Сөздің екінші аты…
19.09.2024
244
0

Арқаны кеңге салдыратын студенттік кезден де бұрын, үміті мен үрейі қатар шапқан абитуриенттік шақта танысқан, Торғайдың қиян түкпіріндегі Көкалаттан кеше келгендей аңғал-саңғал қалпын өзгерту ойына кіріп шықпайтын Мұхарбек Жәкейұлы, жастық шағы КазГУ-градта қалған біздер үшін ғажап ақын еді. Жалпы, ұйқас құрастырып бірдеңе шимайласаң мұның не деп ешкім кеудеңнен итере қоймас. Журналистиканың тілімен сайрасаң, теориялық біліміңді практикада ұштастыра білсең, кім біледі сенің де ақын атанып, төрден дәмелі болуың мүмкін. Біздің қоғамда бәрі мүмкін. Ал енді ақын деп мойындалып, тағдырдың өзгешелеу сүрлеуін таңдауың – мейірімді Құдайдың рахымының түскендігі. Ұйқас құрастырып, өлең жазу мен ақын болып ғұмыр кешу – екеуі екі бөлек нәрсе. Осындайда Төлеген ақынның «ақын болу оңай деймісің қарағым, аузында жүру бұл өзі сыздаған барлық жараның», — дегені ойға оралады. Ақындық тағдыр – Алланың сыйы әрі сынағы шығар…
Ол қолына аттестат алмай жатып, ауыл-аймақты бір өлеңімен тамсантыпты. Ол өлең өзімен бірге Алматыға жетті. Сол өлең өзіне кәдімгідей әсер еткен Оразәлі Баймұрат оған ән жазды. «Үмітім-гүлім» әнінің бағы тоқсаныншы жылдардағы Алматыда жанып еді. Ол кездегі Алматы қандай еді, шіркін. Ешкім қазіргідей жанықпайтын, ешкім бір-бірімен жағаласпайтын. Досыңның досы да саған дос еді. Әр қияннан арман қуып келген сәл-пәл «қиялилар» жатырқау дегенді білмеуші ек. Бір-біріміздің тілеуімізді тілегеннен басқа ойымыз болмайтын еді ғой. Ал енді мына төбесі қылтиып тұрған қу пендешілік қайдан сумаң ете шықты дерсіз. Біз оған кейін үйрендік, дұрысы үйретті. Сонымен әлгі «Үмітім-гүлімді» талай кештерде айттық, кештерден қисаңдап келе жатсақ та шырқадық. Әйтеуір, осы ән бәріміздің еркелігімізді кешірген жарықтық КазГУ-градта бес жыл тербетіп, аяушылықты білмейтін, ымырасыз күреске толы мәңгілік майдандай болып елестейтін үлкен өмірге қимай шығарып салған болатын. Осы әнді естісек, жайбарақат жастық шағымызды қиялымызда әлдилеп, қай-қайдағының еске түсетіні бар. Ол ән бүгінгі әннен өзгерек еді-ау…
Қойшы сонымен… Осы жазда Мұхарбектің алғашқы жыр жинағы «Күзгі нота» оқырмандар қолына тиді. Алатаудың қолтығындағы Алмаарасанда жанашыр жандардың басын қосып, тұсауын кескен болып, жамырасып, жарыса тілек айттық. Жаңа дүниені мақтай бергің келеді. Егер ол соған лайықты болса.
Үмітім-гүлім, гүл-гүлім,
Иран-бақтағы бұлбұлым.
Жанымның түріп түндігін,
Құшағыма келіп кір бүгін.
Он сегіз жылға татиды,
Өзіңмен өткен бір күнім.
Ауыл-аймақ пен көрші ауылдың аузын аштырған әлгі өлеңнің алғашқы шумағы осылай басталыпты. Бұл өлең өмір деген шексіз кеңістікке қарай қанатын қағып қалықтауға талпына жөнелгенде, бұйрабас авторы Албарбөгет орта мектебінің терезесінен сағыммен астасқан көкжиекке қарап, қиялға беріліп тұрған ауыл оқушысы еді. Дені дұрыс адам бір көрген қызға осылай да осылай деп өлердегі сөзін айта ма екен, ааааа… Иран-бақтағы бұлбұлдың елесіндей болған әлгі ару Көкалатта кезікпеген бе сонда. Екінші шумақта «от болып жанып барамын», — деп лаулаған сезімімен алысса, өлеңнің нүктесі қойылар соңғы шумақты оқыңызшы.
Үмітім-гүлім, гүл бағым,
Сезімді жаным ұрладың.
Өзгеге мойын бұрмағын,
Өзіңді мәңгі жырладым.
Махаббат атты әлемде,
Болайын мен-ақ құрбаның.
Он сегізге толмаған, ауылдан ұзап көрмеген мына баланың аяқ алысы қалай… Қалай-қалай сілтейді, өзі. Сөйтсе, Көкалаттың көк майсалы қырында асыр салып, жылаған қыздың көз жасындай іргедегі Қабырғаға құлаштап жүзіп жүргенінің өзінде оның болмысына шебер Құдай баяғының шалдары дертке теңеген Сөз құдіреті балалап үлгеріпті. Табиғатын сөз сиқыры жаулаған пенде енді қай қиырға қашса да одан құтыла алмайды. Анау жеті  қат аспан әлемінен нұр болып құйылып, алпыс екі тамырыңды идіретін Сөздің екінші аты сағыныш па екен, ааааа… Әйтпесе арада ондаған жылдар өткенде «Үмітім-гүлімнің» жалғасы түсіне еніп, аласұртпас еді-ау.
Ғаріптің ғашық хәлін түсінер кім?
Кеудемде өрекпіген кісінер мұң.
Аймалап айдың ерні ақ жүзіңді,
Сен бүгін түсіме ендің, — деп бастайды да, бейне бір көктен құйылғандай мұң кіреукелеген соны шумақтар жан-дүниеңнің астан-кестеңін шығарады.
Жерсінбей жұмыр жерді келбеті кем,
Баз  кешіп басқа әлемге сен кетіп ең.
Мекені баянсыз бақ, пәни жалған –
Не іздедің жер бетінен?
Жабыққан жүрегімді  түнге малып,
Жылы леп еркелей кеп сүйгені – анық.
Мен жүрмін баяғыша Иран бақта,
Үмітім гүлге оранып.
Иланып жоқтығыңа өте ме әр күн?
Қол бұлғап келмес жаққа кете бардың.
Адасқан үйірінен бала қаздай,
Мен тағы жеке қалдым.
Жылт еткен бір сәтіңді ғұмырға мың,
Балар ем, жұмбағыңды ұғынбадым.
Ғайыпқа ғарыштағы жол тарттың ба,
Әйтеуір, бұрылмадың…
Бұл не сонда, қасқабас әдебиет зерттеушілері бас шұлғи пәтуаласып,  жіктеп-жіліктеген ғашықтық жырға жата ма? Әлде ақынның кеудесін өрекпіп, мазасын қашырған қоп-қоңыр мұңның жүрек байғұстың түкпірінде бүлкілдеп жатқан сартапты сағыныштың екпініне шыдай алмай, көз талдырар кеңістікке қарай жанталаса қанат қағуы ма екен… Қыр соңыңнан қалмайтын мұңы құрғыр соншама бұлқынғанда қайда барып тыныштық табамын дейді. Мұң мен сағыныштың болмысыңды билеп, ауық-ауық күрсінтіп, дөңбекшітуі — өлең шіркін болып жүрмесін… Әйтеуір, менің ойымша сондай бір киелі нәрсе сияқты.
Ақындардың мұңды өлеңге қосуы, яғни мұңды өлең жазуы баяғыдан бар. Мысалы, орыстың тағдырлы ақыны Анна Ахматова «алтынды тот басады, мраморға сызат түседі, ажал бәрін жалмайды», — дей келе, «всего прочнее на земле, печаль и долговечней — царственное слово», — деп өз ойына нүкте қояды. Бұдан шығар қорытынды, мұң мен поэзия егіз. Одан гөрі поэзияның жұлыны, өзегі мұң болып қол бұлғайды десек, жарасатын сияқты. Мұхарбектің кітапқа атауы берілген «Күзгі нота» өлеңін оқысаңыз, шашылып жатқан сап-сары жапырақтарды кешіп келе жатып, қоңыр күздің мұңлы дидарын шаттықтың жып-жылы лебінің аялы алақаны білінер-білінбес сипап өткендей әсер аласыз. Тұнжыраған аспан төсіндегі қайтқан құстың көшіне көз талдыра мұңдана қарап тұрған ақынның жүрегінен сағынышты күй болып төгілген мына жолдарға үңілейікші тағы.
Бөлеген жылуына жанымды ізгі,
Күздің де келбетіне сағым жүзді.
Жабырқап жаным жалғыз қалғанымен,
Бәрібір жақсы көрем жаным күзді.
Жаныңа жылуын сеуіп, еріксіз күрсіндіріп ала жөнелетін өлең жазған ақынның күзгі нотасының ғұмыры ұзақ болсын.
 Кірпиаздау Сөз киесінің жібектей таңғы самалы балауса болмысын аймалап өткен жанда арман жоқ шығар…

 

Кенжебек Тұманбайұлы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір