Айшықты романның астарлы қырлары
17.09.2022
1076
0

Биыл көрнекті жазушы Сафуан Шаймерденовтің туғанына 100 жыл толды. Қазақ әдебиетінің қоржынына қомақты олжа салған қаламгердің мол мұрасынан бөлек, ұлт намысы, халық мүддесі үшін айтарын ашық айтып, жазарын батыл жазған қайраткерлігі өз алдына бір төбе еді. Бұл тұрғыда Желтоқсан көтерілісі тұсында сол кездегі Мәскеу тағайындаған республика басшысы Колбинге қарсы тайсалмай сөйлеген қайсарлығын еске алсақ та, көп жайт жадымызға оралар. Қызылжар өңірінде жаны жәннатта болғыр Сафуан ақсақалдың ғасырлық мерейтойы аталып өтіп жатқан осы күндері жазушының сүбелі шығармаларының бірін талдаған мақаланы оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Сафуан Шаймерденовтің «Болашаққа жол» романы 1953 жылы жарық көрді. Кейін аты «Инеш» болып өзгерген бұл туынды өз дәуірінің роман жанрын өзгеше арнада, өз кезіндегі жаңа кейіпкерлерді игеруге ұмтылыс танытты.
Романда Ұлы Отан соғысынан кейінгі студенттер мен оқытушылардың тыныс-тіршілігі, білім мен ғылым жолындағы ізденістері, өзара адами қарым-қатынастары, достығы мен махаббаты суреттелген. Шығарма оқырман үшін несімен бағалы, көңіл тұщыта қоймайтын кемшіліктері қандай деген мәселе тиісінше, нақты жауап беруді қажетсінетіні сөзсіз. Адамдардың жан дүниесін, сезім күйін, қарым-қатынастар барысында туындайтын ой-парасат иірімдерінің жан-жақты көрініс таб­у­ы, адам мінезінің, көзқарасының күрделі екенін нақтылай бейнелеуі – туындының эстетикалық жинақтау тұрғысынан ұтып тұрған қырлары. Кейіпкерлер арасындағы байланыстар, моральдық-әлеуметтік тартыстар, олардың тосын шешімдері оқырманды тия­нақты ойлануға, өмір жайлы философиялық пікірлер түйіндеуге бейімдейді.
Шығарманың фабуласын ықшамдап жеткізсек, оқиғалар жүйесін өрбітуге қатысатын негізгі персонаждар саны төртеу. Олар – әскер қатарында болып, майдан көріп қайтқан бұрынғы жауынгер Мәулен, қалалы жерде туып-өсіп, зиялы ортада тәрбиеленген, саналы ғұмырын білім алуға ғана арнаған қала қызы Инеш, ғылымдағы жұмысын тұрмыстың қатаң талаптарымен ұштастыра жүргізетін, университет, қоғам, ұжым беделінен гөрі өзінің жеке мүддесін басым қоятын доцент Майқан Белгі­ғұлов және ауылдан шықса да, білім жолында табандылықпен еңбек етіп келе жатқан қабілетті қыз Гүлшат Аманова.
Инештің ағасы Сабырмен қан майданда бірге болып, жақындасып кеткен Мәулен қалаға оқуға оралысымен, Инештің отбасына үйір болып алады. Оның әке-шешесі Дәулеткерей мен Мәдина (Майнам) соғыста қаза тап­қан ұлдары Сабырдың көзіндей көріп, Мәуленнің үйге келіп-кетіп жүргенін қалап, көңілдеріне үлкен медеу тұтады. Екінші жағынан, олар жалғыз қыздары Инешпен осындай білімге құштар, мінезі салмақты, парасатты жігіттің жылы қарым-қатынаста болғанына да кет әрі емес.
Бір отбасында жалғыз өсіп, білім-ғылым жолын қуған Инеш жатақханада тұратын өзінің курстастарымен, ауылдан шыққан басқа да адамдармен араласып кетуге ықылассыз. Оның көбінесе жалғыз жүруіне бір себеп осы болса, екіншіден, бар уақытын ылғи да кітап оқып, конспект, реферат, мақала жазып, кітапханаларда өткізетін жастың қатарластарымен адами байланыс орнатуға мұршасы да жоқ. Өз үйіне келіп-кетіп жүретін Мәуленді шын көңілден жақсы көретінін бойжеткен біртіндеп сезеді, өзіне жігіттің ғашық қызына қарағандай қарым-қатынаста болғанын қалайды. Оның бұл көңіл қалауының дұрыс жүзеге аспауына себеп Мәуленнің жеке болмысында жатыр. Білім-ғылымға құмарлығы, интеллектісінің жоғарылығы жағынан Инеш екеуі ұқсас. Алайда жастық сезім, махаббат мәселесіндегі бұл екеуінің түсініктері қабыса бермейді. Мәулен үшін марксизм-ленинизм ілімінің негіздеріне сүйенген кеңестік білім жүйесін меңгеру – қайдағы бір ғашықтық сезім, махаббат сияқты мәселелерге қарағанда жоғарырақ. Ал интеллектуалды қала аруында тәкаппарлық көңіл күй басым.

Сүйіспеншілік сезімдерін тежеп келген екі жастың қарым-қатынасы мынадай эпизодтардан анық байқалады:
«Содан соң ол селқостау тұрған Мәуленге еркелей, қабақ көрсете қарады.
– Неге үндемейсің? Әлде менімен барғың келмей ме?
Мәуленнің кескінінде аянышты бір құбылыс пайда болды.
– Инеш, мен сондай қуаныштымын. Ал бар ғой… сонда да… тіпті бүгін театрға бара алмаспын деймін. Былай етсек, бүрсігүні барсақ… қайтер еді?
– Бүрсігүні? – деп Инеш ашуы мен күлкісі де, еркелігі мен салмағы аралас кейіппен Мәуленге сұрана қарады. – Мен не, бүрсігүнге дейін қой бақпақпын ба? Жоқ, бүгін барамыз».
Қыз ретіндегі өзінің көңілін білдірген, тіпті үйленейік деген ұсынысты да айтуға мәжбүр болған Инештің жылы сезіміне қасаң жауап беруі, тіпті оның сезімге еліккіштігін жақтырмай қабылдауы – Мәуленнің қоғамдық сана мен қоғамдық мүддені жоғары қоятын коммунистік идео­логиямен әбден суарылғанының белгісі. Өзінің ғылыми жұмысына жетекші болып жүрген университеттегі ұстазы, доцент Майқан Белгіғұловпен Инештің біртіндеп тығыз қарым-қатынас жасай бастауы – сүйген жігітінің осындай демагогтік көзқарасының әсері.
Соншама уақыт қатар жүріп, түрлі сезім күйлері мен сырларын бөлісіп, бір қарағанда жап-жақсы үйлесіп кеткен жоғары өредегі қыз бен жігіттің махаббат мәселесінде ортақ шешімге келе алмай, өзара суысып кетуі – романдағы драмалық ахуалды күшейте түсетін шешім. Сол бір университет студенттерінің өзі қарабайыр ұғымдардан аса алмай жүрген замандарда Инеш пен Мәулен секілді білім, ғылымға құштар, эрудициясы дамыған романдағы басты психологиялық-моральдық проблемалардың бірі –жастардың адам өміріндегі махаббат тәрізді нәзік те шетін мәселеде түсіністік таба алмауы.
Университет өмірі қашан да қым-қуыт тіршілікке толы. Туындап жатқан ағымдағы мәселелерді шешу үшін ақылдаспай, жұрттың пікірін тыңдамай, тиісті әрекетке бару мүмкін емес. Осындай ұжымдық атмосфераға тән ахуал «Инеш» романындағы оқиғалар фонын құрайды. Оның кейіпкерлерінің қай-қайсысы да университет өміріндегі қызу қарбаластың ортасында көрінеді. Көбінесе жалғыз жүретін Инештің өзі де кейде ұжымның пікіріне құлақ асып, жеке басының мәселесі де айтылар сөздің нысанына айналып жатады.
Ылғида сол қайнаған қызу өмірдің бел ортасында жүретіндер – Мәулен, Жолтай, Гүлшат, Зада, Сымбат сияқты кейіпкерлер. Өзінің жеке өміріндегі интимдік, жеке бас мәселелерінен гөрі қоғамдық мүдделерді басымырақ қоятын Мәулен – білім, ғылымға берілген оқу озаты. Сенбілікке шығу, сайлау қарсаңында үгіт-насихат жұмыстарын атқару – ол үшін қалыпты өмірдің міндетті құрамдас бөлігі. Көбінесе ой үстінде жүретін, пенде баласына тән түрлі сезімдерден гөрі ой-толғанысқа бейім жігіт қоғам өміріне белсене араласады.
Жазушы бұл образ арқылы сол кездегі замандастары үлгі ете алатын мінсіз бейне жасауға тырысқан. Соның салдарынан Мәулен адамға тән жеке сезім күйінен, рухани қажеттіліктен қоғамдық мүддені, мемлекеттің ұстанған саясатын жоғары қоятын деңгейге дейін жеткен. Жазушы қаншама қисындар келтіргенімен, өзінің жеке адам ретіндегі индивидтік сипаттарын мансұқ ету шындықтың ауылынан алыс жатқаны сөзсіз. Жекелеген ұсақ-түйек кемшіліктерін, осал тұстарын көрсеткен жағдайда Мәулен бейнесінің реалистік нышаны әлдеқайда күшейе түсер еді. Одан гөрі қоғамдық-әлеуметтік белсенділігі төмен, моральдық ұстанымы солқылдақтау болып көрінетін, бір сөзбен айтқанда, жағымды және жағымсыз сипаттары аралас болып, теңдей түсіп жататын Инеш образының реалистік сипаты басым.
