Абдолла ИДРЕСОВ, «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы: «MIRAS» КЕҢЕСІ – РУХАНИЯТ­тЫҢ АЙШЫҚТЫ АЛАҢЫ
24.09.2024
115
0

«Жаһандық технологиялық жаңа үдерістер кезінде ұлт­тың гуманитарлық қуаты айрықша рөл атқарады», – деп Мемлекет басшысы атап өткендей, елдің тұрақты дамуы оның табиғи байлығына емес, азамат­тарының біліміне, қарым-қабілетіне, жаңашылдығына және жасампаздығына байланысты. Азамат­тық қоғам мен мәдениет­ті дамыту мәселесі туралы сөз қозғалғанда, «AMANAT» партиясының жанынан құрылған республикалық және аймақтық қоғамдық кеңестер ойға оралады. Ұлт­тық құндылықты ұлықтау жолында игі істердің ұйытқысы болып жүрген «Miras» аймақтық қоғамдық кеңесінің жұмысы жайында «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресовпен әңгімелескен едік.

– Абдолла Хамиұлы, «AMANAT» партиясы ұлт­тық және рухани құндылықтарды дәріптеу, мәдениет пен өнерді қолдау бағытында айтулы іс-шараларды қолға алып келеді. Соның ішінде «Miras» қоғамдық кеңесінің ұсынысымен атқарылған жұмыстар да бар. Партияның сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан бастамалардың Атырау облысында жүзеге асырылуы жайында айтып өтсеңіз.
– «Miras» республикалық кеңесі «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында 2023–2027 жылдарға арналған «Құндылықтары ортақ, біртұтас қоғамның мүшесі болу», «Ұлт­тық мәдениет­ті қолдау», «Ыңғайлы тілдік ортаны дамыту», «Азамат­тық қоғамды дамыту» бағыт­тары бойынша жұмыс жүргізеді. Мәдениет, өнер саласы, тіл саясаты, қоғамдық келісім бойынша жұмыстарды жетілдіруге үлес қосады.
Аймақтық кеңестің әр отырысында өңірдегі өзекті мәселелер жан-жақты талқыланады. Айталық, биыл наурыз айындағы отырыста «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген Дамбы, Ақжар спорт кешендерін мерзімінде сапалы тапсырылуын қолға алу, ұйымдастыру бойынша ұсыныс берілген болатын. Қазіргі таңда екі спорт кешенінің де құрылысы аяқталды.

– «Miras» мән беретін мәселенің бірі – мәдениет саласының жай-күйі. Кеңес отырысында облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының 2024 жылға арналған іс-шаралар жоспары қаралып, ұсыныстар енгізілген екен.
– Иә, аталған басқарманың жоспарында 169 іс-шара қамтылды. Оның ішінде, мемлекет­тік және ресми мерекелерге арналған іс-шаралар, халықаралық, республикалық фестивальдар, концерт­тік бағдарламалар, семинар, конференциялар, гастрольдік сапарлар, қойылымдар, кітап, сурет көрмелері, тарихи-зерт­теу жұмыстары бар.
Қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлес қосқан әйгілі би Әйтеке бабамыздың 380 жылдығына арналған, Қазақ­стан мұнай өнеркәсібін ұйымдастырушылардың бірі, даңқты мұнайшы Сафи Өтебаевтың 115 жылдығына, Қазақ­стан Республикасының мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, әнші Ғарифолла Құрманғалиев­тің 115 , Кеңес Одағының батыры Қайыр­ғали Смағұловтың 105, белгілі ақын, драматург Берқайыр Аманшиннің 100, соғыс ардагері, еңбек қайраткері Орынғали Қарасаевтың 100, мемлекет және қоғам қайраткерлері, халық жазушылары Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына, өнерімен көпке танылған жерлестеріміз Әзидолла Есқалиев пен Нариман Үлкенбайұлын еске алуға арналған іс-шаралар өткізу жоспарға енгізілді.
Атырау – руханият­тың ордасы. Жыл сайын жаңа жобалар, тың бастамалар сәт­ті іске асып келеді. Биыл да осы үрдісті жалғастырып, «Atyrau-Etno Fest» фоль­клорлық ансамбльдердің республикалық фестивалін, «ШЕБЕР-FEST 2024» шеберлер мен қолөнершілердің республикалық фестивалін өткізу жоспарланды. «Ардагерлер – асыл қазына» жобасы аясында «Пернесінде сөйлейді ұлы дала» аспапта орындаушылардың облыстық байқауы, «Жайықтан ескен әсем ән» халық әндерін орындаушылардың облыстық фестивалі, «Алтын қолтаңба» қолөнер шеберлерінің облыстық көрме байқауы, «Ардагерлер әуендері» облыстық өнер фестивалі ұйымдастырылады. «Отбасы – бақыт мекені» отбасылық ансамбльдерінің аймақтық фестивалі, қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың шығармашылығына арналған «Самала саздар сағымы» ат­ты аймақтық ән байқауы болады. Бұдан бөлек, Мақат ауданының 100 жылдығына орай республикалық ақындар айтысы және Қызылқоға ауданының 80 жылдығына арналған аймақтық ақындар айтысын өткізу жоспарланған.

– «AMANAT» партиясы мәдениет ұйымдарының инфрақұрылымын дамытуға, материалдық-техникалық базасын нығайтуға да назар аударып отыр. Осы бағыт­тағы жұмыстарға тоқталсаңыз.
– Ауыл тұрғындарының мәдени сұранысын қамтамасыз ету және халықтың өнер ордаларымен байланысын арт­тыру мақсатында өңірде жаңа мәдениет нысандарын салу қарқынды түрде жүзеге асуда. Өңірлік жол картасы аясында өткен жылы Жылыой, Құрманғазы аудандарында екі мәдениет үйінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Төрт ауылдық елді мекенде мәдениет үйлерінің құрылыстары толықтай аяқталды. Олардың барлығы да «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша қолға алынды. Соның нәтижесінде Жылыой ауданындағы Майкөмген, Шоқпартоғай, Тұрғызба ауылдары мен Қызылқоға ауданындағы Тасшағыл ауылдарында жаңа мәдениет ошақтары ел игілігіне беріліп отыр.
«Miras» аймақтық кеңесінің бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес 7 маусымдағы отырысында облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы тарапынан «AMANAT» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасының «мәдениет» бағыты бойынша көзделген міндет­терді іске асыру есебі тыңдалды.
Басқарма 2023–2027 жылдар аралығында 8 мәдениет нысанын салу, 56 мәдениет нысанына жөндеу жұмысын жүргізу мәселесі бойынша әр жылдарға бөлінген межелі көрсеткіштерді тиісінше орындап келеді. «Miras» кеңесінің отырысында 2024 жылы бір мәдениет нысанын салу және жөндеу жұмыстары жүргізілетін 15 мәдениет нысанының қала және аудан бойынша бөлінісіне өзгеріс енгізу ұсынылды.

– Тарихи және қасиет­ті орындарға ірі қазба жұмыстарын жүргізу, тарихи мұраны халыққа кеңінен насихат­тау жобаларын іске асыру бойынша қандай жұмыстар қолға алынып жатыр?
– Тарихи-мәдени мұралар – еліміздің баға жетпес қазынасы. Тарихи мұраларды сақтау, зерт­теу, қайта қалпына келтіру мақсатында өңірімізде жыл сайын елеулі жұмыстар атқарылады. Соның ішінде қазба жұмыстарын жүргізуге қатысты ауқымды іс-шаралар бар. Биыл облыстық тарихи-өлкетану музе­йінің ұйымдастыруымен төрт ірі қазба жұмысын жүргізу жоспарланды. Мақат ауданындағы «Таскешу» керуен сарайы, ортағасырлық Сарайшық қалашығы, Қызылқоға ауданындағы Қарабау-2 қорғандары және Қорғанша қалашығына қазба жұмысы жүргізіледі.
Жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген Ақтөбе-Лаэти қалашығының аумағын темір шарбақпен қоршау, қалашық аумағына ғылыми-реставрация жұмысын жүргізу үшін ғылыми-жобалық-сметалық құжат­тама жасақтау да биылға жоспарланған. Ол жерге жобаға сәйкес әкімшілік ғимараты салынып, қазба орны қалпына келтіріледі, ашық аспан астындағы музейдің үстіне жабынды құрылысы, садақ ату орны, абат­тандыру жұмыстары жүргізіледі.

– Өңір тарихындағы көрнекті тұлғаларды дәріптеу тұрғысында қандай жоспар бар?
– Атырау өлкесі – ел экономикасының күретамыры болып саналатын өндірісті аймақ қана емес, қазақ өнері мен мәдениетінің, әдебиетінің алыптары дүниеге келген қастерлі мекен.
2024 жылы өңірдің танымал тұлғаларын ұлықтау тұрғысында ауқымды мәдени іс-шаралар жоспарланған. Жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев, Қазақ­станның Еңбек Ері, композитор Ілия Жақанов, ақын Фариза Оңғарсынова, Берқайыр Аманшин, Нұралы Әжіғалиев секілді көрнекті тұлғаларға арналған іс-шаралар ұйымдастыру көзделген. Қаршыға Ахмедьяров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрінің республикалық деңгейдегі дирижерлармен концерт­тері, тарихшы-өлкетанушылармен кез­десу кешін өткізу де жоспарға сай жүргізіледі.
Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерт­теу орталығы «Атырау қазақтарының эпиграфикалық ескерткіштері» ат­ты кітап-альбомның 4-томын жарыққа шығарды. Жыл соңына де­йін тарихи-мәдени мұра нысандарына сараптама жүргізу, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймағын анықтау бойынша кешенді жұмыстар жалғасын табады.

– Мемлекет басшысы Атырау­да өткен Ұлт­тық құрылтайда: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жап­пай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деген болатын. Бұл мәселеге «AMANAT» партиясы да ерекше назар аударып, «Кітап-AMANAT» кітап дүкендерін ашты.
– Иә, «адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» демекші, партияның басшылығымен әр өңірде кітап орталықтары ашылды. Мақсатымыз – елдегі, өңірдегі ақын-жазушылардың кітаптарын кеңінен насихат­тау, өскелең ұрпақтың бойында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Облыстық филиал Ұлт­тық кітап палатасымен меморандумға отырды. Бұл орталық тек кітап сататын дүкен ғана емес, өңірдің ақын-жазушылары бас қосатын, жаңа кітаптарының тұсаукесері өтетін мәдени-ағарту орталығына айналып келеді.
«Miras» аймақтық кеңесінің төрағасы – облыстық мәслихат депутаты, белгілі ақын Сырымбек Сәрсембаев. Әр отырысқа зиялы қауым өкілдері қатысады. Келелі мәселелерді бірлесе отырып шешуге үлесімізді қосамыз. Өңірді өркендетуге күш салу – бәріміздің ортақ міндетіміз.

Сұхбат­тасқан
Бақытгүл БАБАШ
Атырау облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір