Ел-жұрттың еңсесін көтеруде
«Үй болмай, күй болмайтыны» – бесенеден белгілі жайт. Қарғын мен тасқын судың кесірінен аудан-ауылдар қоса, Орал қаласының маңындағы саяжайларды есептегенде, Батыс Қазақстан облысы бойынша 14 мыңнан астам баспанаға су кірді. Әрине, бұл осыншама үй-жайдың бәрі мүлде жарамсыз деген сөз емес. Алайда Ақ Жайық атырабында әзірге күн де, түн де салқын болып, еңіс жер, сай-саладағы көлкіген су атаулы сылбыр тартылуда. Соның салдарынан әлі күнге дейін біраз баспана су құрсауында болғандықтан мыңдаған адам қазіргі кезде де эвакуациялық қосындарды паналауға мәжбүр.
Жайық өнерпаздары осындай қамкөңіл жандардың көңіл күйін көтеруде. Сауапты іске жергілікті әнші-бишілермен қоса, Астана қалалық музыкалық жас көрермен театры да айтулы үлес қосты. Осы өнер ұжымының директоры әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Майемеров Ақтөбе, Орал қалаларымен бірге, Батыс Қазақстан облысының Сырым, Қаратөбе аудандарындағы эвакуациялық қосындарға барып, бірнеше концерт қойып, қамкөңіл жандардың қошеметіне бөленді. Сондай-ақ А.Майемеровтың айтуынша, Астана қалалық музыкалық жас көрермен театрының ұжымы тасқыннан зардап шеккен батысқазақстандықтар үшін ашылған «Ақжайық» қайырымдылық қорына 1 600 000 теңге аударған. Сонымен қатар Жаскелең Ғайсағалиев, Жаңылсын Хасанова, Марат Сарбөпеев секілді Жайықтың өнерпаздары атсалысқан Оралдағы «Атамекен» өнер ордасында өткен «Есті әндер есімізде» атты ретро концерттен түскен қаржының біраз бөлігі де «Ақжайық» қорына аударылды. Қиын жағдайға тап болған жерлестерінің еңсесін тіктеп, көңілін көтеруден «Халықаралық зейнеткерлер одағы» қоғамдық бірлестігі де (төрайымы Жаңылсын Кәрімова) шет қалмады. Осы Үкіметтік емес ұйымның көркемөнерпаздары жақында Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің жатақханасын уақытша паналаған үлкен-кіші үшін керемет концерт ұйымдастырып, жиналған жұртшылықты өз өнерлерімен тәнті етті.