Алаң жұрт және АЭС
08.10.2024
103
0

Қазанның алтысы – республикалық референдум. Ел талқысына үлкен мәселе ұсынылмақ. Осы күні халық өз таңдауын жасап «Қазақстанға атом электр стансасы қажет пе?» деген сауалға нақты жауап бермек. Мемлекет дамуындағы аса маңызды, стратегиялық шешім қабылдау құқын тұрғындардың таңдау еркіне қалдырып отырған саяси билік осы референдум арқылы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне қатысты стратегиялық бағыт­ты да айқындамақ. Ал АЭС құрылысына қатысты жұрт пікірі екіұдай.

Жалпы Қазақстанда атом электр стансасын салу туралы әңгіменің шеті шыққалы біршама уақыт өт­ті. Мысалы, 2021 жылдың 3-қыркүйегінде Мемлекет ,асшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейде өткен «Шығыс» экономика форумында аймақтағы энергетикалық мәселелердің шешу жолдарына тоқтала келе, келешекте атом электр стансасын салуға деген сұраныстың артатынын айтқан болатын, яғни маңызды нысанның құрылысы туралы сөз кешелі-бүгінді ғана шыққан жоқ. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында АЭС құрылысының еліміз үшін аса маңызды екеніне тағы тоқталды.
Жолдауда айтылғандай, халықтың тұрмыс-жағдайын жақсарту, әлеумет­тік әл-ауқатын көтеру экономика саласын дамытумен тығыз байланысты. Экономикасы тұрақты дамитын мемлекет қана әлемдегі алдыңғы қатарлы өркендеген елдермен терезесі тең болып, иықтаса алады. Қазіргі күндері халық шаруашылығының барлық саласын: өнеркәсіпті, ауылшаруашылығын, тіпті ғылымды-білімді, медицинаны, мәдениет­ті, қарапайым үй тұрмысындағы жағдайды ілгерілетуге қажет­ті жаңа энергия көзі мұқтаждығы туындап отыр. Президент уақыты келгенде осы көкейкесті мәселені тап басып: «Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек» деп атап өткен болатын.
Осы орайда атом электр стансысына қатысты редакциямызға оқырмандар тарапынан келген түрлі сауалдарға мамандар жауабын ұсынып отырмыз.

АЭС салудың құны қанша?

АЭС құрылысы айтарлықтай күрделі қаржыны қажет етеді. Қазақстанда АЭС салудың болжамды құны 10-12 миллиард долларды құрайды, алайда АЭС пайдалану шығындары салыстырмалы түрде төмен, бұл ядролық энергияны ұзақ мерзімді перспективада тиімді етеді.
Ядролық отынның энергиялық тығыздығы жоғары, ол отынның аз көлемінен үлкен мөлшерде электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Бұл оны тасымалдау және сақтау шығындарын азайтады.
АЭС ұзақ қызмет ету мерзімі 60 жылға дейін және одан да көп. АЭС ауа райы жағдайларына немесе сыртқы факторларға қарамастан, тұрақты электр энергиясын өндіруді қамтамасыз ете отырып, үздіксіз жұмыс істей алады.

АЭС қаншалықты қауіпсіз?

Қазіргі АЭС алдыңғы буындарға қарағанда, әлдеқайда қауіпсіз. Көп деңгейлі қауіпсіздік жүйелері мен қатаң стандарт­тар және озық технологиялар апат қаупін барынша азайтады.
Заманауи АЭС реакторларында апат­тық жағдай туындаған кезде, тіпті оператордың араласуынсыз автомат­ты түрде іске қосылатын пассивті қауіпсіздік жүйелері бар.
Реактор қоршаған ортаға радиоактивті зат­тардың ағып кетуіне жол бермейтін елеулі ішкі және сыртқы әсерлерге төтеп бере алатын күшті оқшаулау қабықшасымен қоршалған.
АЭХА сияқты халықаралық ұйымдар барлық АЭС орындауы тиіс қатаң қауіпсіздік стандарт­тарын белгілейді. Ұлт­тық рет­теушілер осы стандарт­тарға сәйкестікті үнемі бақылайды және қадағалайды.

Қоршаған ортаға қалай әсер етеді?

АЭС – экологиялық таза энергия көздерінің бірі. Олар парниктік газдар мен ластаушы зат­тардың ең аз шығарындыларын шығарады, бұл климат­тың өзгеруімен күресуге және ауа сапасын жақсартуға көмектеседі.
АЭС қазбалы отынды жақпайды, бұл жаһандық жылынуды тудыратын шығындыларды айтарлықтай азайтады.
Адам денсаулығына және қоршаған ортаға әсер ететін күкірт диоксиді, азот оксидтері және басқа да зиянды зат­тарды атмосфераға шығармайды.
АЭС суды салқындату үшін пайдаланады, бірақ көбіне тұйық циклде, бұл суды тұтынуды және су экожүйелеріне әсерін барынша азайтады.

Электр энергиясының бағасы түсе ме?

АЭС электр энергиясын өндірудің тұрақтылығы мен салыстырмалы түрде төмен құны тұтынушылар үшін ұзақ мерзімді перспективада бағаның төмендеуіне әкелуі мүмкін. Дегенмен, тарифтерге түпкілікті әсер көптеген факторларға, соның ішінде, құрылыс құнына, қаржыландыру шарт­тарына және рет­теу саясатына байланысты болады.

Электр стансысын кім салады?

Оңтүстік Корея, Франция, Ресей, Қытай компаниялары ядролық технологияны әлеует­ті жеткізушілер ретінде қарастырылып жатыр. Жеткізуші техникалық, экономикалық және экологиялық критерийлерді ескере отырып, конкурстық негізде таңдалады.

Қазақстан АЭС салушы тараптарға тәуелді бола ма?

Қазақстанда АЭС салуға мердігерді таңдау экономикалық негізділік, технологиялық сенімділік, экологиялық қауіпсіздік және халықаралық стандарт­тарға сәйкестікке негізделетін болады.
Жоба ұлт­тық ядролық энергетиканы дамытуға және жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Бұл мәселе саяси емес, таза коммерциялық болып табылады және таңдалған компания немесе компаниялар тобы стансы­ның жұмыс істеуіне қатыспайды, тек құрылыспен айналысатын болады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір