АЛМАТЫ – ӘСЕМ ҚАЛА
Алатаудың баурайында орналасқан ару Алматының мерейлі мерекесі күніне орай, Алматы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Сүйемін сені – Алматы» атты мерекелік іс-шара аталып өтілді. Іле Алатауының баурайында орналасқан қала өзінің табиғи сұлулығымен, бай тарихымен және мәдени мұрасымен ерекше.
Алматы – әсем қала. Иә, Алматы дегенде сұлулығы көз тартар таулары мен жасыл желегі еске түседі. Алматы көптеген саябақтарымен, гүлзарларымен танымал. Мұнда келген әр адам аллеяларды аралап, сәулет ескерткіштерін және қаладағы ең әдемі ғимараттарды тамашалай алады. Алматы жылдың төрт маусымында да көркіне көз тоймас сұлулыққа ие. Күзі – арайлы алтын, қысы – аппақ, көктемі – жаңа өмір, жазы – жасыл желек. Әр мезгіл өздігінше ерекше. «Пай-пай, Алматы-ай! Сенің кешкі бір ауаң тіптен ерекше, есіңнен кетпейді. Әсіресе шықылдаған шілдедегі кешіңе тіл жетер ме? Тек ауаңды жұтып, қыдырып жүре бергім келеді. Тамаша қиялға батырады, ой түсіреді. Сен тек таза ауаның қаласысың» – деп жазушы Баубек Бұлқышев сипаттағандай, көркіңе тіл жетпейді. Әп-сәтте құбылар ауа райыңа да әр алматылық үйренген. Оның бәрі сені жақсы көретін тұрғындарыңның сүйіктісі. Мыңжылдық тарихы бар алып шаһар – тәуелсіздігіміздің алтын бесігі, білімге ұмтылған жастардың арман қаласы, армандар орындалатын мүмкіндіктер мекені.
«Сүйемін сені – Алматы» атты мерекелік шараның шымылдығы кітапхана меңгерушісінің сөзімен басталды, кеш қонақтары ретінде, Журналист, ақын Шаттық Қыстаубай, Шәкәрім оқуларының жүлдегері, жүз өлең байқауының жеңімпазы Алмат Нұрсейіт, КазГаса университетінің Архитектура факультетінің студенті Тұрсын Медина және Технико-экономика колледжінің студенттері қатысты. Мерекелік кешке ақын Шаттық Қыстаубай және Алмат Нұрсейіт өздерінің Алматыға байланысты жыр шумақтарын оқып, келген оқырманға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. «Жас суретшілер көзімен» атты тақырыпта суретші қызымыз Тұрсын Медина тамаша туындысын қағаз бетіне түсіріп, көптің көзайымына айналды.
Топырағына табанын тіреген кез келген адам Алматының табиғи сұлулығына тамсанып, таңдай қағады. Бауырынан жыраққа кеткен адам қайта айналып келуге асығып, сағыныш жетегінде жүреді. Ол нулы орманы, биік тауы, мөлдір суы, табиғи сұлулығымен үйлесім тапқан қаланың ерекшелігі. Ғажайыпқа толы Алматы күннен-күнге құлпырып, жайнап келеді. «Таланттар далада туып, қалада өледі» дегендей, Алматы – өнер мен білімнің қызып жатқан мекені. Бұдан бөлек әдебиет пен мәдениеттің ошағына айналған армандар қаласы. Өзіне қанат қаққан талай жасты құшағына басып, жатсынбай қарсы алатын сұлу қала – Алматы.
Қазтай Айгерім Бейбітқызы
Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар жане әлем тілдері университеті
Журналистика мамандығының 2-курс студенті