Автор Мәуленге қанша іш тартқанымен, оқырман оны толық қуаттай алмайды. Әсіресе махаббат тәрізді асыл сезімді аяқасты етіп, мемлекеттің игілігіне қызмет етпедің деген сыңайда Инешке жөнсіз кінә артуы – екеуара қарым-қатынастың шарықтау шегіне жеткен сәті. Шығарманың бойынан көркем шындық іздейтін оқырман Мәуленді осындай түсініксіз қасаң позициясы үшін де қабылдай алмайды. Сөйтіп, жазушының жеке шешімі мен оны эстетикалық тұрғыдан қабылдай білу арасында кереғарлық пайда болады.
Романда мінсіз жасалған кейіпкерлердің бірі – Инештің жақын адамы, биология факультетінің озат студенті Гүлшат Аманова. Қарапайым ортада өскен ауыл қызы студенттік жылдары өзін оқу мен ғылымға алғыр, қоғамдық жұмыста белсенді етіп көрсете алады. Өмір ағысы туындатып отырған ғылыми проблемаларды шешу барысында өзі сияқты озат студенттермен ғана емес, университеттің оқытушыларымен де пікірталастыра алады.
Бір қарағанда студенттер ортасында алдыңғы қатарда жүру жағында оны Инешпен бәсекелес деуге болады. Инештің жұмысы туралы айтқан Зада Қасымованың: «Гүлшаттың рефератынан артық деймісің?» деген пікірінде де негіз жоқ емес. Инешті жақтырмайтын осы кейіпкердің пікірі арқылы екі озат құрбыны бір-біріне қарама-қарсы қою нышаны айқын.
Ондай көркемдік шешім шығарманың соңында айқындала түседі. Өмірбойы қаладан шығып көрмеген ақ саусақ оқымысты қыз Инеш министрлік жолдамасымен алыс ауылға мұғалім болып кетеді де, керісінше, оның жақын құрбысы, бұрынғы ауыл қызы университеттің аспирантурасына қалдырылады. Қос құрбының жас маман ретіндегі тағдырының осылайша айқындалуы бір қарағанда әлеуметтік әділеттіліктің белгісіндей болып көрінуі мүмкін. Кеңес дәуіріндегі қалыптасқан қоғамдық түсінік бойынша, бұл шынында да әділеттіліктің салтанат құруы еді.
Алайда обьективті түрде алып қарағанда, өзі білімді, табиғаты зиялы, бүкіл болашағын ғылымға арнағысы келіп жүрген оқу озаты Инешті шалғай ауылға жіберу оның болашағына балта шабумен бірдей-тін. Ғылыммен айналысқанды былай тұрсын, ауыз су тауып ішудің өзі мұң болатын шөлейт ортасындағы ауылда күнделікті өмір сүрудің өзі күрес.
Бұл жағдайды академик С.Қирабаев: «Қайнаған өмірден тыс жүру, студенттер қауымына қосылмау, ақыры университет бітірген соң, ауылға қызметке барғысы келмеуі – оның бойындағы теріс тәрбиеден жұққан ақау екеніне назар аударасың» деп бағалайды. Ұстазымыздың бұл пікірімен толық келісу қиын.
Өйткені бұл арада ақ саусақ қала қызының тағдыры ғана тұрған жоқ, ұлттық ғылым кадрын жер аударғандай етіп, түкпірге айдап жіберу, келешегіне қауіп төндіру ғылымға жасалған қиянат еді. Ендеше, Инештің өзі иен өлкеге барып, өмірі көрмеген түйеге амалсыз мініп келе жатуы – саясаттан туындаған трагедиялық ахуал. Қазақ аруын ғана емес, ғылымды да қорлау, сол кездегі қоғамдық пікірдің, идеологиялық саясат­тың жеңілісі. Дарынды қазақ жастарын осылайша ғылыми ортадан алыстатып, шеттете беру – ұлттық ғылыми кадрларға жасалған қысым.
Шығарма жазылғаннан бері жетпіс жылдай уақыт өтсе де, бұл ситуацияны осылайша тым қатаң бағалағаннан басқа амал жоқ. Әйтпесе Инеш сияқты дарынды жастарды саналы түрде шалғайға айдап жібергеннен гөрі ғылымда жұмыс істеуіне жағдай туғызу қоғам үшін де әлдеқайда тиімді болмас па? Солақай саясат заманындағы осындай типтік көріністі, ащы шындықты жазушы қаймықпай бейнелеуінің өзі неге тұрады. Қаншама Инештердің осылайша қапаланып, ғылымнан еріксіз қол үзуге мәжбүр болғанын ұлттық тұрғыдан да ақтап алу қиын.
Бастапқыда «Болашаққа жол» деп аталған романның «Инеш» болып өзгеруінде де мән бар. Алғашқы нұсқа – нақты ештеңені білдірмейтін жалпы сөз. Ал «Инеш» деген атауы арқылы жазушы сол дәуірдегі Инештердің типтік бейнелері мен тағдырларын жинақтап көрсетіп отыр.
Романдағы доцент Белгіғұлов бейнесі де күрделі. Жеке басындағы кейбір кемшіліктері оны жағымсыз бейне ретінде бағалауға негіз бола алмайды. Ұжым мүшелерінің беретін теріс бағасы, жеке басының пендешілік кемшіліктері оқырманды қынжылтады, бірақ мүлде жиіркендірмейді. Ғылыми ортада өз орнын таба алмай, бәсекелестеріне қарсы астыртын қарсылық ұйымдастырып жүрген бұл жігіттің бейнесінен де оқырман безініп кете қоймаса керек. Өйткені Белгіғұлов мүлдем ақымақ немесе шектен шыққан арсыз адам емес. Оның да өмірлік принциптері бар, ғылым жолында белгілі бір биіктіктерге жеткісі келеді. Әңгіме оның таңдап алған жолының дұрыс болмай шығуында.
Оның бойындағы ең нашар қылық Бозжановтың докторлық қорғауы кезінде байқалады. Өз шылауында жүрген Белгібаев деген студентті диссертантқа қарсы сөйлеуге үгіттеп қояды. Бірақ ол қанша айтқанымен, мүлде бұзылып кетпеген, қателігін түсіне алатын адам. Ортада жалғыз қалғаннан кейін өзі тәрізді саяқтанып, оқшау қалған Инешті бауырына тартуға тырысуы, қыз ретінде көңілі кетіп, шын мәнінде жақсы көріп жүруі моральдық тұрғыдан тыйым салатын нәрселер емес еді.
Мінез-құлықтарындағы эгоистік сипаттар басып кеткен жандардың қоғамдық ортадан бөлектеніп, еріксіз оқшауланып қалуы да өмір заңдылығы. Жекелеген жақсы қасиеттері бола тұра Белгіғұлов пен Инештің осылайша саяқсып жүруі сондай жағдайдан туындап жатыр.
Романда Викентий Добров, Ерен Дайыров, Жолтай Мұздарапов, Сымбат Асқаров, Айшән Саттарова және т.б. кейіп­керлердің барлығына ортақ бір ұтымды сипат роман оқиғасы суреттеліп отырған замандағы зиялы қауым өкілдерінің өмірлік көзқарасын, дүниетанымын, қоғамға деген қарым-қатынасын біршама жақсы білдіре алады. Кейбіреулерінің мінез-құлықтары тәп-тәуір дараланып көрсетілген тұстары да бар. Осы арада кейіпкерлерді сомдау, сюжет өрбіту және композициялық құрылым сияқты көркемдік компоненттердің бір-біріне жасайтын ықпалына көз жұма қарау қиын.
Романның негізгі әлсіз тұстары да жоқ емес. Біріншіден, Дайыров, Доб­ров, Сымбат сияқты екінші қатардағы кейіпкерлер бейнелері дұрыс ашылмай, бұлыңғыр күйде қалып қойған. Аттары жиі аталғанымен, олар сүбелі тартыс, ширыққан шиеленістерге араласа бермей, сырт қалып жатады. Екіншіден, кейіпкерлер арасындағы тартыс көбінесе жайбарақат жағдайда өтетіндіктен, сюжеттің дамуында марғаулық басым, алып-ұшып әкетіп бара жатқан қызықты оқиғалар сиректеу, артық эпизодтар мен көріністер орын алып кететін тұстары бар. Егер осы айтылған жерлерге қаламды қаттырақ батырғанда, романның көркемдік деңгейі бұдан да биігірек болар еді.
Бастапқыда ауызға ілініп жүргенімен, бұл роман жайында баспасөз беттерінде жарияланған пікірлердің қарасы азая бастады. Қазақ прозасының үлкен табысы ретінде бағаланбады, алдыңғы топтағы дүниелердің қатарынан да үнемі атала бермейтін. Соған қарамастан, «Инеш» – әр кезеңдегі оқырмандар үшін өзінің идеялық-эстетикалық маңызын жоғалта қоймаған, ойлантатын тұстары әлі де баршылық, өміршеңдік сипаты айқын роман.

Нұрдәулет АҚЫШ,
М.Әуезов атындағы Әдебиет
және өнер институтының
бас ғылыми қызметкері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір