін де тілге тиек етіп: «Егер жұрт айтқандай арабтың тілі мен мәдениетінен бас тартса, онда бұл сөздерді қолданбауы керек. Одан қалды орысша сөздерді алып тастасақ, не қалады? Ол сөздердің орнына не қолданамыз?» – дейді.
Бұған дейін де түрлі ойларымен танымал болған дінтанушының осы сөзі қазақ арасында қызу талқыға түскені анық. Әлеумет­тік желідегі пікір ауанын саралап шыққандағы түйгеніміз, қоғамда дәстүр мен дін тақырыбының өте нәзік мәселеге айналғанын әрі бұл тақырыптағы қандай да бір дүдамал пікірдің салмағы мен салдары ауыр болатыны байқалады, яғни әлеумет­тік желі қолданушылары дінтанушы-ұстаз Қабылбек Әліпбайұлының сұхбатына қатысты екіұдай пікірде қалып отыр. Бір тарап: «Мұндай пікір қазақ тілінің түп-тамырына балта шабу, сол арқылы Ұлт­тың тілі мен мәдениетін мансұқтау» – десе; екінші топ «Дүмше діндарлардың кезекті хайп жинап, әлеумет­тік желіде өткінші дауыл туғызуы…» – деген сыңайдағы ойда екен.

Тіл туралы талқылауды мамандардың еншісіне қалдырайық…

Айтпақшы, тақырыпқа орай танымал дінтанушылар да үнсіз қалмады. Мәселен, белгілі дінтанушы Мұхан Исахан былай дейді:
«Марқұм Жағда Бабалық атамызбен 2009 – 2010 жылы жақсы араластым. Саясат­танушы Есбол Өміржанов екеуміз Алматыдағы Әуезов пен Бөгенбай көшелерінің қиылысындағы пәтеріне жиі барып, ақсақалмен сұхбат­тасатынбыз. Сонда ақсақалдың 30 томға жуық жинаған дүниесі бар екенін білдім. Оның жартысынан көбі тілге қатысты еді. 1970-жылдары Тіл институты жасаған «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне» 170 мыңдай сөз еніпті. Ақсақал соған ренжіп: «Жеке менің зерт­теуім бойынша, қазір қазақ тілінде 1 миллиондай сөз бар. Бәрін хат­тап, мына 15 томға кіргіздім. Ал мен білмейтін қаншама сөз бар! Тіл институтынікі не сандырақ?!» – деп кейіп еді жарықтық. Аздап төтеше оқи алатындықтан ақсақалдың жиған дүниесін ақтарып шығып қараймын. Оның 1 миллион сөз деп жүргенінің көбісі көшпелі өмірге қатысты сөздер екен. Бір ғана тігіншілікке қатысты жүзге жуық сөз жинапты. Біз білетін білеу, сабақтау, түйіндеу, жегенелеу, оймақтау, сетінеу, шилеу, күрмеу сөздерінен басқа тігіске қатысты өзім білмейтін қаншама сөз бар екенін аңғардым. Қару-жараққа қатысты 1000-ға жуық сөз бар екен. Түс пен бояуға қатысты 500-ге жуық қазақ тілінде сөз бар болып шықты. Ақсақалдың жиған дүниесін оқып отырып өзімнің қазақшылықтан (қазақтану) жұрдай екенімді мойындадым.
Мұны неге айтып отырмын? Жақында әлеумет­тік желіден уағызшы Қабылбектің тіл жөніндегі мәлімдемесін көріп, Жағда ақсақалдың ерен еңбегі есіме түсіп кет­ті.

Тілге байланысты қазақ тілінің 1 миллион сөзін жинаған осындай абыздар ақжарылып пікір айтса жарасады. Сөйлегенде сөздік қоры ұзаса 70-80 сөзден аспайтын тілі мүкістер қазақ тілі туралы мүлде пікір айтпаса жөн болар еді…».

Түркі тілін білу мәдениет­тің белгісі болған

Біз осы орайда Қабылбек Әліпбайұлы келтірген дерек пен дәйектің анық-қанығы жайында шығыстанушы-ғалым Ұлбала Алжанбаевадан пікір білдіруді өтінгенбіз. Газетіміздің тұрақты авторы әрі белгілі маман былай дейді:
– Иә, кезінде тілімізге араб, парсы сөздерінің көптеп кіргені рас, бірақ біздің тіл оларды өзіне бейімдеп, өзгертіп жібергені соншалық, олардың кірме сөз екенін айыру қиынға соғады. Ал қазіргі жастар өзге елдің сөздерін сол халықтың өзіндей етіп айтамыз деп тілдерін бұрап сөйлеп жүр. Бұл тек араб сөздеріне ғана қатысты емес, Батыс тілдерінен енген сөздерді де солай айтуға тырысады. Мен дінтанушы емес, филолог болғандықтан түркі әлемінің, оның ішінде, қазақ халқының да басқа елдердің тілі мен мәдениетіне ықпал еткенін құрғақ сөзбен емес, тілдік фактілер арқылы көрсетуді маңызды деп санаймын.
Араб тiлi өзге тiлдердiң лексикасын байытатын қайнар көзге айналуымен қатар, өзінің сөздiк қорын толықтыру үшiн басқа тiлдерден сөз қабылдап отырған. Араб тiлiне шет­тен ауысқан лексикалық элемент­тердiң iшiнде түркi сөздерi көрнектi орын алады. «Арабша-қазақша түсiндiрме сөздiктiң» авторы Нұртас Оңдасынов: «Араб, парсы тiлдерiне түркi елiнiң де ықпалы аз болған жоқ. Мәселенiң осы жағымен қызығушылар iзденсе, араб-парсы сөздiктерiнен жүздеген түркi сөздерi мен оның элемент­терiн тауып алады», – десе, ғалым Л.З.Рүстемов: «Араб тiлiнiң кезiнде Шығыс халықтарының тiлiне тигiзген әсерi мол болғаны рас. Алайда бұл тiлдiк құбылысты сыңаржақты үдеріс ретiнде түсiнуге болмайды. Түркi тiлдес халықтардың тiлi де (соның iшiнде қазақ тiлi де) өз кезегiнде араб және парсы әдеби тiлдерiне едәуiр ықпал еткенi тарихи деректерден жақсы мәлiм», – дейдi. Түркi сөздерiнiң араб тiлiне ауысуы талай-талай ғасырларға созылған күрделi процесс болды.
Э.Наджиптiң айтуы бойынша бұл үдеріс арабтар мен түркi тайпаларының тiкелей араласа бастаған 636-жылдардан басталады. Билiк құрудың ауыспалы кезеңдерiне (алдымен арабтардың түркi халқына үстемдiгi, кейiннен қыпшақ мәмлүктерiнiң, олардан соң осман түрiктерiнiң араб халқын билеуi) орай сөз ауысулары болып жат­ты. Бұл құбылыс VII ғасырдан ХХ ғасырға дейiн созылды.
Бөтен тілден сөз алуға себеп неде деген сұраққа ғалымдар төмендегідей жауап береді. Егер басқа тiлдiң әлеумет­тiк маңызы күштi болса, онда адам сол тiлден ауысқан сөздердi қолдануға тырысады, сол тiлдi бiлу арқылы өзiнiң белгiлi бiр әлеумет­тiк статусқа ие екенiн көрсеткiсi келедi. Мысалы, кезiнде араб зиялыларының арасында түрiк тiлiн бiлудiң өзi биiк мәдениет­тiң, зор бiлiмпаздықтың белгiсi болған…

Тіл – тоздырушы емес, тұтастырушы фактор

Айтпақшы, шығыстанушы-ғалым қазіргі араб тілінің құрылымына дендеп еніп, күнделікті қолданысқа ие болып отырған түркі атаулары мен сөздерін жинақтап ғылыми монография да жазған. Жалпы, Ұлбала Алжанбаеваның айтуынша, түркі мәдениеті мен тілі көптеген Шығыс халықтарының сөздік қорын қалыптасырушы мәнге ие болған көрінеді. Осы тақырыптағы зерт­теу жұмыстарын жинақтаған ғалымдар «Араб, парсы және хинди тіліндегі түркизмдер сөздігі» деген атаумен ғылыми сөздік әзірлеген екен, яғни әлем халықтары арасындағы әлеумет­тік-экономикалық, мәдени-рухани байланыс халықтардың сөздік қорына да өз әсерін тигізгені анық.
Осы орайда, шығыстанушы-ғалым Ұлбала Алжанбаева араб тіліне енген түркі сөздері мен атауларының бір парасын оқырман назырына ұсынуды жөн көреді.
«Араб тiлiне енген түркi сөздерi адам өмiрiнiң сан қырлы жақтарын қамтиды. Оларды тұрмысқа қажет­тi күнделiктi тұтыну зат­тары, тағамдар, кәсiптiк құралдар, жер-су, металл атаулары, туыстықты бiлдiретiн сөздер, әскери терминдер, дене мүшелерi атаулары, т.с.с. тақырыптық топтарға бөлуге болады.Тұтыну зат­тары: қазанун – қазан; кибритатун – күкiрт, сiрiңке; ууджақун – ошақ; таннурун – тандыр; буджақун – пышақ; уту – үтiк; қалбақун – қалпақ; билазйқун – бiлезiк; буқджатун – боқша; хашуқ – қасық; табанун – таба, т.б.
Сондай-ақ араб тiлiне кiрген түркi сөздерiнiң iшiнде ең көрнектi орын алатыны – әскери лексика. Қазақ әскери лексикасын зерт­теген ғалым Т.Байжанов оларды жауынгерлiк қару-жарақ атаулары, жауынгерлiк киiм-кешек атаулары, қолбасылардың атаулары, әскери құрамалардың атаулары, ұрыс-соғыс қимылдарының атаулары деп бес топқа бөлiп қарастырған. Мiне, осы топтағы бiраз сөздер араб тiлiнiң сөздiк қорынан орын алған. Құрамында мамлүктер мен түрiк жауынгерлерi бар әскери бөлiм ууджақун – «ошақ», әр «ошақтың» басындағы басқарушы «аға» деп аталады. Аға сөзi осман түрiктерiнде қолбасылардың әскери лауазымы ретiнде қолданылған. Осман түрiктерiнде аға сөзiнен өрбiген әскери терминдер молынан кездеседi. Олар: қол ағасы (күзет бастығы), қала ағасы (қорғанның коменданты), iч ағасы (iшкi қызмет офицерi), бөлiк ағасы (бөлiм басшысы). Ошаққа қарағанда кiшiрек әскери бөлiм булукун – «бөлiк», олардың басшылары булукбашиййун – «бөлiкбасы» деп аталса, ал әскери бөлiк-бөлiмдердiң қатарындағы жауынгерлердi йулдаш – «жолдас» деп атаған. Онбасы (унбашиййун), жүзбасы (йузбашиййун), мыңбасы (бинбашиййун) сөздерi араб тiлiне өз мағыналарын сақтап енген. Араб тiлiнiң сөздiктерiнде қол ағасы (қул ағаси) сөзi кездеседi. Оны «әскери шен» деп аударған. Ал қол ағасы терминi қазақ эпостарында әскердiң бiр бөлiгiнiң басшысы ұғымында қолданылған» – дейді Ұлбала Алжанбаева.

Түйін орнына

Тақырыпты түйіндей келе, біз жоғарыдағы дінтанушы Қабылбек Әліпбайұлының «қазақ тілінің қолданыстағы сөздерінің 70 пайызы араб тілінен енген сөздерден тұрады…» деген уәжіне қайта оралмақпыз. Бұл жерде әлеумет­тің алауыздығын тудыруға себеп болған пікірдің, анығында «қазақ тілінің 70 пайызы араб сөзінен тұрады…» деген долбардың қандай негізге сүйеніп айтылғанын анықтағымыз келген. Қолда бар деректерге сүйенсек, дінтанушының шындыққа жанаспайтын сөзді айтқанына көзіміз жете түседі.
Мысалға, «Арабша-қазақша түсiндiрме сөздiктiң» авторы Нұртас Оңдасыновтың еңбектері бойынша араб тілінен енген сөздердің жалпы шамасы 3 000 атауға жуықтайды. Мұның ішінде қайталанатын, мағынасы бірдей жалпылама атаулар жиі кездеседі екен. Демек, қазіргі ресми тіл қолданысындағы араб тілінен енген сөздердің нақты үлесі екі жарым мыңның шамасында ғана деуге негіз бар.
Жалпы, қолжетімді деректер бойынша қазіргі қазақтың тілінде 600 мыңға жуық тілдік бірлік қолданылады екен. Оның ішінде әдеби тіл нормасына лайықталған 175 976 тілдік бірлік тіркелген. Бұл жерде біз Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты құрастырып, бастырған 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» бойынша берілген 150 156 лексикалық бірлік пен ғалым Байынқол Қалиұлы анықтап, қолданысқа енгізген 25 820 тілдік бірлікті қосып есептеп отырмыз. Мұның сыртында ғылыми техникалық терминдер мен қаржы-экономикалық бағыт бойынша қолданыста жүрген сөзжасам мен атаулар саны қаншама?
Иә, «айтылған сөз – атылған оқ». Әсіресе, тіл мен дін тақырыбына қатысты айтылған кез келген пікірдің астын сызып оқып, абайлап айтқанымыз жөн болар еді…

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір