«Кітап-Amanat» жобасы жеңімпаз атанды
ТМД елдері арасында Мемлекетаралық кеңестің XXVIII отырысында өткен байқауда қазақстандық «Кітап-Amanat» жобасы жеңімпаз атанды.
Халықаралық ынтымақтастық пен рухани мәдениетті дамытуға бағытталған Еуроазиялық кітап дүкендер желісі арасында өткізіліп тұратын осынау дәстүрлі байқауда «Кітап-Amanat» жобасының жеңіске жетуі заңдылық деп білеміз.
Себебі бүгінгі қоғамда білімді, білікті жас ұрпақтың санын арттыру – өте маңызды істердің бірі. Өйткені кітапты қалқан, қару еткендер ғана рухани азат бола алады деген мақсатта құрылған «Кітап-Amanat» жобасы республикалық «Аманат» партиясымен Қазақстан Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар ассоцациясының бірлесуімен жүзеге асқанына көп бола қоймаса да, бүгінге дейін атқарған іс-шаралары шаш етектен.
Осы тұрғыда еліміздің барлық облыс орталықтары мен қалаларында, тіпті үлкен аудан орталықтарында да жергілікті «Аманат» партиясының кеңселік ғимараттары жанынан қолжетімді бағада түрлі бағыттағы кітап сату ісін жолға қою ниетінде «Кітап-Amanat» дүкендері ашылуда. Сол себепті бұл жоба – бір реттік қана өткізіліп қоятын науқандық іс-шара емес, халыққа, руханиятқа, әдебиетке, ұлттық идеологияға тікелей қызмет ететін және қазақ тіліндегі контентті толтыруға негізделген ауқымды жоба екенін де естен шығармағанымыз абзал.
«Ескі жүйеден қалған немесе нарық заңына ілесе алмаған газет сататын дүңгіршектердің тұрақты жұмыс істемеуі, тіпті жабылып қалуы салдарынан орын алып отырған олқылықтардың орнын толтыру мақсатында, болашақта қазақ тіліндегі газет-журналдарды да осы дүкендер желісі арқылы сатылымға шығару күтілуде. Сондықтан біздің әр облыстағы», – кітап дүкендеріміз аянбай еңбек етеді дейді жоба жетекшілері.
Айта кетерлік жайт, бүгінде «Кітап-Amanat» кітап дүкендері әлеуметтік желіде де бой көрсетіп келе жатыр. Қазіргі таңда жобаның ресми сайты да бар. Оқырмандар сайт арқылы келіп түскен жаңа кітаптар, әртүрлі байқаулар, жеңілдіктер, кездесулер мен конференциялар, тағы да басқа іс-шаралар туралы хабардар бола алады. Сонымен қатар Instagram және Facebook платформаларында да «Кітап-Amanat» жобасының парақшасы бар.
Статистикаға сүйенсек, көп кітап оқитын адамдар кітап оқымайтын адамдарға қарағанда, өз мақсатына тезірек жетеді деседі, яғни кітап оқудың ерекшелігі де сол – адамға жоғары дәрежеде мотиватор бола алуында.
Міне, «Кітап-Amanat» жобасы осы мақсатта жұмыс істейді. Болашақта бұл жоба тек сауда нүктесі ғана емес, «Кітапсүйерлер клубына» айналуы тиіс. Бұл жерлерде әр өңірдің белгілі ақын-жазушыларымен түрлі форматтағы кездесу кештерімен қатар, жаңа кітаптардың тұсаукесерін де ұйымдастырып отыратын болады деп сенеміз. Отандық әдебиетке деген қызығушылықты арттыру, қоғамды кітап оқуға ынталандыру, отандық авторларды қолдау – басты міндет.
Жобаның тағы бір басты мақсаты – ұлттық әдебиеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Себебі қазақ тілінде жарық көрген кітаптар кейбір кітап дүкендерінде сирек кездеседі. «Кітап-Amanat» жобасы осы олқылықтың орнын толтырады. Жастардың өз ана тілімізде кітап оқуы – ұлтқа деген махаббаттың айқын көрінісі. Қазір бұл жоба Қазақстанның рухани жаңғыру жолындағы маңызды қадамдарының бірі ретінде ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, қоғамның рухани-мәдени дамуына үлес қосуда. Нәтижесінде, қазақ халқының әдеби мұрасы кеңінен насихатталып, жастардың білімге, кітапқа деген қызығушылығы артып келеді. Ұлттық руханиятты жаңғырту жолындағы осындай жобалардың қоғамдағы орны ерекше. Олар тек кітап сататын орындар ғана емес, мәдениет пен білімнің ошағы, адамдардың интеллектуалдық өсуіне де ықпал ететін мекен.
Қоғам дамыған сайын, жаңа технологиялар мен электронды ресурстар өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғанымен, кітап дүкендерінің құндылығы өз маңызын жоғалтқан жоқ. Керісінше, жыл сайын саны артып келеді.
Кітап оқу – ой-өрісті кеңейту, сыни тұрғыда ойлау қабілетін дамыту, адамның ішкі мәдениетін арттыру мен рухани байлыққа жетудің жолы.
Қоғамның интеллектуалды және мәдени дамуының негізгі факторы – кітапқа деген қызығушылық. Білімге құштар, рухани бай ұрпақ қалыптастыру қоғамның болашағын жарқын етері сөзсіз. Осы тұрғыда, кітап дүкендерінің тағы бір маңызды рөлі айқындала түседі.
Қорыта айтқанда, «Кітап-Amanat» жобасы және өзге де ұқсас жобалар еліміздің білім саласын дамыту жолына үлес қосатын ең мықты жобалар болып саналады. Адамзат тарихында кітап оқу мәдениеті ешқашан толастаған емес, толастамайды да. Олай болса жобаны бірге дамытайық, оқырман санын арттырайық.
М.ӘБДІҒҰЛ