АУҒАН ЖҰРТЫН АЛАҢ ҚЫЛҒАН ЗІЛЗАЛА
16.10.2023
269
0

7 қазан күні Ауғанстанда жойқын зілзала болып, 2 445 тұрғын қаза тапты. 10 мыңға жуық адам жарақат­танып, 13 ауыл толығымен қирап қалған. Магнитудасы 6,3 балдық жер сілкінісі елдің батысындағы Герат қаласынан 40 шақырым жерде болған. Жерасты дүмпулері көршілес Бадғис, Фарах провинцияларында да, тіпті Түркіменстан астанасы Ашхабад тұрғындарына да сезілген. АҚШ геологиялық қызметінің мәліметінше, Гератта жойқын сілкініс 8 минуттық жиілікпен бірнеше мәрте қайталанған. Жер­асты дүмпулерінің магнитудасы 4,6-дан 6,3 балға дейін тіркелген. Тереңдігі шамамен 10 шақырым болған. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жарақаттанғандарды ауруханаға эвакуациялау үшін 12 жәрдем көлігін жіберген. Марқұмдар медициналық мекемелер мен әскери бөлімдерге жеткізіліп жатыр.
Табиғи апаттарға қарсы күрес министрлігінің өкілдері соңғы афтершок 70 мың халқы бар Зинда Жан қаласының солтүстік-шығысынан 30 шақырым жерде тіркелгенін айтты. Жалпы, Ауғанстан халқы жер сілкінісінен жиі зардап шегеді. Өткен жылдың маусым айында Пактика аймағында 5,9 балдық зілзаладан мыңнан астам адам қаза тауып, ондаған мың халық баспанасыз қалған еді.
272 мың халқы бар Гераттағы табиғи апаттан соң провинцияда телефон байланысы үзіліп, зардап шеккен аудандардан толық ақпарат алу қиынға соққан. Үйінділердің астында қалғандарды да құтқару оңай болмады. Аймақта іздестіру-құтқару жұмыстары әлі де жүріп жатыр. «Зардап шеккендерге дәрі-дәрмектер, қажетті заттар, шатырлар әлі де жетіспей жатыр. Біз жойқын жер сілкінісінің зардабын мейлінше азайту үшін ұлттық және халықаралық ұйымдардан, өзге мемлекеттерден қолдан келгенше көмек көрсетуді сұраймыз. Әр елді қабылдап, қарсы аламыз», – деген табиғи апаттарға қарсы күрес министрлігінің ресми өкілі Жанан Саик Ауғанстан билігі өзге мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан көмек сұрағанын мәлімдеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Қазақстан алапат жер сілкінісі болған Ауғанстанға шұғыл гуманитарлық көмек жіберді. Ауғанстанға қолдау көрсету үшін мемлекеттік материалдық резервтен азық-түлік, шатырлар, киім-кешек және төсек-орын жабдықтары бөлінген.
Ауыр апаттан енді ес жия бергенде Ауған халқы тағы да қайталанған жер сілкінісінен есеңгіреп қалды. Америка геологиялық қызметінің мәліметтері бойынша, 11 қазанда жергілікті уақыт бойынша 05.11-де Гераттан солтүстікке, солтүстік-батысқа қарай 28 шақырым жерде 6,3 балдық  жер сілкінісі, осы шайқалудан соң 11 минуттан кейін сол аймақта 5 балдық екінші жер сілкінісі болған. Бұл уақытта қазақстандық құтқарушылар жер сілкінісінен ең қатты зардап шеккен Гераттан 60 шақырым жердегі Ноферафи ауылына жетіп үлгерген еді. Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері түннің бір уағына дейін шатырлы қалашық құрған. «Жер сілкінісінен қатты шошынып қалған халық жан сауғалап жан-жаққа қаша жөнелді. Елде әлі де жер асты дүмпулері сезіліп жатыр», – дейді мамандар.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Ауғанстанда 200-дей қазақ бар екен. Алайда ауғанстандық қандастар бұл өңірдегі қазақтардың саны одан да көп екенін айтады.

М.РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір